Версия для печати

Болашақ жоспарда – 85 мектеп Избранное

Среда, 23 Декабрь 2020 04:21 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 8044 раз
Оцените материал
(0 голосов)

25

Әне-міне дегенше тышқан жылы да соңына таяп қалды. Жауапты сала мамандары жыл бойы атқарылған жұмыстарының есебін беруді де бастады. Қала әкімі М.Әйтенов шаһардың бас ұстазымен білім беру ұйымдарын аралап, олардың бүгінгі тынысымен танысты.

Бүгінде үшінші мегаполисте 31 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 27 мыңнан астам студент білім алуда. Келер жылы №4, №6, Индустриалды-техникалық, Политехникалық, Жоғары жаңа технологиялар колледждері «Жас маман» жобасы шеңберінде қаржыландырылмақ. Шаһар басшысы М.Әйтенов биыл аталған жоба аясында жаңа жабдықтармен қамтылған жол-көлік колледжіне арнайы барды. Ондағы зертханалар және шеберханаларының жұмыстарымен танысып көрді. Қала әкімі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, мемлекеттік тапсырыспен 11 412 студент, дуальды оқытумен 1 150 студент қамтылған. 2021 жылдан бастап кәсіптік білім беруде қажеттілік ескеріле отырып, академиялық дербестік аясында мамандар даярлау жүйесі қолға алынады.
Мұнан соң, қала әкімі
Мұрат Дүйсенбекұлы «Sanaly urpaq» клубының және студенттердің белсенді мүшелерімен кездесті. Бейресми жүздесуде «ТОП-100 студент» байқауының жеңімпазы, №6 колледждің 3-курс студенті Хабибула Усманов пен «Sanaly urpaq» клубының белсенді мүшесі, М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің 3-курс студенті Нұрыш Әбілқайыр сөз алып, Еріктілер жылының маңызына тоқталды. Жыл аясында жеткен жетістіктерін әңгімеледі.
Білім саласында атқарылған жұмыстармен танысу үшін қала басшысы А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияға да ат басын бұрды. Мұнда Мұрат Дүйсенбекұлы қаладағы мектеп басшыларымен кездесіп, білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиеваның жылдық есебін тыңдады.
Басқарма басшысының баяндауынша, биыл педагогтерді жұмысқа қабылдауда іріктеу тәртібі автоматтырылған жүйеде жүзеге асырылған. Нәтижесінде қабылданған 354 мұғалімнің 121-і жоғары оқу орнын үздік дипломмен аяқтаған, 125 магистр және шет елде білім алған 17 сапалы кадр іріктелген. Шаһардың бас ұстазы «Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» аясында алдағы бес жылдықта мектептегі орын тапшылығын азайту мақсатында 64 900 орынды 85 мектептің құрылысы жоспарланғанын мәлімдеді.
– Бүгінгі таңда қаламыздағы тойхана ғимараттарын қайта құрылымдау арқылы білім ошағына айналдыру тәжірибесі бірнеше тойхана иесіне де ой салуда. Нәтижесінде, апатты мектептер 2021 жылы, сыныптағы бала толымдылығы 35-40 баланы құрайтын 12 мектеп 2022 жылы, үш ауысымдағы 19 мектептің мәселесі 2023 жылы шешімін таппақ. Мектеп салуға ниет білдіруші кәсіпкерлер саны алдағы уақытта арта түседі деп сенемін, - деді әкім.
Өз есебінде Ж.Тәжиева педагогтердің білім сапасына аса мән берілгенін атап өтті. Бұл ретте «Teach for Shymkent» жобасы арқылы ұстаздардың білімін жетілдіру мен ЖОО профессор, оқытушылар құрамын мектептерге 0,25 оқу жүктемесімен жұмысқа тарту қолға алынғанын және педагогтердің баспаналы болуы және оларға көрсетілген әлеуметтік қолдау шаралары қаралғанын айтты.
Басқарма басшысының есебін тыңдаған М.Әйтенов қала мектептерін заманауи жабдықтармен жарақталған STЕМ-зертханасымен, робототехника, химия, физика, биология секілді пән кабинеттерімен бағдарламаға сәйкес қамтамасыз етуді тапсырды.
Қала әкімі мұнан соң құрылысы аяқталған Балалар өнер мектебіне барды. Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан
Мұрат Дүйсенбекұлы өнер мектебінің тұсауын кесіп, ғимаратты аралап көрді. Ол алдымен көркемсурет, қолданбалы өнер шығармаларының көрмесін тамашалап, мектептің хореография залы, домбыра және қобыз сыныбымен танысты.
Мұрат Дүйсенбекұлы, сондай-ақ, мектепке дейінгі, мектептен тыс білім мекемелерінің басшыларымен кездесіп, өзекті мәселелерді тыңдады. Қалада балабақшалар саны 2018 жылмен салыстырғанда 28-ге артқан. Бүгінде жан басына қаржыландыру жүйесі аясында балабақшалардың әлеуетін арттыруда класстерлер құру жоспарлануда.
Сондай-ақ, қала әкімі білім ұйымдары арасында өткен отбасылық «Бақыт отбасынан басталады» атты республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттады.