Шыңғыс МҰҚАН: «КӨП ОҚЫҒАН АДАМ ӨМІРДЕ ОПЫҚ ЖЕМЕЙДІ» Избранное

Среда, 09 Декабрь 2020 04:53 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2998 раз

80

Өткен аптада руханият әлеміндегі айтулы іс-шара «Кітап Фест» қорытындыланған болатын. Кітап мерекесі бір апта бойына кітапсүйер оқырманға қуаныш сыйлады. Автор мен оқырманның арасын жақындастырған бірден-бір игі іске ұйытқы болған Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Рухани жаңғыру» бөлімі еді.

Мегаполистің мәдени өміріндегі мәнді де мағыналы кітап көрмесінің жабылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты.
– Осы көрмеге республикамыздың түкпір-түкпірінен қоржын-қоржын кітаптарын арқалап келген баспа үйлері мен кітапханалар келушілерге кітаптың құдыретін тағы бір паш етті ғой деп ойлаймын. Барлық қатысушыларға қала әкімінің атынан алғыс айтқым келеді
Кітап мерекеcі Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевқа арналған кітаптың тұсаукесерімен басталған болатын. Сонымен бірге бірқатар кітаптың тұсауы кесілді. Осы жерде қанат қаққан кітаптың барлығы оқырманына жетсін, оқушысын тапсын деген тілегіміз бар.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт бастаған Шымкенттің белгілі қаламгерлері кітаптарын таныстырып, оқырмандармен кездесу өткізді. Әр кездесу тағлымды, тәлімді болғанына күмән жоқ,– деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
– Игілікті іс-шараның мақсаты – кітап пен оқырманды біріктіру. Сауалнама нәтижесінде әр екінші адамның кітап оқымайтыны белгілі болды. Кітаптан алшақтап кеткеніміз жасырын емес. Шетелдерде саябақтарда болсын адамдардың қолында я газет, я кітап жүреді. «Ал Шымкентте кітап оқып отырған адамды көрмейсіз. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін мұндай іс-шаралар жалғасын табады. Бұл фестивальдің кем-кетігі де болмай қалған жоқ. Алдағы уақытта соның бәрін реттейміз деп отырмыз. Кітап пен адамның арасын жақындата түсуіміз керек. Сонда ғана еліміздің болашағына күмән келтірмеуге болады», – деп Ш. Мұқан аталған фестивальдің кемшілігін де жасырмады.
Кітап көрмесіне алты күннің ішінде ұзын саны 2500 адам қатысыпты. Жергілікті авторлар мен оқырман жүзбе-жүз қауышты. Ал осынау кереметтей мерекенің ең басты артықшылығы, ол – «Балаларға базарлық» акциясы еді. Сиқырлы сандыққа көп азаматтар кемі бір кітаптан салып атсалысты. Сандыққа 350 кітап түсіпті. Ол кітаптардың барлығы аз қамтылған отбасыларға жөнелтілмек.
Көрменің жабылу салтанатында фестивальге бір апта бойы белсене қатысқан барша кітапхана мен баспа үйлері, кітап дүкендерінің ұжымы қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Жиын соңында Малайзия елінде ментальды арифметикадан 87 мемлекеттің арасында өткен білім бәсекесінде жүлделі орындарға ие болған «АЛИАР» оқу орталығының оқушылары марапатталды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.