Среда, 18 Апрель 2018 07:45

Жалынды жас, уақытыңды бағала!

Шымкентте ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ көшпелі пленарлық отырысы өтті. «Open Talks» ашық диалог форматында өткен жиында екі мәселе қаралды. Алдымен бүгінгі қазақ жастарының бойындағы құндылық жайы сөз болып, оның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалыптасуының негізгі аспектілері аталды. Сондай-ақ, жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру жайы талқыланды.

КӨРМЕ

Құрамында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев, Парламент депутаттары, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев және орталық, жергілікті органдардың басшылары, жастар ұйымдарының өкілдері бар топ алдымен арнайы көрмені тамашалады. 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына жылдан астам уақыт өтті. Тоғыз бөліктен тұратын қорытынды көрме осы бағдарлама аясында өңірде жүзеге асырылған жұмыстарға арналған.

Көрмедегі ұлттық киімдер, облыстың көркем жерлері бейнеленген фотосуреттер, Астана қаласының 20 жылдығына арнап тоқылған кілемдер көздің жауын алады. Бұдан кейін облысымыздың тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін анимациялық мультфильмдер, деректі фильмдер. Мұнда «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая мен «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық және «Ұлы Жібек Жолындағы ескерткіштер» фильмдерін тамашалауға болады. Алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ фильмдерінің қоржыны «Үш би» көпсериалды фильмі мен «Ордабасы – бірліктің туы», «Көне Түркістан», «Шымкент тарихы», «Оқсыз оқиғасы» атты анимациялық фильмдермен толығады деп жоспарланған. Ал ақын-жазушылардың туындылары мен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген азаматтар туралы кітап көрмесі өз оқырмандарын күтеді.

 

ЕЛІМІЗДЕГІ 132-УНИВЕРСИТЕТ

Көшпелі кеңес отырысына төрағалық жасаған Гүлшара Әбдіқалықова алғысөзді Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жас Отан» жастар қанатының IV cъезіне жолдаған құттықтауымен бастады. Президенттің жастарды жан-жақты дамуға – спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің бай мұрасын танып-білуге, ең бастысы, әлемдік деңгейдегі кәсіби маман болуға шақырғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 100 жаңа оқулық жобасы қолға алынғанын, енді қазақ жастары әлемдік бестселлер туындыларын ана тілінде оқи алатынын айтты. Оңтүстік өңірі үшін бұл үлкен жаңалық. Жастарға көмек деп ойлаймын, – деді Гүлшара Наушақызы.

Ал ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі, кеңес төрайымының орынбасары Д.Кәлетаевтың бүгінгі қазақ жастарының құндылық пайымдары және өзекті аспектілері туралы жасаған баяндамасы осында жиналғандарға салмақты ой тастады. Бейнебаян әр адам жеке өмірінің кенжелеп қалған тұстарына қоғамды кінәлаумен шектеліп, «алма піс, аузыма түс» деген түсінікпен уақытын өткізіп алуға болмайтынын ұқтыруға арналды.

Жалпы, Оңтүстікте жастардың сапалы білім алуына жағдай жасалуда. Өңір басшысы Ж.Түймебаев астаналық қонақтар алдында өңірдегі жастар саясаты туралы баяндады.

– Елбасының саясатына сәйкес, соңғы екі жылда облыста екі мемлекеттік жоғары оқу орнында 1000 орындық жатақхана соғылып, пайдалануға берілді. Ал биылғы ІІ жарты жылдықта студент жастарымызға арналған тағы да екі жатақханың құрылысын бастау көзделіп отыр, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, облыстағы жоғары оқу орындарында 7200-ден астам студент-жастар тұратын 26 жатақхана бар. Ал ең басты жаңалық Шымкент қаласы аумағында ең үлкен «Қазақ жаңа инновациялық университетін» салу жоспарлануда. Бүгінде білім ордасына 150 га жер бөлінген. Бұл оқу орнында он мыңға жуық студент білім алады деп күтілуде.

Пленумда жастардың туған елге қызмет етуі де сөз болды. Арыстанбек Мұхамедиұлы өз әріптесін үлгі ретінде көрсетті.

– Елге қызмет ету үшін жастардың міндетті түрде шетелде білім алуы шарт емес, – деді мәдениет және спорт министрі. – Бүгін алдарыңызға министр болып келіп отырған Дархан Аманұлы Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданында мектеп бітіріп, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған. Туған елде білім алып, еңбек тәжірибесін де Қазақстанда арттырды.

