Еңбек ептілікті сүйеді Избранное

Среда, 27 Июль 2022 05:47 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1898 раз

Елімізде жастарды жұмыспен қамту мәселесі бір жүйеге қойылған. Мұның дәлелі ретінде «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобасын атап өтуге болады. Жыл басынан бері Шымкентте 1077 жас мемлекеттік бағдарламамен өз мамандығы бойынша жұмысқа жолданған. Тек бұл мүмкіндікті жастар өз кәдесіне жаратып жүр ме? Саралап көрсек.

52

 

Бүгінде әлем жаһандануға байланысты үлкен өзгерістерді бастан кешіп жатыр. Олардың қатарына ғаламтор, ақпараттық-коммуникативтік технологиялар, ғылымдағы жетістіктер, еңбек нарығында үміткерге қойылатын жаңа талаптарды жатқызуға болады. Бұл өзгерістер әсіресе, болашақ жастарға жан-жақты білімді болуды талап етіп отыр.
Шымкенттік Арайлым Қалымбетова еңбек нарығына сұраныстағы мамандықты таңдамағанына өкініш білдіреді.
– Қазір «Есеп және аудит» мамандығының 3 курсын аяқтадым. Бұл салада жұмыс табу оңай емес екеніне көзім жетті. Анам фармацевт болып жұмыс істейді. Үш жылдан бері бос уақытымда анама көмектесіп жүріп, дәрі-дәрмек саласының қыр-сырын меңгердім, үйрендім. Екіншіден, дәріханалар желісіндегі мамандар үлкен сұранысқа ие екендігіне көз жеткіздім. Оқуымды бітіріп, қайта фармацевтика бойынша білім алуды жоспарлап қойдым. Осы себепті, мектеп бітіруші түлектерге мамандықты нарықты жан-жақты зерттеп барып таңдауға кеңес берер едім, – дейді Арайлым.
Қазақстанда 2020 жылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаға мүлдем жұмыс өтілі жоқ жастар қатыса алады. Шымкентте 2022 жылдың қаңтар-шілдесінде жастарды жұмыспен қамтуда «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 172 жас маман жұмыс тапқан.
–2022 жылдың қаңтар-шілде (5 шілдеге дейін) аралығында «Жастар практикасы» бағдарламасымен 1077 жас түрлі жұмыс орындарына жолданды. Жыл соңына дейін аталған бағдарламамен 2650 жасты қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 172 жас маман жұмысқа орнықты. Жыл аяғына дейін бұл жобамен жалпы 227 жасты жолдау көзделіп отыр. Жастар практикасымен жолданған жастардың барлығы өз мамандықтары бойынша жолданды, - деді Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының баспасөз өкілі Дәурен Болыс.
Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген жастың бірі - Дінмұхаммед Сағынбаев. Қазір жас маманның тұрақты жұмысы бар. Ол өзінің іскерлігін алты айда көрсеткен.
–Орталыққа құжат тапсырған соң, жұмысқа шақырту алып, 6 ай емханада тәжірибе жинақтап, тіс емдеудің қыр-сырын үйрендім. Қазіргі таңда емханаға тұрақты жұмысқа қабылдандым,- деді Дінмұхаммед Сағынбаев.

P.S.

Енді ғана өмір баспалдағын аттағалы жатқан жас мамандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, жастар арасында жұмыссыздықты шешудің тетігі қарастырылуда. Ал, сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалу – жас мамандардың қолында.

Айдана МҰХТАРОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.