Физика + ағылшын тілі Избранное

Понедельник, 08 Октябрь 2018 04:13 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3364 раз

Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болудың бір көрсеткіші – білім деңгейі. Сондықтан әлемдік білім кеңістігіне еніп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті ұстаздарымыздың қолында десек, оларға жүктелеген міндет оңай болмай тұр. Осы орайда Шымкенттегі №66 жалпы орта мектепте физика пәнін ағылшын тілінде өтіп жүрген Роза Жарасбаевамен ұстаздардың төл мерекесі қарсаңында әңгімелесудің сәті түсті.

IMG-20181004-WA0025

Шымкентте өткен жылы жаратылыстану бағытындағы пән мұғалімдерін ағылшын тіліне базалық деңгейде үйрету жұмыстары басталған болатын. №66 мектепте еңбек ететін Роза Жарасбаева – білім берудің жаңаша тәсілдерін меңгерген алғашқы ұстаздардың бірі.
– Болашақта Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына ену жоспары айқындалды. Білім берудің маңыздылығын ескерсек, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев
Қазақстан халқына Жолдауында білім сапасын дамытудың жолдарын көрсетіп берген болатын.
Елбасы өз Жолдауында «2019 жылдан бастап 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталады. Болашақта біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады» деп атап өтті. Осы мақсатта біліктілік арттыратын ұстаздардың тізіміне еніп, 10 айлық тілдік курстан өттік және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» педагогикалық шеберлік орталығында тағы да екі апталық курста білімімізді шыңдадық. Қазір сабақты ағылшын тілінде жеңілдетілген түрде өтуді бастадық, – дейді ұстаз.
Дегенмен, мұғалімдерге шет тілін бірден меңгеріп кету оңайға соқпаған.
– Тіл үйренгенде қатаң талаптар қойылды. Еліміздегі кәсіби мамандардан және шетелден келген ұстаздардан дәріс алдық, – деді әңгіме арасында ұстаз.
Расында физика күрделі сала. Ғылым мен техника, интернет жүйесі тағы басқа жаңа технологиялар заманында физика ғылымы олардың негізі болып табылады. Оның үстіне жоғары оқу орындарында сұранысқа қажетті мамандықтың таңдау пәндеріне физика жататын болғандықтан, пән мұғалімдеріне жаңашылдық керек-ақ.
– «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім ілесің» дейді. 20 жылдан астам еңбек өтілім болса да тіл үйренуге құштарлығым жоғары болды. Соның нәтижесі болар, ағылшын тілін толыққанды меңгермесем де өзіме қажеттісін оқып-тоқыдым. Енді ары қарай өзімізді дамытып отырумыз қажет. Өйткені, физика қиын пәндердің қатарына жатады. Екіншіден, ізденістегі, өз-өзін дамытып, жаңаша білім берудің ағымына ілескен ұстаз ғана, бәсекеге қабілетті және білімді шәкірт даярлайды, – деді Р.Жарасбаева.

IMG-20181004-WA0011

Роза Орынбасарқызы оқытқан оқушылар бүгінде халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанып жүр. Қазір шәкірті Алуа Медетбекованың ғылыми жұмыстарына жетекшілік жасап, халықаралық додаларға қатысуға дайындау үстінде. Шәкіртіңе сапалы білім беріп, мамандық таңдауда дұрыс жол сілтесең, олардың мемлекетіміздің дамуына үлес қосып жүргенін көрсең, еңбегіңнің еш кетпегені. Бұл – ұстаздың пікірі.
Роза Жарасбаеваның ұстаз жолын таңдауы кездейсоқтық емес. Әкесі Орынбасар Жарасбаев физика пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп, Отырар ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте ұзақ жылдар басшылық жасаған. Отбасында 4 қызы әке жолын қуып, бүгінде барлығы білім саласының дамуына үлесін қосып келеді.
– Физика күрделі сабақ, ал оқушылардың оны ағылшын тілінде оқуға деген ықыласы қандай? – деген сауалымызға маман: – Бүгінгі ұрпақ білімді, ізденімпаз және ағылшын тілін балабақша қабырғасында үйреніп жатқандықтан, алдағы уақытта тілге келгенде қиындықтар болмайды», – деп жауап берді.
Қазанның алғашқы демалысында ұстаздардың кәсіби мерекесі аталып өтеді. Ендеше, ұлағатты ұстаздардың еңбегі жемісті болсын дейміз!

Последнее изменение Понедельник, 08 Октябрь 2018 08:40
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.