Министр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұдан әрі қазақ кино қорының тарихи дүниелермен байи түсетінін және оған жергілікті «САҚ» киностудиясының қосар үлесі зор екенін атап өтті.

 

ЖАС СПОРТШЫЛАРМЕН ЖҮЗДЕСУ

DSC 9005

Бұдан кейін мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Шымкент қаласындағы №5 спорт мектебінде жас спортшылармен кездесіп, пікір алмасты.

DSC 8764

– Бүгінгі таңда әлемдік спорт алаңында Қазақстанның өз орны бар. Елбасымыз Н.Назарбаевтың спортшыларға деген құрметі ерекше және өзі де маңызды шаруалардың көптігіне қарамай спортпен айналысуға міндетті түрде уақыт бөледі. Еліміздің осы бағытта жеткен жетістіктеріне Оңтүстік Қазақстаннан шыққан спортшылардың қосқан үлесі зор. Міне, осындай нәтижелі жетістіктер мен көрсеткіштерге орай спорт саласын дамытуға қаржы бөлініп, түрлі жаттықтыру алаңдары пайдалануға беріліп жатыр. Құрметті жас спортшылар, осы мүмкіндіктерді толығымен пайдаланып, жеңіс тұғырының биігінен көрінеді деп сенеміз. Бастысы, уақытты тиімді пайдалана біліңіздер, – деген министр жастарға сәттілік тіледі.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 11 Апрель 2018 04:50

СУИЦИД оған не себеп?

1. Дерт пе, қиыншылық па?
2. Бала «белгі» береді
3. Қайтпек керек?


Шымкентте жасөспірімдердің өз өзіне қол жұмсау дерегі азаймай тұр. Мәселен, 2017 жылы 7 суицидтік жағдай тіркелсе, биылғы жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айларында шымкенттік 8 оқушы жантүршігерлік қадамға барып, төртеуі өмірмен қоштасты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстан Орта Азия елдері арасында суицид көрсеткіші бойынша алдыңғы орында тұр. Шынтуайтында, жасөспірімдердің өлімге асығуына не себеп?

 

70 пайызының жүйке жүйесінде өзгеріс бар

Медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Сәдібек Пазылбеков өз-өзіне қол жұмсау ұлтымызда болмаған кесел екенін айтады. Оқытушы – Шымшаһарда 1994-2003 жылдары белең алған суицид дертінің себептерін зерттеген маман. 

– Тәуелсіздік алып, нарықтық экономика өтіп, жұмыссыздық, жоқшылық басталған жылдарда халықтың жүйкесі сыр бере бастады. Әйелдерге қарағанда ерлер арасында өзіне-өзі қол жұмсағандар саны 4 есеге артты. Сол кезде 800 мың халқы бар Шымкент қаласында 690 адам асылу арқылы өз өмірін қиған. Бұл – сот сараптама құжаттарының тіркелуі бойынша анықталған статистика ғана. Сол уақытта зерттеу нәтижесінде өзіне қол жұмсаудың 41% белгісіз, 18% жан ауруынан, 18% тұрмыстық қайғылардан, 6% құмарлықтан орын алса, қалған аз пайызын ақша жоғалту, өмірге тойыну секілді жағдайлар құрағаны анықталды, – дейді Сәдібек Пазылбеков.

Доцент қазіргі таңда жасөспірімдердің 70%-ның жүйке жүйесінде өзгерістер бар екенін айтады. Оқытушы мұның себебін жаһандану кезіндегі ақпарат легінің шамадан тыс келуімен түсіндіреді.

– Әлеуметтік желілер, интернеттегі жағымсыз дүниелер жүйкеге ауыр салмақ салады. Жастардың көбісі қазір артық әңгімені ұнатпайды, агрессивті. Ата-анасының «жоқ» деген бір ауыз сөзін ауыр қабылдап, өмірден түңілуге бейім. Мұны ауруға жатқызуға болады. Олармен жұмыс істейтін маман – психологтар. Қаламызда кәсіби психологтар жоқтың қасы. Мектептегі психологтар суицид дертіне бейім балаларды анықтайтын тесттің қарапайым әдістерін білмейді. Егер мектептегі жауапты мамандар сауатты болса, мұншалықты жағдайға жетпес пе едік, – дейді ұстаз.

