Компьютермен қамту жалғасуда Избранное

Пятница, 25 Сентябрь 2020 04:21 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 344 раз

photo-1

Шымкенттегі қашықтан дәріс алып жүрген оқушылар онлайн оқуға қажетті құрылғылармен қамтылуда.

Жаңа оқу жылында білім басқармасына қарасты мектептердегі 20 201 компьютер әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы отбасылардың балаларына уақытша пайдалануға үлестірілген еді. Осыншама компьютер мұқтаж деп танылған балалардың барлығына бірдей жетпейтіні белгілі. Білім басқармасы қалған оқушыларға су жаңа құрылғылар пайдалануға берілетінін мәлімдеді.

– Иә, пандемия біз үшін үлкен өзгеріс әкелді. Қандай жағдай болмасын әуелі оның қайырлысын көре білген абзал, – деді қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз мәслихатында.
– Жаңа оқу жылында шымкенттік оқушылар саны 12320 балаға өскенін байқап отырмыз. Бүгінгі таңда 752 білім беру мекемесінде 330 мыңға жуық шәкірт тәрбиеленуде. Әуелі 904 кезекші сынып ұйымдастырылса, қазір оның саны 3344-ке жетіп отыр. Жалпы қаладағы оқушылардың 22 пайызы немесе 1-4 сыныпта оқитын 49640 бала кезекші сыныптарда білім алуда. Ал қалған оқушылар қашықтан оқуды жалғастыруда. Барлық мектепте «Bilim Land-тің» Onlinemektep.kz және Kundelik.kz онлайн оқу платформасы қарастырылған. Екі аптада педагогтер 4 млн 300 мыңға жуық дәріс өтсе, оқушылардың орындаған тапсырмалары 30 млн-нан асады. Орташа есеппен әр оқушы күніне 18 минут уақытын сабаққа арнаған, – деді Ж.Арысбекқызы.
Шаһардың бас ұстазы қашықтан білім беріп отырған мектептердің онлайн платформаға кіріп, оқушылардың сабаққа қатысуына бақылау жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жанат Арысбекқызы онлайн сабаққа кірген үздік отыз мектеп пен аз көрсеткіш көрсеткен дәл осынша мектептің анықталғанын айтты. Оқушылардың сабаққа қатысуы төмен білім мекемелерінің өзінде көрсеткіш 58 пайызды құраған. Ал олқылықтың орнын басқарма басшылығы жаңа құрылғылар сатып алып толтырмақ. Яғни компьтерге мұқтаж балаларға онлайн оқуға қажетті техниканы уақытша пайдалануға беру жұмыстарын ұйымдастыруда.
– Қашықтан білім беру кезінде 80 780 оқушыда компьютер тапшылығы анықталды. Оның 37873-і компьютерге мұқтаж болса,
42 907-і әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылардың балалары. Шілде айында білім басқармасына қарасты мектептердегі 20 201 компьютерді аз қамтылған отбасылардың балаларына (35 798 балаға) пайдалануға бердік. Енді аталған жұмыстың екінші кезеңі жүріп жатыр. Яғни, мемлекеттік тапсырыс аясында сатып алынған қажет құрылғыларды қабылдануда. Барлығын қабылдап болған соң әр мектеп арнайы нөмірленіп, таратылады. Қосымша сатып алынатын компьютерлік құрылғылар саны – 36 355. Оның ішінде 7438 компьютер, 22 716 ноутбук және 4 201 планшет бар. Барлық техниканың хаттамасы білім басқармасының сайты мен
Шымкент қаласы әкімдігінің сайтында орналастырылады. Орташа есеппен айтқанда әр компьютердің бағасы 105 мың теңгеге жуық. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде отандық компаниялармен жасалған келісім-шартқа сәйкес барлық техниканы зауыттардан тікелей алдырып жатырмыз. Ата-аналар арзан дүние деп сынауда. Бірақ олай емес, бұлардың барлығы – брендтер, – деді спикер.
Жанат Тәжиева интернет желісінің жылдамдығы төмен 33 елдімекеннің 7-інде интернет сапасы жақсарғанын да атап өтті. Жалпы 18 461 отбасының 31 798 баласы интернетке мұқтаж екенін анықталған. Басқарма тарапынан 17 701 отбасыға «Bilim al» интернет-тарифіне қосылған сим-карталар таратылған. Сондай-ақ, 760 шаңыраққа кабельді интернет желісі тартылды.
Шаһардың бас ұстазы бөліскен жаңалықтың ерекшесі – шахмат сабағы. Алдағы уақытта шымкенттік оқушылардың барлығы шахмат ойынын меңгереді деп жоспарлануда. Бұл мектеп бағдарламасына қосылып жүргізілетін арнайы дәріс болмақ. «Ал мектепте сабақ өткен мұғалімдерге қосымша ақы төленуі қаралған», - деді басқарма басшысы.