Вторник, 20 Март 2018 10:19

Көктемді қондырып қанатына...

Дәл қазір Оңтүстік өңірде ағаштар бүршік атып, күннің көзі қыза түскен. Халық көшет отырғызу, аулаларды тазалау, жер аудару секілді жұмыстарға кіріскелі қашан. Бұл – көктемнің белгісі. Ал дана қазақ «Көктем келді дегенше, Наурыз келді десейші» деп бекер айтпаса керек.

Еліміздің бірқатар өңірлерінде әлі қақаған қыс. Соның салдарынан жыл сайын Солтүстік, Орталық, Шығысқазақстандықтар көкпар тартып, көкмайсада аунап, қымыз-қымыран ішіп, наурыз көже мен уыздан дәм тататын 22 Наурыз – Ұлыстың ұлы күнін мезгілінен кеш тойлайды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында күнгей халқы Отандастарымызды осынау бүкілхалықтық мерекені Оңтүстікте бірге атап өтуге шақырады. 

Өздеріңізге белгілі, оңтүстікқазақстандықтар Әз-Наурызды Қазығұрттың басында, Түркістанның төрінде, Отырар мен Ордабасыда, Бәйдібек пен Төле биде және тағы басқа да көрікті жерлерде қарсы алады. Қала, аудандарда ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, Отырар ауданы, Бестораңғыл елдімекеніндегі «Алаш» этноауылы талайдың қызығушылығын тудыруда. Қазығұрт асуындағы кеме қалған монументінің маңында да жыл сайын көкпар тартылып, алтыбақан тігіледі. 

Биыл өңірімізде «Ақсу-Жабағылының алқызыл қызғалдағы», «Агро fest», «Туған жерге тағзым», «Қауын fest», «Қымызмұрындық» секілді жобалар бастау алады. Сонымен қатар, Шардарада «Safari Shardara», Сарыағашта гольфтен «Open Saryagash» туристік форумдары өтеді деп күтілуде. Жалпы «Қасиетті Қазақстан» жобасына облысымыздан 104 нысан ұсынылған. Республика бойынша 100 нысан іріктелініп алынса, оның ішіне 23 нысан Оңтүстік Қазақстан облысынан еніп отыр. Қалған 81 тарихи-мәдени ескерткіш жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне енгізілді. 

Қызық жайт – жыл сайын көпшілік жаңа жылды қарсы алуға Финляндияға, оның ішінде Лапландияға арнайы барады. Аңыз аяз ата мен қар қызын, бұғылар мен поляр шұғыласын тамашалайды. Осы секілді, жыл сайын Наурыз мерекесін тойлау үшін неге Оңтүстік Қазақстанға келмеске? Өңірде Фин табиғатынан кем түспейтін Сайрам-Өгем, Ақсу-Жабағылы, Қасқасу, Біркөлік, Тау самалы және тағы басқа да табиғаты тамаша жерлер көп. Саяхатты толыққанды ұйымдастырып беретін, бағасы қол жетімді сапалы туристік фирмалар қызмет етеді. 

Оңтүстіктің бас қаласы Шымкент қонақтарды күтіп алуға толықтай дайын. Шаһар биыл Әз-Наурызға ерекше дайындық жасады. Тек қала көшелеріндегі қызғалдақтардың өзі неге тұрады. Шымкенттің символына айналған 1 миллионнан аса қызғалдақ егілді. Ал «Қызғалдақ» су бұрқағының маңында қызғалдақтардан жасалған ең үлкен композиция орналасты. Сонымен қатар «Қошқар ата сейілі» көктем фестивалі, «Nauryz Zhastar Fest» іс-шарасы, «Ashyq Aspan» аэронавтика фестивалі және тағы басқа 4 күнге созылған, 20-ға жуық іс-шара өтеді деп жоспарланған. 

Оңтүстүкте түрлі ұлт өкілдері, әсіресе, түркі тілдес xалықтар тату өмір сүріп келеді. Олар да осы Наурыз мерекесін ерекше атап өтеді. Егер Оңтүстікке ат басын бұрсаңыз өзге ұлттардың Наурызда дайындайтын сүйікті тағамдарынан дәм татып, мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік аласыз.

Осы арада былтырғы «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай өткен «Наурызнама» мерекесін бір сәт еске алайық. Думанды мейрамға 10 мыңға жуық адам қатысты. Олардың арасында 23 елден, 25 ұлттан келген 300-ге жуық шетелдік қонақ, халықаралық ұйым өкілдері де бар. Ұлыстың ұлы күніне орай Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында этно ауыл құрылып, онда ұлттық нақышта әрленген 12 қанатты 33 киіз үй тігілді. Сондай-ақ, жиналған жұртшылыққа 1 тоннадан астам палау дайындалып, 1500 литр Наурыз көже үлестірілді. 