Маманның айтуынша, өлімге асығатындар көбінесе жүйке ауруына шалдыққандар, олар депрессияға ұшырағандықтан, өмірге үмітсіздікпен қарайды екен. Сондықтан, баланың бойында аурудың белгілері байқалғанда психологтың көмегіне жүгіну қажет. Ал облысымыздың бас суицидологы Наушарман Боранбаева науқасқа шалдыққан балалардағы кеселдің белгілерін алдын ала байқауға болатынын айтады.

shymkala28-1

Бала байбаламын «өлім» арқылы жеткізгісі келеді

– Қазіргі таңда өзіне-өзі қол салу біржақты патологиялық тұрғыдан қарастырылмайды. Жасөспірімдердің 10 пайызы шынайы өлгісі келсе, 90 пайызы көмекке шақырған жан-айқайы болып есептеледі. Балалардың бақытсыздығына, олардың өз-өзіне қол салу әрекеттеріне баруына көп жағдайда отбасындағы жайсыздық пен мектептегі түсінбеушіліктің салдарынан болады. Балаларға жай ғана киімін, тамағын тауып беру аз, олар үнемі ата-ананың жылуын сезініп, жақсы көретінін біліп өсуі тиіс. Ал әке-шеше өз дәрежесінде көңіл бөлмейтін бала ешкімге керексіздігін түсініп, психологиялық стреске тап болады. Әсіресе, 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдер өте әсершіл, кез-келген нәрсені жүрегіне тез қабылдағыш келеді. Түсіністік болмаған жағдайда осы жастағы балалар түрлі жағдайларға ұрынады, – дейді бас суицидолог.

Маманның дерегінше, дәл қазіргі таңда орын алып жатқан суицидтің 69,0% - белгісіз, 23,9% - отбасындағы жанжалға байланысты туындайды екен. Жасөспірімдік өтпелі кезеңнің дағдарысынан туындайтын баланың ішкі күйзелісінен, ата-анасына сырын айта алмауынан, өзін қамқорсыз сезінуінен осы қадамға баратын көрінеді. 

Сондықтан балаға қашан да ата-ананың түсіністігі мен арнайы маманның көмегі қажет. Осы бағытта мектеп мұғалімдері мен психологтары баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді бақылап, аңғара отырып, олармен жұмысты жандандыра түсуі тиіс дегенді айтады жауапты маман.

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мониторинг жүргізгенде суицид оқиғалары Шымкент қаласында, Сайрам, Мақтаарал және Қазығұрт аудандарында көбірек байқалған.

 

Суицидке қарсы жаңа бағдарлама іске қосылды

Екі айдың ішінде 6 оқушының өзін өлімге итермелегені білім саласының бас ауруына айналғаны жасырын емес. Сондықтан қазір сала мамандары жағдайдың мән-жайын зерделеуді қолға алып, тығырықтан шығудың жолдарын қарастыруда.

Осы мақсатта қалалық білім бөлімінің мамандары суицидтің алдын алу үшін ата-аналар арасында арнайы сауалнама жүргізген. Сауалнамаға қатысқан 3500 оқушының ата-анасы «Балаңызды үнемі қадағалайсыз ба?» деген сұраққа 49 пайызы «Үнемі емес» деп, ал «Үйдегі кикілжіңге балаларыңыз куә бола ма?» дегенге 57 пайызы «Ия» деп жауап берген. Баласының ұялы телефонын қаншалықты қадағалайтыны жөнінде 28 пайызы қадағаламайтынын жеткізген. Ал 82 пайызы өз перзентіне тиесілі телефонның паролін де білмейтінін айтыпты. Және осы оқушылардың 68 пайызы смартфон ұстайтыны анықталып отыр. 

– Білім ұяларында оқушылардың өз-өзіне қол салған оқиғалардың барлығы жан-жақты зерделенді. Нәтижесінде ата-аналардың балаларын қадағалауы, бақылау жасауының төмендігі және тұрмыстық жағдайдың нашарлығы да әсер еткені анықталды. Әлімжеттіктік, ақша бопсалау салдарынан орын алған бір оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүруде, – деді Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева. 

Қаланың бас ұстазы бұл тұрғыда мектеп психологтарының біліксіздігін жасырмады. – Жоғарғы оқу орындарында психолог мамандарды даярлап жатқанына енді 2 жыл болды. Осы кезге дейін білім мекемелеріндегі психологтар сырттай оқыған не болмаса бастауыш сыныптың педагогикасы мен психологиясы мамандығын меңгерген мамандар болды. Сондықтан психологтардың жұмыс істеудегі кәсіби біліктілігі өз деңгейінде деп айтуға болмайды. Қазір осы бағытта да жұмыс істеп жатырмыз, – деді Ж. Арысбекқызы.

