Версия для печати

ІТ саласында озық ойлы кадрлар даярлау міндеті тұр Избранное

Пятница, 10 Сентябрь 2021 04:39 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 8138 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Қазақстан халқына Жолдауында IT-секторды күшейтуді тапсырды. Бұл ретте Президент цифрландыру жобасы аясында 100 мың білікті IT-маманды даярлау жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Ал Мемлекет басшысы жүктеген мәселені шешуге еліміздегі жоғары оқу орындарының қауқары жете ме? Үшінші мегаполисте ақпараттық технология мамандары қалай даярланып жатыр? Біздегі білім халықаралық нарық талабына сай келе ме? Студенттер өндіріске қалай араласып жүр? Бұл сауалдарға М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің Ақпараттық технологиялар және энергетика жоғары мектебінің өкілдері жауап берді.

707

 

Бүгінде цифрландыру әлемдік ауқымдағы трендке айналды. Дамыған елдің барлығы цифрлық саясатты арттыруға күш салып жатыр. Сондықтан болар бүгінде ІТ саласының мамандарына сұраныс арта түсті. Технология тілін түсінетін, оны бес саусақтай білетін жандарға жұмыс көп. Болашақта да бұл сала мамандарына сұраныс артпаса, кемімесі анық. Өйткені әлемде технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Қазіргі заманда бәсекелестіктегі басым бағыттардың бірі – цифрландыру. Қазақстан үшін де заманауи цифрлық технологияны енгізу мен қолдану маңызды. Осы орайда біз шетелдік серіктестерімізбен белсенді жұмыс істеуіміз керек. Соның ішінде отандық IT секторды ілгерілетуді де ұмытпаған жөн», - деген болатын.
Президент жүктеген тапсырманы орындауға М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің Ақпараттық технологиялар және энергетика жоғары мектебінің профессор-оқытушылар құрамы үлкен жауапкершілікпен кіріспек. Декан міндетін атқарушы Ерман Шертаевтың айтуынша, 2017 жылдан бері елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының төртінші бағыты бойынша IT-мамандарды даярлау міндеті жүктелген. Осыған орай соңғы жылдарда кадр мәселесін шешу жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр.
– Жаңа оқу жылында 454 студент қабылданды. Оның ішінде, мемлекеттік грант бойынша 235 білім алушы, 178 ақылы негізде және 41 тыңдаушы бар. Яғни, тыңдаушылар оқуға түсе алмай қалған жас талапкерлер. Олар бір семестр оқып, жарты жылдан кейін қайта тест тапсыру арқылы шекті баллды жинаған жағдайда қабылдануына мүмкіндік алады. Жалпы, жоғары мектепте 1870 білім алушы шәкіртіміз бар, - дейді Ерман Тельманұлы.
Ерман Шертаев жыл сайын Білім және ғылым министрлігі тарапынан мақсатты түрде білікті мамандар даярлауға арнайы квоталық орындар берілетінін жеткізді.
– Биыл М.Әуезов атындағы ОҚУ мен Алматы энергетика және байланыс университеті арасында келсімшарт жасау жоспарлануда. Осы келісімшарт негізінде алдағы уақытта «Жылу энергетика» мамандығы бойынша 3 және «Электрэнергетика» мамандығы бойынша 2 оқытушыны докторантураға жібереміз деген жоспарымыз бар. Ғылымның дамуына байланысты оқытушылар құрамы үнемі ізденісте болуы қажет. Бұл ретте жаңашыл ойлайтын жастарға қолдау көрсету жұмыстары жүргізілуде. Биыл, докторантураны бітірген, жылдың аяғына қорғауға шығатын 10 жас маман және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Жылуэнергетика» мамандығының магистратурасын бітірген маман жұмысқа қабылданды және олардың құжаттары университет конкурстық комиссиясына тапсырылды. Жоғары мектептің оқытушы-профессор құрамы Президенттің кезекті Жолдауында айтылған 100 мың IT-маманын дайындауға атсалысады, - дейді ол.
