Мектеп саны артады Избранное

Пятница, 16 Ноябрь 2018 05:30 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4287 раз

Шымкент қаласына іс-сапармен келген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов және қалалық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Асқар Әбубәкіровпен өзара ынтымақтастық туралы меморандум және жаңа типтік жатақханалар жүргізетін инвесторлармен үш жақты келісімге қол қойды.

97

 

Жиында орта білім беру саласына инвесторлар тарту және Шымкент қаласындағы жаңа мектептерді салу, жекеменшік мектептер желісін кеңейту мәселесі қарастырылды. Сонымен қатар үш ауысымда білім алатын оқушылардың мәселесін шешу жолдары да талқыға түсті.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттегі 10 жоғарғы оқу орны мен 29 колледжде 106 мың студент жас білім алып жатқанын атап өтті. Оның ішінде 6614 шәкірт жатын орынмен қамтылған. Қазір қосымша 8400 орын қажеттігі туындап отыр.
Сонымен қатар Шымкентте Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мақсатында 700 орынды жатақхана салуға өтінім жіберілген. Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «ЮГ Строй Сервис», жеке кәсіпкер Г.Қайыпова арасында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету туралы келісім-шартқа қол қойылды.
Ғабидолла Әбдірахымов Шымкентте демографиялық өсім жыл санап артып келе жатқанын, соның нәтижесінде мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің көбейгенін тілге тиек етті.
– Биыл 11 сыныпты 8 мыңға жуық оқушы бітірсе, бірінші сынып табалдырығын аттаған 24 мыңнан астам бала оқуға қабылданды. Осы ретте 19 мектепте үш ауысымда оқыту мәселесі туындады, оны шешуде орта білім саласына жекеменшік капиталды тарту, жеке мектептер желісін арттыру қажет, – деді әкім.
ҚР білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Амангелдіқызы елімізде жалпы 90 мың оқушыға орын қажет екеніне тоқталды. Осы орайда Шымкентте жекеменшік 9 мектеп салу жоспарланып, министрлік тарапынан жеке инвесторларға қолдау болатынын жеткізді.
Алқалы жиын бұдан кейін қалалық білім басқармасында жалғасты. Министрлік өкілі мектеп басшылары мен инвесторларға жеке мектеп ашуда қажет қадамдарға тоқталды. Бибігүл Асылованың айтуынша, мектеп құрылысына кеткен қаражатты инвестор республика бюджетінен 8 жылда қайтарып алады. Яғни, 2019 жылдан бастап жекеменшік мектептерге жан басына қаржыландыру бойынша әрбір оқушыға 96 АЕК көлемінде қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек жеке мектептер 20 жыл бойы мемлекеттік тапсырыстар орындайды.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі сөзінше, Алматыда жекеменшік 55 мектеп жұмыс істеп тұр. Ал Астана қаласында жекеменшік 8 мектеп мемлекеттік тапсырыс аясында білім беруге көшкен.