Версия для печати

IT- орталығында 69 миллиондық екі жоба жүзеге асырылуда Избранное

Среда, 26 Сентябрь 2018 04:39 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3876 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың базасында ашылған IT-орталығының бүгінде жұмысы ілгері, бағдары айқын. Бұл жоба «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясының бастамасымен білім беру саласын жетілдіре түсу мақсатында іске қосылған болатын. Аталған орталықта бұған дейін өңірдегі «информатика» пәнінің 20 мұғалімі білімін жетілдірсе, биылғы оқу жылында осыншама педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтеді деп күтілуде. Қуантарлығы – жоғарғы ақпараттық технологиялар орталығы жалпы құны 69 миллион теңгені құрайтын екі жобаны жеңіп алған.

IMG-20180720-WA0034

Биыл М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне – 75 жыл! Тарихы тереңде жатқан жоғары оқу орнының осы уақытқа дейін жеткен жетістігі аз емес. Оның ішінде Ақпараттық технологиялар және энергетика жоғары мектебінің алар үлесі зор. Ал аталған жоғары мектептің базасында ашылған ақпараттық технологиялар саласында заманауи зерттеулер жүргізуге арналған IT-орталығы сала мамандарын жігерлендіре түскен. Теориялық білім мен тәжірибелік дәрістерін ұштастыра алатын арнайы сыныптар бәсекеге қабілетті шәкірттер тәрбиелеуде маңызы жоғары фактор екенін университет оқытушылары алға тартып отыр.
Ақпараттық технологиялар және энергетика жоғары мектебінің деканы, ф-м.ғ.к., доцент Ғани Бесбаев IT- орталығының басты мақсаты мен осы жоғарғы оқу орнында тәлім алып жатқан шәкірттердің бәсекеге қабілеттілігінің арқасында елімізде кеңге қанат жайған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында шаһардың қарыштап дамуына қандай үлес қоса алатыны жайында әңгіме қозғады.
– Қазіргі әлемде болып жатқан үрдістерден қапы қалмай, өңірдегі халықтың цифрлық сауатын арттыру мақсатында осындай соңғы заман талабына сай құрылғылармен жабдықталған IT-орталығы ашылғаны баршаға мәлім. Бұл орталық 3 зертхана және ақпараттық технологиялар сыныбынан тұрады. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы білім беру ұйымдарының «информатика» пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары жүргізілуде. Алғашқы кезең бойынша 20 мұғалім оқытылды. Алдағы қараша айынан бастап екінші кезең бойынша тағы соншама мектептегі iT-мамандары оқытылады. Ал 2020 жылға қарай 120 мұғалім аталған оқыту орталығында біліктіліктерін арттырады деп жоспарлағанбыз. Мұнда білімдерін жетілдірген педагогтар курсты толық аяқтаған соң, өзі жұмыс істейтін білім мекемелерінен IT -сыныбын ашып, мектеп оқушыларына мектеп бағдарламасынан тыс «Python», «Роботтық техника», «Мехатроника», «Ақпараттық қауіпсіздік», «3D модельдеу»-ден дәрістер өтеді. Жалпы біздің мақсат – өңір халқының цифрлық сауатын жоғарылату, – дейді Ғани Әбзелбекұлы.
Елбасы биылғы Жолдауында «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты» деп нақты бағдар берді.
«Цифрлы Қазақстан» тек бір ғана ІT саласын емес, қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған. Бағдарлама ішкі жалпы өнімдегі ІT-секторының үлесін 2020 жылға дейін 5 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. ІT-секторында 150 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Еңбек өнімділігі 37 пайызға жеткізіледі. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру да басты міндет, ол 85 пайызға дейін жеткізілетін болады. Ал бұл жолда Ақпараттық технологиялар және энергетика жоғары мектебіндегі IT -орталығының сүбелі үлесі болмақ. Аталған мектеп деканының айтуынша, ғылымға ден қойған шәкірттер мен магистратурада білім алатын студенттер үшін тигізер пайдасы мол.
– Соңғы заман талабына сай қондырғылармен жабдықталған орталыққа келген қонақтар және осында болған сала мамандары жоғары бағасын берген. Осы орталықтың күшімен біз екі жобаны 36 айда жүзеге асыруға мемлекеттік грант жеңіп алдық. Олардың біреуі 45 миллион болса, екіншісі 24 миллион теңгені құрайды. Одан бөлек, Шымкент қаласы әкіміне де «Smart city» жобасына оқытушылық құраммен ақылдаса келе шәкірттерімізбен шаһарда қандай жобалар жасай алуға мүмкіндіктеріміз бар екенін айттық. Ұсыныстар жасалды. Ол жобалар әлі де пысықталуда, – дейді жоғары мектеп басшысы.
Ал аталған орталықтың жетекші-инженері Бауыржан Нұрмаханбетов мемлекеттік грант негізінде жеңіп алған жобаларға тоқталып өтті. IT-маманның айтуынша, бірінші жоба – атмосфералық жерсерігі, ал екіншісі – асинхронды желінің қызмет көрсету сапасының статистикалық параметрлерін есептеу әдісін әзірлеу.
– Атмосфералық спутник әскери және жалпы мақсатта қолданылады. Екінші жобада біз асинхронды желінің қызмет көрсету сапасының статистикалық параметрлерін есептеу әдісін әзірлейміз. Яғни, серверлердің жұмысын автоматтандырамыз. Бұл жобалар 36 айда толық жүзеге асырылады. Бірінші жыл ақпарат алмасу, мемлекеттік сатып алу аясында құрылғылар және қажетті бөлшектерін жинақтаймыз. Қажетті бөлшектер болмаған немесе табылмаған жағдайда арнайы өлшемін беріп, еліміздегі зауыттарға тапсырыс береміз. Сондай-ақ, басқада сала мамандарымен ой бөлісіп, пікір алмасатын боламыз, – дейді Б.Дүйсебайұлы.
Жоғарғы мектеп ұжымы сонымен қатар өңірдегі IT-мамандарды дайындайтын орталықта шаһардағы «ақылды қала» аясында «Smart parking», «smart house» және мақта шаруашылығында арнайы есептеуіш құрылғысын әзірлеуге қауқарлы.
Елбасының бес әлеуметтік бастамасына сәйкес, биылғы мемлекеттік білім гранттарын бөлу конкурсында техникалық мамандық даярлайтын оқу орындарына қосымша 20 мың грант қосылғаны белгілі. Ал М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универститіне биыл IT-мамандықтарына 400-ге жуық шәкірт оқуға қабылданса, оның 287-і мемлекеттік білім беру грантының иегерлері.
Қазіргідей өндіріс, білім, мәдениет, медицина және тағы басқа салалардың толықтай автоматтандырылу заманында IT маманның қоғамдағы орны жоғары. Ал ІТ-орталық халықтың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың әлемдік ірі жобаларға қатысатын бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жағдай жасайды. Міне, бәсекеге қабілетті, білімді де білікті маман даярлау Ақпараттық технологиялар және энергетика жоғары мектебінің – басты мақсаты.

