Таяуда «Хабар» арнасында өткен «Өсімнің бес қадамы» атты арнайы бағдарламада ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев студенттерге қосымша бөлінетін 20 мың грант пен жатақханадағы 75 мың орынның қаржыландыру тетіктері туралы айтып берді.

Еске сала кетейік, бұндай тапсырма «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында берілген болатын. 

Министрдің айтуынша, жоғары оқу орындарына қосымша бөлінетін 20 мың грант республикалық бюджет есебінен қамтамсыз етіледі. Бұл қаражат 2018 жылдың қыркүйегінен бастап жыл сайын бөлінетін болады. Соның ішінде 11 мың грант техникалық мамандықтардың бакалавриатына, 5 мыңы – басқа мамандықтар бакалавриатына, 3 мың грант – магистратураға, 1 мыңы – докторантураға бөлінеді. «Ендігі кезекте біз осы жобаны жоғары оқу орындарымен, қоғамдық ұйымдармен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісуіміз керек», – деді министр «Өсімнің бас қадамы» бағдарламасында. 

Бұдан бөлек, ведомство басшысы жатақхана құрылысын қаржыландырудың алдын ала әзірленген тетіктері дайын екенін де атап өтті. Соған сәйкес жоғары оқу орындары немесе жер учаскелерін иеленген құрылыс компаниялары жатақхана жобасын өздері дайындап, оны бекітіп, кейіннен Білім және ғылым министрлігінің Қаржы орталығымен келісімшартқа отыруы керек. Осы келісімшарт арқылы ЖОО немесе құрылыс компаниясы екінші деңгейлі банктен кредит ала алады. «Жатақхана салынып, қолданысқа берілген соң Білім және ғылым министрлігі ондағы әрбір орын бойынша қаражат бөлетін болады. Ұсынылған жоба бойынша мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия 8 жылға белгіленіп, бір орынға 200 мың теңгені құрайтын болады. Осылайша жиынтық сома бір орынға – бір миллион 600 мың теңгені құрайды. Бұл схема барынша ашық, тараптардың бәрі осыны қолдайды, соны негізге ала отырып, барлық мемлекеттік органдармен келісім жұмыстарын бастамақпыз», – деді Ерлан Сағадиев.

Опубликовано в Қоғам

Оңтүстік өңірінің жастары белсенді болғанымен, шетелде білім алудағы көрсеткіші төмен. Бұған себеп – шет тілдерін білмеуі ғана емес, оқу мүмкіндігінен хабарсыз болуында.

shymkala kz-7-1

Шымкент қаласында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық «Internftional Education Fair - 2018» білім көрмесі болып өтті. Іс-шараның аясында шетелдің стипендиялық бағдарламасы бойынша грантпен оқудың тиімді тетіктері таныстырылды. Ауқымды шараға Еуропа, АҚШ, Ұлыбритания, Азия және ТМД елдерінен мамандар келген. Халықаралық білім беру көрмесі жұмысына қазақстандық 100-ге жуық және шетелдік жоғары оқу орындарының 80-ге тарта өкілдері қатысты. Бұл жиын Орталық Азияда ең ірі халықаралық білім көрмесі деп бағаланып отыр. 

Екі күнге жоспарланған көрменің ашылу салтанатына келген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев шетелдік білім ордаларының өкілдерімен арнайы жүздесіп, өңіріміздің мүмкіндіктері мен әлеуетін айтып өтті. Халық саны басым өңірде білімқұмар балалардың қатары жыл санап артып келе жатқанын тілге тиек етті. 

– Бұл басқосудың берері мол. «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқығысы келетін жастар білім ордаларының талаптары мен тиімді ұсыныстарымен танысады.Қазірдің өзінде Венгрия мен Ресейде шетелдік білім алушылар үшін құжат қабылдау жүріп жатыр. Бүгінде өзге елде 70 мыңға жуық қазақстандықтар білім алуда. Оның көпшілігі Ресейде, 40 мыңнан астам студент Қытайда және Италияда, 15 мыңнан астамы АҚШ, Ұлыбританияда білімін жетілдіруде. Озық білім беретін Францияда бүгінде 320 мыңға тарта шетелдік студенттер тегін білім алуда. Оның 43 мыңы Мароккодан, ал Қазақстаннан бар болғаны 500 -ден астам жерлесіміз бар. Сондықтан бұл көрсеткішті көтеру қажет. Біз бұл университетті де көрмеге шақырып отырмыз,– дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығының» басшысы Жанболат Мелдешев.

Осынау игі шара аясында қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындары мен білім агенттіктері арасында арнайы кездесу ұйымдастырылды. Басқосу барысында студент алмасу, білім беру бағдарламаларын дамыту бойынша меморандумдарға қол қою, қазақстандық және шетелдік университеттер арасында қос диплом бағдарламалары аясында келісім-шартқа отыру да жоспарланды.

Опубликовано в Білім
Среда, 29 Ноябрь 2017 06:13

Қарашаңырақ қуанышы

ОҚМПУ мерейтойында 30 ұстаз марапатталды


Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты 80 жылдық мерейтой қарсаңында университет мәртебесін алды. Үш күнге созылған мерекелік шара аясында университетте бірнеше орталықтың тұсауы кесілді.

oqmpu-94

Әсіресе, студенттердің білімімен қатар тәжірибе жинақтауға көмегі тиетін мұражай, оқу орталығы мен театр ашылды. 

Оқу ордасының мерейтойымен құттықтауға ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, облыс әкімі Ж.Түймебаев, ҚР Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары мен ҚР Ұлттық ғылым Академиясының академиктері, облыстық маслихат депутаттары және жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары қатысты.

Ерлан Сағадиев оқу ордасының қуанышына ортақтасып, Елбасының құттықтауын жеткізді. Аймақ басшысы зиялы, мәдени және рухани әлеуетін құрудың негізі бола білген университет күні бүгінге дейін қабілетті, бәсекелестікке алғыр жаңашыл мамандарды дайындап жатқандығын атап өтті.

Салтанатты жиында жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, ғылым және білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен және өңірге сіңірген еңбегі үшін медалімен, облыс әкімінің грамотасымен жалпы саны 30 ұстаз марапатталды.

Сонымен қатар, мерекелік шара аясында «Өркендеген Оңтүстік» атты республикалық айтыс өтті. Аламан айтыста еліміздің түкпір-түкпірінен айтыскерлер сайысқа түсті. Қорытындысында баянауылдық Аспанбек Шұғатаев бас жүлдені иеленді, 1-орын – Қ. Абзаловқа, 2-орын – А. Қалиевке, 3-орын Н. Әнапияға бұйырды. 

Айта кетейік, бүгінде ОҚМПУ-де 300-ге жуық ұстаз қызмет етсе, 3800-ден астам студент білім алуда.

Опубликовано в Қоғам

Озық ойлы жастар үшін жағымды жаңалық, 2018 жылдан бастап, түлектер Астанадағы Назарбаев университетінде «Мұнай-газ ісі», «Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар» мамандықтары бойынша білім ала алады.

