Білімге қаржы жинау: Студент атанудың тиімді жолы Избранное

Среда, 08 Август 2018 04:26 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 244 раз

Диплом бүгінгі таңда саналы адамдардың бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейтін құжатқа айналып кеткелі қашан. Дегенмен, білім алуға, жоғарғы оқу орнының шәкірті атану үшін мемлекеттік грант иегері конкурсында біреудің бағы жанса, ал енді біреудің жолы бола бермейді. Қазіргі таңда еліміздің жоғары оқу орын-дарында 530 мыңнан астам жас оқып жүр, олардың 30 пайызға жуығы мемлекеттік грантпен білім алуда. Ал жылда бітіруші түлектер саны орташа есеппен 150 мың адамды құрайды. Яғни, мектеп бітірген жастардың басым бөлігі өз қаржысына оқиды деген сөз. Ұлттық, мемлекеттік университетті айтпағанда, жекеменшік жоғарғы оқу орындарындағы оқу ақысының бағасы шарықтап тұр. Қалтасындағы барын баласы үшін беруге бар ата-ана бұл тұста аянып қалсын ба? «Амал жоқты» алға тартып, барын салады. Осы тұста ата-анаға көмек болар не бар?

Алпамыс Сатыпалдин

Міне, мемлекеттік грант иегерлерінің конкурсы өз мәресіне жетті. Тегін оқуға қол жеткізгендер бір қуанғаны анық, ал қалғандары қайтпек? Ата-ананың баласының жоғары білім алуы үшін жинаған қаражат әрі кетсе екі жылға жетер. Ал төрт жыл немесе одан да көп оқитын студент оқу ақысын қалай төлейді? Бұл кезде бар ауыртпалық ата-анаға түспей ме деген сауал көпті мазалайды.

Қайтарымы мол білім инвестициясы

Бүгінде мемлекет жастардың сапалы білім алуын қамтамасыз етуді басты назарға алып отыр. Ол үшін елімізде тегін оқытуға қосымша бағдарламалар қабылданған. Оған бір дәлел - түлектерге мемлекеттік грант иегері атануға, оның ішінде күнгейлік жастарға басымдық беріп келген «Серпін-2050» бағдарламасы елге жақсы таныс. Бағдарламаның 4-5 жылда еліміздің солтүстік өңірлерінде бірнеше мың жастың білімін шыңдауға мүмкіндік бергені де белгілі. Дегенмен, мемлекет бөлген грантқа екінің бірінің қол жеткізуі оңай емес. Мұндайда 2013 жылы бастама ретінде енгізіліп, бүгінде жемісті жұмыс істеп келе жатқан мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) көмекке келетінін баса айтқан жөн. Яғни, әлемнің
Испания, Сингапур, Нидерланд, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ секілді елдерінде қолданысқа енген ұтымды жүйе пайдасын беріп келеді. Яғни, ата-ананың баласын оқытуға жұмсайтын шығынының бір бөлігін мемлекет өз мойнына алады. Мемлекеттік білім берудегі жинақтау жүйесі арқылы Қазақстанның да кез келген азаматы өзінің немесе балаларының елімізде және шетелде оқуына жоспарлы түрде қаржы жинақтай алады.
Сонымен, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қандай жүйе? Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заңға 2013 жылы 14 қаңтар күні қол қойды. Жүйенің негізгі мақсаты – білім алудың қолжетімділігін арттыру, яғни, ата-аналардың аз мөлшерден жинап бастаған салымдарының көбеюіне, ертеңгі күні мектеп бітірушілердің жоғарғы оқу орындарына немесе магистратура, докторантураларға түсуіне жағдай жасау. Осы Заңның аясында бүгінде білім және ғылым министрлігінің жанында «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы қарқынды жұмыс істеуде. «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының мәліметіне сәйкес, бүгінде 19 000-нан аса азамат білім беру депозиттерін ашып, олар салым жинауда. Осы жүйені елімізде енгізуге байланысты қыруар жұмыс атқарылғаны анық. Техникалық жұмыстар бірнеше банктің және бірнеше мемлекеттік органның мәліметтер базасын бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктіруден басталса, нормативтік жұмыстар негізгі Заң қабылданғаннан кейін жүйеге қатысушылар арасында үлгілік келісім-шартты бекітуден туындады. Содан кейін ғана білім беру депозиттерінің шарттары мен басымдықтарын түсіндіруге бағытталған ауқымды ақпараттық жұмыстарға кезек берілді. Әлбетте, жаңа жүйе бойынша білім беру депозиттерін ашып жатқандардың қатары 19 мың асса да жүйенің жұмысын әлі де болса насихаттауды, бір-бірімізге айтып жүруді артықтық етпейді.

Депозиттің үстеме ақысы қандай?