Ендеше, биылғы Наурыз тойын өз көзіңізбен көріп, құрметті қонақ болыңыз! Асық атып, ләңгі тебіңіз. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Сауран, Сығанақ, Отырар және тағы басқа киелі жерлерді отбасыңызбен аралап, көкжиегіңізді кеңейтіңіз. Шымшаһарға республикамыздың кез келген жерінен ұшақпен, пойызбен немесе көлікпен келуге де болады. Бағалар да қол жетімді. Қонақ үй мен ең арзан әрі дәмді тағамдар да Оңтүстікте екенін тағы бір еске саламыз. Қош келдіңіздер!

Опубликовано в Әлеумет
Вторник, 20 Март 2018 10:03

Жаңғырып жеткен Наурыз

Ұлыстың ұлы күні, қазақтың төл мерекесі, көктемнің жаршысы болған 22 Наурыз мейрамы да келіп жетті. Жыл сайын көктеммен бірге асыға күтетін жыл басын биыл да кең көлемде атап өтпекпіз. Кеңес үкіметі үстемдік құрып тұрғанда осынау ұлттық мерекемізге тыйым салынып, араға тек 62 жылдан соң ғана қайта оралған болатын. Бүгінде сол Әз-Наурызымыздың қайта тірілуіне үлес қосқан азаматтарды біреу білсе, біреу білмес.

DSC 8442

...Дінмұхамед Қонаевтың орнында Колбин отырған кез. 1926 жылдан бері Наурыз мерекесі «ислам дінінің қалдығы» деген желеумен мемлекеттік деңгейде тойланбай келді. Әр қазақ өз жанұясында ғана атап өтті. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Колбинге кіріп, Наурыздың дінге ешқандай қатысы жоқтығын, оның халықтық мереке екенін дәйекті дәлелдермен айтып жеткізеді. Себебі, Колбиннің де сол кездегі бар мақсаты – өзі басқарып отырған қазақ халқының жүрегіне өтірік болса да жол тапқансымақ сыңай танытып, басқаруды оңтайландыру болған. Жәнібеков соны дөп басады. Сосын, Мұхтар Шаханов ағамызға: «Сен халықтың арасында жүрген азаматсың, ақынсың. Тарихта хандардың қасында ақындары болған. Олар халықтың сөзін сөйлеп отырған. Наурыз насихаты сендердің ауыздарыңмен айтылу керек. Сен осыны мәселе етіп көтер!» деп тапсырады.

Осыған орай 1988 жылы 4 ақпан күні «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Тамырыңды терең жібер» атты Мұхтар Шахановтың сұхбаты наурыздың алғашқы қарлығашындай болды. Олай дейтініміз, осы сұхбаттан соң Мұхаң арнайы хат әзірлеп, Колбиннің өзіне кірген. 

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы мен қазақ ақынының арасындағы текетірес ұзаққа созылады. 

– Екеуміз көңілсіз қоштастық. Колбиннен шыққаннан кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолығып, Колбинге Наурызды тірілту туралы арнайы хат тастағанымды айттым. 

– Өте дұрыс жасағансың, – деді Нұрекең. – Енді сенің ол хатыңды Колбин Бюро мүшелеріне жіберуі тиіс. Көбісі көлеңкесінен үріккендер ғой. Жәнібеков екеумізден басқалары қолдай қояды деп ойламаймын. Дегенмен өзім бар күшімді саламын. Ал сен Колбиннің соңынан қалма. Басқа жазушыларды да, өнер қайраткерлерін де қосып, бірлесіп қимылдаңдар. Мерекені нақ осы биылдан бастап жіберелік. Уақыт тым аз қалды. Колбин келісімін бере қалған жағдайда Наурызға қаржы бөлу мәселесі Министрлер Кеңесіне келіп тіреледі ғой. Ол жағынан қам жеме. Батыл кірісе бер. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сөзі Мұхтар Шахановты тіпті де қанаттандырады. Айтса айтқандай, 1988 жылдың 11 наурызы күні «Лениншіл жас» газетінде «Жазылған жай, пікір, тілек, ұсыныс: «Тамырыңды терең жібер» деген тақырыппен белгілі ақын жазушылар Сырбай Мәуленов, Сафуан Шаймерденов, Сұлтанәлі Балғабаев, Смағұл Елубаев, Құрманғазы Қараманұлы, Серік Асылбеков, Ұлықбек Есдәулетовтердің Мұхтар Шахановтың пікірін қуаттаған «Орынды ұсыныс» атты бірлескен хаты жарияланады. Жер-жерден қолдау білдіріп, хат жазған оқырмандар да көп болды. Наурыздың Ислам дініне қатысын анықтау міндетін алған Министрлер Кеңесі жанындағы діни мәселелермен айналысатын бөлімнің меңгерушісі Тельман Сауранбеков те Мұхтар Шахановтың өзімен сөйлесіп, Колбинді көндіруге тиісті ақыл-кеңесін айтады. 

