Назарбаев Зияткерлік мектептері: Шымкентпен байланыс артады

Вторник, 04 Декабрь 2018 08:03 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3400 раз

Биыл Назарбаев Зияткерлік мектептерінің құрылғанына - он жыл. Бұл - еліміз үшін орыны бөлек мереке. Бүгінгі таңда Елбасының қолдауымен ашылған республика аумағында жалпы 20 мектеп болса, оның екеуі шырайлы шаһарда орналасқан. Өңірлердегі Назарбаев Зияткерлік мектептері әлемдік білім беру жүйесімен теңесіп қана қоймай, ендігі қалалық білім беру мекемелерімен тәжірибе алмасуда.

163

 

Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі алдағы уақытта қаладағы 20 жетекші білім ошағымен тығыз-қарым қатынаста жұмыс жасамақ. Бұл – қала әкімімен түзілген меморандум аясындағы алғашқы қадам. Мектеп директоры Балқан Қасымов қаладағы білім беру мекемелеріне Зияткерлік мектептің тәжірибесін енгізу бойынша алдағы уақытта атқарылар жұмыстарымен бөлісті.

Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Балқан Қасымовтың айтуынша, дербес білім ордасының NIS-Programme білім беру бағдарламасын халықаралық UK NARIC ұйымы әлемдік A-Level (GCE A-Level) стандартына сай деп баға берген.

– GCE A-Level деңгейі біздің түлектерімізге әлемдегі топ-университеттерге қосымша емтихан тапсырмай және Foundation алдын ала дайындық курсына қатыспай оқуға мүмкіндік береді. Ал елімізде 10 жоғары оқу орны біздің түлектерді бакалавриат бағдарламасы бойынша 2 курсқа қабылдайды. Біздегі оқу бағдарламасының ерекшелігі де осында. Оқушыларымыздың емтихан тапсыруы өзге мектептермен салыстыруға келмейді. Оқушылар сыни ойлауға дағдыланады. Яғни, өздері таңдаған бейіндік пәндерден сынақ тапсырады. Ол бірнеше компоненттен тұрады. Оқушылар мектепте оқыған бүкіл дағдылары мен алған білімін іс жүзінде көрсетеді десек, артық айтқанымыз емес. Бұл емтихандар оңай тиіп жатқан жоқ. Дегенмен балаларымыздың нәтижесі жыл санап жоғарылап келеді, - дейді мектеп басшысы.

Осы уақытқа дейін үш рет түлек ұшырған мектеп басшысы алғашқы жылдары бір, келесі түлектерінің жетеуі шетелдік жоғары оқу орындарының грантын иеленгенін атап өтті. Ал былтыр  білім ошағының 15шәкірті халықаралық білім жүйесін меңгергенін толық дәлелдеп шетелге оқуға аттанған. Оның ішінде бір оқушы АҚШ-тың 12 оқу орнына шақырту алды. Бұған қоса, білім ордасы басшының айтуынша, шетелдің жоғары оқу орындарына түсу үшін тапсыратын IELTS емтиханын тапсыру деңгейі жоғарылап келеді. Өткен жылы бұл көрсеткіштің орташа көрсеткіші 6,3 балға тең болған.  Оқушыларының жетістіктері жылдан жылға еселеніп, халықаралық олимпиадалардан да бірқатар орындар жеңіп алған. Шәкірттерінің басым көпшілігі ғылымға бет бұрыс жасап, енді біразы осы жолда ізденістерін жоғары оқу орындарында жүріп тереңірек зерттеуге мүмкіндік алған.

162

Әуелде Зияткерлік мектептер құру туралы Елбасының идеясының алғашқы мақсаты – әлемдегі озық технологияларды бір арнаға жинақтау болса, екінші үлкен бір мәселе - ол тәжірибені кеңінен тарату, дейді мектеп директоры.

