Кітапханаға жаңашылдық қажет Избранное

Пятница, 23 Ноябрь 2018 05:02 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 6942 раз

Қыркүйекте Астана қаласында дүние жүзінің кітапханашылары мен ғалымдарының басын қосқан халықаралық оқу конгресі өтті. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған мамандар қоғамның назарын кітап оқуға тарту мәселесін талқыға салды. Конгреске шымкенттік кітапханашылар да қатысып қайтқан болатын.

123

 

Жалпы, мегаполис қаладағы кітапханалардың бүгіні мен болашағы қандай? Жастарды кітап оқуға тартудың жолы бар ма? «Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі» мекемесінің директоры Гүлсім Шатырбековамен бірге осы сауалдарға жауап іздеп едік.
– Ақпараттық технологиялар заманында кітап оқушылар азайып барады. Бұл біздің елде ғана емес, өркениетті елдердің өзін алаңдатып отырған өзекті мәселе, – деп бастады Гүлсім Шатырбекова. – ҚР Ұлттық кітапханасы ұйымдастырған оқу конгресіне Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия, Румыния, Болгария елдерінен ғалымдар қатысып, өз ойларын ортаға салды. Мәселен, Мимар Синан университетінің профессоры Абдуақап Қара Түркияда балаларды жастайынан кітап оқуға ынталандыруға бетбұрыс жасалғанын, себебі «Кітап оқыған бала – табысты, ал табысты бала – бақытты» бола алатынын ұран етіп жатқандарын атап өтті. Бұған қоса кітапханаларды әлеуметтік-мәдени мекеме ретінде қызметін жетілдіру жайы сөз болып, әлемнің кітапханашылары бір-бірімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Осы сапардан көптеген жақсы ой түйіп қайттық әрі кітапхана жұмысын жандандыруға бағыт алдық.
Деректерге сүйенсек, әлем бойынша кітап көп оқитын елдердің үштігінде Қытай, Ресей мен Испания тұр. Бұл елдің тұрғындары күнделікті болмаса да аптасына кітап оқуды әдетіне айналдырған. Дей тұрғанмен жаһандану дәуірінде адамзаттың рухани «ашығуы» байқалады. Бүгінде зерттеуші-мамандар «Егер жастарды рухани дүниеге тартпаса, қатыгезденеді, мәдениеттен алшақтайды» деген пайымға келіп отыр. Ал кітапхана саласында тәжірибелі маман Г.Шатырбекова тығырықтан шығудың жолы – әлемдік тәжірибеге сүйену дегенді алға тартып отыр. Олардың қатарында «Бір ел – бір кітап» секілді акциялар бар. Бірақ адамзатты кітаппен қайта жақындатуда мұндай санаулы шаралардың шарапаты тие ме?

Жаңаша қызмет көрсету керек

Шымкент қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапхананың 19 филиалы болса, олардың қатарын шаһарға жаңадан қосылған елдімекендердегі 4 кітапхана толықтырды. 500 мыңнан аса кітап қоры бар мекеменің 75 мыңнан аса оқырманы бар. Мұнда жылына миллионнан аса кітап қолдан-қолға өтеді. Дегенмен, рухани орданың оқу залында да, абономент бөлімінде де оқырманның қарбаласы бұрынғыдай байқалмайды. Себебі кітапханалар әлі күнге дейін дәстүрлі қызмет көрсетуден арылған жоқ.
– Жаз айларында кітапхананың барлық филиалдарында шахмат, қолөнер бұйымдары, ұлттық ойындар, классикалық әдебиеттерді оқу үйірмелерін ашып, жасөспірімдер мен студенттерді көбірек тартуға тырыстық. Кітапхана ішінде әжелердің таным клубы ұлтымыздың салт-дәстүрін насихаттап, жастармен бірлесе көптеген іс-шаралар өткізді. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп 2007 жылдан бері кітап оқуға үндейтін «Бір кітап – бір ел» акциясы аясында ақын-жазушыларымыздың жауһарларын бір мезгілде оқуды дәстүрімізге айналдырдық. Дегенмен бүгінгі заманның кітапхана ісіне жаңашылдық қажет, ол – жұмыс істеу форматын өзгерту. Алдымен кітапхананы тартымды ету жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Екіншіден, бұрынғыдай ғимарат ішінде отырудың «заманы» өтті, енді жылжымалы қызмет көрсету, кітапхана гүлзарын жасау секілді түрлі шаралар аясында кітаптарды халықтың арасына апаруды мақсат етіп отырмыз, – дейді мекеме басшысы.
Осындай тың жаңалықтың бірі – «Аналар үйімен» бірлесе жасаған «Мен саған тек жақсылық тілеймін!» жобасы. Мұнда жас аналардың уақытын текке өткізбей, білім көкжиегін дамытуда жылжымалы кітапхана қызмет көрсетіп келеді. Мамандар осы секілді «Жас сарбаздар», «Жастар – біздің болашағымыз», «Менің сүйікті кітабым», «Дети не могут ждать» жобалары арқылы жастарды кітап оқуға баулуға бар күш-жігерін жұмсауда.

Кітап сақтайтын орын ғана емес...

Мекеме басшысы кітапхана бет-бейнесін өзгертпесе оқырманынан айрылатынын жасырмады. Осы мақсатта аталған орданың алға қойған өз жоспарларымен Г.Шатырбекова былай бөлісті:
– Қазіргі таңда шетелдерде кітапхана туралы ұғым өзгерген, олар кітапхананы кітап сақтайтын орын емес, «адамдарға арналған орынға» айналдыруымыз керек дейді. Сондықтан ондағы кітапханалар бірінші кезекте келушілердің назарын аударатындай ерекше дизайнда әрленген. Онда жастар әңгіме-дүкен құруға, ән салып, кино көріп, тіпті интернетті еркін қолдануына мүмкіндік жасалады. Біз де жаңашылдыққа ұмтылуда кітапханада коворкинг орталығын ашуды жоспарын ұсынып отырмыз.
Егер жоба билік тарапынан қолдау тапса, кітапханадағы орталық үш бағытта қызмет көрсетпек: компьютерлік аймақ, іс-шаралар, семинар-тренингтер өтетін зал және тегін Wi-Fі қызметін пайдалана алады. Сондай-ақ, шағын кинозал, ағылшын тілі үйірмесі болады. Мұндағы түпкі мақсат – жастарға орталыққа қызметін ұсыну арқылы бір кітапқа болса да зейін аударса, соның өзі үлкен табыс.
Қызық дерек. Германияда кітапханаларға келушілерге үлкен қамқорлық жасалатын көрінеді. Егер аяқастынан жауын жауып кетсе, кітапқұмар жанға тегін қолшатыр беріледі. Ал Испания тұрғындары кітап дүкендерінде ұзын-сонар кезекке тұрады. Алысқа бармай-ақ еліміздегі Жалыағаш ауданында көше бойында шағын кітапхана ашылған. Онда сөреге қойылған кез келген кітапты оқуға алып, қайта әкеліп қоя алады.
Мегаполис қаланың мәдениетінің жарқын бір көрінісі – кітапханалары. Үшінші қаланың жастары білімді, мәдениетті болуы тиіс десек, оған рухани ордалардың қосар үлесі орасан. Ендеше, руханият пен мәдениетті қорғауға үлкен бетбұрыс қажет-ақ.

Последнее изменение Суббота, 24 Ноябрь 2018 14:04
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.