Ұстаз құрметіне дәрісхана ашылды Избранное

Пятница, 21 Декабрь 2018 05:04 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3711 раз

Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Шымкенттіктерге оқу ісінің үздігі Қаншагүл Балажанованың есімі жақсы таныс. Шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие берген ұлағатты ұстазды үлкен-кіші өзіне үлгі тұтады. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан 40 жылға таяу педагогика саласында еңбек етіп келеді.

IMG 20181220 112845

Шымкенттегі №68 жалпы орта мектептің ұжымы – бірлігі жарасқан, берекелі ұжым. Ұлағатты ұстаз Қаншагүл Балажанованы өткен жылы ұжымы зейнетке шығарып салса, биыл ардагер мұғалім құрметіне биология-лабораториялық дәрісханасы ашылды.
Ағартушы ұстаздың биология саласында өзіндік орны бар. Ол «Биология және ұлттық дүниетаным» тақырыбында өзінің еңбектерін жинақтап, тәжірибесімен бөлісті. 2014 жылы Шымкент педагогикалық институтының оқытушыларымен бірге студенттер мен жоғары сынып оқушыларға арнап «Зоопсихология» оқулығын жазды.

IMG 20181220 103900

Талапшылдығымен есте қалған ұстаз талай шәкіртті ұядан ұшырды. Бұл күнде шәкірттері еліміздің түпкір-түпкірінде жемісті еңбек етуде. Ал соңғы жылдары өзі ҰБТ-ға дайындаған мектеп оқушылары жақсы көрсеткішке қол жеткізіп жүр.
Қаншагүл апайдың 40 жылдан астам уақыттан бері атқарған тынымсыз еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қалалық, облыстық білім бөлімінің «Алғыс хаты», «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Зейнетке шығар тұста №68 мектептің директоры Қ.Кенжебаев «Мінсіз қызметі» үшін төсбелгісін тақты.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Елбасының жақсы жобасы деп айтар едім. Бағдарламаның «Туған жерге тағзым» аясында мектеп ұжымы осы жылдардағы еңбегімді бағалап, дәрісхана ашуды жөн санапты. Ұжым мен шәкірттер артқан сенімді ақтауға тырысамын, - дейді ұстаз Қ.Балажанова.
Екі қыз, бір ұл өсірген оқу ісінің үздігі педагогтер арасында ерекше құрметке ие. Алға қойған жоспарларының ішінде ағартушылық бағыттағы жинақтар жазу ойда бар. Бүгінде ардақты ұстаз кезінде құрылысына еңбегі сіңген, өзіне ыстық мектепте бастауыш сыныптарға дәріс береді.