IMG 4399

Бұл туралы Шымкентте Назарбаев университеті өкілдерінің қатысуымен өткен ашық ақпараттық сессиясы кезінде айтылды.

Сондай-ақ, университетте жастардың қызығушылығын тудырған техникалық мамандықтарға да мемлекет тарапынан арнайы грант бөлінген. Аудан-қала көлеміндегі барлық мектеп оқушыларын қамтыған ақпараттық сессия үміткерлерді ертерек қамдануға шақырды. Айта кетерлігі, минималды талаптардың үдесінен шығып, конкурстық іріктеуден өткен оқушы еліміздің бас оқу орнының студенті атанады. 

– Келесі жылдың 7 қаңтарында құжат тіркеу аяқталады. Сосын қаңтар айының соңында қабылдау емтихандарын өткіземіз. Естихан үш кезең бойынша өтеді. Ең бастысы, онда талапкердің ағылшын тілін қалай меңгергендігіне баса мән беріледі, – дейді Назарбаев университетінің өкілі Нәйлә Негимова. 

Айта кетсек, Назарбаев Университеті – еліміздегі заманауи білім, бәсекеге қабілетті тәжірибемен, білікті кадр даярлаумен көш басында тұрған бірегей оқу орны. 8 мектеп бойынша білім беретін университетте 17 бакалавр, 25 магистр және 3 РҺd докторантура бөлімі бар. Онда 5000-ға жуық шәкірт тәлім алады.

Опубликовано в Білім

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында студенттер кешкі уақытта дәріс алады. Жастар еңбекке араласа жүріп, болашақ мамандығын иегеруге дайындық жүргізеді. Яғни, білім алудың жаңа формасында оқуды жұмыстан босамай-ақ жалғастыруына болады. 80 жылдық тарихы бар институттағы жаңадан құрылған кешкі оқыту және дайындық факультетінің алғашқы 70 түлегі биыл ҰБТ-те жоғары көрсеткіш көрсетіп, еліміздегі  жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алған.

23316333 1506450836106098 6232412293738111021 n

Оқытудың жаңа формасы

Кешкі оқыту деп аталатын бұл факультетте білім алып жатқан жастар тыңдаушылар деп аталады. Тыңдаушылар институттың аудитория партасына кешкі сағат 19.30 отырып, 22.00-ге дейін оқытушылардан дәріс тыңдайды. 

Бұл ұлттық бірыңғай сынақтан сүрініп, жоғары балл жинауға мүмкіндігі болмаған, кәсіптік білім және колледжден кейін білімін жоғары оқу орындарында жалғастыруға ниет білдірген жастарды қолдауға арналған оқыту формасы. 

– Елімізде жастарға оқуға, ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға мүмкіндіктер мол. Бұл үшін көптеген бағдарламалар қабылданып, мемлекеттік білім грант саны жылдан-жылға артуда. Оған дәлел ретінде институттан ашылған оқытудың жаңа формасын атап өтуге болады. Оқу ордасының ректоры Оңалбай Аяшевтың бастамасымен ашылған факультетте студенттердің оқу қабілеті, білім, таным ерекшелігін арттыруды мақсат еткен. Мұнда 31 мамандық бойынша тыңдаушылардың сапалы білім алуына дайындық жүргізіледі. Физика, математика, химия, информатика бойынша ҰБТ-ке дайындап, музыка, бейнелеу өнері секілді қосымша шығармашылық ізденісін арттыруға күш саламыз, – дейді ОҚМПИ кешкі оқыту және дайындық факультетінің деканы Гүлжайна Байқонысқызы. 

18301456 1329040733847110 6476582653165200705 n

Факультет басшысы кешкі оқудың жастарға мынадай тиімді тұстарын атап өтті. Еңбегін біліммен ұштастырады, бір жылдық курста тегін білім алады және оларға шәкіртақы тағайындалады. Оқуға еліміздің ғана емес, Қытай, Өзбекстан секілді Қазақстанда жоғары білім алғысы келетін қазақ жастары тартылған. 

2017-2018 оқу жылында талап білдіргендер арасынан арнайы құрылған комиссия 104-ін тест арқылы іріктеп алған. Олардың 64-і тілдік дайындық курсына қабылданған, ал қалған 40 шетелдік қазақ тыңдаушысы қазақ тілін меңгеруде.

 

Болашақ үш тілді мамандар дайындайды

Білім реформасына сай, 2019 жылға қарай елімізде мектептерде жаратылыс тану пәнін ұстаздар үш тілде өтеді. Дәл бүгінгі таңда білім ордаларындағы физика, химия, биология, информатика пәндері мұғалімдерінің ағылшын тілін меңгеруіне мемлекет күш салуда. Кешкі оқыту факультетіне осы үш тілді меңгеретін педагог мамандарды даярлау міндеті де жүктелген.

23435354 584018418597219 342811794 n

– Студенттерді физика, химия, биология, информатика пәні бойынша ұлттық тестке дайындаумен қатар,жаңаша ғылым мен технологияның жетістіктерін пайдалана отырып ағылшын тілін үйренеді. Олар жоғарғы оқу орнына түскенде жан-жақты білімімен барады. Алғаш дайындаған 70 тыңдаушының барлығы қазір мемлекеттік грант есебінен білім алып жатыр. Мұның барлығы оқытушылардың еңбегі, талапшылдығы, білімге құштар жастардың зейін-парасатын тани білуінің нәтижесінде деп ойлаймын,– дейді Гүлжайна Байқонысқызы. 

Айта кетерлігі, тыңдаушылардың ұстаздарға деген құрметі ерекше екен. Студенттермен әңгіме барысында Гүлфайра Исабекова (орыс тілі), Әйгерім Есіркепова (ағылшын тілі), Асхат Ниязмбетов (математика), Бағдат Абдукадыров (физика) секілді білікті ұстаздардың білім берудегі тәсілдерін ықыласпен атап өтті.

 

Тыңдаушылар белсенді

Кешкі бөлім тыңдаушылары институт төңірегінде өтетін іс-шаралардан шет қалмайды. Барлық шарада олар белсенді, – дейді басшы. Жуырда тыңдаушылар «Туған жер» бағдарламасы аясында Оңтүстіктің киелі-тарихи орындарына саяхаттап қайтқан. 

Аружан Босынбекова болашақ мамандығын ұстаздықпен байланыстырғысы келетін тыңдаушы.

– Қазіргі таңда жаратылыс тану пәндерін мұғалімдерге үш тілде өту міндеті жүктеліп отыр. Егер тілді білсем сұранысқа ие маман болатыныма сенімдімін. Сондықтан ағылшын тіліне басымдылық танытып жүрмін. 

Институтта оқытушылар құрамының біліктілігін алғашқы түлектерден естіп, осында сынақ тапсырып, өттім. Қазір мектеп бітірушілер ұлттық тестке дайындық алдында жаратылыс тану пәндерін ақылы түрде қосымша оқиды. Ал мұнда тегін. Сондықтан білікті ұстаздардан мүмкіндігінше үйреніп, дамытуға тырысып жатамыз. Оқу ордасынан алған білімімізді еліміздің дамуына жұмсап, сенім білдірген жандардың үмітін ақтаймыз, – дейді тыңдаушы Аружан. 