Сіз не дейсіз?!

Ермек Мамыраев, IT-маманы, «ino.Lab» инновациялық зертханасының негізін қалаушы:

Ермек Мамыраев

– Цифрлы трансформация – заман талабы. Бүгінде көліксіз таксопарк ашып, тауарсыз интернет-дүкен арқылы әлемдік нарыққа енген әйгілі компаниялар бар. Бұл IT-саласындағы үлкен серпіліс біздің отандастарымызды да қызықтыруда. Жаңа технологияның көмегімен ірі кәсіпорындардың жұмысын бір немесе бірнеше компьютер арқылы басқаруға болады. Технологияның қарыштап дамуы өзге елдерде оң нәтижесін беруде, сондай-ақ, ол мемлекеттердің экономикасына да үлес қосып, мол пайда әкелуде. Ал елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірлерде жаппай IT-орталықтары ашылып жатыр. Халықтың цифрлық сауатын арттыруда, олардың жобаларын қолдауда үлкен жұмыстар жасалып жатқаны осы саланың маманы ретінде мені қуантып отыр. Аталған жобаның негізінде және «Туған жер» бағдарламасымен Шымкентте алғашқы инновациялық зертханасын аштық. Онда 7-9 сынып оқушылары білім алуда. Біздің мақсат – IT-технопаргін іске қосу, яғни, Астана мен Алматы қалаларында жүзеге асырылып жатқан стартап алаңдарын үшінші мегаполисте де жандандыру. Шырайлы шаһар алдағы жылдары «ақылды қала» ғана емес, ақпараттық технологияда да елеулі орын алатын ірі орталыққа айналарына сенімім мол.