Жуырда мәселені шешудің бір тетігі ретінде қалалық білім бөлімі «Bilim Foundation» қоғамдық қорымен бірлесіп, жаңа жобаны іске қосты. «Жасөсіпірімдердің өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» атты бағдарлама 7 бағыт бойынша жұмыс істемек. Мұнда қала мектептеріндегі әр оқушының әлеуметтік жағдайы зерделеніп, олар туралы мәліметтер жинақталады. Бұдан бөлек психологтардың біліктілігін көтеру және балаларға сабақ беретін педагогтардың психологиялық жағдайы сарапқа салынады. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану жолдары қарастырылып, ата-аналармен жұмыс күшеймек. 

 

Сенім телефонына хабарлас

Адамдардың өз еркімен өмірін қию проблемасын дәрігерлер, психологтар, психотерапевтер мен ғалымдардың зерттеп келе жатқанына аз уақыт болған жоқ. Бұл туралы зерттеу жүргізіліп, монографиялар, кітаптар жазып, тіпті, мотивациялық сабақтар өткізуде. Бұлар балаларға қаншалықты көмегін тигізіп жатыр? Жан күйзелісін сыртқа шығармай, жанталаса күн кешіп жүргенде кімнен көмек сұрауға болады? Қол жеткізген ақпаратымыздың бірі – Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерга арналған «111» ұлттық сенім телефоны жұмыс істейтінін анықтадық. Бұл телефонға еліміздің кез келген түкпірінен, кез келген уақытта хабарласуға және кеңес алуға болады. 

– Сенім телефонына күніне 100-ден астам қоңырау түседі, мұнда 42 маман қызмет етеді. Бізге түскен шағымдарды саралағанда 16-17 жастағы жеткіншектер көбіне жалғыздықтан күйзелетінін, үлкендерден ешкімнің көңіл бөлмейтінін, сосын өмірмен қоштасқысы келетінін айтады. ҰБТ-дан өте алмағанда, махаббаттан жолы болмағанда өзіне қол жұмсағысы келеді. Қоңыраулардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысынан түседі. Жақында ғана осы өңірден бір қыз хабарласып, дайындық тестіне өте алмауынан осы жағдайға барғысы келетінін айтты. Тез арада құқық қорғау, төтенше жағдай, білім қызметкерлеріне хабарласып, ата-анасын тауып, психологтарымыз қызды райынан қайтарды, – дейді орталықтың басшысы Ысқақ Қашқынбаев.

2017 жылы сенім телефонына республика бойынша 223 мың қоңырау түссе, оның 87 856-на нақты көмек көрсетілген. 

Суицид – әлемді алаңдатып отырған кесел. Баласының көктей солып, жұмбақ өліммен кете баруы ата-анаға оңай тимесі анық. Психикалық ауру дегенімен бүгінде толыққанды отбасыдан шығып, ортасында үлгілі болып жүрген оқушылардың өздері де қатерге ілігуде. Мамандар суицидке баратын балалардың 4 ай бойы дайындалатын айтып отыр. Бірінші айда бала күйзелісте жүрсе, кейін содан шығатын жол іздейтін көрінеді. Тығырықтан шыға алмағанда суициалды жоспар жасайды екен. Ата-аналарға баланың бойындағы қауіпті, осынау белгілердің бар-жоғын байқап жүріңіздер дейді мамандар. Себебі, бұл кеселмен қоғам болып күрескенімен, балаңызға ең алдымен көмек беретін өзіңіз ғана.

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 19 Январь 2018 05:22

Егер мен әкім болсам...

Шымкент оқушыларына арналған «Жас мемлекеттік қызметкер» жобасы

Бұл жобаға қатысу үшін Шымкенттегі 12 мектептен 18 оқушы іріктеліп алынған. Олар тек оқу озаттары ғана емес, өздерінің білім ошақтарының қоғамдық өміріне етене араласып жүрген белсенді оқушылар. Жобаның алғашқы күні оқушылар қалалық әкімдікке жиналды. Жастарды алдымен шаһар басшысы Нұрлан Сауранбаев қабылдап, әкімдіктің мәжіліс залында барлығы бас қосты. Әр жеткіншекпен жеке танысып, болашақта таңдаған мамандығы туралы білген соң қала әкімі өзі және атқаратын жұмысы туралы әңгімелеп берді.