Жалпы, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің еліміздің әр аймағында ашылып, нәтижелі жұмыс жүргізіп жатқанына биыл 10 жыл толып отыр. Елбасы бұл білім ордаларының қызметіне ерекше мән беріп келеді. Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет басшысы осы мектептердің тәжірибесін елдегі бүкіл білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне шығару керек екенін айтқан еді. Осыған орай жуырда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының  басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновамен кездесіп, өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Алдағы уақытта қалалық білім  басқармасына қарасты 147 мектептің  білім жүйесіне жаңартылған оқу мазмұнын негізге ала отырып, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесі енгізіледі. Яғни, Шымқаладағы 15 мыңға жуық педагог аталған білім ошағының оқу бағдарламасын меңгермек. Бұл үдеріске еліміздің барлық білім беру мекемелері көшірілуде.

– Соңғы үш жылда әр апта сайын жалпы білім беретін мектептердегі мұғалімдерге шеберлік сабақтарын өткізуді қолға ала бастадық. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қолданылатын жаңа тәсілдерді игеру семинарларына 2016-2018 жылдар аралығында қаладағы 11736 мұғалім қатысты. Кембридж университеті мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның бірігіп жасаған деңгейлік бағдарламалар аясында - 636, мектеп үйлестірушілер курсында - 170, мектеп тренерлерін дайындайтын курста 482 педагог біліктіліктерін жетілдірді.

Биыл Шымкент республикалық шаһар статусына ие болып, дербес қалаға айналды. Енді Назарбаев Зияткерлік мектептері шаһар басшысымен ынтымақтастық меморандумын түзіп отыр. Қазір осы бағытта жұмыс жоспары әзірленуде, дейді Балқан Қасымов.

– Бұл жерде айта кететін мәселе, Шымкенттегі мектептермен жұмыс істеу жеңілірек деуге болады. Ондағы мұғалімдер әртүрлі инновациялық өзгерістерге жақын. Қазіргі таңда сол мектептерден жетекші оқу ошақтары бекітілген. Оқу бағдарламасы алдымен сол мектептерде енгізіледі.

Айта кетейік, НЗМ-де бірқатар ерекше жобалар енгізілген. Атап айтсақ, қазақша ақпараттарды интернетке жүктеу әрі тілдің қолданыс аясын кеңейтуге мүмкіндік беретін жоба бар. Яғни, ғаламтордағы «Уикипедияға» мәліметтер енгізіп отырады. Сонымен қатар, айына бір рет қаладағы оқушылар Жастар ресурстық орталығында Зияткерлік мектебі шәкірттерінің ұйымдастыруымен өтетін TEDx идеялар алаңында қауышады. Бұдан бөлек әлеуметтік жобаларға да үн қосып, қайырымдылық акцияларында белсенділік танытады.

Жасанды интеллект дамыған тұста жастардың адами қасиеттерін жоғалтпай, патриоттық тұрғыда өсіп-жетілуі басты назарда деген Балқан Қасымов Елбасының Жолдауында атап өткен «Педагог мәртебесі» туралы арнайы заң жобасына қатысты да ой-пікірін білдірді. Оның айтуынша, мұғалімдерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау өте орынды.

– Баспана мәселесі мен айлық табысының артуы, мұғалімдердің жүктемесін жеңілдету педагогтердің жұмысына оң серпіліс береді. Дегенмен, ұстаз қай кезде де өзін сыйлы ұстап, сыйлата білуі тиіс деп ойлаймын. Бұл тұста көп нәрсе оқытушының өзіне де байланысты екенін ұмытпайық. Себебі, барлығымыз үшін мұғалім - қасиетті де қастерлі мамандық. Ұстаз ол құрметті еш нәрсеге айырбастап ала алмайды. Олар сол құрмет-қошеметке лайықты еңбекпен жету керек, - дейді Б.Қасымов.

Бүгінде химия-биология пәндерін тереңдетіп оқытатын білім ордасында 125 мұғалім 694 оқушыға дәріс береді. Оның он бірі - алыс-жақын шетелден келген мамандар. Жоғарғы білікті мұғалімдердің жас ерекшелігін де айтпай кетпеске болмас, орташа жасы – 34-те.