Асыр сал, балақай! Избранное

Пятница, 10 Июнь 2022 04:24 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1390 раз

Оқу жылы аяқталып, мектеп бітіруші түлектер үлкен өмірге қадам басып жатса, оқушылар жазғы демалысты қызықты өткізудің қамына кірісіп кетті. Балалар жылында үйдегі бұзықтарымыздың демалысын қалай тиімді ұйымдастырып, қайда апарған жөн? Тақырыпты тарқатар болсақ.

704

 

88 пайызының демалысы жоспарланған

Шымкент қалалық білім басқармасының ресми деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың жаз айларында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аз қамтылған отбасының балаларына қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерьлеріне тегін жолдама берілмек.
— 2021-2022 оқу жылында Шымкенттегі 202 жалпы білім беретін мектепте 242 525 оқушы білім алды. Оның ішінде жазғы демалыспен қамтылуы тиіс 1-10 сынып аралығында 212 085 оқушы бар. Аз қамтылған отбасылардың балаларын қала сыртындағы лагерьлерде демалдыру мақсатында қала бюджетінен 298 млн. 522 мың теңге қаралған. Аталмыш қаржыға жалпы орта мектептерден 7 241 оқушы, балалар үйінің 147 тәрбиеленушісі мен дарын мектептерінің 260 баласы қала сыртындағы лагерьлерде демалады. Одан бөлек, ата-аналар есебінен 27 635 баланы жазғы демалыспен қамту жоспарланған, - дейді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева.

707


Мамандардың айтуынша, аз қамтылған отбасының балаларына жолдама беру ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы негізінде мемлекеттік қызмет көрсету талаптарына сәйкес, ХҚО және egov порталы арқылы онлайн форматта қабылданған.
— Бүгінде Шымкентте 186 634 оқушының жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары жоспарланған. Бұл қаладағы мектеп оқушыларының 88 пайызын құрайды. Яғни, жоғарыда аталған қала сыртындағы демалыстан өзге бастауыш сынып оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында шаһардағы 130 мектептің жанынан жазғы демалыс алаңшалары ашылып, оқушыға түрлі үйірмелер мен спорттық секциялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 11 қосымша білім беру мекемесінде 22 061 оқушыға түрлі үйірмелер мен спорттық секциялар жұмыс істейді. Ал, 81 936 бала мектеп жанындағы спорттық секцияларға барып, бос уақытын тиімді пайдаланатын болады. Жазғы демалыс барысында 1 470 оқушы республиканың түрлі тарихи-мәдени орындарына саяхат жасайды, -дейді Жанат Арысбекқызы.

706


Маусым айының 1-і күні сауықтыру лагерьлерінің алғашқы маусымы ашылып, бүгінде мыңға жуық шымкенттік оқушы демалыста жүр.
— Шымкент қаласы бойынша мыңға жуық оқушы қала сыртындағы 4 демалыс лагерінде демалып жүр. Жалпы, биыл 7 мыңнан астам оқушыны 6 маусымға бөліп, белгіленген 4 лагерьге жіберіп отырамыз. Олардың қатарында Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Сайрам ауданында орналасқан «Ақсу» лагері, сондай-ақ, Түлкібас ауданында орналасқан «Еркемай», «Арман», «Үшбұлақ» жекеменшік лагерлері бар. Сонымен қатар, Оқушылар сарайы жанындағы «Балдәурен» лагері де өз жұмысын бастап кетті. Орталық әр маусымда 100-ге жуық баланы қамти алады. Алғашқы маусымда 60 оқушы қабылданды, - дейді Оқушылар сарайының директоры, «Ақсу» сауықтыру лагерінің басшысы Б.Мұстафаев.

709

 

26 мың оқушы үшін тегін үйірме

Жазғы демалыста қала сыртындағы немесе мектеп жанындағы лагерьлерге бара алмайтын шымкенттік оқушылар түрлі өнер және спорт үйірмелеріне қатыса алады.
— Оқушылар сарайының өзінде 20 бағыт бойынша 160 үйірме жұмыс істейді. Айта кететін жәйт, мұндағы 10 үйірме ғана ақылы. Қалғандары толығымен тегін жұмыс істейді. Яғни, балам жазғы демалысын тиімді өткізсе деген әрбір ата-ана Оқушылар сарайына келіп, олардың қызығатын, икемі бар үйірмелерге жаздыра алады. Орталықтың 280 маманы осы үйірмелердің жұмысын жандандырып отыр, - дейді Бақытжан Нұрғазыұлы.
Ресми деректерге сүйенсек, Шымкентте жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы 12 000 оқушы мәдениет, 14 000 оқушы спорт үйірмелерімен қамтылған. Бұл балаларды қызығушылығына қарай дамытумен айналысатын жеке кәсіпкерлерге де, үйірмеден орын таппай сабылған оқушылар үшін де үлкен мүмкіндік болып отыр.