DSC 6817

– Шымкент – Қазақстандағы үшінші мегаполис саналатын шаһар. Алып қаланы басқару да оңай шаруа емес, – деді Нұрлан Ермекұлы. – Сырт көзге кеңсе жұмысы болып көрінгенімен, мегаполисті басқаруда асқан жауапкершілік жатыр. Осыған орай сіздер әкімдіктің нақты жұмысымен жақын танысасыздар. Кейін достарыңыз бен жақындарыңызға айтсаңыздар болады. Олар да қалалық әкімдіктің жұмысы туралы хабардар болсын. Ал жалпы, кез келген мемлекеттік қызметкердің жұмысы оңай емес.

DSC 7122

Бұдан кейін оқушылар мен шаһар басшысы бір-бірімен сұрақ-жауап түріндегі бейресми әңгіме-дүкен құрды. Барлығы жаппай естелік суретке түсті. Одан кейін оқушылар дайын тұрған автобуспен қалалық әкімдіктің жаңа құрылымы – халықтық кеңсеге аттанды. Жастар бір терезе қағидасымен қызмет көрсететін мекемені аралап, жұмысымен жақын танысты. Түрлі мақсатта құжат өткізу үшін кезегін күтіп отырған тұрғындармен сөйлесіп, халықтық кеңсе туралы пікірін тыңдады.

DSC 6905

Бұдан кейін 18 оқушы жұбын жазбастан қалалық әкімдіктің бөлімдерін аралап, жұмыстарымен танысты. Жастар өздерінің танымдық экскурсиясын қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінен бастады. Бөлім басшысы Нұрлан Архабаев шаһардың бас-жоспарын, оның егжей-тегжейлі жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Шымкенттің болашақтағы көркінің кескіндерін көрсетіп, жастарды бір желпінтіп тастады. Өздері алдағы уақытта қызмет ететін туған қаласының көркі оқушылардың ешқайсысын бей-жай қалдырған жоқ.

DSC 7080

Келесі нысан – шаһардағы құрылыстар. Жастарды алып жүрген қалалық құрылыс бөлімі жетекшісінің орынбасары Абай Тұрханов жаңа нысандар туралы баяндап берді. Жеткіншектер аязды қысқа қарамастан құрылысы тоқтамаған ғимараттармен танысты.

DSC 6966

Күн кешке таяғанда оқушылар осы жобаға ұйытқы болған жетекшілердің бірі – қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның кабинетінде жиналды. Күні бойы түрлі нысандарды аралап, аздап тоңса да көңілдері көтеріңкі оқушылар өздерінің кешке дейін алған әсерлерімен бірден бөлісе бастады. Жанат Арысбекқызы өзі басқаратын бөлімнің жұмысымен таныстырып, жобаның алғашқы күні қорытындыланды.

Енді жобаға қатысушылар жеребе тастап, арасынан қала әкімінің жанында жүретін біреуі таңдап алынады. Қалған оқушылар әкімнің орынбасарлары, аудан әкімдері, бөлім жетекшілері мен депутаттардың рөлін атқарады. Осы мақсатта оқушылар өздері таңдаған мемлекеттік қызметкерлермен күні бойы бірге болып, жұмыстарымен танысады. Ресми жиналыстарға қатысады.

DSC 7037

Шымкентте алғаш рет қолға алынған жобаның мақсаты – әкімдіктің жұмысын ішкі жағынан көрсету ғана емес, жастарға мамандық таңдауда көмектесу.

Айта кетейік, мұндай жоба тұңғыш рет Латвияда ұйымдастырылған. Содан бері арнайы күн белгіленіп, дәстүрлі түрде өтіп келеді.

 

Суретті түсірген
Серік КОСАЙ

Опубликовано в Білім
Пятница, 15 Декабрь 2017 09:34

Рысқұлбеков көшесінде тұрамын

25359684 605367219795672 1537053700 nЖас болсақ та тәуелсіздіктің  Қазақ еліне оңай жолмен келмегендігін жақсы білеміз. Мектеп қабырғасында жүргенде егемендіктің бағасын, құндылығын түсіндіруде ұстаздарымыз жыл сайын іс-шаралар өткізетін. Отырар ауданындағы Сейітқасым Әшіров атындағы орта мектептің түлегімін.


Тарих пәнінен беретін мұғалімім Бибігүл Нарымбетова Желтоқсан оқиғасына қатысқан жандардың бірі. Сол уақытта Алматының алаңында болған қаралы оқиғаны, жастардың басынан кешкен қиындығын айтып беретін. Өзімнің әкем Мұқан Балтабай да оқиғаның куәгері. Ата-анам педагог болғандықтан, маған отбасымызда бұл күннің қадір-қасиеті, Желтоқсан көтерілісінің сипаты, желтоқсан құрбандарын мәңгі есте сақтау жайында білмей жүру сын болар.

