Ұстаз – ұлт болашағының айнасы Избранное

Среда, 31 Август 2022 08:37 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2047 раз

педагогтердің тамыз кеңесінде саладағы өзекті мәселелер талқыланды

Шымкент қаласында «Құндылыққа бағдар: сапалы білім, өзін өзі бағалау, жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында педагогтердің тамыз кеңесі өтті. Оған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Шаһар басшысы білім саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен баяндап, алдағы мақсат-міндеттермен бөлісті.

42

 

Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін елімізде 1 мың мектеп салу туралы тапсырма бергені белгілі. Соның ішінде 101 мектепті Шымкент қаласынан салу жоспарланған. Мұрат Әйтеновтің айтуынша, 2 жылдың ішінде қала аумағында 50 мектеп салынған. Расында, бұл – өте үлкен жұмыс. Қалған 51 мектепті 2025 жылға дейін ашу жоспарланып отыр.
–Осыдан 4 жыл бұрын Шымкентте 15 мектеп үш ауысыммен жұмыс істейтін еді. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде биылғы жаңа оқу жылына үш ауысымды 5 мектеппен келіп отырмыз. 2023 бұл проблема толығымен шешіледі. Ендігі жерде 2 ауысымды мектептерді біртіндеп 1 ауысымға көшіруге кірісеміз. Қазірдің өзінде Шымкент қаласындағы 223 орта мектептің 41-і бір ауысыммен жұмыс істеп жатыр, – деді қала әкімі.
Президент мұғалімдерді қолдау және балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау бағытындағы міндеттерді айқындап бергені белгілі.
–Соған сәйкес 2019 жылдан бері қарай ұстаздардың жалақысы 75 пайызға өсті. 2023 жылдан бастап тағы 25 пайызға өседі деп жоспарланған. Яғни, ұстаздардың жалақысы 2023 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге өседі, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Мемлекет тек ұстаздардың жалақысын өсірумен шектеліп отырған жоқ. Жалпы білім саласына бұрын-соңды болмаған мөлшерде мол қаржы бөліп жатыр. Мұрат Әйтенов мұны Шымкент қаласының мысалынан анық байқауға болатынын алға тартты.
–Мәселен, 2018 жылы Шымкент қаласының бүкіл бюджеті 146 миллиард теңге болатын. Бұл қаржының ішінде білім де, денсаулық сақтау да, әлеуметтік қамсыздандыру да, инфрақұрылым да, қоғамдық қауіпсіздік те, жалпы қаланың барлық шығындары бар еді. Бар-жоғы 4 жылдың ішінде Шымкент қаласының бюджеті төрт есе өсті. Бүгінде қала бюджеті 560 миллиард теңгеге жетті. Биыл бір ғана білім саласына бөлінген қаржы 176 миллиард теңге. Яғни, биылғы тек білім саласына бөлінген қаржы осыдан 4 жыл бұрынғы қаланың бюджетінен асып түсіп отыр. Соның арқасында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық қамтамасыз ету көрсеткіші соңғы 3 жылдың ішінде 32 пайыздан 72 пайызға дейін өскен. Әсіресе, мектептерді интерактивті тақта және модификация кабинеттерімен жабдықтауға басымдық беріліп келеді, – деді М.Әйтенов.
Расында қаржыландырудың артуы көптеген мәселелерді оң шешуге мүмкіндік беріп отыр. Атап айтқанда, Шымкент қаласында биылдан бастап алғаш рет бастауыш сынып оқушыларына бір мезгіл ыстық тамақ беріле бастады. Нақтырақ айтқанда 103 мың бала тегін тамақтандырылып келеді.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселелердің бірі. Қала әкімі Ресей Федерациясы Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласындағы мектептердің бірінде осыдан бір-екі жыл бұрын орын алған трагедияны еске алды. Сондай қайғылы жағдайға душар болмау үшін еліміздегі мектептердің барлығында қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударыла бастады. Атап айтқанда, Шымкенттегі мектептердің барлығына бейнебақылау камералары, турникеттер және дабыл нүктелері орнатылып, ол полицияның бақылауына алынған. Басқаша айтар болсақ, мектептегі тәртіптің сақталуын, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуды ішкі істер органдары тікелей қадағалай алады. Әрі бұл білім беру ұйымында оқыс оқиға орын ала қалған жағдайда полицияның дереу хабар алып, жедел түрде жетіп келуіне мүмкіндік береді. Оған қоса оқушылардың қауіпсіздігін нығайта түсу үшін мектептер мамандандырылған кәсіби күзет мекемелерімен келісімшарт жасаған. Қала әкімінің айтуынша, жаңадан ашылып жатқан мектептердің барлығына осы талаптар қойылып отыр.
Тамыз кеңесінде Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева сөз сөйлеп, білім саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттерді баяндап берді. Сонымен қатар педагогтер саладағы өзекті мәселелерді қозғап, өз ойларын ортаға салды және озық тәжірибелерімен бөлісті.
Оқушыларға сапалы білім беру үшін оқу-әдістемелік жұмыстардың жүйелі ұйымдастырылуы маңызды екендігі сөзсіз. Осы орайда Шымкент қаласындағы педагогтердің тамыз кеңесіне Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогті кәсіби дамыту» орталығының директоры Еркебұлан Жұмашов арнайы ат басын бұрған.
–2016 жылдан бастап елімізде жаңартылған білім мазмұны енгізіле бастады. Бұл жүйе білім беру стандарттары мен бағдарламаларды заман талабына сәйкестендіруге бағытталған. Сол арқылы оқушылардың құрғақ теорияны жаттап алумен шектелмей, ойлау қабілетін жетілдіруге, өз ойын еркін жеткізуге және алған білімін өмірде қолдана білуге дағдыландыруға ұмтылып келеміз. Биыл жыл басынан бері әр пән бойынша мұғалімдердің съездері өткізілді. Сонда тәжірибелі, озат педагогтеріміз білім бағдарламасына енгізілуі тиіс өзгерістерді айтып, ұсыныс жасап жатыр. Жалпы, білім беру стандарттары мен бағдарламаларды әр 5 жыл сайын толықтырып, жаңартып отыру – қалыпты құбылыс. Өйткені, біз тез өзгеріп бара жатқан методика, технология мен еңбек нарығының шарттарына бейімделіп отыруымыз керек, – деді Еркебұлан Әлімханұлы.
Оның айтуынша, қазір білім беру ісінде заманауи технологияларды қолдану арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырудың маңызы зор. Қазақстан ТМД-ның көптеген елдерімен салыстырғанда бұл бағытта көш ілгері екен.
–Биыл ТМД елдерінің және Түркітілдес мемлекеттердің съездері өтті. Сонда байқағанымыз, біздің педагогтеріміз көрші елдердің, көптеген ТМД елдерінің мұғалімдерімен салыстырғанда білім беру процесінде инновациялық технологияларды қолдану бойынша көш ілгері кеткен. Мұны бірнеше елдің білім министрлері де атап өтті. Біздің ендігі кемшілігіміз – осынау озат ұстаздарымыздың тамаша тәжірибесін республиканың барлық мұғалімдеріне көрсетіп, қажетті деңгейде үлгі ете алмай отырғанымыз. Сондықтан кеңесте Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогті кәсіби дамыту» орталығы мұғалімдердің озық тәжірибелерін трансляциялауға басымдық беріп отыр, – деді Е.Жұмашов.
Қалалық тамыз кеңесінде Kundelik.kz платформасының Бас директоры және құрылтайшысы Мұхтар Ілиясов «Күнделік жүйесінің жаңа функционалдары және жаңалықтары» тақырыбында баяндама жасап, Күнделік жүйесінің жаңа мүмкіндіктерімен таныстырды.

