БАЛАҢЫЗДЫ ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПКЕ БЕРГІҢІЗ КЕЛЕ МЕ? Избранное

Среда, 10 Март 2021 04:36 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 16924 раз

«Шынымен білімге құштар бала қайда оқыса да түбі бір жерді «тесіп» шығады». ХХ ғасырдан қалған осы бір пікірді қуаттайтындар біздің қоғамда әлі де жиі кездеседі. Аға буын өкілдері «Не дейсің, біздің кезімізде электр жарығы да жоқ еді, шамның сәулесімен кітап оқып-ақ адам болғанбыз» деп жатады. Бұл әңгіменің соңы «бала талантты болса, оның қандай мектепте, қандай жағдайда оқитыны маңызды емес» деген жаңсақ қорытындымен аяқталады. Іс жүзінде білім саласындағы инфрақұрылымның сапаға айтарлықтай әсер ететінін уақыттың өзі дәлелдеген. Ғимараты еңселі, материалдық-техникалық базасы мықты мектепте оқу баланың ынтасын арттырып, зейінін ашады.

217

 

Бұл әңгімені не үшін қозғап отырмыз? Өткен жылы елімізде бала туу бойынша рекордты көрсеткіш тіркелді. Дүниеге келген сәбилердің саны 1987 жылғыдан да асып түсіп, 426 500-ге жетті. Соның ішінде 31 мыңнан астамы Шымкентте туған. Табиғи өсімнен бөлек қазір халықтың урбандалу деңгейі де жоғары. Ауылдан қалаға көшіп келіп жатқан жас отбасылар көп. Әрине, қазақтың көбейгені, оның ірі шаһарға шоғырланып, қалалық ұлтқа айнала бастағаны – қуанышты жағдай. Алайда, дүниеге келіп жатқан сол бүлдіршіндерге сапалы білім беру маңызды міндет екенін естен шығаруға болмайды.
Қалалық білім басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, өткен бір жылда Шымкентте оқушылар саны 20 мыңға көбейіп, 224 мыңға жетіп отыр. Қазірдің өзінде 13 мектеп үш ауысым бойынша жұмыс істейді. Тағы 30 білім ұясында орын тапшылығы байқалады. Мектеп көптеп салынбаса, болашақта бұлар да үш ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр болуы мүмкін. Жалпы, қаладағы мектептердегі орын тапшылығы 22 мыңды құрап отыр.
Мектептің бәрін мемлекеттің есебінен салу бюджетке айтарлықтай салмақ салуы мүмкін. Сондықтан мемлекет балабақша кезегін азайту үшін қолданған сәтті тәжірибесін енді орта білім саласына да енгізуге кірісті. Яғни, мектеп салуға жеке инвесторларды тарта бастады. Әкімдіктің жоспары бойынша Шымкентте 2025 жылға дейін 85 мектеп салынады. Оның кем дегенде 70 пайызы жеке инвесторлардың қаржысына бой көтермек. Олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Яғни, ата-ана баласын жеке мектепке оқуға береді, ал, мемлекет бюджеттен әр баланың оқуына жыл сайын ақша аударып отырады.
Жан басына қаржыландыру жүйесі мемлекеттік мектептерге де енгізілді. Алғашында бюджеттен әр балаға бөлінетін қаржы мөлшерін мемлекеттік пен жеке мектептер үшін бірдей етіп белгілеу көзделген еді. Алайда, бұл қаржы инвесторлардың шығынын өтемейтін болғандықтан қаржыландырудың жаңа механизмі жасалды. Ендігі жерде әр балаға бөлінетін 250 мың теңгеге қосымша Қаржы орталығы арқылы 250 мың теңге көлемінде ынталандыру конпоненті төленеді. Ынталандыру компоненті мектеп ашылған соң 8 жыл бойына төленеді де, инвестордың құрылысқа кеткен шығыны өтелген соң тоқтатылады. Одан әрі қарай жекеменшік мектеп пен мемлекеттік мектеп бірдей қаржыландырады.
Мектеп саламын деген инвесторларға мемлекет мұнан өзге де бірқатар жеңілдіктер ұсынып отыр. Егер инвестордың өз меншігіндегі жер телімі жоқ болса, жергілікті атқарушы органдар оларға жер телімін ұсынып, инженерлік-коммуникациялық желілермен және инфрақұрылыммен жабдықтайды. Егер құрылысқа қаржысы жетпесе, «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жеңілдетілген несие беріледі.
Қысқаша айтқанда, инвестор үшін бұл кәсіптің жаңа көзі болса, мемлекет үшін үш ауысымды, апатты мектептер проблемасын шешудің, мектептегі орын тапшылығын қысқартудың және бюджет қаржысын үнемдеудің таптырмас құралы. Ал ата-ана мен оқушыға жекеменшік мектептердің ашылуы не береді? Меншік нысаны білімнің сапасына әсер ете ме? Көпшілікті, міне, осы сұрақ көбірек толғандырады.
