Агробизнеске тиімді – «ақылды» жылыжай Избранное

Среда, 25 Сентябрь 2019 03:55 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 249 раз

Келешекте оңтүстік өңірінде адам күшін аса қажет етпейтін «ақылды» жылыжайлар іске қосылуы ықтимал. Мұндай мүмкіндікті шымкенттік жас өнертапқыш Нұрлан Жарылқасынов ұсынып отыр. Әзірге ол толығымен автоматты түрде жұмыс істейтін аталмыш жылыжайдың шағын үлгісін жасап шығарған. Атап өтерлігі, елімізде мұндай технологияның баламасы жоқ. «Кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық болса, оны өндіріске енгізуге болады», – дейді жоба авторы.

 DSC0947

SILK WAY Халықаралық университетінің 2-курс студенті Нұрлан Жарылқасынов Қазақстан мен Өзбекстан жастарының қатысуымен «Дарынды жастар – ел тірегі» тақырыбында өткен халықаралық форумға тың жобаларын әкеліп, көпшілікті тәнті етті. Кемі бір, ал ұзағы үш ай көз майын тауысып жасаған екі жұмысына форумға келген әрбір екінші жан жақын танысып, қызығушылық білдірді.
Жаңа технологияға құмар жас өрен университет әкімшілігінің қолдауымен «Smart» үй мен жылыжайдың макетін әзірлеген. Бір қызығы, екі жобасын да смартфон арқылы басқаруға болады.

– Қазір дамыған елдерде ақылды үйлер көптеп салынуда. Олар дыбыстық немесе арнайы құрылғы арқылы басқарылады. Сондай үйлер жақын болашақта біздің қаламызда да бой көтереді. Яғни, онда автоматтандырылған бірегей жүйе орналастырылады. Менің жасаған бірінші жобам «ақылды» үй болса, екіншісі жылыжай. Үйдегі жарық, жылу, қауіпсіздік шаралары адамның пәрменімен дереу іске асады,– дейді болашақ IT-маманы.

Жобаның басты ерекшелігі – жылыжай толығымен автоматты түрде жұмыс істейді. Яғни, ондағы жылу, жарық жүйесі тәуліктің әр мезгіліне қарай өздігінен реттеліп отырады. Күндіз жылыжай қалыпты жағдайда жұмыс істейді. Ондағы температура ауа райына байланысты автоматты түрде реттеліп отырады.

Ал күн ұясына батқанда арнайы құрылғылар нысанның жарықтандыру, жылыту жүйесін іске қосады. Тек тұтынушы температураның шектік мөлшерін таңдап қойса болғаны. Егер жылыжайдағы ауа температурасы шектік межеден төмендей бастаса, тағы да автоматты түрде жылыту құрылғылары жұмыс істей бастайды.

Жылыжайда тамшылатып суару әдісі қолданылады. Бұл жүйе көбіне кешкі уақытта іске қосылады. Оның да өзіндік себебі бар екен. Күндіз су тез буланып, топырақтың ылғалдылығы азайып қалатын көрінеді. Тағы бір ерекшелігі, жылыжай қажетті қуатты күн сәулесінен алады. Немесе электр желісіне де қосуға болады.

– Мұнда қауіпсіздік шаралары да қарастырылған. Егер қандай да бір құрылғының сымдары тұйықтала бастаса, онда жүйе толығымен автоматты түрде өшіп қалады. «Ақылды жылыжай» арқылы суды да үнемдейміз әрі сапалы өнім аламыз, – дейді өнертапқыш.

Нұрланның айтуынша, инновациялық жобасына кеткен қажетті заттардың барлығын базар мен дүкен сөрелерінен сатып алған. Әзірге ол көпшіліктің жоғары бағасын алған аталған жобаларды өзіне патенттеп үлгермеген. Бірақ ұсыныс болса, ертең-ақ қажетті құжаттарды жинауға кірісуге дайын.

Бос уақыттың қадірін білген ізденімпаздың арманы асқақ, мақсаттары айқын. Ендігі кезекте ол өз өңіріміздегі егіншілікпен қоса жылыжай шаруашылығының да қарқынды дамуына бар үлесін қосуға дайын екенін айтып отыр.