Версия для печати

«WorldSkills Shymkent – 2022»: 48 студент республикаға жолдама алды

Среда, 01 Июнь 2022 08:57 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3981 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Бүгін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында ұйымдастырылған «WorldSkills Shymkent – 2022»кәсіби шеберлік чемпионатының қалалық кезеңі қорытындыланды. Аймақтық чемпионат 20-27 мамыр күндері аралығында Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты 15 колледждің базасында өндірістік кәсіпорындардың атсалысумен өткізілді.

739

 

Салтанатты шараға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан кәсіптік колледждер көрмесін аралап, марапаттау рәсімінде жеңімпаздарды құттықтады.

— Шымкент қаласы бойынша 36 колледжде 33 мыңнан астам студент білім алуда. Оның 11 мыңға жуығы мемлекеттік тапсырыс аясында тегін біліммен қамтамасыз етілген. Колледждердің техникалық-материалдық базасын нығайту кәсіптік маман иелерін даярлауда білім сапасына әсер ететіні анық. Республикалық «Жас маман» бағдарламасы аясында қаламыздағы бірқатар колледждердің базасы жабдықталды. Бүгін «WorldSkills Shymkent – 2022» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық іріктеу кезеңі мәресіне жетіп отыр. Сайыстың тартысты өткенін қатысушылар арасындағы бәсекелестіктің, жұмыс сапасының артқанынан көріп отырмыз. Аймақтық кезең жеңімпаздары алдағы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық, Шанхайда өтетін халықаралық кезеңдерде де үмітімізді ақтап, жүлделі орындардан көрінеді деген сенімдеміз, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

WorldSkills – жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген халықаралық жоба. Кәсіптік-техникалық мамандықтың сапасын арттыруға бағытталған жобаға Қазақстан 2015 жылы алғаш рет қатысып, халықаралық деңгейде жүлделі орыннан көрінген.

«WorldSkills Shymkent – 2022» чемпионатының аймақтық кезеңіне 46 құзіреттілік бойынша 176 үміткер қатысқан. Олар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, өндірістік және инженерлік технологиялар, қызмет көрсету саласы, шығармашылық және дизайн, құрылыс индустриясы, көлік және логистика бағыттары бойынша бақ сынады. Қатысушылардың конкурстық жұмыстарын қала аумағындағы кәсіпорындардың жетекші мамандарынан құралған тәуелсіз сарапшылар бағалады.

— Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің студенттері де чемпионатта бақ сынап, жүлделі орындардан көрініп отыр. Сайыс шартына сәйкес, мейрамхана сервисі бойынша үміткер 15 минутта майлықты 15 түрлі әсемдеп жинауы тиіс. Оның төртеуі классикалық үлгі, қалғаны өз қиялынан туындаған үлгілер болуы қажет. «WorldSkills-2021» байқауының республикалық кезеңінде үздік деп танылған студентіміз Дәуленбай Абылай Шанхайда өтетін халықаралық кезеңге дайындық үстінде.Ал, бүгін колледжіміздің студенті Бекарыс Бегимов республикаға жолдама алды, - дейді Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің оқытушысы Қансейітова Айнұр

Айта кетейік, аймақтық «WorldSkills Shymkent - 2022» кәсіби шеберлік чемпионатының үздік жеңімпаздары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және медальмен марапатталды. Республикалық кезеңге 46 құзіреттілік бойынша 48 үміткер қатысады.