ҚАШЫҚТАН БІЛІМ БЕРУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚИЫН? Избранное

Среда, 01 Апрель 2020 06:41 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 399 раз

e0823747e5f6de246a244b68c71ead1a

Еліміздегі мектептерде төртінші тоқсанның басталуына төрт-ақ күн қалды. Ал 16 сәуірге дейін деп жарияланған төтенше жағдайдың аяқталуына әлі екі апта уақыт бар. Дегенмен қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты мектептердегі оқу процесі бұдан әрі қалай ұйымдастырылады? Қашықтан білім беруге көшудің сипаты қандай болмақ? Осы сауалдар бәрімізді де ойландырып жүр.

Жұртшылықтың көкейіндегі бұл түйінді мәселеге ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің facebook-тегі парақшасында тұщымды жауап берді.
«Адамдардың бойында, әсіресе, осындай қиын кезеңде, жаңа әрі белгісіз нәрсеге деген қорқыныш сезімінің болуы – қалыпты жағдай.
Форс-мажорлық жағдайда білім беру саласында болып жатқан процестер бізге тек пайдасын тигізеді деп сендіргім келеді.
Біз сыни пікірлерді естіп те, көріп те отырмыз. Дегенмен, қашықтан білім беруге көшу – коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асып жатқанын барлығы түсінгені жөн», - деді министр.
Өкінішке орай, басқа таңдау жоқ. Оқу процесі тоқтатылмауы тиіс.
Министрлік осындай жағдайға тап болған басқа елдердің тәжірибесін алдын ала зерделепті. Іс жүзінде олардың барлығы қашықтан оқу режиміне көшкен: бүкіл әлем бойынша 870 миллионнан астам оқушы осындай форматта білім алуда. «Барлық мүмкіндіктерді, аспектілер мен тәуекелдерді жан-жақты ой елегінен өткізе отырып, біз де уақытша қашықтан оқытуға көшу туралы шешім қабылдадық».

Бұл қалай болмақ:

Біріншіден. Теледидар арқылы сабақ өткізу. Бұл – тіптен жаңа формат. «Балапан» және «Ел Арна» телеарналарының эфирінен негізгі пәндер бойынша 2000-нан астам бейнесабақ қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

Екіншіден. Арнайы мамандандырылған интернет-платформалары арқылы өткізілетін сабақтар. Бұл цифрлық жүйелер оқушыларға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, сондай-ақ онлайн-сабақ өткізуге, кері байланыс орнатуға, жеке дара оқыту мен тапсырмаларды геймификациялауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл формат тестілеу жұмыстарын өткізуге және алған білімдерін бағалауға мүмкіндік жасайды. Бұрын мұндай компаниялардың білім беру контентіне қол жеткізу ақылы болса, осы кезеңде балалар барлық керек ақпаратты және платформаларды тегін пайдалана алады. Министрлік тиісті келісімге қол жеткізген. Сондай-ақ, интернет-провайдерлерімен осы ресурстарды пайдаланған кезде трафик есептелмейтіндей келісім орнатыпты.

Алайда, министрге сұрақ қоюшылардың арасында ауылдық жерлерде интернет ұстамайтынын, бір үйден бірнеше бала оқығанда бір
компьютерді жеткізе алмайтынын, тіпті, ноутбуктың иісі де бармаған ауылдар бар екенін алға тартып, наразылық білдірушілер болды.
–Біз қашықтан оқыту жүйесін ұстанған кезде басқа дамыған елдерде де орын алып жатқан кейбір қиындықтар туындауы мүмкін екенін жақсы түсінеміз. Бір отбасында бірнеше оқушы болған жағдайда бір компьютер мен бір смартфонды пайдалану ыңғайсыз болуы немесе қажетті техниканың мүлдем болмауы да мүмкін. Кейбіреулерде интернет байланысы жоқ.
Президент қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Бұл мәселелер қазір ерекше бақылауда. Әкімдіктермен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, тіпті, қажет болған жағдайда, мектептерге қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселелерін қарастырудамыз. Кейбір өңірлер бұл жұмысты бастап кетті, - деп көптің көкейіндегі түйткілге жауап берді.
Асхат Қанатұлының сөзінше, эпидемиологиялық ахуалға қарай, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде орналасқан шағын жинақты мектептерде (80-ге жуық бала оқитын) оқытуды дәстүрлі форматта жалғастыру мүмкіндігі қарастырылуда екен. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ, бұл мәселе каникул аяқталғанша шешіледі. Ал әзірше олар да қашықтан оқытуға белсенді дайындалуда.
Жаңа режимде жұмыс істеу педагогтер үшін де, балалар үшін де оңай шаруа емес, біраз күш-қуатты талап ететіні сөзсіз. Бұл – отандық білім беру жүйесі үшін үлкен сын екені рас.
Осы орайда қандай да бір проблема туындаса, Сіз әрқашан Білім және ғылым министрлігіне хабарласа аласыз.

Мөлдір МАМЫРБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.