Түйткілдің түйіні «Шаңырақта» шешіледі Избранное

Среда, 16 Сентябрь 2020 06:32 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3379 раз

 DSC9557

Отбасы институтын қолдау орталығы ашылды

Еліміздегі Отбасы күні мерекесіне орай Шымкентте «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығы ашылды. Қоғамда аз қамтылған көпбалалы отбасылардың күрмеуі көп мәселелері жетерлік.

 DSC9624

Мекеме директоры Фарида Байзақованың айтуынша, бұл орталық – көмекке мұқтаж, қайда барып, кімнен ақпарат аларын білмей қиналып жүрген көпбалалы немесе аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созатын жер. Яғни, кәсіп ашқысы келетінге – кәсіпкерлік, мемлекеттен тағайындалып жатқан жәрдемақы, жеңілдіктер, тұрғын үй мәселесінде – әлеуметтік қолдау , жан шипасын іздегендерге – психологиялық, құқықтық кеңес сұраушыларға – заңгерлік көмек беріледі. Цифрлық сауаттылығын арттырып, нәтижелі жұмыспен қамтып, жан-жақты көмек, қажеттілігіне қарай бағыт-бағдар беріледі. Бұл жердің ең басты артықшылығы – бәрі де «Бір терезе» қағидасымен іске асады. Яғни, енді аз қамтылған отбасылардың өмір сапасы жақсарып, көп балалы аналар қиын жағдайлардан осы орталықпен бірге шығатын болады.
Орталықтың жұмысы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының тәжірибесін негізге ала отырып ұйымдастырылған.
Отбасы күніне орай ашылған ғимараттың жұмысымен танысқан Мұрат Әйтенов өз құттықтауын жеткізді.
– Мемлекетіміздің ең басты мақсаты – әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын жақсарту. Бүгінгі таңда экономикалық өсімнің арқасында әлеуметтік төлемдердің мөлшері көбейіп, отандық білім берудің деңгейі артып келеді. Қазір қаламыз да күннен күнге көркеюде. Демографиялық көрсеткішіміз артып, тұрғындардың саны 1 миллионнан асты. Күн сайын қаламызда шамамен 70-80 сәби дүниеге келеді. Мереке қарсаңында орталыққа арнайы ғимарат беріліп отыр. Мұнда әкімдікке қарасты басқармалардың мамандары сұранысқа сәйкес кесте бойынша азаматтарға кеңес береді, - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Меценат, «Береке-А» корпорациясының басшысы Рәшкүл Оспанәлиева: «Көпшілігіміз көпбалалы отбасынан шыққанбыз. Біздің кезімізде мемлекеттен ешқандай жәрдемақы берілмеген. Әр азамат дүниеге перзент әкелген соң жауапкершілігін де сезінсе. Қазіргі таңда жұмыс күші жеткілікті. Құрылыс саласында 50 мың жұмыс орнына адам табылмай отыр. 150 мың теңге айлыққа келмейді. Қазақ жігіттері намысын қайрай түссе екен!.. Көпбалалы әйелін «әкімдікке бар да, талап ет!» деп жіберіп, өзі үйде отыру арға сын. Намысы бар әрбір азамат өз бала-шағасын асыруға міндетті. Ал асыраушысы жоқ отбасылардың балаларына мемлекет көмек беріп жатыр», - дейді кәсіпкер.
Алты баланы дүниеге әкелген көпбалалы ана Қарагөз Алтаева – Нұрсәт шағынауданының тұрғыны. Ол осындай кереметтей орталық ашып бергені үшін әкімге алғысын жеткізді.
Тәжірибелі педагог, ағарту ісінің ардагері Баян Жандосова да осы орталықтан барлық салаға қатысты сұрақтарға «бір терезеден» жауап берілетінін, нәтижесінде аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік жағдайы түзеліп, ажырасу азаятынын, әрбір отбасы мемлекетінің қорғауы мен қолдауын сезінетінін алға тартады. Яғни, түпкі мақсат – аз қамтылған отбасыларға балық беру емес, қолына қармақ ұстатып, олардың санын азайту.
Шымкент қаласында көпбалалы 38 148 отбасы бар. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар – 26 435 болса, оның ішінде көпбалалы отбасылар саны – 9 428. Әкім жыл соңына дейін осы индикатордың азаюын тапсырды.
Орталық заман талабына сай жабдықталған. Өзін-өзі дамытқысы келген адамдардың ізденуі үшін сөрелерде кітап толып тұр. Бір сәт шәй ішкісі келетіндерге де жағдай қарастырылған. Қан қысымын өлшеуге арналған құрылғы да қойылған. Баламен келгендерге екінші қабатта балаларға арналған бөлме де бар. Бір сөзбен айтқанда, әрбір келуші мұнда мәселесін шешуіне мүмкіндік бар.

 

 DSC9610

 

Мекенжайы:
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Бәйдібек би даңғылы, 32 а.
Арғынбеков-Бәйдібек би көшелерінің қиылысындағы бұрынғы «Кәсіпкерлікті қолдау орталығының» ғимараты.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.