Версия для печати

Алғашқы қоңырау соғылды: Қала мектептерінің дайындығы қалай? Избранное

Среда, 05 Сентябрь 2018 04:33 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4370 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте биылғы жаңа оқу жылында 22 900 бала алғаш рет білім ошағының табалдырығын аттады. Тиісінше мектептер саны да жыл санап өсіп келеді. Білім күнінде шаһарда жаңадан бой көтерген 2 мектеп пен №99,103 білім мекемелерінде қосымша құрылған ғимараттар ел игіліне пайдалануға берілді. Осылайша 133 мектеп білімгерлерге есігін айқара ашты. Алайда олардың жағдайы көңіл көншіте ме? Биылғы оқу жылының ерекшеліктері мен дайындығы қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

DSC 2230

133 мектепте сабақ басталды

Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов білім күнінде Бозарық шағынауданындағы жаңадан пайдалануға берілген №57 жалпы орта мектептің «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасына қатысты. Қала әкімі барша ұстаздар қауымы мен шәкірттерді жаңа оқу жылының басталуы және жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Жаңадан бой көтерген нысан заман талабына сай жабдықталып, балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасалған. 900 орындық мектеп 3 қабаттан тұрады. Екі ауысымда оқытатын білім ошағында 40 оқу бөлмесі бар. Бұдан бөлек, жаңа үлгідегі 2 мультимедиялы-лингофонды кабинет, 4 информатика сыныбы (71 компьютерімен) жұмыс істейді, 2 интерактивті тақтамен жабдықталған. Сондай-ақ, білім ошағында 2 шеберхана бөлмесі, спорт зал мен балалардың денсаулығын қадағалайтын медпункт қарастырылған. Енді жаңа мектепте 1300 оқушы білім алмақ.

Мектептер жөнделді

DSC 2245

Шымкент қаласының білім басқармасы басшысы А.Абылайханның айтуынша, 2018-2019 оқу жылында мемлекеттік 133 мектеп, 88 балабақша, 8 мектептен тыс мекеме жұмысын бастады. Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары бірнеше бағытта жүргізілуде. Биыл 2 жаңа мектеп (Бозарық ш.а., №112 мектеп), 2 қосымша құрылыс (№99,103 мектептерде) пайдалануға беріліп, 2100 орын ашылды. Жоспарға сәйкес күрделі жөндеу жұмыстары 8 мектеп (№28,30,43,47,64,65,104 және 116), 2 балабақша (№40,118) және жастардың уақытын тиімді пайдалану орталығының ғимараттарында жүргізілуде. Келісім-шартқа сәйкес 9 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Дегенмен, балалардың өмір қауіпсіздігін сақтау мақсатында №30 мектептің ғимаратына сейсмикалық нығайту жұмыстары қаралып, қосымша мерзімді талап етуде. Осыған байланысты жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылуы үшін қосымша мерзім беріліп, оқушылар іргелес орналасқан №2,12 және 44 мектептерге уақытша орналастырылып отыр.
– Ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 265 203,0 мың теңге қаралып, жоспарға сәйкес басқармаға қарасты 118 мектепте жөндеу жұмыстары толығымен жүргізілді. Ал жылу жүйелерін сығымдау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 66 046,0 мың теңге бөлінді. 131 мектеп, 88 балабақша және 8 мектептен тыс мекемелерге сығымдау жұмыстары жоспарға сәйкес толығымен орындалды. Жылу маусымына нақты дайындалған бюджеттік мекемелердің дайындық төлқұжаты мен қысымдау актісі қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына тапсырылды, - дейді білім басқармасының басшысы.

Қыстық отын әзірленуде

Ақерке Абылайханқызы білім мекемелерінің жылу маусымына дайындығы мен материалдық-техникалық базаны жаңарту, оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету мәселелері жоспарға сәйкес орындалып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын қосты.
2018-2019 оқу жылында 229 мекеме қатты және сұйық отынмен қамтылып отыр. Жылыту жүйесі қатты отынмен жұмыс істейтін 17 мекемеге 5 188 тонна көмірге тапсырыс берілген. 228 тонна сұйық отын мекемелерге қажеттілігіне қарай жеткізілуде. Көмірді «KazTransSpecStroy» ЖШС тасыды, ал сұйық отынды тасымалдаушы -«Бибо & Company» ЖШС.
Білім мекмелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін жергілікті бюджеттен 85 мектепке – 2 183 парта, 123 мектепке – 615 мультимедиялық құрылғы мен жабдықтар сатып алынып, білім ошақтарына бөлініп берілуде. Биылғы жоспар бойынша 15 мектепте спорт алаңшалардың құрылысын салуға 299 770,0 мың теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда 10 мектептің спорт алаңшалары пайдалануға берілген.
– Қалған 5 мектептің (№12, 15, 37, 53, 94) спорт алаңшаларын салатын «Mega Most Kz» ЖШС қаржысының болмауына байланысты жұмысты мерзімінде аяқтай алмағандықтан, білім басқармасы компанияның үстінен сотқа шағымданды. Алдағы уақытта аталған олқылықтың орнын толтырып, тиісті жұмыстарды ретке келтірмекпіз, - деді Шымкенттің бас ұстазы. – Оқулықтармен қамтылу мәселесіне тоқталсақ, ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес 2018 жылы 3, 6 және 8 сыныптардың оқушылары оқулықтармен қамтылса, 1, 2 сыныптар үшін қосымша дәптер үлестірлетін болады. Ол үшін 2 016 348,0 мың теңге қаржы қаралып, бүгінгі күні алынатын кітаптардың 97,7%-ы қоймаға жеткізіліп, мектептерге таратылды. Тасымалдаушы мекеме – «Береке Мол ЛТД» ЖШС. Айта кетерлігі, «Бөбек» баспасынан 28 мың дана кітап кешіктірілуде. Жеткізілген бойда мектептерге таратылатын болады.

DSC 6090

Ақерке Абылайханқызының айтуынша, мектептердегі бала саны ескеріліп, оқулық артылып қалған жағдайда басқа мектептерге жеткізелді. Осылайша шымкенттік оқушылардың толық оқулықтармен қамтамасыз етуді қаланың бас ұстазының бақылауында ұстамақ.

Оқу жылындағы демалыс күндері

– ҚР білім және ғылым министрлігінің 5 шілде 2018 жылғы №322 бұйрығына және Шымкент қаласының білім басқармасының 2018 жылғы 22 тамыздағы №579 бұйрығына сәйкес 2018-2019 оқу жылының басталуы 2018 жылғы 1 қыркүйек болып бекітілді, – дейді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Текебаева.– Оқу жылының ұзақтығы мектеп алдындағы дайындық сыныптарында 32 оқу аптасы болса, 1 сыныптарда 33 оқу аптасын құрайды, ал 2-11 (12) сыныптар 34 апта оқиды. Мейрам күндеріне түскен сабақтар оқу бағдарламасы ескеріле отырып, қайталауға арналған сағаттар есебінен келесі жұмыс күніне ауыстырылады.

Биыл оқушылар күзгі демалыста 29 қазан мен 4 қарашаны қоса алғанда 7 күн тынығады. 31 желтоқсан мен келер жылдың 9 қаңтары аралығында 1-11 сыныптар қысқы демалыста болады. Көктемгі демалысқа 13 күн беріліп отыр. Ол 21 наурыз – 2 сәуір аралығында болмақ. Ал мектепке дайындық сыныптарына 4-10 ақпан аралығында қосымша каникул беріледі, - дейді Айгүл Қалыбайқызы.

Последнее изменение Среда, 05 Сентябрь 2018 06:16