Ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнағандар Избранное

Среда, 08 Август 2018 04:40 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4177 раз

Адал еңбегімен елге танылған адамдар қай салада да кездеседі. Бүкіл бір әулеттің атадан балаға берілетін кәсібі арқылы елдің ризашылығына, құрметіне бөленуі сол еңбектің ақталғанын көрсетсе керек. Сондай отбасының бірі – Шымкент қаласында тұратын Жүнісбековтер әулеті. Бұл үлкен отбасын қала тұрғындары «Ұстаздар династиясы» деп атап кеткен. Әулеттің отағасы мен отанасы Дүйсебай Жүнісбеков пен Бибіжар Әбілхайрова – бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған жандар.

l

Ерлі-зайыпты ұстаздар бүгінде зейнетке шыққанымен, олардың ізгі ісін ұл-қыздары жалғауда. Екеуінен өрбіген бір ұл және бес қыз бар. Бір қызығы алты перзенттің бесеуі әке жолын қуып, физика-математика пәнінің мұғалімі атанған. Тек кенже қыздары Дина дәрігер мамандығын таңдапты.
Дүйсебек ағай 1969-1974 жылдар аралығында Шымкент педагогика институтында «Физика және еңбек» мамандығы бойынша жоғары білім алады. Оқуды тәмамдаған жас маман Қарақалпақстанға жолдама алып, алғашқы еңбек жолын сонда бастайды. Бір жыл өткен соң ол жердің қоршаған ортасына бейімделе алмай, өзінің туып өскен ауылы - Мақтаарал ауданы, бұрынғы Ленин колхозындағы Пушкин атындағы мектепте орыс сыныптарына физика пәнінен сабақ беруді бастайды. Содан ұстаздық жолын 1999 жылға дейін жалғастырады. Кейін Шымкентке көшіп келіп, 1999-2001 жылдар аралығында №26 мектепте информатика пәнінен, 2001-2013 жылдары Спатаев атындағы № 7 мектепте физика-математика пәнінен сабақ береді. 2013-2016 жылдары Назарбаев Зияткерлік мектебінде физика-математика пәні бойынша ұстаздық еткен.
Ал жұбайы Бибіжар апай ЖенПИ-дің математика факультетін тәмамдаған. Дүйсебек ағайдың айтуынша жұбайымен қызық жағдайда танысқан екен.
– Өзім физика-математика пәні мұғалімі болсам да футбол ойнауды жаным сүйетін. Бір күні мектепте спорт алаңында футбол ойнап жүріп, тепкен добым мектеп маңындағы үйдегі бір жеңгемнің ет пісіріп жатқан қазанына барып түсті. Ашуланған жеңгей «Қап сені ме, бұлай доп тепкенше басыңды байлап қоймасам ба» деп айғайлады. Ол уақытта жасам 30-ға таяп қалған. Арадан бірнеше күн өтіп қонаққа көрші ауылдан сіңлісі келгенде таныстырды. Сөзіміз жарасып, көңіл қостық. Сол жеңгей айтпақшы, үйдегі алты баламның анасына басым осылай «байланды», - деді күліп.

«Оқушыларымды өзге ұстазға қимадым»

Бүгінде күміс алқа иегері атанған Бибіжар апай отбасы тәрбиесін басты орынға қойып, мектепте дәріс бермесе де сол шәкірттерге білім беретін ұстаздарды тәрбиелеп өсірді. Ал отағасы бар ғұмырын мектепте оқушыларға білім беруге арнаған. Бүгінде ұстаздық еткеніне 42 жыл толған зейнеткер кәсіби шеберлігін ұштаған, үздіксіз ізденістегі педагогтік ұстанымы айқындалған, оқу үрдісіне жаңа оқыту технологияларын ұтымды ендіру жолдарына аса көңіл бөлетін жан. Жұмысқа деген шығармашыл көзқарасы, мұғалім әлеуетін үздіксіз көтеруге бағытталған әрекеті шәкірттері мен өз балаларының бойында физика пәніне қызығушылығын арттырады. Балалары мектепті бітіргенге дейін Дүйсебай ағай қаншама жоғары оқу орындарынан ұсыныс түссе де, оқушыларын, балаларын өзге ұстаздарға қимай, физика пәнінен өзі сабақ берген екен.
– Алты балама да мектепте физика-математика пәнінен өзім сабақ беру үшін көптеген ұсыныстарды қабыл алмадым,- деп Дүйсебек ағай әңгімесен әрі жалғастырды. - Бұл үшін өкінбеймін, есесіне балаларым ағарту саласының биігінен көрінуде. Мен оларды мектепте өзге оқушылардан артық көрмедім, өз балама артық үйреткен жайым жоқ. Олардың өзі осы пәнге ден қойды. Үйде де физика пәнінен үй тапсырмасына көмектескен емеспін. Үлкен төрт қызым қазақ әдебиеті мен әлем классиктерін көбірек оқитын. Олардың кітап сөрелерінен Абайдың қара сөздері, М.Әуезовтың «Абай жолы» және тағы басқа да әдеби кітаптары табылатын. Дәрігер қызым Дина әдебиетке немесе биологияға қызығатын.

дүйсебай ағайдың баласы

Ал ұлым Айғазы жастайынан робот-техникаға ден қойды. Қыздарымның мұғалім болуын қалағаным рас. Себебі қазақтың қыздары мұғалім болса жарасады деп ойладым, - дейді ұстаз.