Ерман Шертаев IT-мамандар – кез келген мемлекеттің IT-cаласын көтеретін бірден-бір күш дейді. Біріншіден, ақпараттық технология маманының сапасы елдің цифрлық экономикасын алға жылжытуға әсер етеді. Екіншіден, олар елдің инновациялық әрі технологиялық потенциалын арттырып, өмір сапасын жақсартады. Үшіншіден, халыққа көрсетілетін қызметтердің деңгейі жоғарыламақ.
–  Ақпараттық технологиялар және Энергетика жоғары мектебінде ақпараттық технологиялар, және, энергетика саласының білікті мамандары даярланып келеді. Оқу үдерісі физика-математикалық дайындық пен озық ақпараттық технологияларды пайдаланудың іргелі сипатын көздейтін прогрессивті ғылыми-техникалық және педагогикалық ұғымдарға негізделген. Экономикаға негізделген жоғары бәсекеге қабілетті ел болу үшін ұлттық стратегияның міндеттерін орындауға қабілетті компьютерлік техника және энергия үнемдеу технологиялары саласындағы әмбебап мамандарды дайындау мақсаты қойылған. Болашақта робототехника және мехатроника, сымсыз байланыс және баламалы энергияны пайдалану арқылы компьютерлік технологиялар, жасанды интеллект, бұлтты есептеу және жоғары технологиялық өндірісті енгізу саласындағы жоғары білікті мамандармен дамыған инновациялық ғылыми мектепке айналады, - дейді жоғары мектеп деканы міндетін атқарушы.
Бүгінде профессор-оқытушылар құрамында 1 Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның халық академигі (экология), Нью-Йорк академиясының қазіргі мүшесі, 11 ғылым докторы, 47 доцент пен ғылым кандидаты, 5 еңбек сіңірген қайраткері және 4 ҚР ЖОО үздік оқытушысы бар жоғары мектеп талантты жастардың қатысуымен бірнеше бағытта ғылыми зерттерулер жүргізіп келеді.
– Студенттер мен магистранттарымыз халықаралық «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ, Малайзия және Түркияның жоғары оқу орындарында оқып жүр. Ғылыми ізденістегі 7 студентке Президенттік шәкіртақы тағайындалды. Шымкент және Тараз қалаларының химиялық кәсіпорындарын 90% автоматтандыру инженерлерімен қамтамасыз етуде, сонымен қатар банк жүйесінде, шаһардағы өнеркәсіп ақпараттық жүйелердегі инженер-бағдарламалаушы қызметін атқарушы мамандардың басым бөлігі факультет түлектері болып табылады, - дейді Е. Шертаев.
Ал жоғары мектептің ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі декан орынбасары, т.ғ.к, доцент Хайрулла Исмаилов профессор-оқытушылары түрлі процестерді автоматтандыру, энергетика, цифрландыру салалары бойынша соңғы бес жылда 50 млн. теңгелік жобаларды орындағанын алға тартты.
– Жоғары мектеп алыс және жақын шетел университеттерімен байланыс орнатқан. Жұмыс белгілі ғалымдарды лекция оқуға шақыру, білім алушыларды түрі ғылыми іс-шараларға жіберу, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу бағыттары бойынша жүргізіледі. Ол үшін университеттің материалдық-техникалық базалары, компьютерлік орталықтары жұмылдырылған, - дейді Хайрулла Бахтиярұлы.
Ал ақпараттық технологиялар және энергетика жоғарғы мектебі деканының оқу және оқу әдістемелік жұмыстары бойынша орынбасары, Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету кафедрасының аға оқытушысы Жанар Нышанбаева IT-мамандарға сұраныс артып жатқанын жеткізді.
