Жұмысшы – жұмыссыз қалдырмайтын мамандық Избранное

Среда, 17 Октябрь 2018 04:32 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3874 раз

Қыркүйек айының соңында Будапешт қаласында кәсіптік және техникалық білім алатын шәкірттер арасында «EuroSkills -2018» чемпионаты өтті. Чемпионатқа қатысқан делегация құрамында Шымкенттегі индустриалды-техникалық колледжі де бар.

DSC 5382

Жұмысшы мамандығының беделін арттыру мен шеберлік дағдыларын дамытуды мақсат еткен дәстүрлі додаға әлемнің 92 мемлекеті қатысқан. Мұнда шәкірттер өздерінің алған білімін, инновациялық жаңалықтарын көрсетеді. Осы чемпионатта Шымкенттегі индустриалды-техникалық колледжінде электр-газбен дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп жүрген Руслан Ешметов үздік техникалық жұмысы үшін арнайы номинацияға ие болды.
– Бұл - біздің чемпионатқа алғаш рет қатысуымыз. Мұның өзі шәкірттерімізді ынталандырып, кәсібіне деген қызығушылығын арттырды, - дейді оқу орнының директоры Тілек Исахметов. – Чемпионатта білім сайысынан бөлек ұстаздарға тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалады екен. Ең маңыздысы, құрылыс, өндіріс саласына қажетті технологияларды шығаратын компаниялар қатысты. Мұны бөле-жара айтуымның себебі бар. Мәселен, бүгінде колледждерде дуальды оқыту жүйесі енгізіліп, практикаға басымдылық беріп келеміз. Шәкірттер алған теориясын тәжірибемен ұштастыру үшін шеберханаларымыз жұмыс істейді. Ал біздегі кейбір ағаш станоктар 1956 жылы қойылған. Енді шеберханалардағы технологияларды заман талабына сай жаңартудың тетігін тапқандаймыз. Тікелей компаниялармен келісім жүргізіп, құрылғыларды арадағы алыпсатушыларсыз жеткізу әлдеқайда арзанға түсетініне көз жеткіздік. Сапардан түйген ойларымызды қаланың бас ұстазымен бөлісіп, ұсынысымызды айттық,- деді колледж басшысы.
Басшы Будапештте жұмысшы кәсіптің беделі жоғары және мамандарды даярлау ісіне ерекше маңыздылық берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Будапеште халықаралық «ЭКСПО» көрмесі өткен ғимаратты толықтай кәсіптік және техникалық мамандар даярлайтын оқу орталығына айналдырған. Орталықта суденттер оқиды, соңғы шыққан заманауи технологиялармен машықтанады және онда жұмыс берушілер кәсіби маманды өздеріне жұмысқа қабылдайды.

DSC 5424

– Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауында кәсіптік және техникалық білім беру бағдарламасын жаңартуға тапсырма берді. Қазіргі таңда елімізде мамандарды даярлау, оны оқытудың технологиясын әлемдік стандарттарға сәйкес жетілдіру, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру мәселесіне жете көңіл бөлінуде. Оның бір дәлелі - жастардың тегін оқуына мүмкіндік беріп, шәкіртақы тағайындап, жұмыспен қамтып, болашақта кәсіби маман болуына жағдай жасалуда, - деген колледж басшысы оқу ордасының жетістіктеріне тоқталды. – Біз білім берудің модулдік түріне көштік. Бұрынғыдай үш ай теориялық сабақ өтіп, екі ай өндірістік тәжірибеге жіберетін заманнан өттік. Қазіргі жаңа білім бағдарламасында сабақ онлайн түрде өтіп, жабдықтар шеберханадан тікелей таныстырылады. Не болмаса сабақ шеберханада өтеді. Сондықтан жұмысшы кәсіп қоғамдағы сұранысқа ие мамандықтардың қатарынан табылатын күн алыс емес.
Айта кетейік, Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты индустриалды-техникалық колледжде бүгінде 1500-ден астам студент білім алуда. Биылғы жаңа оқу жылында 600-ге жуық шәкірт қабылданған. Оқу орнында, әсіресе, автокөлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу, электр-газбен дәнекерлеуші, автокөлікті жөндеу слесарі, кранның машинисі және жиһаз жинақтаушы мамандықтарын игеруге талпынғандар саны көбейген.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.