Карантинде ашылған мекеме Избранное

Среда, 20 Май 2020 02:14 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2702 раз

IMG-20181129-WA0047

Шымшаһарда «Ел үміті» жобасы арқылы алғыр әрі білімді оқушыларға ерекше жағдай жасалмақ. Қалада дарынды балаларға арналған жаңа орталық өз жұмысын бастады. Тарлан таланттар мен дара дарындарға есігін айқара ашқан су жаңа мекеме балалардың потенциалдық әлеуетін дамытуды мақсат етеді.

Әдебиет пен өнерде, бiлiм мен ғылымда сайдың тасындай небiр сайыпқырандар шыққан үшінші мегаполисте таланттардың жаңа буыны танылмақ. Дарын орталығының директоры Раушан Омарханқызының айтуынша, жаңа мекеме Тұңғыш Президент – Елбасы қорының бастамасымен ашылып отыр. «Ел үміті» жол картасы қаладағы дарынды және өнерлі жастарды анықтап, оларды республика көлемінде таныту мақсатында іске қосылған.
– Орталықтың жұмысы үш бағытта жүргізіледі. Алдымен аталған мекеменің сайты арқылы ата-ана мен оқушы тіркеліп, тест тапсырады. Екінші кезеңге өткендерді әңгімелесу арқылы іріктейміз. Базаға енген жастарды қалауына қарай олимпиадаларға жолдасақ, басқаларын ғылыми жобаларға дайындаймыз, сайыстар ұйымдастырып ынталандырамыз. Оқушылардың өнерін шыңдауға, спортпен шұғылданып, шығармашылығын дамытуға барлық жағдайды ұйымдастырамыз. Бірақ елдегі төтенше жағдайға байланысты пандемия аяқталғанша жұмысымызды онлайн форматта жүргізіп жатырмыз, - дейді Р. Жеренова.
Енді ғана құрылған орталық аз ғана уақыттың ішінде жас дарындармен тіл табысып үлгеріпті. Мекеме басшысының сөзіне сүйенсек, онлайн форматта ұйымдастырылған байқаулар өз нәтижесін беріп келеді.
– Сәуір айын ғасырда біртуар тұлғаларымызға арнадық. Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Ғалым болғым келеді» тақырыбында оқушылар арасында эссе жазу шығармашылық байқауын ұйымдастырдық. Жас қылқалам шеберлері «Біз біргеміз» тақырыбын арқау етіп, сурет салудан сайысты. Абай Құнанбаевтың - 175 жылдығына орайластырылған «Көзімнің қарасы» ән байқауы да өз дәрежесінде өтті. Сол сияқты ертегі оқу челленджін атап өтуге болады. Мені қуантқаны – оқушылардың ынтасы. Біз олардың санына емес, жасаған жұмыстарының мән-мағынасына үңілдік. Алдағы уақытта да зияткерлік сайыстар жоспарға сәйкес өткізіледі, - дейді орталық директоры.
Мекеме жас дарындардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып, ғалымдардың дәрістерін ұйымдастыруды көздеп отыр. Орталық мектептегі меңгерген білімді одан әрі тереңдете түспек. Жалынды жас ғылыми-инновациялық дағдыларын дамытады.
– Баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Кейбір отбасылар балаларының болашағына немқұрайлық танытып жатады. Ата-ана перзентінің бойындағы қабілетін ашуға ұмтылуы қажет. Жұрттың баласы оқыған оқуына түсіріп, кейде қателікке бой алдырып жатқанын көреміз. Негізі баланың қабілетін ерте жастан анықтаған дұрыс. Әркім жанына жақын іспен шұғылданса ғана кез келген салада прогресс байқалады. Біздің орталық міне, сондай дарынды балалар мен жеткіншектерді анықтау үшін, оларды қолдау мақсатында құрылып отыр, - деді Раушан Омарханқызы.
Дарынның ендігі өткізетін сайысы – математика пәнінен бастауыш сыныптарға онлайн олимпиада. Оған 3-4-сынып оқушылары қатыса алады, дейді орталық мамандары.Өзіндік қиындығы бар сын сағатында әр қатысушы математикадан 30 тест орындайды. Жеңімпаздар әдеби кітаптар, алғыс хаттармен марапатталатын болады.