Пайда ойлама, ар ойла Избранное

Среда, 30 Октябрь 2019 04:50 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3543 раз

Шымкентте бүгінде 149 адалдық дүкені бар. Бұл – осыншама сатушысы жоқ дүңгіршек өздігінен жұмыс істейді деген сөз. Иесі жоқ сауда нүктесінің тұтынушысы – оқушылар. Мамандардың айтуынша, аталмыш дүкен «сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті» қалыптастыруға тікелей әсер етеді екен. Ал шындығында қажетін алып, тиісті тиынын қалдыру жас өрендерді адалдыққа баули ала ма? Бүгінгі жас буынның «тәбеті» қандай? Ойды екшеп, көргенімізді көңілімізге түйіп қайттық...

213

 

«Кезек күттірмейді»

Мағжан Байқара,

Ө.Жолдасбеков атындағы №9 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы:

Мегаполистегі ең алғашқы адалдық дүкені біздің мектепте ашылып, жұмыс істеп келеді. Бастапқыда бәрімізге қызық көрінді. Өзімізге қажетті тауарды алып, ақшамызды арнайы қорапқа қалдырып жүрдік. Ұтымды тұсы – кезек күттірмейді. Қоңырау уақыты сыныптан-сыныпқа көшіп жүргенде аяқталып қалады. Ал үлкен үзілісте асханада адам топырлап, сатушыға жетудің өзі қиындай түседі. Бұл дүкен ашылғалы уақытымызды тиімді пайдаланып, сабаққа да үлгеріп жүрміз.

Балаға «тәйт» дегенді білмейді

Жанар Саржанова,
Д. Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейінің директоры:

Адалдық дүкенінің ашылғанына жарты жылдан асты. Алғашқыда оқушылар да, кәсіпкерлер де бұл қадамға бірден үйренісе алмағанын жасырмаймыз. Екі дүкенді екі қабатқа ашқанбыз. Қазір бір ізге түскендей. Екі ауысымда 2638 оқушы білім алып жүр. Оларға саналы тәлім-тәрбие беру – басты міндетіміз. Дей тұрғанмен, кейде ата-аналарға қарап қарнымыз ашады. Тоқсаныншы жылдың тоқырауын көріп, екі мың жылдықтың басында дүниеге келген ұл-қызды тәрбиелеп жатқан ата-ананың көбісі балаға «тәйт» дей бермейтіні қынжылтады. Балалар бір-бірімен болмашыға ренжісіп қалса да, арасына түсетіндері бар. Тіпті қит етсе арыз жазуға, көке-жәкесіне қоңырау соғуға құмарлар да табылады. Кезінде ата-әжелеріміз «өзгенің ала жібін аттама», «біреудің ақысын жеме», «тырнақ астынан кір іздеме» деп құлағымызға құйып өсірді ғой. Ал әлгіндей әрекетпен кейінгі толқынға қандай тәрбие бермекпіз деген ой мазалайтыны да рас. Десек те қазіргі жас буынның зерек, алғыр екенін де мойындауымыз керек. Тек оларға дұрыс пен бұрыстың аражігін көрсетіп беріп отырсақ, адаспайтыны анық.

«Есебім тура шықпайтын...»

Умида Құрбанова, мердігер:

Мектептің асханасында жұмыс істеп жүргеніме 11 жылдан асты. Бұл білім ұясында екі ауысымда 3500-ге жуық бала білім алады. Өткен жылы мектеп әкімшілігімен бірлесіп «Адалдық дүкенін» аштық. Ондағы қойылған заттардың 95 пайызын мектеп асханасында пісіреміз. Түрлі тәтті бәліштер мен қайнатылған жеміс сусындарының бағасын көрсетіп, арнайы қорапшамен бірге асхана бұрышындағы дүкенімізге қоямыз. Бастапқыда есебім тура шықпайтын. Күнделікті қойған зат пен қорапшаға салынған ақшаны есептеп, түгендеп аламыз. Көш жүре түзеледі демекші, қазір кішкентай оқушылар келіп, қажетті заттарды алып есеп айырысады. Білмей жатса, үлкен сыныптың оқушылары көмектеседі. Бақылау камерасы да орнатылған. Баланы жастан дейді емес пе, жастайынан туралыққа тәрбиелеу арқылы саналы ұрпақ өсіреміз. Олардың ертең еліне, жеріне жаны ашитын болады.

«Келісімшартқа қостық»

Жангүл Садықова,
Политехникалық колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

Тәрбие – тал бесіктен басталады. Үлкендер кейінгі буынға үлгі бола білуі керек. Өз басым үлгіні алдымен өзің көрсете біл дейтін ұстанымдағы адаммын. Біреудің ақысын жемеу, ала жібін аттамау, алдамау керек екенін шәкірттерімізге түсіндіріп-ақ жүреміз. Алайда оны жәй сөзбен емес, іс-әрекетпен көрсеткен әлдеқайда тиімді. Сондықтан адалдық дүкеніне кірген әр ұстаздың әрекетінен оқушы өнеге алуға тырысады. Ұстаз оқушының айнасы іспетті. Олардың қаперінде «ұстазымның өзі де солай істейді ғой» деген теріс ой тумауы тиіс. Ендеше «Адалдық дүкені» адалдыққа тәрбиелеудің бір үлгісі. Бұл істі біз құжат жүзінде де келісімшартқа қостық.

Түйін.

Дәл осыған ұқсас дүкендер қаладағы 130 мектепте ашылса, қалғаны жоғары және арнайы кәсіптік білім беретін орындарда орналастырылған. Бұл бір жағынан қуантады. Бәріміз де өскелең ұрпағымыз саналы әрі адал болса дейміз. Бірақ ең үлкен мәселені естен шығармау керек секілді. Ол алдыңғы буын ағалардың өнегелі өмір жолы мен жеткен жетістіктері арқылы жастарға үлгі болуы. Осы орайда, қарапайым бір мысалға тоқтайық. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті берген мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін 32 тұлға ұсталып, оның 29-ы сотталған. Сорақысы сол, олардың ішінде республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі басшылар бар. Анықталған қылмыстардың басым бөлігі – парақорлық және ақша жымқыру. «Балық басынан шіриді» деген бар қазақта. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті» мектеп жасынан қалыптастыру игілікті іс. Дегенмен, көшті бастаған арбаның алдыңғы доңғалақтары тура бағыттан айнымаса деген ой ғой біздікі.