Версия для печати

Ұстаздарға – баспана сертификаттары Избранное

Среда, 10 Октябрь 2018 03:57 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3132 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Тұрғын үйлі болуға арналған мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасы аясында жеңілдікпен несиелеу сертификаттары бойынша әкімдік баспананың бастапқы жарнасы сомасының жартысын субсидиялайды.

DSC 7021

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов ұлағатты ұстаздарды кəсіби мерекелерімен құттықтау шарасына қатысты.
Сөзін «Менің анам да мұғалім болып еңбек етті» деп бастаған шаһар басшысы мəртебелі мамандық иелеріне алғыс айтып, алдағы жылы Елбасы Жолдауына байланысты зор бастамалар күтіп тұрғанына жəне келер жыл ұстаздар қауымы үшін табысты болатынына тоқталды.
– Біз - біртұтас қоғамбыз. Миллионды қаламен бірге дамып, өсіп өркендейтін шаһардың тұрғындарымыз. Əртүрлі салаға бөлініп қызмет етсек те, көтерген жүгіміз бір, мақсаты айқын бір ұжымбыз. Шымкент қаласын дамыту бағытында бəріміз бірге жұмыс істейік. Сіздер білім беріп, тəрбиелеген Шымкент жастары Қазақстан халқына қызмет етіп, абыройларыңызды асқақтата берсін! - деді әкім.
Ғабидолла Рахматоллаұлы салтанатты іс-шарада бірқатар ұстазға Қазақстан Республикасының "Білім беру ісінің құрметті қызметкері", сондай-ақ, ҚР Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгілерді тағып, Алғыс хат тапсырды.
«Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары 
Бахадыр Нарымбетов өз құттықтауын жеткізсе, қалалық білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайхан 19 мұғалімге Шымкент қаласы əкімінің тапсырмасымен қолға алынған жоба аясында «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді жеңілдікпен несиелеуге арналған алғашқы сертификаттарды табыс етті. Тұрғын үйді жеңілдікпен несиелеу сертификаттары бойынша әкімдік баспананың бастапқы жарнасы сомасының жартысын субсидиялайды. Яғни, енді пәтер бағасының бастапқы жарнасының 10%-ын жинап үлгерген ұстаздардың қалалық бюджеттен бөлінетін 10% субсидияны пайдалана отырып, жақын күнде қоныс тойын тойлауға мүмкіндіктері бар.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында қала әкімдігі мен «Баспана» компаниясы арасында меморандумға қол қойылғаннан кейін шымкенттіктерде осындай мүмкіндік пайда болды. Мегаполис басшысы жас отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері үшін бастапқы жарнасы сомасының жартысын жергілікті бюджет субсидиялайтынын айтты. Айта кетейік, қазіргі таңда «7-20-25» бағдарламасына қатысу үшін 38 өтініш келіп түскен. Ондағы несиенің жалпы көлемі 394 миллион теңгені құрайды.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.