ТҮРКІ ӘЛЕМІ: АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ КӨЗҚАРАСТАРЫ ЖӘНЕ ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ҚОҒАМЫНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ

Пятница, 12 Июнь 2020 10:04 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1490 раз

WhatsApp Image 2020-06-12 at 15.43.27 1

2020 жылдың 12 маусымында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «ТҮРКІ ӘЛЕМІ: АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ КӨЗҚАРАСТАРЫ ЖӘНЕ ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ҚОҒАМЫНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ» атты онлайн жүйеде халықаралық мәдени-ағарту форумы өтті.

Мәдени-ағарту форумын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, т.ғ.д., профессор Дария Пернешқызы Қожамжарова ашты.

Форум негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылдың 12-сәуіріндегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі идеяларын жүзеге асыруға бағытталды.

 

WhatsApp Image 2020-06-12 at 15.43.27WhatsApp Image 2020-06-12 at 15.43.26

 

Мәдени-ағарту форумын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт Министрлігінің Алматы қаласындағы «ЮНЕСКО» қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің «МИРАС» Рухани жаңғыру Академиясы (қоғамдық ұйымы) ұйымдастырып, өткізді. Іс-шара еліміздің және шетелдік мамандардың көмегімен, заман талабына сәйкес цифрлық жүйеде ұйымдастырылды.

2020 жылдың 9-қаңтарындағы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «...Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды» - деп, халықтың ой-өрісін кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуы үшін ұлтымыздың Ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өтуге баса назар аударылды.

 

WhatsApp Image 2020-06-12 at 15.43.25WhatsApp Image 2020-06-12 at 15.43.26 3

 

Форум жұмысына Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің «ЮНЕСКО» қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры Олжас Омарұлы Сүлейменов,   Қазақстан Республикасының Қазақстан Халқы Ассамблеясы Төрағасының бірінші орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық дамыту институтының басшысы Кемелбек Бақтығұлұлы Ойшыбаев бейнеқұттықтау жолдады.

Мәдени-ағарту форумын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт Министрлігінің Алматы қаласындағы «ЮНЕСКО» қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылымдар Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Махмұтұлы Әбжанов, Ресей Федерациясы Бас консулдығының консулы Переверзева Ирина Владимировна, Түркия Республикасы Сельчук университетінің профессоры Хаджи Ахмет Шимшек, Қырғызстан Республикасының Талас мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жусупова Моймол Молдабековна, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай іргелі ғылыми баяндамалар жасады.

Мәдени-ағарту форумында республикамыздың Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Түркістан, Шымкент, Тараз қалаларынан белгілі ғалымдар, мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткерлері, ғылыми-зерттеу орталықтардың және институттардың басшылары, сонымен қатар Семей қаласындағы «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі өз зерттеулерімен бөлісті. Атап айтқанда, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Қазақтан халқы Ассамблеясы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Абайтану» және «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Шәкәрім атындағы университет, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті, ОҚМПУ-дың «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі, «Әділет» республикалық тарихи-ағарту орталығы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Абайтану», «Мұхтартану», «Түркітану» ғылыми-зерттеу орталықтары болды.

Сонымен қатар форумның жұмысында шетел елшіліктерінің консулдары (Ресей Федерациясы), ЮНЕСКО-ның қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы кластерлік бюросының мамандары және М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің (Ресей Федерациясы, Мәскеу қ.) педагог-ғалымдары да өз ойларымен бөлісті.

 

WhatsApp Image 2020-06-12 at 15.43.26 1

 

Форумға қатысушылар оның өткізілуі барысында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай шығарылған жаңа зерттеулермен танысты. Сонымен қатар ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының «Абайдың толық адам ілімі» кітабының тұсауы кесілді.

Форум қатысушыларына Семей қаласындағы Абай мұражайының жаңа жобалары, «МИРАС» Академиясының жұмысы кеңінен таныстырылды.

Форум соңында Шымкент қаласы және Түркістан облысының жалпы орта білім беретін мектептердің 9-11 сынып оқушылары, арнайы орта білім беру мекемелерінің І-ІІ курс студенттері және жоғары оқу орындарының І курс студенттері арасында 2020 жылы ақпан және мамыр айлары аралығында өткізілген ғылыми-зерттеу және шығармашылық жобалардың ІІІ-ші байқауы қорытындыланды.       

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.