Версия для печати

КОММЮНИКЕ – әріптестік бітім Избранное

Среда, 06 Ноябрь 2019 04:13 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3254 раз
Оцените материал
(0 голосов)

 DSC3092

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті бірлесіп, «Қазақстан этностары: еліміздің тарихи-мәдени дамуына қосқан үлестері» тақырыбында өңірлік сұхбат алаңын ұйымдастырды.

Жиында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеу орталығының жетекшісі Ханкелді
Әбжанов бастап келген 22 сарапшы қатысып, ғылыми баяндамаларын оқыды. Көптеген тың ғылыми жаңалықтар айтылды.
– Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері интеллигенциясы мемлекеттік басқару корпусында көбірек қызмет атқарады. Мемлекеттік басқарудағы қазақтардың үлесі 70%-дан асар-аспас болса, орыстар – 20%, белорустар – 2,3%, украиндықтар – 1,4%, татарлар – 1,2%, өзбек пен ұйғырлар – 0,7%, немістер – 0,7%, кәрістер – 0,5%-ды құрайды. Олардың қатарында әзірбайжандар, күрділер, тәжіктер, поляктар, қырғыздар, түріктер мен дұнғандар, т.б. бар. Қазақстанда үш мыңжылдан бері қарай келе жатқан өзге этникалық интеллигенция Ұлы дала жері мен елінің интеллектуалды бәсекеге қабілеттілігіне айрықша ықпал етіп келеді. Біздің күшіміз бірлік пен татулықта, – деп Хангелді Махмудұлы өзге ұлт өкілдерінің қаймақтарының қазақ халқына сіңірген еңбегіне тоқталып өтті.
Ал ОҚМУ ректоры Дария
Қожамжарова халқымыздың тарихта өткерген қиындықтарын тілге тиек етіп, бүгінгі күн тұрғысынан өзіндік көзқарасын білдірді.
– Мың өліп, мың тірілген қазақ халқына қай этностың болмасын өкілі бас иеді. Себебі, халқымыз өзінің даму тарихында нешеме нәубеттерді бастан кешіп, тарихи аренада ұлт болып қалыптасудың тағдырлы дәуірін өткерді. Ашаршылық пен одан кейінгі нәубеттерде 10 қазақтың 7-еуі көмусіз қалды, – деді ректор.
Дария Пернешқызы бұл жиынның мақсаты бір ұлтты жоғары, екіншісін төмен көрсету емес, әртүрлі ұлттық менталитет пен сан алуан салт-дәстүрлердің, көзқарастардың квинтэссенциясына айналған Қазақстан халқының бірлігі қалыптасқан жағдай екендігін айтты. «Қазір дүниежүзінде 250-ден астам үлкенді-кішілі мемлекеттер бар. Олардың бір-бірін жұтып жіберу қаупі жоғары екен.
Қазақстан мемлекеті тіл туралы саясатын дұрыс ұстанбаса тарих аренасынан жоғалуы мүмкін деген шетелдік ғалымдардың болжамы да жоқ емес. Сондықтан біз ділімізге, тілімізге, тарихымызға мұқият болуға тиіспіз», – деді Дария
Пернешқызы.
«Ашаршылық кезеңдерінде бізбен бір нанды бөлісіп жеген, департацияланған өзге ұлт өкілдерінің елдеріне бара қалсаңыз, әрқашан құшағын айқара ашып қарсы алады. Осыдан-ақ біздің ұлтымыздың кеңқолтық пейілі аңғарылып тұр», - дейді Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Ләззат Динашева.
Жиын соңында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті бірлескен коммюнике қабылдады. Ол дегеніміз, бүгінгі жаһандану кезеңінде
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларына дер кезінде үн қатқан екіжақты әріптестік.
Алдағы уақытта өзара әріптестік нәтижесінде оңтүстік өңірінде білім алып жатқан өскелең жас ұрпақтың санасына рухани құндылықтарды сіңіре түсу ісі толыққанды жүргізілмек. Қазақстан халқы мен оның этностарын зерттеуге байланысты бірлескен жобалар жүзеге асырылмақ.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.