Кадр көп, қадір жоқ

Среда, 06 Ноябрь 2019 04:26 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 70 раз

Сонау ХХ ғасырдың өзінде қазақтың ағартушы демографы, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Алдымда толған таңдау, толған мақсат, алайын анаусын ба, мынаусын ба?» деп мамандық таңдаудың қаншалықты маңызды екенін бір ауыз сөзімен-ақ сипаттаған екен. Сол айтқандай, бүгінгі жастар болашақ жолына дұрыс таңдау жасай алып жүр ме? «Маман көп, жұмыс жоқ» дейтін әңгіменің түпкі салдары неден туындап жатыр? Осыны сараптап көрейікші.

Иә, қазір керексіз мамандар көбейіп кетті. Керісінше, сұранысқа ие мамандықтарға мойын бұратындардың қарасы аз. Статистикаға сенсек, елімізде 1,5 миллион диплом иесі жұмыссыз жүр. Есесіне қоғамға қажетті шаруашылық мамандары тапшы. Мұның негізгі себебі неде? Электронды еңбек биржасының сайтында жарияланған еліміздің жоғары оқу орындарының рейтингі осы сауалымызға нақты жауап бергендей болды.
Бұл рейтингті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырысы бойынша Еңбек ресурстарын дамыту орталығы дайындапты. Орталық еліміздегі мамандарды даярлайтын ең нашар 20 оқу орнының тізімін жариялады. Рейтинг Қазақстанның 101 ЖОО-на жасалған екен. Оқу тиімділігі мен түлектердің еңбек нарығындағы табыстылығын негізге алған сараптамаға келіспегендер де бар. Өйткені ол тізімде еліміздегі мүйізі қарағайдай оқу орындары жүр. Ең әлсіз деген университеттер қатарына негізінен Алматы мен еліміздің оңтүстік өңіріндегі жоғары оқу орындары жатады. Тіпті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті сияқты беделді мемлекеттік оқу орындары да осы қара тізімнің қатарына ілігіпті.
Қалай десек те, сала мамандары бұл сараптаманың шындыққа жанасатынын айтады. Өйткені бұл оқу орындарын бітірген жастар толыққанды жұмыс тапқан жоқ. Немесе өзіне қатысы жоқ басқа салада еңбек етіп жүр. Нашар университетті анықтаудың ұтымды тәсілінің пайда болғанына қуанған қоғам қайраткерлері «Жалған диплом сатып, сыбайластыққа жол берген мұндай оқу орындарының маман даярлау ісіне қатаң бақылау мен талапты күшейту керек» дейді.
«Серпін» ұлттық білім және инновация палатасының төрағасы Мұрат Әбенов те оқу орындарына сырттан тәуелсіз бақылаудың болмауынан, осы жағдайға жеткенін айтты. «Оқу бітірген жас маман жұмыс іздейді. Таппайды. Өйткені оның тәжірибесі жоқ. Кез келген мекеме оны жұмысқа алмайды. Өйткені оқу орны мен өндірістің арасында байланыс жоқ. Амалсыз жалған анықтама жасатып, оқу орнына өткізеді. Осындай өтірік анықтамалар арқылы ол оқу орны келесі жылы мемлекеттен грант алады. Міне, әділетсіздік! Ал шын мәнінде, ол мамандар қоғамдағы жұмыссыздардың қатарын толықтыруда. Қажетсіз мамандықтарға жылда грант бөлінген соң жастар оны керек мамандық деп тағы алданады. Салдарынан оқу бітірген соң сандалып жұмыс таппайды. Сосын билікке, мемлекетке кінә артады», – дейді М.Әбенов.
