Абай – ақиқаттың ұшқыны. Онымен ойнауға болмайды Избранное

Среда, 13 Январь 2021 04:19 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 472 раз

Әзімхан жас ғалым

Ежелден ел болуды аңсап, талай тағдырлардың жанын қиып, қаны мен терін төккен баһадүр бабалардың арқасында тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де 30 жылға жуық уақыт өтіпті. Қазақтың «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал ала алмас» деген тәмсілі бар.

Қадым заманнан бері бабалардың армандап кеткен күні де осы егемендік емес пе еді?! Шымкенттің шайыры, ағам Абай Қалшабектің:
Тәуелсіздік – Махамбеттің арманы,
Исатайдың қында кеткен қанжары...
...Тұрардың да шыға алмаған тұғыры,
Шәкәрімнің шорт үзілген ғұмыры.
Ұлы Абай да дәм татпаған бұл күннен,
Сом алтынның болса-дағы сынығы, — деуінде үлкен мағына жатыр. Ел болып, бүгінгі бүтіндігімізді сақтап қалу біздің басты борышымыз. Зады, Тәуелсіздік бізге оңайшылықпен келген жоқ. Оны оңайшылықпен келмегенін жас буынға түсіндіргеніміз ләзім. Себебі, егемендік пен еркіндік, Тәуелсіздік пен бостандық туралы сөз айтқан талай дүлдүлдеріміз оққа ұшты.
ХХ ғасырда бүкіл ұлтты оятқан Міржақып Дулатов дарабоздай дараланып, Абылайдай атойлап:
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кeттi, дін нашарлап, хал харам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты, — деген жырымен бүкіл елдің санасына сілкініс берген еді. Ұлттың тарихи санасын түлеткісі келген қазақ интеллигенциясы отты сөздерімен оятамын деп жүріп тоталитарлық жүйенің оғына ұшып кете барды. Ал Ахаң ше (А.Байтұрсынов)?
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындай мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін.
Иә, А.Байтұрсыновтай тұлғалар бір күнгісін емес, бүгінгі жарқын заманды ойлады. Ойлап қана қоймай, елін соған шақырды, ұлттық мұрат жолына күресуге үндеді. Бабалар армандап кеткен бұл ұлы мақсат – 1991 жылдың 16-желтоқсанында жүзеге асты. Дәл осы күні қазақтың рухы оянды.
Қош, біз сөз етіп отырған Тәуелсіздік
пен Абай арасында қандай байланыс бар. Абайтанудың абызы, менің ұстазым Мекемтас Мырзахметұлы осыдан 2 жыл бұрын «Қазақстан» ұлттық арнасындағы айтулы бағдарлама, марқұм Бейсен Құранбек тізгіндейтін «Айтуға оңайда»:
«Абай – біздің ұлттық санамыздың тірегі» деген сөз айтқан еді. Ғалымның бұл сөзі – нағыз ақиқаттың ұшқыны. ХХ ғасырда «Абай» журналын шығарған Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовтар «Екеу» деген бүркеншік атпен: «Қазақ халқын надандықтың айсыз қараңғы түні ғылым сәулесінен бүркеп, тұншықтырып тұрған кезінде, тұншыққан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық-аждаһаны өртеуге Құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды», - деген жалынды сөздерімен бүкіл қазаққа жар салған еді.
Әлбетте, Абай – ұлттық санамыз бен Тәуелсіздігіміздің рухани тірегі. Өйткені Абай:
