Математика мұғалімі ағылшын тілінен дәріс оқып жүр... Избранное

Пятница, 04 Октябрь 2019 03:33 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 207 раз

Жо-жоқ, бұл педагог жетіспеушілігінен емес. Жас маманның таудай талабының арқасы деген жөн болар. Шымкенттік ұстаз Шоира Сұлтанова бүгінде Кембридж ағылшын тілін бағалау жүйесі орталығының (CELA) сертификатына ие.

 DSC1076

Ол құжаттың артықшылығы – халықаралық дәрежеде білім беру құқығы. Яғни, ұстаздың еңбек етіп, әлемдік деңгейде танылуына жол ашылған. Бұл көптеген шет мемлекеттерде тіл үйретіп, дәріс оқи алады деген сөз. Хош, математика пәнінің мұғалімі қалай ағылшын тілінен сауат ашып жүр?!

Мемлекетіміздегі маңызды бағыттарының бірі – заман талабына сай бәсекеге қабілетті, бірнеше тіл білетін білікті мамандар даярлау. Ол үшін ел азаматтарына қарастырылған мүмкіндіктер мол. «Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек.

Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады», - деп Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты Жолдауында мәлім еткен болатын.

Міне, осыны дұрыс түсіне білген жас маман өзіне шексіз мүмкіндікке жол ашты. Сайрам тұрғын алабында туып-өскен Шоира Атабекқызы бүгінде білім саласында өз бағытын тапқан педагог. Математика мамандығын оқыған оның ұстаздық жолы басқаша өріліпті. Шоира бүгінде GES – оқу орталығында білімпаз жандарға тіл үйретумен қатар, математикаға әуес жастарды шет тілде баулып келеді.

– Жалпы орта білімді №105 жалпы орта мектепте алсам, ал бакалавр дәрежесі бойынша М.Әуезов атындағы ОҚМУ Жаратылыстану – педагогика факультетінде мемлекеттік грант негізінде математика мамандығын оқыдым. Жоғары оқу орнында ағылшын тілін меңгерген студенттерге арнайы топ болды. «Сонда оқимын» деген талпынысым мені тіл үйренуге қамшылады.

Сабақты ине сәтімен дегендей, мен сол топта жоғары оқу орнын аяқтадым. Кейін магистратураға тапсырып, оқуды әрі қарай жалғастырдым. Диплом алған күннен бастап қосымша білім беру саласында еңбек етіп келемін, – дейді ол.

Ағылшын тілі әлемдегі ең кең тараған тіл екенін ескерсек, шамамен бұл тілде жер бетінде бір миллиардтан астам адам сөйлей алады. Ағылшын тілін білетін адам, жер жүзінде бір миллиард адаммен еркін коммуникацияға түсе алады деген сөз. «Бір тіл білсең - бір адамсың, екі тіл білсең - екі адамсың». Көп тілді меңгергеннің білімі мен дүниетанымы да кеңейе түсетіні рас. «Көп тіл білетіндердің жолы болғыш келеді», дейді кейіпкеріміз.

– Былтыр Ақтөбе қаласында «Қазақстан ағылшын тілі мұғалімдері» конференциясында, биыл АҚШ Елшілігінің ағылшын тілінен аймақтық кеңсесінің қолдауымен Алматыда «Орта Азия ағылшын тілі пәні мұғалімдері» семинарына қатысып, өз мүмкіндігімді көрсеттім. Ал шілде-тамыз айларында Прага қаласында біліктілікті арттыру курсында білімімді шыңдадым. Ол жерге әр елдің мықтылары жиналды. Ағылшын тілін үйретудің жаңа заманауи әдіс-тәсілдерін жадыма түйіп қайттым.

– Бүгінде білімді қаланың үлкен-кіші тұрғынына тіл үйретіп, кәдеге жаратып жүрмін. Ағылшын тілін білген адамның еңбек нарығындағы бағасы өседі. Бүгінде елімізде жұмысқа қабылдағанда ағылшын тілін білетін жастарға ерекше құрметпен қарайды. Ал, кейбір шетелдік компанияларда бұл тіпті талап ретінде қарастырылып жатқаны өтірік емес. Бесаспап, яғни әмбебап маман болам десеңіз, өз ісіңіздің іскері болам десеңіз оған ағылшын тілінсіз айналып бару мүмкін емес, – дейді жас маман.

Тақырыптың тоқетері:

Үш тілді меңгеру, білу - бұл жаһандық әлемге жолдама деген сөз. Бұл адамның өмірдегі табыстылық, жетістік принципі. Нарық заманында топтан дараланып тұрмасаң, оңай жерден жұмыс тауып, өз мүмкіндігіңді көрсету қиынның қиыны болмақ. Ал қолдағы бар алтынның қадірін ұғыну, бос уақытты пайдалы іске жұмсау бір бөлек әңгіме. Ұстаздарымыздың мәртебесін көтеруге арнайы заң емес, Шоирадай өз-ісін сүйіп істейтіндерінің көбейгені жеткілікті болар ма еді?! Қалай болғанда да білімің артса, еліңе пайдаң тисін дегіміз келеді.