Ерлікке - тағзым

Пятница, 12 Февраль 2021 06:23 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2524 раз

WhatsApp Image 2021-02-12 at 11.45.41

15 ақпан - Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күні. Адамзат үшін соғыс - қаралы ұғым. Өйткені, қасіреті мен тауқыметі аяққанық тұрған елдердің өзін есеңгіретіп жібереді. 10 жылға жалғасқан Ауған жеріндегі айқас солардың бірі. Талай шаңырақты шайқалтып, мыңдаған адамды қыршынынан қиған, Ауған жеріндегі ұрыс даласынан Кеңес әскерінің шығарылғанына биыл - 32 жыл.

1989 жылдың 15 ақпаны күні Кеңес әскерлері Ауғанстан аумағынан шығарылды. Ауған соғысына КСРО құрамына 22 000 қазақстандық қатысты.

1979 жылы басталып 2238 күнге созылған соғыста 761 қазақстандық мерт болып, 484 жауынгер мүгедек болып қайтты. 21 адам хабар-ошарсыз кетті. Бүгінде Түркістан облысында 2 мыңнан астам ауған соғысының ардагерлері тұрады. Жалпы алғанда Ауғанстандағы соғысқа Түркістан облысынан 2186 адам қатысып, олардың 65-і мерт болса, 3 адам хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында.

Осындай ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміз біздің ортамызда. Соның бірі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің әскери кафедра аға-оқытушысы, запастағы подполковник Раимбердиев Қыдырәлі Тәңірбердіұлы студенттерге саналы білім бере отырып, ұлтын сүйетін патриот етіп тәрбиелеп, азаматтардың ерік-жігерін нығайтуға өз үлесін қосып отыр. Қай елде болмасын патриоттық тәрбие жоғары болса, сол елдің саяси тұрақтылығы қарыштап, дамитыны хақ.

Сол себеп қаҺарман азаматтарды қадірлеу, ерлік жолдарын паш ету – біздің парызымыз.

Ауған соғысындағы ерлердің ерлігін үлгі ете отырып, Отан үшін от кешудің парыз, міндет екенін санамызға сіңіру патриоттық тәрбиенің негізі екенін ұмытпауымыз керек. Осы мақсатта М.Әуезов атындағы ОҚУ әскери кафедрасында жыл сайын ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне іс-шаралар өткізіліп, алғыс хаттармен марапатталады.

Қазіргі елдегі пандемиялық жағдайға байланысты әскери кафедра оқытушылар құрамы студенттермен ZOOM қосымшасы арқылы ауған жерінен кеңес әскерлерін шығару туралы патриоттық әңгімелер жүргізіп, сондай-ақ Ауған Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шығарылуына 32 жыл толуына арналған «Ерлікке тағзым» атты акциясы өтетінін мәлімдеді.

Қазақ жерінен аттанған азаматтардың ерлігі ұрпақ жадында мәңгіге жаңғырып тұрары анық.

 

Ж.АБЖАППАРОВ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ әскери кафедрасының
оқытушысы, запастағы подполковник

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.