Енді ғана жұмысын бастаған кешкі оқыту және дайындық факультетінің алған қойған мақсаттары көп. 

– Қолөнер бұйымдарын жасайтын, ән-биге жақын жастарды жинақтап, үйірме ашуды мақсат етіп отырмыз. Бұл кейбір тыңдаушылардың күндізгі уақытта еңбектенуіне, болашақ мамандығының қыр-сырын үйренуіне, кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасайды. Егер тыңдаушы болашақта бейнелеу өнері және сызу пәнін таңдап, бір жыл уақытында шеберлігін шыңдаса, өмірде ұтары көп боларына сенімдімін, – дейді Гүлжайна Байқонысқызы.

Оқу ордасындағы кешкі оқыту және дайындық факультеті өңірімізде алғаш ашылған саланың бірі. Әзірге республикада жоғарғы оқу орнына түсуге тегін дайындайтын курсты өзге жоғарғы оқу орындары қолға алмаған. Сондықтан бұл жастардың білім алуына – мемлекет тарапынан жасалған үлкен көмек.

23231575 1506451806106001 2608014267918426990 n

ОҚМПИ-ға – 80 жыл

ОҚМПИ – тарихы терең шежірелі шаңырақ. Ол 1937 жылы Оңтүстікте алғаш ашылған екі жылдық мұғалімдер институты. 1993 жылы Шымкент педагогикалық институты Түркістан қаласында жаңадан ашылған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ құрамына кірді. 2011 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты қайта ашылды. Осы уақыт аралығында еліміздің сол кезеңдегі маңдай алды алғашқы зиялылары, ғалым ұстаздары еңбек еткен қасиетті де киелі қара шаңырақ тек облыс көлемінде ғана емес, республикамыздың басқа да аймақтары үшін мыңдаған білікті маман педагогтарды даярлап шығарды. Осы институт қабырғасынан өмірге жолдама алған сан мыңдаған ұстаздар – ғылым, білім, өнер, спорт салаларында қажырлы еңбек етіп жүр.

Опубликовано в Білім

IMG 0465-02-11-17-10-04Бүгінде елімізде имамдар, қарилардың жетіспеушілігі – жиі айтылатын мәселе. Ауылдық жерлердегі мешіттерде имамдар, Рамазан айында хатым түсіретін қарилардың тапшылығы байқалып,  оларды Өзбекстан, Қырғызстан секілді көрші елдерден шақырып жататынымыз бар. Сонымен қатар, діни сауатсыздықтың салдарынан түрлі ағымдардың жетегінде кетіп жатқандар қатары көбейді. Қазір бұл мәселелер ақырындап өз шешімін тауып келеді. Осы бағытта қарқынды жұмыс атқарып жүрген мекеменің бірі– «Шымкент медресе коллледжі». Осы оқу орнында екі мамандықты қатар игеріп жатқан болашақ имам, әрі қари Рүстем Сүлейменовпен сұхбаттасқан едік.

 

– Рүстем, алдымен осы «Шымкент медресе коллледжі» жайлы айтып өтсеңіз. Түлектер қандай маман иесі болып шығады? 

– «Шымкент медресе коллледжінің» тарихы тереңде. Бастапқыда Қазақ-Араб оқу орны, кейін медресе болды. Былтырдан бастап колледж атауын иеленіп, шәкірттерді 9 сыныптан кейін қабылдай бастады. Жалпы, оқу орны 1997 жылдан бастап қызмет етеді. Колледждің ұлдар бөлімінде 180-ге жуық, қыздар бөлімінде 100-ден аса шәкірт бар. 11 сыныпты бітіріп келгендер 2 жыл 10 ай, 9 сыныпты бітіргендер 3 жыл 10 ай оқиды. Осы жылдан бастап 16 мың теңге шамасында шәкіртақы тағайындалды. Бітіріп шыққандар имам және исламтанушы мамандығын алады. 

Жалпы колледжде имам немесе ұстаз боламын деп емес, өзім үшін, діни сауатымды арттырып, руханиятымды байытуға келемін дейтін адамдар да бар. Бұл жерге келгендер міндетті түрде дін қызметкері болуы шарт емес. 

Сонымен қатар, медресемізге теріс ағым жетегінде кеткен азаматтар да келіп, білім алады. 

Медресе жыл сайын 3 ай демалыста жазғы лагерлер ұйымдастырады. Мен де осында келгенімде жақсы әсер алып, 2015 жылы оқуға түстім.

IMG 0463-02-11-17-10-04

– Бүкіл Құранды жаттап алғаныңызды білеміз. Жалпы, қасиетті кітабымызды оңай әрі тез жаттаудың жолы қандай?

– 15 жасымда қари атанғанмын. Қазір 20-мын. Құранды жаттаудың түрі көп. Қазір көпшілік қолданып жүрген түрі – түрікше жаттау. Ол – айналым әдісі деп аталады. Мұнда әр параны (30 пара бар. Әрқайсысы 20 беттен тұрады) соңынан жаттауға ден қойылады. Қазір көпшілік осы тәсілмен жақсы жетістікке жетіп жатыр. 

Құранды тез жаттау адамның қабілетіне де байланысты. Мәселен, үйренуді бірдей бастаған 10 баланың төртеуі ғана соңына дейін жеткізеді. Оның түрлі себептері бар. Бірі, ауырып қалдым десе, біреуі, сабырым жетпей жатыр дейді. 

Бір ұстаздың айтқаны бар еді: «Сабырың жетсе қари боласың» деген. Ол Құран жаттаған кезде сағаттап бір жерде тапжылмай отыруға байланысты айтылған сөз. 

IMG 0469-02-11-17-10-04

– Кейде жаттағандарын ұмытып кететін қариларды кездестіріп жатамыз. Мұның себебі неде?

– Ұмытып кететіндердің негізгі себебі – қайталамау. Одан бөлек жаттаудың түріне байланысты. Санақ деген әдіс бар. Жаттаған кезде 99 рет санайды. Ал біреулер ойша санайды. Есте сақтау қабілеті жақсылары 10-15 минут қарап, 20 рет қайталайды. Солай ойда қалып кетеді. 

Бір айта кетерлігі, жаман нәрселерге көп қарау да жаттау қабілетін нашарлатады. Көздің нұры да кетеді. Жалпы адамның жаттау қабілеті жаттаған сайын ашылады. Бір бетті жаттап үйреніп қалсаңыз, біраз уақыттан кейін екі-үш бетті оңай жаттайсыз. 

 

– Жыл сайын ораза кезінде Қырғызстан, Өзбекстаннан қариларды алдыртып жатамыз... 

– Оның негізгі себебі, имандылыққа баулыған үгіт-насихаттың аздығы деп білемін. Құран жаттаудың сауабын көбірек айту керек. Сонда жастарда қызығушылық пайда болады. Ал кішкене балалардың есте сақтау қабілеті жақсы. 