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың, — деп күйінуі бекер емес. Қараңызшы, Абайдың: «қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?» дейтін тәмсілінен байқауға болады ғой. Нені? Ұлтына деген мейірімді, «қайдан ғана» деп тентектік жасап қойған шәкіртіне сан соғып отырған ұстаздан басқа бөтен ешкімді көрмейсіз. Абай – орынсыз сынап-шенейтін жан емес. Керісінше, қиянатты Абайға біз жасап жүрміз. Қалай, неге дерсіз?
Хакім шығармаларының ішінде Мүрсейіт қолжазбалары арқылы жеткен «Китаб тасдиқ» атты туындысы бар. Қалың жұртшылық бұл шығарманы «отыз сегізінші қара сөз» деген лақаппен танып келді һәм қазақша қотармасын оқып келді. Алайда, «отыз сегізінші қара сөздің» түпнұсқасында «Китаб тасдиқ» атты тақырыбы бар, оған қоса бұл шағатай тілінде жазылған еңбек болса, дәл осы өрнекте халыққа жетпеді? Абайдың өзі жоғарыдағы өлеңде айтқандай, ауызымызбен орақ орамыз деп, өз сөзімізден басқаны ұқпай келгенбіз ғой. Мәселе осыда.
Абай сол «Китаб тасдиқ» шығармасында былай деп үн қатады: «Енді біліңләр, ей фәрзәндлар! Һұдай Таъаланың жолы ниһайатсыз болады. Аның ниһайтына һечкім жетбейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып, кім қадам басды, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниадағы түбкі мақсұдың өз файдаң болса – өзің ниһаятлысың, ол жол – Һұданың жолы емас. Ъаламнан жиылсұн, маған құйылсын, отырған орныма ағыб келә берсін дегән – ол не деган инсаф? Не түрлі болса да, йа ъақлыңнан, йа малұңнан ъадаләт шафаъат секілді, біреуләргә жақсылық тигізбак мақсұдың болса, ол жол – Һұданың жолы. Ол ниһайатсыз жол, сол ниһайатсыз жолға айағыңды берік басдұң, ниһаятсыз Һұдаға тақриб хасил болып, хас ізгі құлларындан болмақ үмід бар. Өзгә жолда не үмід бар? Кейбірәуләрнің һунәрі, бар мақсұды: киүмін тузәтбәк, жүріс-тұрысын тузәтбәк болады да, мұнұсын өзіне бір дәуләт біладі. Бұл ісләрінің бәрі – өзін көрсәтмәк, өзін-өзі базарға салыб, бар ъақлы көзүндәгі аһмақларға «бәрәкалді» дегізбәк. «Осұндай болар ма едік» деб бірәулар талабланар, бірәулар «осұндай бола алмадық» деп күйінәр. Мұнан не файда чықды? Мұнча әурәланіб, сыртыңды бір сүйган қауымыңа ұқсатарсың. Сыртқа хасиат бітбейді. Аллаһ Таъала қарайтұғын қалбұңа, бойамасыз ыһласыңа хасиат бітаді. Бұл айнаға табынғанларнің ъақлы қанчалық өсәр дейсүн? Өссә ъақлыол түбсіз тераң жақсылықды сүймеклікманан өсар. Хұдай Таъала дуниәні кәмәләт чеберлікманан жаратқан екан. Һәм адам баласын өссүн, өнсүн деб жаратқан, сол өсіб-өну жолындағы адамның талаб қылыб, изләнәр, қарызлы ісінің алды – әууал дост көбейтбәк. Ол достдұн көбейтбәкнің табылмағы өзінүң өзгеләрга қолыңнан келгенінчә достдық мақамында болмақ. Кімге достдығың болса, достдық чақырады. Аның айағы һечкімге қас сағынмаслық һәм өзіне өзгечәлік берәмұн деб, өзін тілмен, йа қылықбен артық көрсетмәк мақсұдынан аулақ болмақ. Бұл өзін-өзі артық көрсетмәк екі түрлі: әууәлгісі – һәрбір жаманчылықның жағасында тұрыб, адамдығын бұзатұғын жаманчылықтан бойын жимақлық, бұл адамға нұр болады. Екінчісі, өзін өгечелікмәнән артық көрсетмек – адамдықтың нұрын, гүлін бұзады Үчінчісі – қастық қылмақ, қор тұтбақ, кеміт-бәк, олар дұспандық чақырады. Һәм өзін өзгече тұтатын демектің түбі – мақтан. Һәрбір мақтан бірәудан асамын деган күнчілік бітіраді да, күнчілік күнчілікді қозғайды. Бұл үч түрлі істің жоқтығы адамның көңліне тынычлық берәді. Һәрбір көңіл тынычлығы көңілгә талаб салады».