Мұхтар Шаханов 1988 жылы 

Қазақстан компартиясы орталық комитетінің 1-ші хатшысы Колбинге Наурыз мерекесін қайта тірілтуге арналған хат жазады. Бұл хат орталық комитетінің бюросында бюро мүшелерінің талқысына салынып, Наурызды тойлауға Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекәлі Жәнібековтен басқасы түгелдей қарсы шығыпты. 

Келесі кездесуінде Колбин Мұхтар Шахановқа: «Бюро мүшелерiнiң көбi қарсы. Наурызды Ислам дiнiнiң қалдығы деп жатыр, сондықтан ренжіме», – деп ашығын айтады.

Сол кездегі жағдайды Мұхаң былай деп еске алды. «Кешiрiңiз, Геннадий Васильевич, – дедiм өршеленiп. – Бюро мүшелерiнiң көпшiлiгi тарихты бiлмейдi. Мәселен, Ислам дiнi бұл өлкеге сегiзiншi ғасырдан ене бастаған. Ал, Наурыз қазақ даласында одан бұрын тойланған. Бюро мүшелерiнiң көпшiлiгi ең әрiсi қазақтың нөмiрi бiрiншi ақыны Абайды да оқымаған… Абайдың орыс тiлiне аударылған кiтабын әдейi ала барған едiм. Атыңнан айналып кетейiн ұлы атамыздың қысылған шақта мұншалықты пайдасы тиедi деп кiм ойлаған. Ұлы ұстаздың «Бiраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралы» қарасөзiн Колбиннiң алдына жайдым. Ол жалма-жан асты қызыл сиямен сызылған жолдарды қарап шықты да, ойланып қалды.

– Ендi, Геннадий Васильевич, мынаған назар аударыңыз, – деп «шабуылға» қайта шықтым. – Қазақ жерiне Ислам дiнi келместен бұрын Наурыз мейрамын армяндар «Навосарди», чуваштар «Нарас ойахе» деп атаған. Ал армяндар мен чуваштардың мұсылман емес екенiн өзiңiз бiлесiз. Бұл тiптi Қазақ Совет Энциклопедиясында жазылған. Шындығы солай болғанымен, бiрақ ол кiтапта «Ислам дiнi келместен бұрын» деген сөз жоқ едi. Әдейi белiнен басып жiбердiм. Оның сәл мүдіріп қалғанын пайдаланып, тағы бастырмалата жөнелдім.

– Тегінде Наурыз мерекесін түркі тілдес халықтардың барлығы талай жылдан бері тойлап келе жатыр. Бұл бізге жаңа жылмен пара-пар. Халық айналаны тазалап, ағаш отырғызады. Өкпе-реніші болса кешіріп, кінәлілер кешірім сұрайды. Желтоқсаншыларды нашақорлар, маскүнемдер, бұзақылар дедіңіздер. Компартия орталық комитетінің саяси бюросы қазақ халқын қаралады. Түбінде ақиқат орын алған кезде сізге қазақ жұрты жылы шыраймен қарамайды. Егер Наурыз мерекесін тойлауға рұқсат берсеңіз, халық сізге оң көзбен қарайтын болады деп едім, Колбиннің көзі жайнап кетті. 

– Сiз жеңдiңiз! – Колбин орнынан тұрып келiп, қолымды алды». – дейді Мұхтар Шаханов. 

Осылайша Наурызды тойлау мәселесіне Колбиннің беті бері қарайды. Бірақ оны өткізу мерзіміне келгенде ол тағы өзгереді. Өйткені наурызға бірнеше-ақ күн қалған еді. «Биыл мерекені наурыздың 22-сінде емес, тіпті 22 сәуірде өткізелік» деп табандап тұрып алады Мұхтар Шаханов.