– «Білім депозитінің ерекшелігі – жинақталған қаржы тек қана білім алуға жұмсалуы тиіс» дейді «Қаржы орталығы» АҚ білім беру қызметтеріне ақы төлеу жүйесін дамыту департаментінің менеджері Алпамыс Сатыбалдин.
- Егер салымшы жинаған қаржысын басқа мақсатта пайдаланғысы келсе, мемлекет тарапынан бөлінген сыйақы берілмейді. Болашақ студент білімді Қазақстандағы оқу орындарынан алғысы келе ме, әлде шетелде оқуды армандай ма, мейлі. Салымшы өзінің не баласының атына жүйеге қатысушы-банктен білім салымын ашады да, ақша жинау мерзімін, қанша ақша жинау керегін және салымның уақытын өзі белгілейді. Салымды екінші деңгейдегі банктерден, мәселен, Халық Банк, Нұрбанк, Цеснабанктен ашуға болады. Ал банкке салынатын бастапқы жарнаның ең төменгі сомасы 3 айлық есептік көрсеткішті құрайды, яғни банктерде білім депозитін ашу үшін 7215 теңгеден асатын қаражат салынуы керек. Білім депозитін жинақтаудың мерзімі 3 жылдан 20 жылға дейінгі аралықты қамтиды.
Салымды ашу үшін ата-ананың жеке куәлігі немесе төлқұжаты және баланың туу туралы куәлігі немесе төлқұжаты керек. Айта кету керек, білім депозитіне салымды республикамыздың аумағындағы барлық елдімекендердегі жүйеге қатысушы-банктердің барлық филиалдарында ашуға мүмкіндік бар.
Мына қызықты қараңыз. Егер салым иесі грантқа оқуға түскен жағдайда салымшы барлық қаржысын банк үстемақысымен және мемлекеттің сыйлықақысымен бірге қайтарып алуына құқы бар. Немесе депозитті ҚР азаматы болып табылатын басқа бір адамның атына аударуына болады. Тіпті болмаса салымды ары қарай жалғастырып, магистратурада оқуы үшін жинақтаған қаражатты пайдалана алады. Егер салымшының жинаған ақшасы оқу ақысын төлеуге жетпей қалса, білім депозитіндегі қаржы оқу ақысының елу пайызын құраса, онда Қаржы орталығының кепіл болуымен талапкерге білім несиесі беріледі.
– Ең бастысы, салынған ақшаға кепілдік бар. Яғни жеке тұлғалардың барлық салымдары сияқты білім беру депозиті де Депозиттерді кепілдендіру қорымен 10 млн теңге мөлшеріне дейін сақтандырылған. Сондай-ақ, білім беру депозитінің басқа депозиттерден ең басты елеулі айырмашылығы ретінде банктің 12 пайызға дейінгі жылдық сыйақысынан бөлек мемлекет тарапынан да беріліп отыратын 5-7 пайыздық сыйлықақыны атауға болады. Демек, 7 пайыз мөлшеріндегі көтеріңкі мемлекеттік сыйлықақы әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға жататын азаматтар, оның ішінде жетім балалар, мүгедек балалар және көпбалалы отбасындағы балалар үмітін ақтауға арналған. Басқа салымшыларға мемлекет сыйақыны жыл бойына жинақталған сомаға 5 пайыз мөлшерінде төлейді. Айталық, салымшы жылына белгілі мөлшерде ақша салатын болса, ол банк пен мемлекет тарапынан 17-19 пайызға дейін көтермеленіп, үстіне ақша қосылады, - дейді департамент менеджері.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне тек жеке тұлғалар ғана емес, қайырымдылық қорлары мен мүдделі ұйымдар, компаниялар да қатыса алады. Мұның мысалы ретінде Сара Назарбаева басқаратын «Бөбек» қорының акциясын айтуға болады. Қор еліміздегі балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан жеті мың балаға білім беру депозитін ашып, қайырымдылық істің бастауында тұр. Бұдан бөлек білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Өзіңнен баста!» қайырымдылық акциясы қолға алынған. Акция ауқатты адамдарды, көрнекті қоғам қайраткерлерін мұқтаж балаларға білім беру депозитін ашу ісіне тартуды мақсат етеді. Бұл акция аясында да депозиттер ашылып жатқанын сала мамандары тілге тиек етті.
Ал ақша жинақтап үлгермеген бітіруші түлек оқу ақысын білім кредиті арқылы алуына болады. Айта кетейік, 2005 жылдан бастап «Қаржы орталығы» АҚ екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, білім беру несиелерін кепілдендіру бағдарламасын іске асырады. Ал пайыздық мөлшері мен несие алудың шарттары туралы мәліметті «Қаржы орталығы» сайтынан алуға болады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуіндегі үшінші бастамасында «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жайы қамтылған. Онда жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек екені, оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болатыны айтылған. Бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлауда мұндай бағдарламалар мен бастамалардың тиімділігі зор болмақ. Себебі білімге салынған инвестиция – болашақтың кепілі. Оның қайтарымы да, пайдасы да мол болары сөзсіз.

Последнее изменение Среда, 08 Август 2018 10:51