Міне, Абайдың өрнегі, Абайдың стилі. Бұл өрнек – Түркі халықтары мыңдаған жылдар бойы қолданған шағатай өрнегі. Біз осы стильден ажырап қалдық, ағайын! М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жанынан академик Қожамжарова Дария Пернешқызының қолдауымен ашылған «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы қазақ әдебиеттану ғылымында ерекше жаңалықтың ашылуына мұрындық болды. Филология ғылымдарының кандидаты, ұстазым Ақжол Батырұлы Қалшабектің тікелей ғылыми жетекшілігі арқасында Абайдың біз «отыз сегізінші қара сөз» деп атап келген «Китаб тасдиқ» туындысын абайтану ғылымының 100 жылдық тарихында тұңғыш рет транскрипциясын жасап шыққан болатынбыз.
Жоғарыда сіздер оқып отырған ерекше стиль біз сөз етіп отырған транскрипция, ол Абайдың тілі, Абайдың сөз қолданысы. Абайды осылай жарыққа шығару М.Әуезовтің ұлы арманы болған. Алайда бұл арманға кеңестік дәуірдің цензурасы мүмкіндік берген жоқ. Бұл туралы естелікте: «...осы арада тағы бір ой келеді. Әсіресе, кеңес дәуірінде Абай жинақтары аз басылған жоқ, тираждары да мол болды. Енді 150 жылдық тойға дейін Мүрсейіттің қолжазбасы бойынша Абайдың жеке, арнайы басылымын даярлап, кітап бастырып шығарса дұрыс болар еді. Мүрсейіт еңбегі сонда жарқырап шығар еді. Бір әңгімесінде Турағұлдың қызы Ақила (1990 ж. қайтыс болған):
– Мұқаңмен бір кездесіп әңгімелескенімде сөзден-сөз шығып, Мүрсейіт туралы айтқанда: «Мүрсейіт қолжазбасы бойынша бөлек Абайдың жинағын құрастыру ойда болып еді, оның моллалығы пәле болды ғой деп айтқаны есімде» деген екен.
М.Әуезовтің арманын біздер жүзеге асырып жатсақ, неге мақтанып айтпасқа?! Мінеки ағайын, біздің көздегеніміз оқырманды көркемделген Абаймен емес, нағыз Абаймен таныстыру болатын. Ұстазым Ақжол Қалшабектің сөзімен айтқанда: «Ендігі міндет — Абайды дұрыс танып, зерделеу. Оны жалған бояулармен бүркемелемеу. Абайдан жасанды пұт жасамау. Керісінше онымен сұхбат құру. Одан тағылым алу. Өйткені, Абай – ақиқаттың ұшқыны. Онымен ойнауға болмайды. Ойнасаң ол сені өртеп жібереді».
Иә, біздің бұл еңбегіміз хакімнің 175 жылдығымен қатар Тәуелсіздіктің отыз жылдығына да үлкен тарту десем, артық айтқандығым емес. Тәуелсіздікке қиындықпен қол жеткізгесін жоқты түгендеп, елді өткенімен қауыштыру біз үшін ұлы бақыт. Шымкенттегі жас ақындардың көшін бастап жүрген, ақын Бауыржан Ерман дейтін жігіттің сөзімен айтқанда:
Жеңімпаз халық мына мен, жөн көрген Хақтың жетегін,
Қалыспай келем ешкімнен, жібермей заман етегін.
Теперіш көріп сан мәрте, сынақтан өткем құламай,
Құлдықтан аман сақтаған тағдырға тағзым етемін.
Иә, қилы замандар тарихтың қойнауына кетті. Ол азаптар халық санасынан ешқашан өшпес емес. Ендігі тілек Тәуелсіздігіміздің тұғыры жоғары, еліміздің еңсесі мәңгі биік болғай!

 

Әзімхан ИСАБЕК,
М.Әуезов атындағы ОҚУ
«Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының жоғары білікті
маманы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.