Желтоқсан оқиғасын еске алғанда Қайрат Рысқұлбековтың ерлігі көз алдымызға келеді. «Күнәдан таза басым бар» деп жырлаған, ұлтының басына сын сағат туғанда, әділетсіздікке қарсы тұрған батыр ағамыздың ерлігі – баршамызға үлгі. Қайрат ағамыз алаңға шығуының себебін: «Қыздың жолы жiңiшке» деген. Әйел затына ер болып өз қолұшымды берiп, көмектесуге, оларды арашалап-қорғау үшiн барғаным рас,– деген сөздерін жақсы білеміз. Оның сот залында айтқан «Ақтық сөзі» кім-кімді де терең толғанысқа, тебіреніске түсіреді. 

 DSC0109

Қазақ қыздарының ар-намысын қорғап, басын қатерге тіккен Қайрат Рысқұлбековтың ерлігі – нағыз батырға тән қасиет. Қыз бала ретінде Қайрат ағамыздың бұл ерлігін мақтаныш етемін. Қазір М. Әуезов атындағы ОҚМУ ІІ курс студентімін. Болашақта ауыл шаруашылығы саласының маманы боламын. Мемлекеттік грант есебінен білім алудамын. Айта кетерлігі, білім алып жатқан университеттің жатақханасы Халық Қаһарманы атындағы Т. Рысқұлбеков атындағы көшеде орналасқан. Мен екінші жыл осында тұрамын. 

 DSC0136

Тыныш, бейбітшілік, ынтымақты заманда өмір сүріп жатқан ұрпақпыз. Қазақстанға тәуелсіздік таңын жақындатуға Қайрат ағамыздың қосқан үлесі бар десек, Шымкентте оның есімімен көшенің аталуы орынды. Алайда бұл көшенің көркі мен көгалдандыруы атына заты сай болса екен деймін. Бұл көшеден өткенде ұрпаққа батырдың ерлігін еске салып тұратын, тарихи, сәулетті болғаны дұрыс болар еді.

Сымбат БАЛТАБАЙ,
М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың студенті

Опубликовано в Қала
Пятница, 15 Декабрь 2017 09:32

Айнұр – Тәуелсіздіктің құрдасы

Еліміз егемендігін алған тұста дүниеге келген Тәуелсіздіктің құрдастары Шымкентте аз емес.

ainur

1991 жылы өмірге келіп, бүгінде туған еліне қызмет етуге жарап жүрген жастардың қатарында Айнұр Сансызбайды ерекше атап өтуге болады. 

– «Тәуелсіздік алған жылы өмірге келгенсің» деген сөз тек мереке қарсаңында емес, күн сайын санамды сәулелендіріп, отансүйгіштігімді арттыра түседі. «Елім үшін» деген тебіреніс бойымды кернеп, «тағы нендей еңбегімді сіңірсем екен?» деген ізденіспен жүремін, – дейді Айнұр Қуатжанқызы.

Ол бүгінде Қаратау ауданы әкімдігінде Мәдени-ағарту бөлімінің басшысы қызметін атқарады.

– Қаратау ауданы әкімдігіндегі әріптестерім Пайыз Жантелиев, Шыңғыс Жаукеев, Жалол Мулашиковтар да тәуелсіздіктің құрдастары. Біз Президентіміз Н.Назарбаевтың салған сара жолымен жүріп келеміз. Үшінші жаңғыруды бастаған Қазақстанда жаңа бір ауданның көркейіп, дамуына алғашқылардың бірі болып үлес қосу біз үшін мақтаныш, – дейді Айнұр.

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 03 Ноябрь 2017 06:06

Qos’ keldin’, qazaq a’lipbi’i!

shymkala-87-2

Жаңадан бой көтеріп жатқан «Шымкент СИТИ» қалашығы аумағында латын әліпбиін қолдау мақсатында «Qos’ keldin’, qazaq a’lipbi’i!» мерекелік іс-шарасы өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, қала тұрғындары және 3000-ға жуық оқушы қатысты.

– Латын әліпбиі қазақ тілін әлемдік деңгейге шығарып, ұлттық санамыздың жаңғыруына жол ашады, – деді Қ. Нұртай. 

shymkala-87-3

«Шымкентсити» – бұл жаңа қалашық. Мұнда 70 мың тұрғынға арналған көпқабатты тұрғынүйлер бой көтереді. Аумағы 427 гектар. Іс-шара барысында оқушылар «Шымкентситидің» жаңа төселген тас жолына латын қаріптерін бейнеледі. Сонымен қатар, жас қылқалам шеберлерінің туындылары қойылып, флешмоб ұйымдастырылды.