Әке тілегін орындаған қыз

фото дана 2

Әке тілегі орындалып, бес перзенті ағарту жолын таңдады. Бүгінде олар Шымкенттегі мектептерде сабақ беруде. Атап айтар болсақ, Жүнісбекова Дана қаламыздағы М.Х.Дулати атындағы № 8 мектепте 15 жылдан бері физика пәнінің мұғалімі. Екінші қызы Ақмарал №26 мектепте - 13 жыл, Ұлтуар №64 мектептерде математика пәнінен сабақ беріп келеді. Тағы бір қызы Салтанат №23 мектепте жұмыс істеген. Ал ұлы Жүнісбеков Айғазы бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық ұниверситетіннің тереңдетілген ғылыми-физика факультетінің магистратурасында білімін жалғастыруда. Қыздарының ішінде Динаның ғана жастайынан биологияға пәніне қызығушылығы дәрігер мамандығына жетелепті.
Бүгінде Дана Дүйсебайқызы да, бауырлары да әкелерінің жолын қуып, қызметтерін адал атқарып келе жатқан абзал жандар. Өз шәкірттерін ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, өміріне азық болар білім берген осы жанның алдынан қанаттанып ұшқан шәкірттері әлі күнге шейін ұлағатты ұстаздарын ұмытпайды. Олар бүгінде тәуелсіз Қазақстанның көркейіп өсіп-өнуі үшін еліміздің түкпір-түкпірінде әр түрлі салада еңбек етіп жүр.
– Біз әкемізден ең алдымен қарапайымдылықты үйрендік. Ол кісі алысты болжай алатын. Осы мамандықты таңдауыма да әкем себепші болды,- дейді Дана Дүйсебекқызы. - «Балам, болашақта менің жазған кітаптарыма сенің иелік еткеніңді қалаймын. Сен физикадан әрқашан үздік болғансың, бұл саланы игеріп кетуіңе сенемін» деген сөзінен соң ХҚТУ-дың Шымкент бөлімінің физика-математика факультетіне оқуға түстім. Мектепті бітіргенде дәрігер болуды армандаған едім, әйтсе де әкенің тілін алып, жолын қуғаныма еш өкінбеймін, қайта мақтаныш етемін. Кейде жұмыстан шаршап, өмірден жабырқаған сәттерімде дереу әкемнің алдына барамын. Ол кісі мамандығымның ғылыми жағынан да, рухани жағынан да маған жақса бағыт беріп отырады, - дейді Дана.
Бір қызығы, Дананың әкесі физик, өзі физик, тағдыры Әлжанов Нұрландай физик жігітке жолықтырыпты. Ерлі-зайыптылар бүгінде М.Х.Дулати атындағы мектепте физика пәнінің мұғалімі болып шәкірт тәрбиелеуде. Дана мен Нұрлан өмірлік серік болып қоймай, 7-11 сынып аралығындағы оқушыларға арналған оқу-әдістемелік құрал жазып шықты. Дананың айтуынша, есеп шығару барысында, сұрақтар мен үй тапсырмасы бойынша сол әдістемелік құралға сүйенеді.
– Бұл құралдардағы тапсырмалар бастапқы деңгей, орта деңгей, жеткілікті деңгей, жоғары деңгей болып бөлінеді. Мұның өзгешелігі - барлық баланы бірдей білім олимпиядасына дайындауға болады. Үй тапсырмасы немесе жаңа тақырыпты түсіндіруде, оқушының сабақта өткен білімді қабылдап алуын зерделеуге болады. Сонда баланың таңдаған деңгейіне қарай тақырыпты қаншалықты қабылдағанын білесіз. Мәселен, бастапқы мен орта деңгейдің есептерін шығара алған оқушы жеткілікті және жоғары деңгей есептеріне өтеді. Алдағы уақытта бұл құралды қолданбаны жаңа бағдарламаға сай етіп жазуды жоспарлап отырмыз ,- деді Дана Жүнісбекова.

Оқушы оқу үшін өзі ойлануы керек

Дүйсебай Жүнісбековтың оқушылары олимпиададан және ғылыми жоба сайысынан жоғары көрсеткіштер көрсетіп келеді. 2015 жылы «Астана» баспа үйінен жарық көрген «Физика пәнінен ҰБТ-ға дайындаламыз» атты кітаптың авторы да осы Дүйсебай Жүнісбеков. Ұстаз сабақты барынша оқушыларға оңтайлы жолмен түсіндіру керек дейді. «Физика сабағында сатылап оқытуды дамыту», «Күрделі есептер шығару арқылы теориялық білімді дамыту» тақырыбында әдістемелік құрал жазып шықты.
– Оқушы оқу үшін өзі ойлануы керек. Ойлану үшін арнайы сұрақтар мен эксперимент дайындау қажет. Мәселен, суды қыздырмай қайнатуға болатынын білесіз бе? Осы сұрақты оқушыға қойсаңыз, ол қызығушылық танытып ойлана бастайды. Нәтижесінде сабақты бар ықыласымен тыңдап отырады. Міне, осы сияқты басқа да тақырыптарға оқушыны қызықтыру үшін көбінесе сабақтың барысын тек теория емес, логикалық түрде қызықты суреттермен немесе практикамен түсіндірсе, әрі қарай оқушының өзі білімге ұмтыла бастайды. Ал қазір оқушылар қолданып отырған оқулықта теория көп. Ол теорияларды үйренем дегенше бала шатасып кетеді,- деп аяқтады әңгімесін қарт ұстаз.

Последнее изменение Среда, 08 Август 2018 10:49