Білім – ердің қанаты Избранное

Среда, 25 Сентябрь 2019 03:50 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 424 раз

Келешегіміздің келбеті, болашағымыздың баяны бүгінгі жас буын. Өйткені олар – «ертеңімізді жасайтын бүгініміз». Міне, сол талантты жастарға әлемнің беделді университеттерінде білімдерін тереңдетіп, біліктіліктерін шыңдауға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Оның айқын дәлелі ретінде Елбасының бастамасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасын айтуға болады.

64398709 2723979454279804 618126818452439040 n

Бұл бағдарлама студенттерге өз мамандығын заманауи технологиялар мен әдістемелер арқылы терең меңгеруге, табысты жетістіктерге жетуге, жаңа белестерді бағындыруға жол ашады. Осындай мақсатпен шетелге барып келген жастардың бірі - «Шымкент – адалдық алаңы» кеңсесінің басшысы Ерасыл Төлебаевпен сұхбаттасқан едік.

- Ерасыл Әшірбайұлы атаулы бағдарлама арқылы қалай арманыңыз шындыққа айналғанын кеңінен әңгімелеп берсеңіз?

- Мен Шымкент қаласындағы №1 қазақ-түрік дарынды ер балаларға арналған лицейінің түлегімін. 2010 жылы ҰБТ тапсырдым. Қорытындысы көңіл көншітпеді. 98 балл қазақ-түрік лицейі үшін өте төмен нәтиже. Сондықтан құладым десем де болады. Сол жылы алғаш рет Назарбаев университетіне қабылдау басталды. Сыныптастарымның көбі сол университетке тапсырды. Бүкіл екі сыныптың ішінде Шымкентте оқуға түскен жалғыз мен болдым.

Бастапқыда егер шетелге барып жатсам, ғылымды тереңірек зерттеп, ал елде қалсам, медицина мамандығына түсем деп ойладым. Алайда, ҰБТ-дан аз ұпай жинағандықтан, ол арманым орындалмай қалды. 10 сыныпта «Болашақ» бағдарламасына «түсемін» деген масқат қойған болатынмын. Көп сыныптастарым мұнымды орындалмайтын арман дейтін. Бағымды сынауға Нұр-Сұлтан қаласына жол тарттым. Әрине, ата-анам да қарсы болды. Бірақ бағым жанып, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының студенті атандым.

Алдымен ағылшын тілін толық меңгеру үшін мені Малайзия мемлекетіне жіберді. Бір жылдық оқуды төрт айда меңгеріп, белгісіз себептермен ол мемлекет мені ары қарай университетке қабылдамады. Елге оралдым. Халықаралық «Болашақ» стипендианты атанып, сосын артынан Ұлыбританияға оқуға аттандым.

- Қазақстаннан жырақтап жат елге қадам бастыңыз. Мұндайда тосын жағдайлар болып жатады. Сізде қалай болды?

- Малайзияға келе сала бес күнде барлық ақшамды жаратып қойғаным бар. «Енді қайттім, кімнен көмек сұраймын?» деп жүргенімде Азамат Орынбаев есімді бауырымыз менен бір мәселені сұрауға келді. Оған жәрдемдестім. Бірақ қарызға ақша сұрауға батылым бармай тұрды. Кенет ол «Ерасыл, менде 4 жұлдызды қонақүйде бір бос орын бар, қасыма серік боласың ба?» – деді. Не қуанарымды, не жыларымды білмей абдырап бірден келістім. Осылай екеуміз жақын достасып, елге қайтқанша бір-бірімізді қолдап жүрдік.

Ал, Ұлыбританияға келгенімде достарымызбен аралда адасып қалдық. Түн жамылып улап-шулап аралға жетіп барғанымызбен қонақүй жабық. Тәртіп сақшыларына жағдайымызды айтып, көлікті бір шетке қойып түнеуге тура келді. Таң атқанда жағажайдағы керемет көріністің куәсі болдық. Бұрын тек фильмдерден көрген қайықтар мен яхталардың сан алуан түрі көздің жауын алып тұр. Осылай бір қызық жағдайға тап болғанымыз әлі күнге есімде (күліп). Бес жылдай шет мемлекетте болдым. Өзіндік қиындықтары мен қызықшылықтары жетерлік. Олай болмаса, студенттік шақтың несі қызық болсын?!.

Ал шетелдік студенттерге тоқталсам, олар ізденімпаз, жан-жақты, бірнеше тілді меңгерген және кез келген тақырыпта ойын еркін бөлісе алады. Экономикалық және әлеуметтік салада сауатты. Ұлттық және мәдени құндылықтарына аса құрметпен қарайды. Әр кезде көмекке келуге дайын тұрады. Олар алдымен біз, қазақстандықтар жайында өзгеше пікірде болды. Соңынан келе пікірлері өзгеріп, біздің де сауатты және дамыған ел екенімізге көздері жетті.

Бұл бағдарламаның арқасында көп елдердің студенттерімен танысып, дос арттырдым, ағылшын тілін тереңірек меңгердім. Ұлы Абай атамыз: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген. Осындай мемлекеттік бағдарлама біз сияқты болашаққа зор үмітпен қарайтын жастардың өсуіне айтарлықтай ықпалын тигізеді. Бұл бағдарлама студенттің шет елде тәжірибе жинауына, білімін шыңдауға әрі салаға жаңа көз қараспен қарауға үйретеді.