Дильноза Ирисметова, PR-маманы, Дәрігер Мауриньштің флебология және лазерлік медицина клиникасының қызметкері:

Дилназ Ирисметова

– Медицинада сандық технологияны дамытудың қысқа мерзімді келешегін үш бағытта қарастыруға болады. Электронды медициналық картаны енгізу арқылы қағазбастылықтан арылу жүйесіне көшу. Ал екіншіден, медицина саласына арналған интернет желісін жандандыру. «Қосылулы пациент» концепциясын дамыту – интеллектуалды құрылғы арқылы медициналық қызметтің көрсетілуіне және жағдайына мониторинг жасау.
Ал үшініші жолында лазерлік технологияға тоқталған жөн. Медицина саласындағы лазерлік технология бүкіл әлемде өте танымал һәм кең қолданыста. Соңғы жылдары қарқынды дамуы арқылы жыл сайын лазерлік технологияның жаңа мүмкіндіктері мен медициналық құрылғылар пайда бола түсуде. Бүгінгі таңда лазерлік қондырғыларсыз емхана ашудың өзін елестету қиын. Денсаулық сақтау саласында негізгі сандық жүйенің артықшылығына тоқталатын болсақ, қаржылық үнемдеуге, яғни науқастың дәрігермен жүздесуінде уақыт үнемделіп, шығындар азаяды. Ал әлеуметтік жағынан алып қарасақ, медициналық көмек көрсетудің, кәсіби дәрігердің қателігі көлемі төмендеуі есебінен көрсетілген қызмет сапасын арттыруға болады.

Бегайым Әділханова, педагог-сарапшы, Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

бегайым адильханов

– Цифрлық технологияның білім саласына да пайдалы тұстары жетерлік, әсіресе тіл үйренуде. «Ағылшын тілін үйренемін, жетілдіремін, уақытымды пайдалы іске арнаймын» деген адам үшін мүмкіндік өте көп. Білім қорын молайтуға арналған көптеген сайттар бар. Бір ғана мысал Belouga.org деп аталатын білім платформасын айтуға болады. Біз еліміздің мектептері арасында алғаш болып тіркеліп, 90 мың ұпай жинап, нәтижеге қол жеткіздік. «Белуга» жобасына әлемнің 79 елінен 2000-нан астам, ал Қазақстан бойынша бар-жоғы үш мектеп қана тіркелген. Сондықтан басқалардың бұл тамаша жоба жайлы білгенін, ұстаздар мен оқушылардың белсенділік танытып, мектептердің көбірек тіркелгенін және атсалысқанын қалаймыз. Бір әттеген-ай дейтінім жобаның басталғанына 1,5 жыл болса да қала және облыстағы білім беру ұйымдары тіркелуге асығар емес. Ал қуантарлығы – жақында платформада жоғары оқу орны білімгерлеріне арналған тапсырмаларымен толығады. Қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылу керек. Бұл ретте рухани азық болар кітаптармен қатар, интернет ресурстарын меңгеру артық болмайды.

Бағлан Айдаров, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, ИЧ-167/4 түзеу мекемесінің аға инспекторы:

baglan aidarov

– Әр нәрсенің пайдалы және кері тұстары болуы заңдылық. Сандық технологияның да қоғамға зиянды жағы жетерлік. Әсіресе, интернет желісі әртүлі айла-тәсілдерге баратын қылмыскерлер үшін тиімді бола түсті. Әлеуметтік желіде мұқият болмасаңыз, ондай адамдардың оңай тұзағына түсуіңіз ғажап емес. Ал достарыңыздан хабарлама алмасқанда әртүрлі сілтемелерге, кез келген сайттарға кіруден аулақ болуға шақырамын. Тіпті әртүрлі спам хабарламалардың өзін бөлісуде қауіпті болуы ықтимал. Құқық қорғау органдары және басқа да басқарушылар пайдалана алатын арнайы бағдарламалар бар. Сол Dark web-те түрлі қылмыскерлердің әрекетін бақылауға болады. Дегенмен, интернет желісінің ауқымы кеңейе түскендіктен оны бақылау қиындық туғызуда. Әркім жеке басының қауіпсіздігіне жауапты екенін жадынан шығармаған абзал.