 

– Бізде қариларға қандай да бір арнайы көмек көрсетіле ме?

– Ондайды естімедім. Бұл бір жағынан риякершілік те болатын секілді. Біздің елде қанша қарилар бар екені де нақты емес. Түркияда қариларды арнайы сынақтан өткізіп сертификат береді. Ал бізде ондай жоқ. Сол үшін де біздегі қарилар саны белгісіз. 

Мәселен, Шымкенттегі «Ықылас» қариларды дайындау орталығынан биыл 10 қари шығыпты. Оның барлығы да бірдей діни қызмет тауып кетпейді. Осы уақытқа дейін 500 қари шыққан болса, соның 40-қа жуығы ғана қари болып жүруі мүмкін. Көбісінің есінен шығып кетеді. 

IMG 0462-02-11-17-10-04

– «Көп Құран кәрім оқитындар бар, Құран кәрім бұларға лағынет айтады» деген хадис бар. Бұл кімдер үшін айтылған? 

– Бұл Құранды оқып оған амал етпегендер жайлы айтылады. Мәселен, Құранда «Зинаға жақындамаңдар» дейді. Ал сен оны жасасаң, бойынсұнбасаң біліп тұрып істеген боласың. 

Осы жерде айтып өтейін, Құранды бастан аяқ жаттап алғандарды Хафыз дейді. Ал құранды оқушыларды қари деп айтады. Қари деген сөздің аудармасы – оқушы деген мағына береді. Орта Азияда қари сөзі көп тарағандықтан, бізде де осылай кеңінен қолданылып кетті.

 

– Рахмет!

Сұхбаттасқан 
Сапарғали Қанат

Опубликовано в Дін

Мемлекеттік білім гранты төңірегінде шу басылмай тұр. Грант бөлу мәселесі ешқашан дәл биылғыдай қоғамдық резоннанс тудырмаған шығар. Әуелі ҰБТ-ны өзгеше форматта өткізіп алдық та, соңыра грантты екі мәрте бөлуге тура келді.

 

«Алтын белгілер» өз алдына абдырап жүр. Себебі, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбенова ҰБТ-дан кейін: «Алтын белгілерге» ешқандай жеңілдіктер мен басымдық берілмейді», – деп мәлімдеген еді. Одан кейін Білім және ғылым министрлігі Ұлттық біріңғай тестілеуде төмен балл жинаған «Алтын белгі» иелері оқыған мектептерді тексеріп, медальды оңды-солды үлестірген мектеп басшылары міндетті түрде жазалайтын болды.

Хош! Мемлекеттік грант конкурсының нәтижесі белгілі болғаннан кейін, еліміздің әр аймағында бұл қорытындымен келіспейтіндер тіпті көбейді. Өткен аптада жоғары балл жинап, алайда грантқа іліге алмай қалған талапкерлер еліміздің әр-әр аймағында наразылықтарын білдірді. Әсіресе, «Алтын белгісін» ақтаса да, қалаған мамандығына түсе алмаған оқушы көп. Алматылық Бота Мұрат соңғы үш жылын күндіз-түні ҰБТ-ға дайындалумен өткізген. Бәрі де бір ғана «дәрігер болсам» деген асқақ арманы үшін. ҰБТ-да жинаған балы бойынша «Алтын белгісін» де ақтаған. Алайда, ол дәрігерлікке емес, АТУ-дың биотехнология мамандығына грантқа түскен. Сөйтсе, бір мамандықтан екіншісіне «секіру» түк емес екен, қалаған қаласына емес, басқа аймаққа оқуға түсуге тура келген. Ата-аналардың да, балалардың да көңілі қаяу. 

Ал Дина Сайлаубек 128 балмен «Алтын белгісін» ақтап, «Есеп және аудит» мамандығына тапсырған. Алайда, ол «Логистикаға» грантқа түскен. «Ал менің бұл мамандыққа оқығым келмейді», – дейді Дина.

Шымкенттік ата-ана Сапаргүл Өмірәлиеваның баласы 123 балмен медицина мамандығына түсе алмаған. Ал кентаулық Әлинұр Жарасқан 65 балмен «орман шаруашылығы» мамандығына грантқа іліккен. Осындай көптеген дау-дамай, пікір қайшылықтарынан соң министрлік грант тізімін екінші рет шығарып, гранттарды қайта бөлді. Ұлттық тестілеу орталығында Қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Министрлік өкілдері мемлекеттік гранттарды ҰБТ нәтижесі және ауылдық квота, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар, мүгедек балалар арасында бөлу туралы заң жобасын қайта қарастырып, бөлінетін гранттардың санын 4 пайызға көбейтті. Айта кетейік, биылғы оқу жылына мемлекеттен 37 932 білім гранты бөлінген болатын.

– Қолданыстағы заң бойынша «Алтын белгі» иегерлері артықшылық құқығына сәйкес гранттармен қамтылуы керек. Биылғы жылы оқу грантын бөлу байқауына 4360 «Алтын белгі» иегері қатысқан. «Өзге абитуриенттер жоғары балл алып кеткендіктен, аталған 1487 бала негізгі тізімнен шығып қалған. Сәйкесінше, 1487 бала ҚР БҒМ мен Денсаулық сақтау министрлігінің қаржысы есебінен оқуға түсетін болады, – деді Гүлзат Көбенова. Расында «Алтын белгілердің» арасында грантқа ілінбей қалғандары некен-саяқ. 

Биыл жергілікті билік органдары тарапынан да гранттар бөлінбек. 

«Жыл сайын әкімдердің беретін гранттары оқу үлгеріміне қарай, түлектерді ынталандыру түрінде берілетін. Ал биыл арнайы аймаққа қажетті мамандарды даярлау үшін берілетін болады. Облыс бойынша қандай маман тапшы, соған сәйкес жергілікті әкімшілік тапсырыс бере алады», – дейді Г.Көбенова. 

Кез келген ата-ана мен талапкер білім грантынан үмітті екені түсінікті. Биыл министрлік бакалавриат бойынша грант санын 6 мыңға көбейтті. Дегенмен, таңдау барысында ескеретін жайт – әр түрлі мамандық бойынша бөлінген гранттар саны да біркелкі деңгейде емес. Нәтижесінде әр мамандық бойынша білім грантын алу үшін белгілі бір деңгейде балл жинау қажет. Дегенмен, бұл – жаңалық емес. Былтыр да, алдыңғы жылы да осылай болған. Сол себепті талапкерлер мамандықтарға қандай бәсеке болатынын білулері үшін әр мамандық бойынша бөлінетін гранттар көлемі жыл сайын ҰБТ өткізілгенге дейін белгілі болады. 

Мамандық таңдау талапкерлер мен олардың ата-аналарының таңдауы болып табылады. Көбіне заң ісі, қаржы ісі сынды танымал, сондай-ақ, грант саны аз болінген мамандықтарға сұраныс түседі. Оған қоса, талапкерлер нақты бір ЖОО таңдайды. Сондықтан грант алу үшін ҰБТ ұпайлары әртүрлі мамандықтар мен ЖОО-ына қарай өзгешеленеді.