- Нақты қай ғылымды зерттеп жүрсіз? Сізден қандай жаңалық күтеміз?

- Тірі организмдерде өзінің тұтастығын сақтауда бөгде заттармен күресу үшін қызмет ететін арнаулы «иммундық жүйе» болады. Иммунология осы иммундық жүйенің қалыпты сау жағдайдағы құрылымы мен қызметін зерттейді. Ал иммунопатология бұл жүйенің ауру жағдайындағы құрылымы мен қызметі бұзылуының өзгерістерін қарастырады. Иммунология - антиген деп аталатын генетикалық бөгде субстанцияларға организмнің жауап қайтаруының молекулалық механизмдерін зерттейтін иммунитет жөніндегі ғылым.

Міне, сол иммунолог маманы болып, адам бойындағы, қандағы құбылыстарды зерттеп жүрмін. Мені адам бойындағы гиперактивті иммундық жауап көбірек қызықтырды. Гиперактивті иммундық жауап дегеніміз ол әр себепке (бактерия, вирус, шаң тозаң), күрт ұзаққа сақталатын температура, қышыну, қызару, түшкіру, қатты ісіну тағы да басқа жауаптық реакциялар. Басты мақсатымыз - келешекте сондай гиперактивті иммунды болдырмау. Жаңалықтарды алдағы уақытта жариялаймыз.

- Қазір «Шымкент – адалдық алаңы» кеңсесін басқарып жүрсіз. Тұрмыстық жемқорлықпен күрес қалай жүзеге асырылып жатыр?

- Өткен жылы 20 желтоқсанда әр саланың мамандарынан құралған арнайы топ нәтижеге бағытталған жұмысты қолға алдық. Бұл жоба Елордадан бастау алып, Тұңғыш Президенттің Жолдауының 87 тармағында көрініс тапты. Яғни, Елбасы өңірлерде жемқорлықпен күресуге осы тәсілді пайдалану керек екенін атап өтті. Жобаның міндеті – азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, жемқорлық деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлықты жалпы қабылдамауды қалыптастыру.

Бұл тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдай жасау, қоғамдық бақылау жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша өз қызметін жүзеге асырады. Біз полиция, білім, денсаулық сақтау салаларын қамтып, үш бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Сәуір айында тұрғындардың арыздарының нәтижесінде қалалық №1 клиникалық ауруханасында магниттік-резонанстық томографияны инсульт алған науқастар ақылы түрде түсіріп келгенін анықтадық.

Алайда, оларға аталған қызмет түрі тегін жүргізілуі керек болатын. Бұл өрескел заңбұзушылықты еліміздің вице-министрі Ляззат Мирасқызымен тоқтаттық. Қарапайым тұрғындар арасында денсаулық саласына көңілдері толмайтын жәйттер өте көп. Оның бәрін бір күнде немесе бір айда шешу мүмкін емес. Біз алдымен ол қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтаймыз. Егер аталған мәселе рас болса, заң аясында арнайы топ өкілдері оның шешу жолдарын қарастырамыз. Қазіргі соның алғышарты ретінде ауруханалардағы бас дәрігерлерді бірінші қабатқа түсіріп жатырмыз.

Яғни, басшылар науқастарды көрсін, үлкен жайлы кабинеттерді босатсын деген мақсатта осы жобаны барлық денсаулық сақтау мекемелеріне енгізудеміз. Ал полиция қызметкерлерімен «Адалдық жолында» атты рейд ұйымдастырып келеміз. Бір күн бойы жол патрульдік полицейлерінің көлігімен жүріп, тұрғындарға заңды құқықтары мен міндеттерін түсіндірдік.

Нәтижесінде тұрғындарға жол сақшылары неліктен тоқтатқанын, заң бұзғанда айыппұл төлеудегі жеңілдіктер айтылмайтынын анықтадық. Жауапты мамандарға ескертпелер берілді. Оларға «Пара беру – заңмен қудаланады» дегенді түйсіндірдік.

Ал, білім беру мекемелеріндегі жемқорлықтың алдын алу мақсатында ең бірінші кезекте қаладағы мектептер мен ЖОО-лар, колледждердегі жастарды адалдыққа тәрбиелеу мақсатында «Адалдық дүкендерін» аштық. «Таза сессия» сынды акциялар ұйымдастырылып тұрады. Мұнда, «пара кім берді немесе керісінше кім алды» дегенге емес, «не үшін бермеу керекпіз» дегенді білімгерлердің санасына сіңіруге тырысамыз. «Мектепке жәрдем» жобасын да енгізіп жатырмыз.

Онда мектеп жанынан құрылған қамқорлық кеңесшілері мектепке қажетті заттарды арнайы есепшот ашып, сол жиналған қаражатты оқушылар мен мектептің игілігіне жаратады. Бәрі қамқорлық кеңестің келісімімен жүзеге асырылатын болады. Ұйымдастырып жатқан іс-шаралар мен кездесулеріміз осы жоғарыда аталып өткен жобалардың мақсат-міндеттерін түсіндірумен өтеді. Көзге ілінбей жүрген елеусіз мәселелерді жою арқылы халықтың сауатын ашып, құқықтары мен міндеттерін түсіндіреміз.

- Әңгімеңізге рақмет. Жұмысыңызға табыс тілейміз.