Құжаттары санаулы, құқықтары қорғаулы Избранное

Пятница, 12 Июнь 2020 04:01 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3324 раз

Елімізде жыл басынан бері «Педагог мәртебесі» туралы заң күшіне енгені белгілі. Мұғалімдердің жалақысын өсіріп, құқықтарын қорғауға және әлеуметтік қолдауға бағытталған заң аясында қандай өзгерістер орын алуда? Педагогтердің білігі мен беделін арттырудағы аталмыш маңызды құжаттың рөлі қандай болмақ? Бұл туралы Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Ақмарал Жүнісовадан сұхбат барысында сұраған едік.

75

 

Жаңа заң – жаңа норма

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Ақмарал Мырзабекқызының айтуынша, білім беру ұйымдарына профилактикалық бақылау, жоспарлы және жоспарсыз тексеру Білім және ғылым, Ұлттық экономика министрлерінің 2015 жылғы желтоқсандағы №719 бұйрығымен бекітілген тексеру парақтарына сәйкес жүргізіледі. Жаңа заң қабылдануына байланысты «Білім беру жүйесіне тексеру жүргізу бойынша тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтарын бекіту туралы» Білім және ғылым, Ұлттық экономика министрлерінің бірлескен №719 бұйрығына бірқатар өзгерістер енгізілген.
– Жаңадан енгізілген түзетулерге сәйкес педагогтердің құқықтарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілері жауапқа тартылады. Мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, олардан қызметтік міндеттеріне кірмейтін мәселелер бойынша ақпарат немесе есеп талап ету фактілері бойынша арыз түскен жағдайда, Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасында да жоспардан тыс тексеру тіркеледі. Аталған арызды негізге ала отырып жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Егер жағдай расталса, аталған нормаларды бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 409-бабына сәйкес лауазымды тұлғаларға, кәсіпкерлік субъектілерге бірінші ескерту жасалады. Ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде олқылық қайталанса, 20-дан 120 АЕК мөлшеріне дейін айыппұл салынады, - дейді А.Жүнісова.
Департамент өкілі педагогтерге тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеу, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының мұғалімдерін өз кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тарту түрінде жасалған бұзушылықтар тексеріске негіз болатынын айтып өтті.
– Кез келген оқытушы егер заңда көрсетілген кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартылса, біздің департаментке арыз-шағым жолдауына болады. Біз «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғаннан бастап ақпараттық-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Білім беру ұйымдарынан карантин кезінде бір арыз-шағым келіп түсті. Аталған жәйт бойынша мекеме басшысына ескерту бердік. Егер осындай жағдай тағы қайталанса, 20-дан 120 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұлға тартамыз, - дейді А.Жүнісова.
Жаңа заң қабылданған қаңтар айынан бастап педагогтердің жалақасы 25 пайызға көбейген. Ақмарал Мырзабекқызы мұғалімдердің біліктілік санаты бойынша жалақысы 30 пайыздан 50 пайызға дейін өскенін айтты. Оң өзгерістердің тағы бір парасы – мектепке дейінгі мекемелердегі педагогтердің еңбек демалысы 56 күн болуы. Балабақша кезегінде де мұғалімдерге жеңілдік қарастырылды. Ал қағазбастылықтан артылту мақсатында ұстаздар қауымы толтыруы тиіс құжаттар ҚР Білім және ғылым министрінің 6 сәуірдегі №130 бұйрығымен бекітілді. Білім беру ұйымдары басшылары, олардың орынбасарлары толтыратын құжаттар да осы бұйрықта нақты белгіленген.
– Бұл – «Педагог мәртебесі туралы» заңының аясында шыққан бұйрық. Бұдан кейін артық қағазбастылыққа салып, есеп сұрататын басшылар мен лауазымды тұлғаларға заң аясында шара көріледі, - деді Ақмарал Мырзабекқызы.

Балаларға – қамқорлық

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің жұмысына қаңтар айынан бастап жаңа функция қосылған. Ендігі жерде аталған департамент басшыларының орынбасарлары бала құқықтарын қорғау мәселелеріне жауапты.
– Адам құқығы бала құқығын қорғаудан басталады. Сондықтан балаларға қатысты кез келген проблемаға бей-жай қарай алмаймыз. Төтенше жағдай кезінде көптеген мекеменің жұмысы онлайн форматқа ауысты. Осы тұста білім саласының иығына да айтарлықтай салмақ түсіп, ұстаздар қауымды жаңа жүйе бойынша қызу жұмыс істеді. Дегенмен мектептерде ата-аналар мен оқушылар тарапынан түсінбеушіліктер мен қашықтан оқу бойынша бірқатар мәселе туындады. Интернет желісіне қосылуға мүмкіндігі болмай қалған аз қамтылған отбасыларға қалалық білім басқармасымен бірлесе отырып уақытша қолдана тұруға мектептердегі компьютерлерді пайдалануға бердік, - деді спикер.
Бұған қоса денсаулығында кінәраты бар балалар да назардан тыс қалған жоқ.
– «Spina Bifida қауымдастығы» қоғамының төрайымы Арайлым Құмаржанова науқас балаларға урологиялық катетерлердің жетіспеушілігін көтерген болатын. Біз осы мәселені ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның атсалысуымен шештік. Бұл жағдай мемлекеттік сатып алу бойынша тапсырыс карантин кезінде орындалмауынан туындаған. Туа біткен жұлын жарығы дертімен ауыратын 8 балаға аталған катетерлер демеушілердің есебінен алынып, табысталды. Балалардың өмірі мен денсаулығына назар аударып отыру да осы тұрғыдан келгенде жауапты міндет, - дейді А.Мырзабекқызы.
Иә, заңды тұрғыда әркім өзіне жүктелген міндетті қалтықсыз атқарса, құқық бұзушылық жағдайы азаяр ма еді. «Көш жүре түзеледі» дегендей, жаңа заңның ұстаздар қауымына тигізер пайдасы зор болмақ. Дегенмен, жұмыс бір арнаға түскенше, мұғалімдер бірін-бірі сотқа сүйремей, біліктілігін арттырса игі.