Бұрын талапкерлердің көбісі мұғалім, мал технигі, мал дәрігері болуды қалайтын. Ал, қазір заңгер, кеденші, экономист болуды жөн көреді. Содан болар, жоғары оқу орындарын бітіргендердің 4,3 бөлігі заңгер, экономист, кеденшілерді құрайды. Олардың пікірінше бұл саланың болашағы зор. Жалақысы басқа кәсіппен салыстырғанда жоғары. Алайда заңгер, кеденшілердің жұмысқа орналасуы көкейкесті мәселеге айналды. Салдарынан жұмыссыз жастардың қатары көбейді. Бірі күнкөріс қамымен базар жағаласа, бірі құрылысшы, күзетші болып екі қолға бір күрек табуға мәжбүр.
Қазір қай мамандыққа сұраныс жоғары деген сауалға жастардан бұрын ата-аналары көбірек бас қатырады. Бұрынғыдай «оқып, қолына дипломын алса болды, ары қарай көрерміз» деген түсініктің қате екеніне көз жеткізгендей. Ал ғалымдарымыздың айтуынша, қазаққа ғылым саласына жете көңіл бөлудің қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан технологияның кез келген саласы қазаққа жат емес. Тіпті ұлт тарихын екроцентристік көзқарастан алып шығып, жаңаша зерделейтін мықты тарихшылардың қажеттілігі сезілуде. Жаңа формацияда өмір сүріп жатқандықтан тіл заңдарына да қайта қарайтын сауатты, білікті лингвистер жетіспейді. Бұрын қолына су құя қалғанда ақсақалдарымыз «мұғалім бол» деп бата беруші еді. Қазір педагог болуға тырысатындар аз. Ал, біздің өндірістеріміз бен өнеркәсіптерімізді ешкімге жалтақтамай басқаратын қазақ жігіттерін оқытып шығару кезек күттірмейді.
Қазір қызмет көрсету саласына 60 пайыз, шағын және орта бизнеске 80 пайыз кадрлар жетіспейді. Біздің жүйенің басты қателігі, осындай керек мамандықтарға ғана грант бөліп, басқасын тоқтата тұрмауымызда болып отыр.
Тұңғыш Президентіміз
Н.Назарбаев қазақстандық ЖОО-на әр азаматтың алған білімі мен біліктілігі әлемнің кез келген елінде сұранысқа ие маман болатындай білім деңгейіне жетуді міндет етіп қойған болатын. Сондай-ақ,
Елбасы нанотехнологиялық орталықтар мен зерттеу институттарын қалай болғанда да дамыту керек деген­ді. Бүгінде қалада техникалық мамандығы бар кадрлар тапшы екені мәлім. Айталық, біздегі комбинаттар мен зауыттар техникалық мамандықтарға зәру. Әсіресе, маркетолог, инженер, агроном, дизайнер, химик, ақпараттық технологтарды емге таба алмайсыз. Тіпті қарапайым аң үйретушіге де сұраныс бар. Керек десеңіз, ауылдарда мал дәрігері жетіспейді. Ет өндіретін зауыт, оған өнімін әкелетін фермер де қажетті мамандықтардың қатарынан орын алды. Мұражай, кітапхана қызметкерлеріне де сұраныс көп. Мұнай өндіру мен өңдеу жұмысына да өзіміздің қазақ азаматтарынан шыққан кәсіп иелері аса қажет. Химиялық тамақ өнеркәсібінің болашағы да зор. Себебі, бұл саланы меңгерген әрбір азаматтың келешекте өзінің жеке өндірісін ашуына мүмкіндігі мол. Яғни, бүгінгі күні тек компьютердің тілін біліп қана қоймай, соған қоса тұтынушы ретінде ғана емес, өнім шығара алатын, кәсібін өрге сүйрейтін маман ретінде қоғам қажеттілігін өтеуге бет бұруы керек.
Түйін. Іс жүзінде, еңбек нарығында жоғары білімі бар мамандар­ талап етілетін тек 15 пайыз жұмыс орны ғана бар екен. Жұмыс орындарының 85 пайызын орта арнайы білім иелері құрайды. Ал біздің жастар жоғары оқу орындарына өз еркімен оқуға түсіп, төрт жылдан соң өзін жұмыссыздықпен қамтып отыр. Бұл – білім саласындағы берекесіздіктің, жүйесіздіктің айқын көрінісі...

 

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.