Шымкенттегі №65 мектеп-гимназияның түлегі Әсемай Жарқынбекқызы ұлттық бірыңғай тестілеуден 139 балл жинады. «Алтын белгі» иегері Әсемайды ұстаздары білім ошағындағы дарынды оқушылардың бірі екенін айтады.
Қалалық және қашықтық олимпиадалардың жеңімпазы атанған Әсемай үш тілді жетік меңгерген. Ұстаздары мен ата-анасының үмітін ақтаған ізденімпаз түлектің енді өзі таңдаған оқу орнына түсуіне мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, Шымкентте 21 маусымнан басталған сынақ 5 жоғарғы оқу орны базасында 26 маусымға дейін жоспарлы түрде жалғасады.
Биыл Шымкентте мектепті 8063 оқушы мектеп бітіріп, оның 5463-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берген. Оның ішінде қазақ тілінде – 4454 оқушы, орыс тілінде – 987 түлек және биылғы ерекшелік – 22 түлек ағылшын тілінде тапсырды.