Оқушылардың жеңісі: белсенді қозғалыс сағатының жемісі

Понедельник, 09 Декабрь 2019 04:26 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2138 раз

Уақытының көп бөлігін отырумен өткізетіндер қатарында оқушылар да бар.  Партада дұрыс отырмау еттің тез шаршауын туғызады. Қолайсыз сезімдерден құтылу үшін оқушы иіледі немесе бір жағына қисаяды. Мұның салдарынан оқушының физиологиялық құрылысы өзгеріске ұшырайды.

WhatsApp Image 2019-12-06 at 15.58.37

 

Әсіресе, барлық салмақ омыртқаға түседі. Омыртқа үнемі қозғалыс пен жаттығуларды қажет етеді. Еш қозғалыссыз бір қалыпта отырудың салдарынан омыртқа сүйектеріне зақым келіп, ол өзге де мүшелердің зардап шегуіне әсер етеді. Сондықтан да омыртқаның қисаюына жол бермей, ара-тұра үзілістер жасаған жөн.

Мамандардың пікірінше, кей балада жоғары сыныптарға өткенше кемінде 3 созылмалы ауру пайда болады екен. Соның алдын-алу мақсатында Шымкент қаласы  химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі дене шынықтыру сабағынан бөлек, белсенді қозғалыс сағатын (БҚС) өткізіп келеді. 2018 жылы  жоба ретінде енгізілсе, қазіргі таңда оқушылардың денсаулығын нығайту мақсатында іске асырылуда.

Белсенді қозғалыс сағатында спорттың барлық түрлері қамтылады. Әсіресе, болейбол, баскетбол, футбол, воркаут, үлкен теннис, жеңіл атлетика, күрес, фитнес, созылу жаттығулары, емдік гимнастика т.б. түрлерінен жалпылама  сабақтар жүргізіледі. Бұл өз кезегінде оқушылардың физикалық белсенділігімен қатар, ой өрісін дамытуға да көп көмегін тигізуде.  Балалардың бойынан белсенділікті байқаған ата-аналар да бұл жобаның ғұмырлы болуына ниетті. Өйткені, бос уақытын  тек білімге арнайтын оқушылар үшін аталмыш жоба керек-ақ. Себебі, жеткіншектер түрлі жарыстарда жеңімпаз болып қана қоймай, физикалық жаттығулар арқылы денсаулықты нығайтуда.

Жобаның жүзеге асқанына жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында оқушылар  заманауи би, емдік дене шынықтыру  ЛФК, crossfit, аэробика бағытында дене белсенділігін арттырған.  Белсенді қозғалыс сағатының қажеттілігін білу мақсатында оқушылар арасында сауалнама жүргізілді. Дене шынықтыру сабағының мұғалімдері оқушылардың пікірлерін жинақтап, қорытынды жасады.

Нәтижесінде  спортқа қызығушылығы төмен оқушылардың да белсенді қозғалыс сағатын асыға күтетінін байқаған. Бұл сабақ оқушылардың  сергек жүрулеріне, дене бұлшықет жүйесінің дұрыс жұмыс жасауына, эмоциялық және оқу үлгерімінде елеулі пайдасын тигізген.

41675182 1867043723371843 8076476538867941376 o

 

Елімізде Назарбаев Зияткерлік мектебінің 20 филиалы болса, белсенді қозғалыс сағаты тек Шымкент қаласы  химия-биология бағытындағы мектепте ғана жүзеге асып келеді. Әр сыныптың бос уақытына сай кесте құрылған. Сол аралықта оқушылар өзіне ұнаған спорт түрімен шұғылдануға және емдік гимнастикамен айналысуға мүмкіндігі бар. Жобаның үздіксіз жүзеге асуына  дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің еңбегі орасан.

Белсенді қозғалыс сағаты басталғалы оқушылар түрлі  жарыстардар топ жарып,  жетістіктерімен қуантуда. Атап айтар  болсақ, мектеп мақтаныштары  Көкшетау қаласында өткен шахмат жарысында жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, Семей қаласында баскетболдан ұлдар және қыздар командасы бас жүлде қанжығасына байлады. Волейболдан қыздар, футзалдан қыздар командасы желілік спартакиадада жүлделі ІІІ орынды иемденді. 

Байқағанымыздай, белсенді қозғалыс сағаты оқушылардың білімде жоғары нәтиже көрсетуімен қатар, спортта да жетістіктерге жетуіне дәлел бола алды.

Спортта нәтиже көрсетіп, оқуда озат болуға талпынған оқушылардың бойынан өмірге деген құштарлық, жетістіктерге жетуге деген ұмтылыс байқалады.

Ал мұғалімдер болса, оқушылардың салауатты өмір салтын ұсынуға бағыт бағдар беріп, баланың физикалық тұрғыда мықты болуына ықпал етуде.

                                                                          

Талғат БАЙТУОВ,

Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы

 Назарбаев Зияткерлік мектебінің

дене шынықтыру пәні мұғалімі

Последнее изменение Понедельник, 09 Декабрь 2019 04:36
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.