708


— 2022 жылға жергілікті бюджеттен жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасына 2 млрд 323 млн. теңге қаржы бағытталды. Спорттық секциямен 14 000 бала, яғни 4-18 жас аралығындағы балалардың 16 пайызы қамтылып отыр. Мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру платформасына 1044 өтінім түскен болатын. Оның ішінде талапқа сай 97 кәсіпкер біліктілік іріктеуінен өтіп, оң шешім берілді. Ата-аналар тарапынан 21 286 өтінім түсіп, 16 230 баланың ата-анасымен келісім-шарт жасалды. Жалпы, 22 спорт түрі бойынша 188 секция жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында баскетбол, бокс, қазақ күресі, еркін күрес, грек-рим күресі, волейбол, көркем гимнастика, дзюдо, каратэ, таэквондо, жеңіл атлетика, жүзу, үлкен теннис, үстел теннисі, футбол, футзал, пауэрлифтинг, шахмат секциялары жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған пауэрлифтинг, үстел теннисі, волейбол мен футбол секциясы да қарастырылған, - дейді Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы М.Орымбаев.
Мамандардың айтуынша, мемлекеттік тапсырыс арқылы 2023 жылы 18 мың, 2024 жылы 20 мың баланы спорттық секциямен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
— Бүгінде жоба аясында 264 жаттықтырушы және 150-ге жуық өзге де қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылып, балаларды дамыту жолында жұмыс істеп келеді. Бұл шаралар салауатты өмір салтын насихаттауға, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын арттыруға, халықтың барлық топтары арасында бұқаралық спортты дамытуға айтулы үлес қосып отыр, - дейді Мақсат Мұсаханұлы.
Дәл осындай шығармашылық үйірмелер қалалық мәдениет басқармасының қадағалауымен де жұмыс істеп тұр. Онда оқушылар би, бейнелеу өнері, тоқыма, тігін сынды түрлі шығармашылық секцияларына қатысып жүр.

Кітапхана сөресі жаңа әдебиеттермен толықты

Жазғы демалысты ұйымдастыру барысында сауықтыру лагерьлері мен шығармашылық, спорт үйірмелерінің жұмысына тоқталдық. Десек те, ғасырлар бойы қалыптасқан кітапхана жұмысы да назардан тыс қалмауы керек. Мәселен, балалар кітапханасы — жас оқырмандар үшін білім беретін, бос уақытты тиімді пайдаланатын ақпараттық орталық. Өткен жылы Шымкент қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесіне қарасты 14 кітапхана бөлімшесінің екеуі модернизациядан өтіп, заманауи үлгіде жасақталған болатын.

705


— Жас оқырмандарымызды жаз мезгілінде кітап оқуға тарту, қызықтыру мақсатында дәстүрлі және кеңінен таралған түрлі кітап көрмелері ұйымдастырылып жүр. Онда кітапхана қорына түскен жаңа әдебиеттер туралы ақпарат беріліп отырады. Мәселен, жыл басынан бері Балалар жылына орай өңірдегі балалар жазушыларымен кездесулер өтті. Сондай-ақ, 2 сәуір — Халықаралық балалар кітабы күні, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні сынды айтулы даталарда кітап көрмесі, түрлі сайыстар мен байқаулар ұйымдастырылып келеді, - дейді Шымкент қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі Ф.Тұрғамбаева.
Қуантарлығы сол, Балалар жылына орай кітап қоры бірқатар балалар әдебиетімен толығыпты. Жаңа кітаптар қатарында «Торғай мен тышқан», «Жолбарыс пен тышқан», «Бала мен қарлығаш» атты ертегілер топтамасы, Ж.К.Роулиңнің «Хәрри Поттер мен азкабан тұтқыны», Джек Лондонның «Тектік сарын», Э. Гофманның «Жаңғақ шаққыш және тышқандар патшасы» кітаптары бар.
— Шымкенттік бүлдіршіндер үшін қала күніне орай бірнеше іс-шара ұйымдастырылмақ. Мәселен, 15 маусым күні №8 Отбасылық кітапханада «Шымкент құтты мекенім» атты жыр кеші, 16 маусымда №2 комьюнити орталығында «Шырайлы мекенім — Шымкент» библиоквест өтеді. Сондай-ақ, 17 маусымда «Арбат» демалыс аймағында «Кітап, тарих, шежіре» атты кітап көрмесі, «Қылқалам» сурет сайысы ұйымдастырылады. Баланың бойына кітап оқу дағдысын сіңіру отбасынан басталады. Сондықтан әрбір ата-ана саналы, білімді, дүниетанымы кең ұрпақ тәрбиелеу үшін баласын кітапханаға ертіп келсе деген тілек бар, - дейді Ф.Тұрғамбаева.

P.S.

Мақаланы жазу барысында Шымкенттегі мемлекет тарапынан қолдауға ие, қалалық білім, мәдениет, дене шынықтыру және спорт басқармалары арқылы жүйеленген жобаларды, балалардың уақытын тиімді әрі пайдалы етіп өткізу жолдарын қарастырдық. Жоғарыда аталған жобалардың барлығы дерлік тегін. Яғни, өскелең ұрпақтың болашағы үшін мемлекет тарапынан қаржыландырылып отыр. Мұнымен қоса, Шымкентте оннан аса саябақ пен аттракцион орталықтары бар. Оған ірі сауда орталықтарындағы ойын алаңдарын қоса кетіңіз.
Қай ата-ана болмасын, бауыр еті баласының тәрбиелі, саналы болып өскенін, уақытын пайдалы іске жұмсағанын қалайды. Дей тұрғанмен, оң-солын танып үлгермеген балақайларға жол сілтеп, бағыт-бағдар беру — ата-ананың басты міндеті. Сонымен сіз балаңыздың бос уақытын қайда бағыттайсыз, құрметті ата-ана?!