Версия для печати

КЕЛЕШЕК – ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚТА Избранное

Среда, 26 Январь 2022 04:21 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4447 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде елімізде техникалық мамандықтарға басымдық беру қажеттілігіне тоқталды. Үшінші мегаполисте 32 колледждің 24-і техникалық бағытта білім береді. Осы колледждерде бүгінде мемлекеттік білім грантының аясында 5702 студент тегін білім алады. Шымкент қаласының БАҚ өкілдері бірқатар техникалық білім беретін оқу орнының жұмысымен танысып қайтты.

105

 

Политехникалық колледж «Жас маман» жобасына іріктелген шаһардағы арнаулы оқу орындарының бірі саналады. Мұнда техникалық мамандықтар, соның ішінде «Жас маман» жобасы аясында радиотехника және байланыс, сондай-ақ, электрмен қамтамасыз ету мамандықтары тереңдетіліп оқытылады.
Радиотехникадан дәріс беретін Есімхан Досжанов пен оның шәкірті Даниял Мақсатұлы мамандықты оқытуда қолданылатын зертханалық, тәжірибелік құрал-жабдықтармен таныстырып шықты. Оған зертханалық модуль, аксилограф, активті идентификатор, оптикалық рефлектометр, Fitel S 179 аппараты, оптикалық муфта секілді құрал-жабдықтар жатады. Электрмен қамтамасыз ету мамандығында шәкірттерге электр желісін монтаждау, үйге домофон орнату секілді жұмыстар тәжірибе жүзінде үйретіледі.
Политехникалық колледж директорының орынбасары Әлібек Беков жоғарыда аталған құрал-жабдықтар «Жас маман» жобасы аясында мемлекет есебінен 288 млн теңгеге сатып алынғанын жеткізді. Колледжде зертханалық стендтер арқылы радиобайланыс пен электр энергиясы мамандықтарын тереңдетіп оқытуға айрықша мән беріледі.
Ал қаладағы №6 колледжде аспаз, кондитер, наубайханашы, азық-түлік өнімдерін сатушы мамандықтары оқытылады. Колледж түлектері бүгінде шаһардағы «Рахат» фабрикасы, «Мадлен», «Ладушки», «Магнум», «Кәусар» өндіріс орындары мен сауда және тамақтану желілерінде жұмыс істеуде. Сондай-ақ аталған оқу орнында ресторандық сервис қызметіне де үйретеді. Оқу бітірген түлектердің көпшілігі тұрақты жұмысқа орналасады.
Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, мегаполисте 32 колледждің 24-і техникалық бағытта білім береді. Мемлекеттік тапсырыс аясында онда 5 702 студент тегін білім алады.
— Басқарма тарапынан қаладағы ірі құрылыс кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізудің нәтижесінде 1 604 мамандыққа сұраныс бар екені анықталды. Сондықтан осы мамандықтарға даярлау үшін техникалық колледждерге қысқа мерзімді оқу курстарын ұйымдастырдық. Олар – тас қалаушы, құрылысшы, сылақшы секілді мамандықтар. Бұрын түлектердің жұмысқа орналасқанын зейнетақы қоры арқылы біліп отыратынбыз. Қазір анықтау тәсілін өзгерттік. Соның бір дәлелі, 27 кәсіпорынмен тікелей келісімшартқа отырдық. Сондай-ақ алдағы іс-шаралар жоспары бойынша заңгер, экономист секілді мамандықтар қысқаратын болады, – деді Жанат Арысбекқызы.