«Мен өз Отанымның батыл қорғаушысымын». Дәл осындай тақырыпта қаладағы мектеп оқушылары арасында әскери-спорт сайысы өтті.
Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан ардагерлерді еске алуға арналған ауыспалы кубокты сарапқа салуға 10-11 сынып оқушылары қатысты. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған патриоттық сайыста 1500-ге жуық оқушы бақ сынады. Ал ақтық сында әр ауданнан үздік шыққан 2 мектептен 8 команда өнер көрсетті. Оқушылар үш кезеңде саптық және атыс дайындықтарын ортаға салды. Қолданбалы спорт түрінен сайысып, турникке тартылды, 16 келілік кір тасын көтерді. Топтық сайыста арқан тартып, өзара мықтыны анықтады.
Айта кету керек, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген сайыс өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулуға бағытталған. Спорт сайысына қатысқан Ауған соғысының ардагерлері жалынды жастарға алғыс айтып, сәттілік тіледі.