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 13 Октябрь 2017 06:12

Жастар есірткіге қарсы

ОҚО ІІД Есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында Шымкент қаласы аумағында марихуана өткізумен айналысқан құрамында 4 адам бар ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады. Полицейлер ұсталғандардан 300 грамм марихуанна тәркіледі. 

IMG 1011

Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 262 және 297 баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда күдіктілер қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Басқарма мәліметіне сүйенсек, облыс аумағында 2017 жылдың 9 айында есірткіге қатысты 284 қылмыс тіркеліп, оның ішінде 290 есірткі өнімдерін тұтынушылар анықталған. Заңсыз айналымдағы 5 тоннадан артық есірткі құралдары тәркіленген. Оның 7,5 келісі героин. Құрамында есірткісі бар егіп-өсіруге тыйым салынған 90 жайт және 800 мың түп көкнәр анықталды. ОҚО ІІД Есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жалпы жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында есірткі бизнесімен айналысқан 2 топ және есірткі қолдануға арналған 3 притон құрықталды.

IMG 0908

Қылмыстық топтың бірі Шымкент қаласында қолға түссе, тағы бірі Мақтарал ауданында өз үйінде заңсыз көкнәр егумен айналысқан 57 жастағы ер азамат қолға түсті. Күдіктінің үстінен ҚР ҚК-нің 4 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, 287, 296, 297 және 300 баптарымен бірқатар сараптама тағайындалды. 

Сондай-ақ, профилактика барысында студенттер мен оқушылардың қатысуымен әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

Опубликовано в Әлеумет

«Бұқаралық спорт – жастар үшін!». Осы тақырып аясында Шардара су қоймасында жағажай спортының бірнеше түрінен студент жастар арасында «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің Кубогы» сарапқа салынды.

shardara

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Шардара ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аймақта алғаш рет өткен бәсекеге өңірдің барлық аудан-қалаларынан келген командалар қатысты. Студент жастар арасындағы ойындар негізінен, спорттың жағажай волейболы, шағын футбол және арқан тарту түрлері бойынша өрбіді. 

Жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайтын спорттық ойындарға қатысушылардың бұл бәсекеде жүлдесіз қайтқаны жоқ. Сайыс қорытындысында Шардара ауданы барлық бәсекеде топ жарса, жағажай волейболы сынында Шымкент қаласының командасы жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.

Жеңімпаз командаларға арнайы кубок табыс етілді.

Опубликовано в Спорт

Жексенбіде Шымкенттен Астана қаласына ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалау үшін 150 оқушы жолға шықты. Оқушылардың алғашқы легін темір жол вокзалынан салтанатты түрде шығарып салуға қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тəжиева қатысып, оқушыларға сəт-сапар тіледі.

6e526a90-c4b0-4853-bdd3-ade48cc8e22a

Астанада бастау алған «Болашақ Энергиясы» атты ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалау үшін тағы 1650 оқушыға қала бюджетінен қаржы бөлінген. Оқушылар мен олардың жетекші мұғалімдерін, педиатр жəне басқа да бірнеше маманды алып жүруде 2016 жылдың ең үздігі атанған «Zhana-talap» туроператоры қызмет көрсетеді. 

– Бүгін біз 150 оқушының Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне жолға шығу салтанатына куə болдық. Балаларды мектептен сайланған мұғалімдері мен біздің координатор ретінде туроператор директорының орынбасары Ғани Назарбек алып жүреді. Балаларға саяхат қызықты өтуі үшін жақсы бағдарламалар жасадық. Олар алғашқы күнін жолда өткізеді. Сондықтан жолда жалықтырмайтын түрлі ойындар ұйымдастырдық. Сайыста жеңімпаз болған оқушыларға арнайы марапаттар да дайын. Ал Астана қаласына жеткеннен кейін олар Н.Назарбаев интелектуалдық мектебінің жатақханасына жайғасады. 13 маусым күні оқушылар «Болашақ энергиясы» атты ЭКСПО-2017 көрмесін араласа, 14-іне Астана қаласының басқа да танымдық жерлерін тамашалайтын болады, – дейді «Zhana-talap» туроператорының директоры Денис Жарменов.

Шымкент қаласынан бұдан өзге тағы 1450 бала демеушілердің көмегімен бас қалаға саяхат жасайтын болады.