Ақыры Наурыз қазақтың еншісіне бұйырды. Сөйтіп араға 62 жыл салып, 1988 жылы 30 наурыз күнi Алматыдағы Максим Горький атындағы демалыс паркiнде Наурыз мейрамы тойланды. Мерекеге 100 мыңдай адам жиналды. Өшкенi жанып, өлгенi тiрiлгендей болған халық жиылмағанда қайтсін?! Наурыз мейрамын көне салт-дәстүр арнасына бұруда сол кездегі Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Жібек Әмірханова ерекше еңбек сіңіреді. Наурыз күнгі Республика сарайының алдында сап түзеген «Шеберлер ауылы», адамдардың бір-бірімен төс қағыстырып амандасуы, «Наурыз тілек», «Наурыз бата» рәсімдері, Алматы көшелерінде сап түзеген қазақ ертегілеріндегі «Алдар көсе», «Тазша бала», «Батырлар шеруі» және оған қажетті түйелер табу, Горький паркіне Наурызбай, Наурызгүл есімді адамдарды жинау, «Алтыбақан», «Балтамтап», «Тең көтеру», «Бағана өрмелеу», «Арқантартыс», «Жаяу жарыс», т.б. толып жатқан, бүгінде ұмытылуға айналған рәсімдерді тірілту – түгелдей осы Жібек Әмірханованың жасаған жұмыстары.

Наурыздың қазаққа қайтып оралуын қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың, ұлттың біртуар ұлы, марқұм Өзбекәлі Жәнібековтің, қазақтың қайсар қызы Жібек Әмірханованың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Мұхтар Шахановтың ұсынысын қолдауының жемісі десек, артық айтқандық болмас. 

Осылайша салт-дәстүр қайта жаңғырды. Жыл басын елдегі мектеп, аурухана және тағы басқа мекемелер ұжым болып атап өтті. Сол бір тарихи сәтке куә болғандардың айтуынша, Әз-Наурыз мерекесін сағынып қалғандары сонша, мейрам қыркүйек айына дейін жалғасыпты. Келесі жылдан бастап КСРО құрамындағы түрік тілдес ұлттар да Наурызды мемлекеттік деңгейде тойлай бастаған.

Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков Наурыз жайлы былай деген: 

– Наурыз арқылы біз халқымыздың тамаша салт-дәстүрлерін, үйлесімді әдет-ғұрпын, асқақтаған әні мен күмбірлеген күйін, мың бұралған биін, тіл үйірген дәм-тұзын, талғамы мол қол өнерін танытуға, насихаттауға, керек десеңіз, жұрттың мақтаныш сезімін оятуға мүмкіндік алдық, ағайын. Қазір жұртқа осындай ауызбіршілік, ынтымақ, тату-тәттілік керек-ақ. Өйткені жетпіс жылдан астам уақыт бойы келелі істерді «науқаншылықпен» өткізіп, жаман үйренген жұрттың қайта құрылудың о баста ойластырылғандай оп-оңай болып шақпағанын көрген бетте-ақ тауы шағылып, тауаны қайтып қалатыны рас. «Орнында бар оңалар» дегендей, қазіргі ел басына түскен кемтарлықтан да, жоқшылықтан да құтылармыз. Бірақ иманжүзділік, инабатталық, бауырмалдық сезімнен айырылсақ оның орны тола қоймас. 

...Ия, 1988 жылдан бері қайта тойлана бастаған Наурыз мерекесінің жаңғыруының негізгі идеясы мен бастамашысы Өзбекәлі Жәнібеков болғанын тарих ұмытпайды.

Опубликовано в Мәдениет

Түркі халықтарында жаңа жыл көктем мерекесімен бірге басталады. Яғни, 22 наурыз – Жыл басы. Осы орайда 22 Наурыз мейрамына байланысты  22 қызықты деректі назарларыңызға ұсынамыз.

shymkala-22-4

1. Наурыз мерекесі – әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы тойланып келеді. 

2. Бұрынғы қариялар 22 наурызды «Қызылбастың наурызы» дейді екен (Қызылбас – Иран, бұрынғы Парсы елінің қазіргі атауы). Наурыздың мағынасы – наурыз парсыша «нау» (жаңа) және «руз» (күн) «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Қазақ халқы наурыз демей, Амал деген. Қазақтар бұл мейрамды Әз-Наурыз мейрамы деп те атайды. 

3. Наурыздың дәстүрлі тағамы – «Наурыз көже». Ол жеті түрлі азықтық заттан тұрады. Жеті деген сан аптаның жеті күнін бейнелейді, бұл санның мағынасы терең. 7 санға байланысты әдет-ғұрыптар бар. Наурыз мерекесін тойлау кезінде, ақсақалға наурыз көжеге толы жеті кесе ұсынылады. Наурыз кезінде әр адам өз үйіне 7 қонақты шақырып, өзі де 7 үйге жолығады. Өзбекстанда «Сумалак» – наурыз көжеге ұқсас тағам дәстүрлі болып саналады. Ол да жеті азықтық заттан әзірленеді. 