Сонымен қатар, ата-аналар ауыл квоталары мен жеңілдіктерді пайдаланатын басқа да категориядағы адамдардың бар екенін де ескеру тиіс. Ондай талапкер ҰБТ-дан алған ұпай санының төмен болғанына қарамастан грант иегері атанады. Бұл да жыл сайын қайталанатын жағдай. 

Күні кеше БҒМ Ерлан Сағадиев халықты алаңдатқан сауалдарға тоқталды. Гранттар экономиканың әлеуетті салалары бойынша бөлінетінін алға тартты. «Мысалы, есептеу техникасына 610, ал құқықтануға бар болғаны 45, жалпы медицинаға 2500 және стоматологияға 45. Бұл түрлі бағдарламаларда бекітілген. Жыл сайын жоғары балл алғандар грантсыз қалып жатыр, ал аз балл алғандар басқа мамандықтарға грантқа түсуде», – деді Сағадиев үкімет отырысында. 

Оның пікірінше, жыл сайын бұл ата-аналардың тарапынан көптеген сұрақ туындатып жатыр. Бұл жаңалық емес, жыл сайын процеске жаңа ұрпақ пен тәжірибесі жоқ ата-аналар мен балалар келіп жатқанын да ескеру қажет. Олар бірінші рет мұндайдан өтіп отыр. «Оның үстіне әлеуетті мамандықтар бойынша гранттар тізімі өте кеш шығады, бізде министрліктер мен әкімдіктермен көп дүниені келісу қажеттігін жинау жүйесі ауыр. Талапкер өз мүмкіндігін бағамдай алмайды, оған профильдік пән таңдауға және дайындалуға үлгермей жатады», – деді ҚР БҒМ басшысы. Ол министрліктің осы мәселе бойынша бірнеше шешімді ұсынатынын айтып өтті. Мысалы, белгілі бір мамандықтарға қанша грант бөлінетінін алдын ала үш жылға шығарып қою, яғни, үш жылдық бюджет аясында мүмкін мәліметтерді жариялау. Оның айтуынша, бұл мәселені биыл талқылап, шешімге келу керек. 

Сондай-ақ, министр жетекші оқу орындарында, әсіресе, Астанадағы ЖОО-ларда орын жетіспеушілігін айтып өтті. «Бұл ЖОО-лардың танымалдығымен байланысты, яғни, барлығы елордаға барғысы келеді. Сәйкесінше, жоғары балл жинаған балалар Еуразия ұлттық университетіне немесе Астананың медицианалық академиясына тіпті ақылы бөліміне түсе алмайды. Себебі орын жоқ. Биыл бұл мәселе тағы да талқыланады. Біздің ойымызша, мұны талқыға салып, бір шешімін табу керек», – деді Ерлан Сағадиев.

Тобықтай түйін. Иә, мамандық таңдауда романтик болған жақсы, әрине. Қазір әлемде 2000-ға жуық мамандық бар болса, біз соның 200-ін ғана біледі екенбіз. Сондықтан, ата-аналар мен талапкерлер қоғамға қажет мамандықтар мен бүгінгі еңбек нарығының сұраныстарын зерттеп алғаны дұрыс. Бір сөзбен, прагматик болғанның ешқандай айыбы жоқ.

Опубликовано в Білім

Биыл Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжін 125 студент бітіргелі отыр. Осыған орай колледжде студенттердің дипломдық жобасын қорғау жұмыстары басталды.

DSC 1289

Ерекше мамандық иелерінің қорытынды жұмыстары да жаңалыққа толы. Өйткені, графикалық кескіндеу, мүсіндеу, анимациялық графика, сәндік қолданбалы өнер және халықтық кәсіпшілік, дизайн, көркем сурет мамандықтары бойынша оқу орнын тәмамдайтын әрбір студент өз бетінше жұмыс істеп, туындысының мән-мағынасын тарқата отырып комиссия мүшелеріне еңбегін таныстырады.

DSC 1302

– Біздің колледждің студенттеріне білікті мамандар дәріс береді. Атап айтқанда, суретші Рауан Мейірбеков анимациялық графика мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттерді оқытады. Ол елімізге танымал «Қошқар мен Теке», «Қазақ елі» анимациялық мультфильмдеріне атсалысқан. Сондай-ақ, биыл диплом алатын студенттер Едіге Тұрлыбеков, Араншы Шаржанов, Қалтөре Атамқұлов сынды білікті мамандардан тәлім алды. Ал графикалық кескіндеу бойынша «Бал Текстиль» кілем-тоқыма фабрикасында бұдан алдын бітірген студенттеріміз жұмыс істеп жатса, қазіргілері сол фабрикада өндірістік тәжірибеден өтті, – дейді колледж директоры Дидар Асқарбекұлы.

Колледж басшысы А.Айдарбековтың айтуынша, бір ғана «Сәндік қолданбалы өнер және халықтық кәсіпшілік» мамандығы студенттердің бес түрлі салада шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, металдан түрлі бұйымдар жасап, ағаштан, керамикадан естелік кәдесыйлар әзірлейді. Сонымен қатар, теріден, тоқымадан дайындалған қолөнер бұйымдарын да осы мамандық иелері жасайды.

DSC 1227

Биыл Ә.Қастеев атындағы колледжді бітіретін 125 студенттің 73-і дизайнер. Дипломдық жұмысын үздік деген бағаға қорғап шыққан Аяулым Камардиннің шығармашылығымен жақын таныстық.

– Дипломдық жобамды «АLJAMAL» деп атадым. Бұл сөз араб тілінен аударғанда «белгілі сұлу» деген мағынаны білдіреді. Кешкі салтанаттарға киюге арналған киімдерге изумруд түсін таңдадым. Изумруд – байлықтың, тұрақтылық пен парасаттылықтың, ұстамдылықтың және беріктіктің символы. Костюм сәніне аздап шығыстық, яғни араб киім үлгілерінің элементтерін қостым. Ал сол сәнге қазақтың ою-өрнегін қондырдым, – дейді болашақ дизайнер.

DSC 1155

Аяулымның қолдан өрген оюлары комиссия алқасының ең жоғарғы бағасына ие болды. Ол – Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжіне 9 сыныптан кейін оқуға түсіп, 3 жыл 10 ай кәсіби білімін шыңдады. 

– Қазір студенттердің барлығы дерлік бір-бір дайын маман. Қаржылық демеушісі болса, әрқайсысы өз кәсібін ашып, оны дөңгелетіп әкетуге дайын, – дейді колледж директоры Д.Айдарбеков.

Опубликовано в Мәдениет

Мамандық таңдау. Әр адамның өмірінде ең маңызды шешімнің бірі. Дәл қазір түлектер мамандыққа байланысты бас қатыруда. «Кім болам?», «Қай ЖОО-на тапсырамын?» дегендей сауалдар әр талапкер үшін көкейтесті. Осы орайда елімізге қандай мамандар қажет? Өзіміздің өңір орталығында қай ЖОО сұранысқа ие һәм жоғарғы білімнің ақысы қандай? Қолжетімді ме? Біз бүгін осы сауалдарға жауап іздемекпіз.

