Жаңа технологияның жетістігі көп Избранное

Пятница, 14 Сентябрь 2018 04:37 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4075 раз

Шымкентте мектептерге цифрлық технологияны ендіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Бұл білім сапасын қадағалаудағы оңтайлы әдіс. Мәселен, былтыр қалада 30 мектепте жаңа жүйе ендірілген-тін. Нәтижесі көңіл қуантарлықтай: талдамалы жұмыстарға сәйкес, білім сапасы көтеріліп, қылмыс деңгейі төмендеген. Үшінші мегаполисте білім стандарттары жоғары сапаға көтерілуі тиіс. Мұны қала әкімі биылғы тамыз конференциясында нықтап айтты.

DSC 2244

30 мектепке электронды бағдарлама енгізілді

Жалпы, бүгінде мұғалімдер өз біліктіліктерін жетілдіруге мән беруі тиіс. Қазіргі заман талабы осы. Жаңа технологияларды да үйренер кезең.
Биыл алғаш рет республикалық деңгейде өткен тамыз кеңесі де «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбын арқау еткен-ді. Республикалық және халықаралық ғылыми-әдістемелік орталықтың басшылары келіп, бірқатар ұсыныстарын айтты.
Қала әкімінің мәлімдеуінше, шаһарда білім стандарттарын көтеруде барлық мүмкіндік бар. Мектептердегі білім сапасын арттыруда ақпараттандыру және автоматтандыру жүйесінің маңызы зор. Былтыр қаладағы 30 мектепке «I-мектеп» электронды ақпараттық бағдарламасы енгізілді. Яғни, жаңа электронды күнделіктің бір жылдық сараптамасы жасалды. Оған сәйкес, 30 мектепте білім сапасы 15-20 пайызға көбейген. Оқушылардың сабаққа қатысу көрсеткіші жоғарылаған. Тиісінше, сол мектептерде қылмыс та едәуір төмендеген.
Демек жаңа жүйе бойынша оқушылар әрдайым қадағалауда болады. Әрбір ата-ана перзентінің сабаққа қатысуы бойынша смс хабар алып отырады. Баланың үлгерімі әрдайым бақылауда. Әрине, сабаққа бармай көшеде жүретін бала тәртіпсіздік жасайтыны белгілі. Сол себептен, мектеп пен ата-аналар электронды күнделіктің игілігін көре бастаған.
Қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы бұл жүйені одан әрі дамыту керектігін міндеттеді. Оған қоса, шаһар басшысы мына бір деректерді де көпшілікке жайып салды. Статистика бойынша бүгінде бізде 13 оқушыға бір компьютерден келеді. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Сондықтан, осы автоматтандыру, цифрландыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Қала әкімі білім басқармасы басшылығына осы мәселені қысқа уақыттың ішінде шешу қажеттігін тапсырды.
Жалпы айта кетсек, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында арнайы іс-шара жоспары бекітілген. Кестеге сәйкес, оқушылар арасында «Цифрлық Қазақстан» сайысы жиі ұйымдастырылып, тұрғылықты тұрғындарымен іс-шара өткізілуде.

Технология қалай іске асады?

Электронды бақылау күнделік жобасының авторы – Strategic Consultants & K компаниясы. Бұл жүйе Microsoft корпорациясының өнеркәсіптік шешімдерінің негізінде іске асырылып отыр.
Негізгі басты мақсат – оқыту үрдісінің сапасын арттыру. Жоба Түркістан облысының прокуратурасы қолдауымен іске асқан.
Енді, электронды бақылау күнделіктің артықшылықтарын тарқатып айталық. Жаңа бағдарламаға сәйкес, оқытушылар оқу үрдісінде заманауи технологияларды қолдануға мүмкіндік алады; ата-аналар балаларының оқу үлгерімі мен сабаққа қатысуын бақылап отырады; оқушылар оқыту үрдісіндегі ақпараттарды еркін ала алады. Ең бастысы, балалар онлайн-білім беру құралдары арқылы ата-аналармен сөйлесуге қол жеткізеді.
Бағдарламаны қолдану функцияларының реті мынадай: Біріншіден, бағаларды қою (бағалаудың барлық түрлері), ағымдағы бағалардың қорытындылары онлайн тәртіпте қойылып, ата-аналар сабаққа қатысуды бақылап отырады. Яғни, ата-аналар балаларының үлгерімін смс хабарламалар мен порталдағы деректер арқылы бақылау мүмкіндігіне қол жеткізеді. Балалардың сабақ үлгерімі, сабақ кестесі мен үй тапсырмасының орындалуы, баланың себепсіз сабақта жоқтығы немесе сабаққа кешігуі әрдайым назарда болады.
Шымкент қаласы білім басқармасы ғылыми-әдістемелік орталықтың директоры Кенжегүл Сағындықованың айтуынша, мектепке осы жүйені енгізудің нәтижесінде оқушылардың үлгерімі жақсарып, оқуда озат болуына септігін тигізеді.
Қазір мектептегі білім сапасын арттыру, тәрбиелік жұмыстарды дамыту – өзекті мәселенің бірі. Жаңа технологияны қолданудың нәтижесінде көздеген мақсаттарға жетуге мүмкіндік бар.

Последнее изменение Пятница, 14 Сентябрь 2018 10:57