— Жекеменшік мектептердің салынуы мен жан басына қаржыландыру жүйесінің енгізілуі бәсекелестіктің қалыптасуына ықпал етеді. Ата-ана аналар мен оқушыларда таңдау мүмкіндігі пайда болады. Қай мектепте тәртіп босаңсып, біліксіз мұғалімдер жұмысқа қабылданып, білім сапасы нашарлай бастаса, оқушылар өзге мектептерге ауысып кетеді. Әр оқушымен бірге мектепке бөлінетін ақша да кетеді. Мектеп басшылығы да, педагогикалық құрам да оқушы мен қаржыдан айырылмау үшін барын салады. Нәтижесінде бұл өзгеріс елдегі білім сапасының жақсаруына ықпал етуі тиіс, — дейді Шымкенттегі №90 мектептің
директоры Арман Орынбеков.
Мектеп директоры бұл жерде назардан тыс қалдыруға болмайтын нюанстар бар екенін де айтты. Оның ойынша, инвестор бұл іске тек пайда табудың көзі деп қарамай, мойнына зор әлеуметтік жауапкершілік алып отырғанын сезінгені жөн.
— «Жалған баға қою» деген «ауру» біздегі мектептердің біразына тән. Кейбір ата-аналар баласының терең білім емес, жақсы баға алғанын ғана қалайды. Тіпті, баласы әйтеуір мектепке барып-келіп, аман жүрсе болды сияқты. Мектеп тәртіпті күшейтіп, баладан сабақ оқуды шындап талап ете бастаса, наразылық білдіретіндер көп. Сондықтан кейбір мектептер ата-ананың ыңғайына көніп, баланың үлгерімі төмен болса да қолдан көтермелеп бағалай береді. Бұл көзбояушылық білім беру жүйесін де, тіпті елді де түбі бір тығырыққа тірейді. Мұның ең үлкен зиянын баланың өзі көреді. Осыны ата-аналарға дұрыстап түсіндіру керек. Айтайын дегенім, жекеменшік мектептің қожайыны тек пайда табуды ойласа, ата-ана мен оқушының көңіліне тиіп, одан айырылып қалмау үшін оған сұраған бағасын қойып беруі де ықтимал. Бірақ, біле білсе, мұндай жалпақшешейлік инвестор мен мектеп басшылығының өзіне зиян. Қанша жерде көтермелеп баға қойғанымен ол мектепте білім сапасының төмен екені түбі көрініп қалады. Сол кезде нашар мектептен бәрі қашады. Бизнесі тұрақты болғанын қаласа, инвестор сапаны бірінші орынға қоюы шарт, – дейді Арман Шымбайұлы.
Қалай десек те, инфрақұрылым мен материалдық-техникалық база секілді сыртқы проблемалардың біржола шешіп алмайынша, білім берудің ішкі мазмұнын жақсарту қиын. Сондықтан Шымкенттегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы инвесторлармен бірлесе жұмыс істеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 19 жобаны қолға алыпты. Оның 4-еуі емхана болса, қалған 15-і біз сөз еткен жекеменшік мектептер. Жиында осы жобаларға жалпы 36 млрд теңге инвестиция тартылатыны айтылды.
Шымкентте жекеменшік мектеп салуға жергілікті инвесторлармен бірге Нұр-Сұлтан мен Алматыда осы салада жұмыс істеп тәжірибе жинақтаған компаниялар да кірісіп жатыр. Мәселен, биыл «Шымкент сити» шағын ауданында «Экспонента» атты физика-математика мектебінің құрылысы басталады. 500 орынға арналған заманауи үлгідегі мектеп 2022 жылдың 1 қыркүйегінде шымкенттік оқушыларға есігін айқара ашады. Тап сол «Шымкент сити» аумағында 2023 жылы «OKS Education» компаниясының 1200 орындық мектебі жұмысын бастайды. Ал, «Vinograd Capital Shymkent» компаниясы бірден 4 мектептің құрылысын қолға алды. Оның 2-еуі «Шымкент ситиде», қалғаны «Ұлағат» пен «Тұран» шағынаудандарында бой көтереді. Республикаға белгілі «Первый образовательный» компаниясы «Ынтымақ-2» шағынауданында 2 250 орынды үлкен мектеп салуды жоспарлап отыр. Осылайша, алдағы 3 жылда Шымкентте мектептердегі орын тапшылығы мәселесі түпкілікті шешімін таппақ.
Кім де болсын баласының тозығы жеткен ескі мектепте, бір сыныпта 30 бала қысылып отырып оқығанын қаламасы белгілі. Бірақ, бұған дейін жекеменшік заманауи мектепте баласын оқытуға екінің бірінің шамасы жете бермейтін. Мұны жекеменшік мектептердің мына рейтингінен-ақ байқауға болады: Бірінші орын – Haileybury Almaty. Айлық төлемақы – 516 мың теңге. Оқушылар саны – 575. Екінші орын – Haileybury Astana. Айлық төлемақы – 381 мың теңге. Оқушылар саны – 430. Үшінші орын – «Мирас» халықаралық мектебі. Нұр-Сұлтан қаласында. Айлық төлемақы – 417 мың теңге. Оқушылар саны – 370. Яғни, бұған дейін таңдаулы жекеменшік мектепте тек бай-бағландардың балалары ғана оқып келген. Мемлекет қолға алған реформаның арқасында сол игілік енді баршаға қолжетімді болмақ.