Нарық заманында кім-кім де табысты мамандыққа қол жеткізгісі келеді. Қазақстанда табиғи газдан шикі мұнай өндіретін компания жетекшілерінің табысы жоғары екен. Олардың орташа айлық жалақысы 1 миллион 197 мың теңгені құраған. Бірақ, екінің бірі бастық бола алмайды. Психолог Герман Владимировтың айтуынша, қазақ халқында қатып қалған қағида бар. «Менің балам бастық болады» деген. Сөйтіп екінің бірі есепші мен заңгерлікке оқытып жатқаны. 

– Талапкерлердің көбісі 11-ші сыныпты бітіріп, ҰБТ тапсырғаннан кейін ғана болашақ мамандығы жайлы ойлана бастайды. Қабылдау комиссиясына құжат тапсыруға барғанда барып желкесін қаситындар бар. Әсілі олай болмау керек. Ең бірінші ата-ана баласымен кішкентай кезінен болашақ мамандығы туралы сөйлесіп, мақсаты анықталуы керек. Мұрынға тақалғанда шешім қабылдау ешкімге абырой әпермейді, – дейді психолог. 

Иә, осынау өмірлік маңызды шешімді ата-анамен ойласып қабылдаған жөн. Бірақ бітіруші өз жүрегінің қалауын да назардан тыс қалдырмауы қажет. Бұл тұрғыда да психолог мамандар ата-ана қалауынан жүрек қалауы маңызды екенін алға тартады. 

Қазір әлемде 4 мыңға жуық мамандық бар болса, біз соның 1000-ға жуығын ғана біледі екенбіз. Заман ағымына қарай мамандықтар да жаңарып отыр. Технология мен инновацияның қарыштап дамуымен елімізде жас буынға ЖОО-нан кейін табысы жақсы жұмысқа орналасуға мүмкіндік артуда.

 

Қазақстанға қандай мамандар қажет?

Еңбек нарығындағы жағдай жыл сайын өзгеруде, сондықтан өзгерістер мен жаңалықтарды қалт жібермеу керек. 2016 жылғы еңбек нарығын сараптай келе, Қазақстандағы сұранысқа ие 10 мамандық тобын ұсынамыз:

1. Инженерлер

Қазіргі таңда Қазақстанда кәсіби инженерлер мен техникалық мамандардың тапшылығы байқалады. Инженерия – бұл өнеркәсіп пен мұнай өңдеу өндірісі, сәулет және т.с.с қамтитын техникалық қызмет. Жоғары білікті мамандардың жетіспеушілігінен отандық компаниялар шетелден инженерлер алдыртуға мәжбүр.

2. IT-мамандар

Ақпараттық технологиялар – ақпаратты іздеу, жинау және сақтау, т.б. үдерістерінің жиынтығы. Ақпараттық технологиялармен байланысты негізгі және қажетті мамандықтың бірі – бағдарламашы. Оның негізгі міндеттерінің бірі – бағдарламалық қамсыздандыруды қамтамасыз ету мен жұмыс қабілеттілігін қолдау. Жыл өткен сайын ІТ саласында айтарлықтай елеулі, тың жаңалықтар орын алуда. Бұл әр түрлі салада ІТ-мамандарына сұранысты арттыруда. Бүгінде кез келген отандық компания web-дизайнер, SEO-маманы немесе бағдарламашы іспетті ІТ-мамамына зәру деп толық сенімділікпен айтуға болады.

3. Дәрігерлер

Иә, дәрігерлер қай заманда да, қайсыбір елде де сұранысқа ие. Дәрігер мамандығы қиын әрі жауапкершілігі орасан мамандықтың бірі, себебі науқастың ауруын дәл анықтау үшін білімділік, нақтылық пен зеректік қажет.

4. Мұғалімдер

Мұғалім де солай. Дәл қазіргі кезеңде Қазақстанда жоғары білікті, тәжірибелі мұғалімдер жетіспейді. Технологиялық төңкеріс ғасырында ақпарат өте жылдам таралады, сондықтан 21 ғасыр мұғалімдеріне өте жоғарғы талаптар қойылуда. Сондықтан да болар, қазір бұл қасиетті мамандыққа сұраныс өте жоғары болып тұр.

5. Маркетологтар

Шағын және орта бизнестің дамуы маркетолог мамандарға сұранысты арттырды. Дәл қазір сауда көрсеткішін көтеруге көмектесіп, кәсіпті жаңа деңгейге көтеретін маркетингтің түрі көп. Көптеген қазақстандық компаниялар ресейлік маркетингтік компаниялардың жоғары білікті мамандарының көмегіне жүгінеді.

6. Менеджерлер

Менеджер – өндірісті басқарумен айналысатын маман. Менеджерлердің негізгі жұмысы компанияда немесе өндіріс орнында жұмыс барысын ұйымдастыру. Қазақстанда «менеджер» ұғымы сәл бұрмаланғаны бар, көбісі бұл сөзді қатардағы қызметкер немесе жаңашылдыққа ұмтылмайтын, сіресіп қалған қызмет деп түсінеді. Алайда менеджер – тұтас компания немесе бөлімге, жобаға жауап беретін, қадағалайтын адам.

7. Қонақүй ісі мен туризм саласындағы мамандар

Тұрғындардың жалпы табысы жыл санап көбеюде. Біз 17 млн 994 мың адамнан тұратын жас мемлекетте өмір сүреміз. Біздің негізгі проблемаларымыздың бірі – сапалы қызмет көрсету. Еуропа мен АҚШ елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, сапалы қызмет көрсетуге сұраныс жыл сайын көбейе бермек және оның басты себептерінің бірі Қазақстан тұрғындарының қажеттілік деңгейі өсуде. Сондықтан да қызмет көрсетуге байланысты мамандықтар елімізде және елімізден тыс жерлерде де ұдайы сұранысқа ие бола бермек. Туризм саласындағы жалғыз және ең маңызды өзгерістердің бірі, уақыт өте келе мамандар оффлайннан онлайн түрдегі жұмысқа өте бастайды.

8. Есепші-кассирлер

Бұл мамандық аса жауапты мамандықтың бірі. Сондықтан оны таңдарда міндеттері мен құқықтарын жақсы оқып, білу керек. Көптеген компаниялар бухгалтерия мен аудит жөнінде аутсорсингтік компаниялардың көмегіне жүгінетініне қарамастан, есепші мамандығы дамыған және дамушы елдерде сұранысқа ие мамандықтың бірі болып қала бермек.

9. Логистер

Ірі және шағын бизнестің дамуы елімізде және елімізден тыс жерлерде тауар тасымалдаумен тікелей байланысты. Осылайша материалдар мен ақпараттар тасқынын басқара алатын мамандар тапшылығы сезілуде.