29


–Күнделік жобасы тек электронды журнал ғана емес, ол – мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды тиімді үйлестіру отырып, сапалы білім беруге жол ашатын бірыңғай білім платформасы. Оның ішінде академиялық процестер толықтай қамтылған. Биылдан бастап толық цифрландырылған ресурстар қолжетімді болады. Атап айтқанда, электронды үкімет порталындағы секілді біздің платформаға да электронды цифрлы қолтаңба енгізіліп отыр. Демек, бұл платформа білім беру процесінің барлық қатысушыларының, атап айтқанда оқушы, мұғалім, ата-ана және мектеп әкімшілігінің электронды форматта қашықтықтан қарым-қатынас жасауына жол ашып отыр. Сондай-ақ, мұнда барлық пәндер бойынша сапалы контенттерді қолдануға болады. Биылдан бастап платформаға «Мектеп мәзірі» деген тармақ қосылды. Яғни, ата-аналар балаларының мектепте қалай тамақтанып жатқанын бақылай алады, – деді Мұхтар Мақсұтұлы.
Оның айтуынша, Kundelik.kz платформасы 6 жылдан бері жұмыс істеп келе жатса, осы мерзім аралығында Шымкент қаласы 4 рет платформаның «Алтын түймесін» иеленген. Яғни, шымкенттік ұстаздар электронды журналды уақтылы толтыру және платформаның өзге де мүмкіндіктерін сабақ барысында тиімді пайдалану бойынша алдына жан салмай келеді екен.
Айта кетейік, мәжілісте қала әкімі М.Әйтенов білім беру саласында табысты еңбек етіп, жетістікке жеткен бірқатар ұстаздарды марапаттады. Атап айтқанда ұстаздарға Білім беру ісінің құрметті қызметкері және Ыбырай Алтынсарин төсбелгілері, сондай-ақ, Еңбек ардагері және Мейірім медалдары тапсырылды.