ШӘКІРТТІҢ АЛАҢСЫЗ ОҚУЫНА ЖАҒДАЙ ЖАСАУ – МЕМЛЕКЕТТІК МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ Избранное

Пятница, 19 Август 2022 04:25 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2217 раз

Міне, 1 қыркүйек – Білім күні мерекесіне де санаулы күндер қалды. Күздің алғашқы күнінде балалар алтын ұя мектебімен қайта қауышып, білім нәрімен сусындауға кіріседі. Көңілі алып ұшып, зор үміт және мол қуанышпен  мектеп табалдырығынан аттаған шәкірттің алаңсыз оқуына жағдай жасау – мектеп әкімшілігі мен ата-ананың ғана емес, жергілікті биліктің де алдында тұрған мемлекеттік маңызы бар міндет. Осыған орай, Шымкент қалалық мәслихатының жуырда өткен кезекті жиырмасыншы сессиясында шаһардағы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды.

373

 

Шымкент қалалық әкімдігі білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, шаһарда оқушылардың қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Атап айтқанда, биыл 1 сыныпқа 27 800 оқушы қабылданған. Жалпы, қаладағы 203 білім ұясында 244 мыңға жуық бала білім алуда. Оның ішінде 218 мыңға жуығы мемлекеттік мектептерде, 26 мыңнан астамы жекеменшік мектептерде оқиды.
–Осыған орай мектептегі орын тапшылығын болдырмау және білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында, Шымкент қаласының 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспарының аясында 86 мыңнан астам орынға арналған 101 мектеп салу жоспарланған. Соның ішінде өткен 2021 жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп (оның 4-еуі мемлекеттік және 21-і жекеменшік) пайдалануға тапсырылған. Ал, биыл Шымкент қаласында 34 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 10-ы өткен жылдан өтпелі нысандар болса, қалған 24-інің құрылысы биыл басталған. Жыл соңына дейін 11 703 оқушыға арналған 24 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Мұның 20-сы жеке инвесторлардың есебінен салынып жатқан метептер екенін айта кеткен жөн, – дейді Жанат Арысбекқызы.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, осы жұмыстардың нәтижесінде Шымкент қаласындағы үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтін болады. Жалпы үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал, орын тапшылығына қатысты проблемаларды 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған. Ол үшін 2023 жылы – 17 мектеп, 2024 жылы – 24 мектеп және 2025 жылы 19 білім ұясы салынып, пайдалануға беріледі.

364


Ж.Тәжиеваның айтуынша, Шымкент қаласында жаңа мектептерді салумен қатар, ескі ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, оларды заман талабына сай қайта жабдықтауға да баса назар аударылып отыр. Бір жағынан бұл оқушыларға жаңа, жарық, зәулім ғимаратта оқуға жол ашса, екінші жағынан күрделі жөндеудің арқасында қолданыстағы мектеп ғимараттарының қолданылу мерзімі анағұрлым ұзарады.
Атап айтар болсақ, Шымкент қаласында 2021 жылы білім беру саласындағы 4 мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Оның ішінде 1 мектеп, 2 балабақша мен 1 колледж бар екен.
Бұл жұмыстар биылғы жылы да қарқынды түрде жалғасып жатыр екен. Сессия барысында мәлім болғанындай, биыл Шымкентте 5 білім беру ұйымының ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Оның үшеуі жалпы орта мектеп болса, біреуі арнайы мектеп-интернат және біреуі балалар үйі. Бұл жұмыстарға мемлекеттік бюджеттен 2 милиард 372 миллион 800 мың теңге қаржы қаралған.
Мәселен, А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының ішкі бөлмелері сыланып, есік-терезе, электр жүйелері жаңартылуда. Алғашқы әскери дайындық, робототехника, биология, химия, физика кабинеттері де заман талабына сай жабдықталған. Қосымша 500 ноутбук, 150 компьютер, 100 планшет сатып алыныпты.
Ал, Ә.Науаи атындағы №11 жалпы орта мектебінің ескі ғимараты осы күнге дейін бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Биыл шатырынан бастап, есік-терезе, еденіне дейін толық жаңартылды. Жылу жүйелері толық ауыстырылып, мектептің ауласы да жаңадан қоршалды.
Сонымен қатар Шымкент қаласы Сайрам тұрғын алабында орналасқан Ю.Сареми атындағы №107 мектеп-лицейі де күрделі жөндеуден өтуде. Екі мыңнан астам шәкірт білім алатын мектептің ғимараты 3 қабаттан тұрады. Бұл білім ошағының жылу жүйесі 11 жыл бұрын ауыстырылса, 8 жыл бұрын шатырының бір бөлігі мен бірнеше есік-терезесі ауыстырылған екен. Биыл ғимараттың тозығы жеткен тұстары бүтінделіп, шатырының 955 шаршы метрі ауысыпты. Электр жүйелері толығымен жаңарған.
Бұл мектептерде де химия, физика, биология, информатика пәндеріне арналған заманауи зертхана кабинеттері жабдықталып, қажетті компьютерлік техникалар алынған.
Айта кетейік, Шымкент қаласында мұнан бөлек тағы 4 білім беру ұйымының ескі ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп қойған. Тағы 20 мекеменің жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде екен.
Сонымен қатар қазіргі кезде мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін білім беру ұйымдарын спорт залдары және спорт алаңшаларымен қамтамасыз ету жайы да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Тарқатып айтар болсақ, қаладағы 148 орта білім беретін мектептерде 139 спорт зал және 191 спорт алаңшалары (футбол, баскетбол, волейбол) мен 3 ату тирімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде, 89 мектепте типтік үлгідегі спорт алаңшалары орнатылған.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, өткен жылы 28 мектептің ауласына типтік үлгідегі спорт алаңшалары орнатылыпты. Ал, биыл 6 мектепке спорт алаңшаларын орнатуға 249,1 миллион теңге қаржы қаралған. Бүгінгі таңда орнату жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, 2022 жылға мектептерді жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 2 миллиард 556,9 миллион теңге қаржы қаралған. Бұл қаржыға жалпы 372 кабинет (12-химия, 26-физика, 10-биология, 10-STEM, 49-АӘД, 121-медиация, 122-логопед, 22-робототехника) және 610 дана жабдықталған интерактивті панельдер орнату. көзделген. Нәтижесінде биыл мектептердегі жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтылған пән кабинеттерінің үлесі 68 пайыздан 72 пайызға артатын болады. Осылайша, Шымкенттегі мектептерде оқушылардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына барынша қолайлы жағдай жасалып отыр.