10. Биотехнологтар

Биотехнология – биологиялық жүйе мен оның элементтерін пайдалану үдерісі. Қазақстандықтар биотехнологияны ауыл шаруашылығында, молекулярлық медицинада және биофармацевтикада қолданып жүр. Бұл салада да еліміз бойынша кадр тапшылығы қатты байқалуда.
Аталған мамандықтар қажеттілігінің негізгі себебі Қазақстан нарығындағы экономика өсуіндегі өзгеріс болып отыр.

 

Шымкентте оқу ақысы қандай?

Оңтүстік Қазақстан облысында 12 ЖОО, 93 колледж бар. Біз облыс орталығы Шымкент қаласындағы бірнеше университет пен колледжді аралап, ондағы оқу ақысын сұрастырып көрдік. Жоғарғы жаңа технологиялар колледжінде студенттерді 12 мамандық бойынша оқытады. Солардың ішінде ақпараттық жүйелер, ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану, гидротехникалық құрылыс мамандықтары аса сұранысқа ие көрінеді. 

Аталған колледждің Студенттер контингентін қалыптастыру бөлімінің басшысы Айсұлу Дәуренбаева өңір бойынша «жоғары» деген дәрежені бірінші болып алғанын айтады. 

– Жоғарғы жаңа технологиялар колледжінің бір ерекшелігі, тоғызыншы сыныпты бітірген оқушылар бірден бакалавр деңгейіндегі жоғарғы білім ала алады. Басқа колледжді бітіріп келгендер де 1 жыл 10 ай оқып, жоғарғы білім алуына болады. Олар кешенді тестілеуден өтпей-ақ әңгімелесу түрінде қабылданады. Соны ескерген жөн. Қазіргі таңда техникалық мамандықтарға сұраныс көп. Сонымен қатар құқықтану, есеп және аудит мамандықтары да олардан кем түспейді. Оларға арнайы грант берілмесе де, келісімшарт негізінде қабылданады. Оқу ақысы биыл 180 мың теңгеге көтерілді. Ал екінші жоғарғы білім алу үшін колледж бітіргендер сыртқы бөлімге – 156 мың теңге, күндізгі бөлімге – 228 мың теңге төлейді, – дейді Айсұлу Әліпқызы. 

Ал Шымкент экономикалық колледжінде үш-ақ мамандыққа, яғни, қаржы, есеп және аудит, бағдарламалаушы мамандығына оқытады.

– Оқу ақысы күндізгі бөлімге – 110 мың теңге, сыртқы бөлімге – 85 мың теңге, – дейді колледж директоры Асылбек Құтжанұлы. 

Таяуда ғана университет дәрежесін алған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде 30-дан аса мамандық бар.

– «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «физика», «биология», «дизайн» және «аударма ісі» мамандықтарына сұраныс көп. Әсіресе биологияны таңдайтындар көп, – дейді ОҚМПУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Халима Сартаева. Оның айтуынша, оқу ақысы күндізгі бөлімге – 285 мың теңге, сыртқы бөлімге – 140 мың теңге. Барлық мамандықтарға оқу ақысы бірдей. 

20170609 122503Биыл М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 85 мамандық бойынша құжат қабылдайды. Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Құрманғали Сарықұлов (суретте) ауыл шаруашылығы, заңтану, биотехнология және ақпараттық технологиялар, сондай-ақ кітапхана ісі мамандықтарына сұраныс көп екеніне тоқталды. Басқасы басқа, кітапхана ісіне келуші жастардың көбейгені таңданыс туғызды. Сөйтсек, қазір кітапхана ісі жанданып, бұл салаға қажеттілік артқан. Бұл мамандық Қазақстан бойынша 4-ақ университетте оқытылады екен. Құрылыс мамандығын алуға ниет білдірушілер де көбейген. 

– ОҚМУ-да оқу ақысы педагогикалық мамандықтарға – 280 мың теңге, гуманитарлық ғылымдар және әлеуметтік ғылымдар және бизнес мамандықтарына, сондай-ақ жаратылыстану ғылымдарына, қызмет көрсету мамандықтарына – 342,900 теңге, өнер мамандықтары – 371 мың теңге, техникалық ғылымдар және технологиялар – 346 600 теңге, ветеринария – 349 400 теңге. 

Сонымен қатар биыл ҰБТ-ның жаңа форматта өтуіне байланысты өтетін уақыты да өзгерді. Жалпы бітірушілерді көптеген жаңа өзгерістер тосып тұр. Кешенді тестілеуден құлап қалғандардың құжаты былтыр 20-маусымнан бастап қабылданған. Ал биыл 1-20 маусым аралығында қабылдануда. Құрманғали Рахымберді-ұлы «талапкерлер құжат тапсыру уақытынан кешігіп қалмаса екен» дейді.

Опубликовано в Білім

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі күші. Аграрлық білім мен ғылымның дамуы арқылы ауыл көркейіп, мемлекет өркендейді. Бүгінгі күні мемлекет агроөндірістік кешеннің дамуы үшін барынша жағдай жасап отыр. Бұл ретте ауыл шаруашылық мамандарына қойылатын талап та заманға сай жаңаруда.

photo 758

Ауылға өзгеріс пен жаңалықты әкелетін білім мен ғылым. Білім мекемелерінің түлектері жаңа форматтағы ауылдың темірқазығына айналуы тиіс. Өз тәжірибемізге келсек, Қазақ ұлттық аграрлық университеті Елбасы анықтап берген нақты стратегиялық бағыттармен жұмыс істеп келеді. 87 жылдық терең тарихы бар отандық аграрлық білім мен ғылымының қара шаңырағы, ұлтымыздың аграрлық сала мамандарының ұстаханасы саналатын университетіміз негізінен ауыл экономикасын көтеруге қызмет ететін білікті кадрлар даярлайды. 

Ауылдан шыққан жастар білім алатын университет түлектерінің басым бөлігі бүгінде ауыл зиялылары контингентін қалыптастыруға негіз бола жүріп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбекке араласып, елге қызмет етуде. Біздің мақсатымыз – ауыл-ауылдардан келген студенттерге тиісті білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру. 

Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығы құрамына 23 ғылыми-зерттеу институты, 14 тәжірибелік стансасы, коммерцияландыру мен білім беру орталығы және 3 аграрлық жоғары оқу орны кірді. Бүгінде осы орталық құрамындағы еліміздің 3 жетекші аграрлық жоғары оқу орны базасында агроиндустриалдық кластерлер құрылды. Біздің университетіміздің базасындағы «Оңтүстік және оңтүстік-шығыс» кластері құрамына 16 ғылыми-зерттеу институты, 20 тәжірибелік шаруашылықтар мен 100-ден астам ірі компаниялар кірді. Мұндай кластерлер құру аймақтардағы қордаланып қалған мәселелерді жедел шешуге, шаруашылықтардың жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне айтарлықтай ықпал етуде. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында университет ғалымдарының жасаған арнайы іс-сапарларының нәтижесінде Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында пилоттық аудандар анықталды. Осы бағыттағы жұмыстар еліміздің басқа да өңірлерінде қолға алынбақ.