– Жоғары мектебімізде «Математикалық және компьютерлік модельдеу», «Ақпараттық жүйелер», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Электр энергетикасы», «Жылу энергетикасы», «Электрмен жабдықтау», «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар және қауіпсіздік», «Автоматтандыру және басқару», «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларды оқытамыз. Сонымен қатар, биылғы оқу жылында «Жасанды интелект құралдары» және «Виртуалды шындықты моделдеу және құру» білім беру бағдарламалары ашылып отыр. Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз агенттігінің (БСҚА) өткізетін 2021 жылғы Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісінде біздің ЖОО елімізде 3-орында тұр, - дейді Жанар Өсербайқызы.
Университет оқытушысы жас IT-мамандарды қолдау үшін елімізде біріктірілген арнайы жобалар базасын құру қажеттігін айтады. Бұл студенттер мен жас IT-мамандарының жасаған жобаларын коммерциялық ұйымдарға сатуға немесе солардан сұраныс алуға көмектесер еді, дейді.Өйткені аталған факультетте бұған дейін де өнертапқыштар шықты. Бірі күріштің суынан энергия алуға болатынын дәлелдесе, енді бірі смартфондарға арналған қосымшаның көмегімен қаладағы бірқатар мәселелерді шешуге болатынын ғылыми тұрғыда дәлелдеп көрсетті. Сондай жастың бірі – Ерасыл Анарханұлы. Ол университет табалдырығын аттағаннан-ақ, жаңашылдығымен дараланды. «Антикейс» бағдарламасын яғни, «радиациядан қорғайтын чехол» деген жобаны іске асырған. Жаңа жобаны замандастырмен бірлесе қолға алған ол қаладағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлерден ақпараттық технология жобаларына қолдаудың аздығын айтады.
– Алғашқы жобам өндірістік мақсатта болмады. Дегенмен көпшілік жоғары бағалап қызығушылықтарын білдірді. Алайда одан пайда табу мүмкін емес еді. Оны жасауға қажетті заттар қолжетімді болмады. Екінші өндірістік жобамызды да өз қаржымызға жасап шықтық. Бұл жерде кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекемелерден қолдаудың аз екенін жасырмаймыз. Қаламыздағы цифрландыру саласында жасалынып жатқан жобаларды біз он есе арзан бағаға жасап беруге шамамыз келеді. Бірақ еліміздегі көптеген жобаларды шетелдік компанияларға сеніп тапсырады. Отандық өнімді қолдаса дейміз. Біз секілді IT-мамандардың мүмкіндігі жоғары екенін айтқым келеді, - дейді жас өнертапқыш.
Ерасылдың замандастарымен бірге жасаған екінші жобасы «During Mups» да қаржы тапшылығына байланысты тоқтап тұр. Алайда кәсіпкерлік нысандар мен қоғамдық тамақтану орындарына келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтады. Соның өзінде аталған қосымшаны екі мыңға жуық адам жүктеп үлгеріпті.

ТҮЙІН.

М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің маман даярлауда алға қойған мақсаттарының айқын екеніне көз жеткіздік. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын отандық ЖОО мен колледждерді 18 мың ақпараттық технология маманы бітіріп шығады екен. Алайда елдің цифрлық әлеуетін дамыту үшін бұл көрсеткіш аздық етері анық. Осы бағытта мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер мен тиісінше жағдай жасалып отыр. Жетістіктер де жоқ емес. Бүгінде елімізде 2 мыңнан астам IT-сынып, 30-ға жуық IT-лицей, 2 мыңға жуық робототехника кабинеті ашылыпты. Мұның барлығы бізге, Қасым-
Жомарт Кемелұлы атап өткендей, 2025 жылға қарай IT-қызметтері мен өнімдері экспортының көлемін кемінде 500 млн долларға арттыру бойынша алға қойылған мақсаттарға қол жеткізеді деп сенеміз.

Последнее изменение Пятница, 10 Сентябрь 2021 05:01