«Біліммен қаруланыңдар!»

Среда, 30 Январь 2019 04:58 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4497 раз

Бүгінде әскери салаға құмартқан жастарға қойылатын талап біреу – ең алдымен біліммен қаруланып, әрдайым өздерін жетілдіру. Жасөспірімдер осыны тереңірек ұғына білсе. Әскери салада өнімді еңбек еткен ардагерлер оқушылармен кездесуде осылай деді.

Шымкентте №80 мектеп-лицейдің «Жас сарбаз» мамандандырылған әскери сыныбында 27 оқушы тәлім алады. Олардың барлығы да 7 сыныптардан іріктеліп алынған. Оқуда озат, ойы ұшқыр балалар.
Бойларында намыс оты ұшқындаған жасөспірімдер ҚР Қарулы Күштері ардаргерлерімен кездесті. ҚР Қарулы күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалының жетекшісі Бабай Алдабергенов, Шымкенттегі республикалық «Жас Ұлан» әскери мектебінің оқытушысы Сәкен Омарбеков, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары Әжімұхан Шынтаев жастарға әскери саланың мән-маңызын түсіндіріп берді.

Оқушылар жауынгерлік дәстүрді жалғастырған іс-шарада алдымен саптық жүріс пен пәрмендерді бұлжытпай орындап, осы кезге дейін жинаған әскери білімдерін паш етті.
Бұдан кейін ардагерлер мамандандырылған «Жас сарбаз» сыныбын аралап, оқушылардың тыныс-тіршілігімен танысты. Барлығының да әскери салаға деген қызығушылығы айрықша. Бірыңғай әскери киім үлгісімен жүретін жас сарбаздар жауынгерлік білім мен айла-тәсілдерді меңгеріп қана қоймай, үлгілі тәртібімен замандастарына өнеге көрсетуде.

Іс-шара барысында жас сарбаздар отансүйгіштік пен патриоттыққа тәрбиелейтін бейнероликті тамашалады. Ал ардагерлер оқушыларға әскери сала жайында қызықты әңгімелер айтып, оларды ел қорғайтын жауынгер болуға шақырды. Жас сарбаздарға алғыс айтып, сәттілік тіледі.
Әскери адам боламын деген адам әрдайым өзін жетілдіруі қажет. Біріншіден, білімді болудың маңызы зор. Ардагерлер оның мәнін тарқатып түсіндірді. Екіншіден, дене шынықтыру қажет. Одан кейінгі қажет дүние – сенімділік.

Былтыр ҚР Қорғаныс министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігі арасында өзара іс-қимыл бойынша меморандум түзілген болатын. Бүгінде игі бастама жемісін беруде. Қазіргі таңда Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 800-ден астам әскери-патриоттық клуб пен 10-ға жуық «Жас сарбаз» мамандандырылған әскери сыныптары ашылған.