Құрылымдық сипаты өзгергеннен кейін, биылғы жылдан бастап оқу орнымыз зерттеу университетіне трансформациялаудың жаңа даму жолына шықты. 2016 жылы университет базасында Агротехнологиялық Хаб құрылды. Бұл университет дамуының жаңа сатыға көтерілуіне мүмкіндіктер берді.

Халықаралық талаптарға сай құрылған Агротехнологиялық Хаб аясында орындалатын зерттеулер импорт алмастыру мақсатында экспортқа бағытталған өнім өндірісін ұлғайту, шет елдердің озық технологиясын тарту үшін қажетті жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты өзекті мәселелерді инновациялық жолмен шешуге барынша жағдай туғызды. Қазіргі кезде Агротехнологиялық хаб негізінде АҚШ, Еуропа және Азия мемлекеттеріндегі 36 ғылыми орталықтармен тығыз әріптестік байланыстар орнатылып, әлемнің 13 беделді жоғары оқу орындарымен қос дипломдық білім беру бағдарламасы іске асырылуда. 

Әлемдік нарықтағы мұнай мен метал бағасының едәуір төмендеуі және экспорттық тауарларға деген сұраныстың азаюы – Қазақстан экономикасына, оның ішінде ауылшаруашылық саласының дамуына кері әсерін тигізуде. Сондықтан, отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілерге нақты қолдау көрсету үшін «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заң қабылданып, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жобасы әзірленді. Қазіргі кезде бұл заң жобасы Үкіметке бекітуге ұсынылды. Аталған жобада ауылшаруашылық өндірісті заман талаптарына сай дамытуға бағытталған жаңа даму басымдықтары ұсынылды. 

Мемлекеттік бағдарлама-ның басты міндеттері – мал шаруашылығын жемшөптік базасын кеңейту негізінде оның тиімділігін 58%-ға және басымды дақылдар өндірісін ұлғайту арқылы өсімдік шаруашылығының тиімділігін 40%-ға арттыру. Ірі кооператив құру үшін 670 мың ұсақ тауарөндірушілерді өндіріске тарту жоспарланған. Өнім өндіру мен өткізудің ауқымды жүйесін құру арқылы ауылшаруашылық кооперацияларын дамыту негізінде ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру, ауыл шаруашылығын субсидиялаудың заманауи әдістері негізінде мемлекеттік қаржылық қолдаудың тиімділігі мен оның қолжетімділігін арттыру қарастырылған. Бұл бағытта 2021 жылға қарай 25 мың несие алушыға тең дәрежеде 300 млрд. теңге бөлінбек. Техникалық жабдықталу деңгейін арттыру, тиімді шетелдік технологиялар трансфертін ұйымдастыру, ақпаратпен қамтамасыз ету, жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері де жолға қойылмақ. Бұл үшін жаңа бағдарлама бойынша республикалық және жергілікті бюджеттен 2374,2 млрд. теңге бөлу қарастырылған. 

Аталған бағытта университет ғалымдарының атқарып жатқан жан-жақты заманауи зерттеу жұмыстары өз нәтижелерін беруде. Атап айтқанда: азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету; жер, су ресурстарын сақтау; топырақты қорғау; Қазақстанның жері мен табиғи ерекшеліктерін ескеретін ауылшаруашылығы техникаларын жасап, іске қосу; ауыл өндірісінің материалдық-техникалық ресурстарын жаңарту; ауылдық аймақтардың әлеуметтік инфрақұрылымын заман талаптарына сай қалыптастыру; дәнді дақылдар мен мал тұқымдарын асылдандыру; фитосанитария салалары бойынша ғылыми бағытта нақты іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Бүгінде агроқұрылымдар өндірісте үлкен жетістікке тек ғылым арқылы жетуге болатынын жақсы түсінулері керек. Осы мақсатта біз студенттеріміздің, магистрантранттар мен PhD докторантарымыздың өндіріс орындарында тәжірибеден өту мәселесіне баса назар аударып, бүгінгі күні оқу жоспары мен академиялық күнтізбені қайта қарап, білім алушының өндірістік тәжірибеден өту мерзімін 5 айға дейін ұзарттық. Бұл ретте студент 10 апта аудиторияда тәжірибелік сабақ алса, мамандығы мен ауыл шаруашылығындағы саласына байланысты 10 апта өндіріс орнында болады. Жекелеген мамандықтар бойынша теориялық сабақтар да өндіріс базасындағы оқу-білім беру орталықтарында өткізіледі. Бұл жерде айтатын бір мәселе, барлық дипломдық, магистрлік және докторлық диссертациялар cтуденттердің өздері шыққан өңір бойынша зерттеліп, жазылуы керек. 

Ұлттық зерттеу университетіне трансформацияланып жатқан оқу орнының бүгінде 28 кафедрасында 800-ден астам жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді. Олардың арасында ҚР ҰҒА 17 академигі, 138 ғылым докторы мен 281 ғылым кандидаты, 30 PhD докторы бар. Соңғы жылдары 150 жас ғалым әлемнің озық оқу орындарында тәжірибе жинақтап, оқытушы-профессорлар құрамын толықтырды. 2015-2016 оқу жылында университетте 5985 адам білім алды. Оның ішінде 4811 бакалавр,1038 магистрант, 136 докторант бар. Оқу орнында 27 ұлттың өкілі оқиды. Жыл сайын магистранттар мен докторанттар QS рейтингіне кіретін шетелдік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтеді. 

Университет өткен жылы 5 жылға институционалдық, ASIN, ACQUIN (Германия) агенттігінен халықаралық, барлық мамандықтар бойынша арнайы аккредитациядан өтті. QS рейтингі бойынша 2016 жылы дамыған Еуропа және Орталық Азия университеттірінің арасында 200 жоғары оқу орындары ішінен 86-орынға ие болып, 100 озық ЖОО қатарына енді.

Қадірлі ауыл жастары, ауылшаруашылық саласының еңбеккерлері – сіздерді Қазақ ұлттық аграрлық университетіне озық білім мен мол тәжірибе алуға шақырамын. Мен де Қазақ ұлттық аграрлық университетінің түлегімін. Өмірімнің маңызды кезеңдері қоғамдық, еңбек пен ғылыми жетістіктегі жемісті белестерім университетімен тығыз байланысты. Біздің университеттің басты басымдылықтары - интеллектуалды жағынан жетік жастарды баулып, жоғары білімді де білікті мамандар даярлау және өз Отанымыздың патриоттарын тәрбиелеу. Туған ауылыңды көркейтуге еңбек сіңіріп, туған халқыңа шын ынта жігеріңмен өз үлесіңді қосып, ел экономикасының бастауы болып отырған ауыл шаруашылығының білікті маманы болғың келсе – университетіміздің есігі қашан да ашық.

 

Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық
университетінің ректоры, ҰҒА Вице-президенті, академик

Опубликовано в Білім
Страница 1 из 2