Опубликовано в Әлеумет

Ағылшын тілінен аударғанда (Workout (ˈwəːkaʊt) жаттығу, (street (striːt) көше деген мағынаны білдіреді. Бұл – денсаулықты жақсартуға, сымбатты болуға арналған бұқаралық спорт. Мұндағы жаттығулар көшедегі, алаңқайдағы белтемір, қоссырық, қырлы бөренелер, швед қабырғасы, көлденең баспалдақтар секілді қарапайым құралдар арқылы орындалғандықтан, қаражатты қажет етпейтін, қолжетімді спорт түріне жатады.

DSC 8624

Воркаут – алғаш рет Ежелгі Грекияда пайда болып, Ресей, Батыс Еуропада, әсіресе АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында кеңінен таныла бастады. Аталмыш спортпен шұғылданатындарды көше спортшылары, воркаутер, аула гимнастшылары, белтеміршілер деп те атай береді. 2000 жылдардың басында қарапайым көше жастарының ауладағы спорт құрылғыларымен жасаған қиын жаттығулары интернетте тарай бастады. Нәтижесінде желіге салынған бейнетаспалар әлемге тез тарап, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Кейіннен әуесқойлар арасында дүниежүзілік чемпионаттар ұйымдастырылып, воркауттың өрістеуіне жол ашты. Мәселен, алғашқы әлем біріншілігі 2011 жылы 27-28 тамыз аралығында Ригада (Латвия) өткізілген болатын. Жарыс қорытындысы бойынша Украиндық Евгений Козырь бірінші орыннан көрініп, воркаут тарихындағы ең алғашқы жеңімпаз атанған. 

DSC 8655

Қазақстандықтардың арасында воркаут қозғалысы тек 2009 жылы ғана кеңінен тарай бастады. Қазіргі таңда тек Шымкенттің өзінде осы спорт түрімен шұғылданушылар саны 3 мыңнан асады. Қала бойынша мұндай арнайы жабдықталған 5 алаңша бар. Атап айтсақ, Қошқар ата өзені маңында және «Жеңіс», «Наурыз», «Тәуелсіздік», «Орталық» саябақтарында. Соңғы 1-2 жыл ішінде Шымқалада воркаутқа қызығушылар саны көбейген. Мәселен, былтыр қаламызда өткізілген біріншілік сөзіміздің дәлелі. 

DSC 8626

Никита Полянский – қаладағы воркаутшылардың бірі. Оның бұл спорт түрімен айналысып жүргеніне жақында 5 жыл болмақ. Ол күн сайын «Тәуелсіздік» саябағында орналасқан алаңға келіп бой жазады. Саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты насихаттайды. Воркауттың да негізгі мақсаты – қолжетімді спорт түрлерімен айналысуға шақыру, есірткіге, шылым шегуге, ішімдік пен интернетке тәуелділікке қарсы күрес жүргізу. 

DSC 8652

 

Қазіргі таңда тек Шымкенттің өзінде осы спорт түрімен шұғылданушылар саны 3 мыңнан асады. Қала бойынша мұндай арнайы жабдықталған 5 алаңша бар. Атап айтсақ, Қошқар ата өзені маңында және «Жеңіс»,  «Наурыз», «Тәуелсіздік», «Орталық» саябақтарында.

 

– Жаттығу барысында талай рет құладым. Бірақ айтарлықтай зақым келген жоқ. Нәтижесінде, өзім жаңа жаттығу түрін ойлап таптым. Енді бұл машықты жақсылап үйреніп, үлкен жарыстарда көрсетемін. Ал қаладағы жастардың қызыушылығы өте жақсы. Кешке мұнда адам көп жиналады. Бір-бірімізбен танысып, жаңа жаттығуларды үйренеміз, – дейді спортшы. 

DSC 8635

Воркауттың тез таралуы жалпыға қолжетімді болуында. Сондықтан, мұндай алаңшаларды тұрғын-үйлердің аулаларына, оқу орындарына көптеп салу керек дейді «Аула атлеттері». Бүгінде еліміздің басқа өңірлерінде «темірдің тілін тапқандар» саны 75 мыңнан, әлем бойынша 2 миллионнан асады. 

Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев «Әрбір Қазақстандық үшін басты құндылық – өзінің денсаулығы» деген болатын. Осыған орай, елімізде воркаут секілді бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп, халық денсаулығы да жақсарып келеді. Ол үшін сізге залға барудың, көп шығындалудың да қажеті жоқ. Тек, жиі жүгіріп, велосипед теуіп немесе жай ғана жаяу жүрсеңіз жеткілікті.

Опубликовано в Қала
Страница 1 из 4