4. Наурыз мерекесі 18 ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлыбританияда аталып өтіліп, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланып келген деген дерек бар. Көктем мерекесі туралы мәліметтер антикалық және орта ғасырлық жазушылардың еңбектерінде кездеседі. 

5. Наурызды тойлау тарихы Ұлы Абай өзінің «Біраз сөзі қазақтың қайдан шыққаны туралы» жазбасында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың «хибиғи», «хұзағи» деп аталатын көне заманына ұштастырады. Парсының «нау» сөзі әр түрлі өзгерістерге ұшырағанымен, сол мағынада көп халықтың тілінде сақталып қалған. Ол орысша нов (ай), немісше нойе, латынша нео. Осылайша «нау» сөзі үнді-еуропалық халықтар дараланудан да бұрын пайдаланылған. 

6. Наурыз мейрамы – діни мереке емес. Бұл – қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Қазақ халқы бұл күні дүниеге келген қыз балаларға Наурыз, Наурызгүл, Наурызжан, ер балаларға Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан деген есім берген. 

7. 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бас Ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын» мәлімдеді. Ал UNESCO болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді. 

8. Наурыз – көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болумен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбелейтін ұлттық мейрамымыз. 

9. Ұлы ғұламалар Әбу Райхан Бируни, Омар Һайям тәрізді әлем таныған тарихи тұлғалардың еңбектеріндегі Шығыс халықтарының Наурыз мейрамын қалай тойлағаны туралы деректерге назар аударсақ, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Яғни, олар Наурыз күндерінде мынадай салт-дәстүр, ырымдар жасаған: Әр жерде үлкен от жағып, отқа май құйған. Жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған. Жеті, ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалық» ұсынған. Ескі киімдерін тастаған. Ескірген шыны аяқты сындырған. Бір-біріне гүл сыйлаған. Үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – «күн символын» салған. Үйлеріндегі тіреу, ағашқа гүл ілген. Жамбы ату тәрізді түрлі жарыстар өткізген. Бұл күні кәрі-жас мәз болып, бір-біріне жақсы тілектер айтқан, араздаспаған. 

10. Наурыз мейрамына байланысты мынадай атаулар бар: Наурыз күні, Наурыз айы, Наурызнама, Нәуірзек, Наурызкөже, Наурыз тойы, Наурыз жыры, Наурыз жұмбақ, Наурыз бата, Наурыз тілек, Наурыз төл, Наурызкөк, Наурыз есім, Наурыз шешек, Наурызша, Әз, Қыдыр, Саумалық, Мұхаррам (тыйым), Самарқанның көк тасы. 

11. Наурыз мерекесінің туу тарихы турасында талас көп. Наурыздың нақты тарихы тереңде жатыр, ол өзінің бастауын мұсылмандыққа дейінгі заманнан алады. Кейбір ғалымдар бұны зороастризм мен шаманизм кезеңіне дейінгі уақытпен байланыстырады. Кейбіреулер Парсы патшасының жорықтарымен байланыстырып жүр. 

12. Атырау және Маңғыстау облыстарында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталып, «Амал» деп аталады, осы мейрамның дәстүрлі элменті – «Көрісу». Бұл күні адамдар қол алысып қауышады. Сонымен бірге, барлығы «Жаңа жыл құтты болсын!» деп амандасады. 

13. 1926 жылдан бастап, тоталитарлық жүйенің ықпалымен Наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынды. Көп жылдар бойы ұмытылып, сынын жоғалтқан мереке 1988 жылдан бері қайта жаңғырып, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі өз жалғасын тапты. 

14. Наурыз мерекесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақ ССР Президентінің қаулысы негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне «Наурыз мейрамы» деген мәртебе берді. 

15. Наурыз Қазақстанда ғана тойланбайды. Жақын шетелдің елдері (Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресей) Наурыз мерекесін қарсы алады! Ауғанстан, Иран секілді алыс шет елдері мерекенің келуін тағатсыздана күтеді. 

16. Бұрын Наурыз мейрамын тойлау таңды қарсы алудан басталды. Бұл ежелгі ғұрыптардың біріне «Бұлақ көрсең, көзің аш!» деген мәтелге байланысты болды. 

17. Наурыздың алғашқы күндерінің бірінде қазақ халқының нанымы бойынша жердің бетінде ерекше бір гуіл жүреді. Білетін адамдар мұны жұмақтан шыққан қойлар бірінші болып сезеді, оларды баққан қойшы да байқайды дейді. Мұндай күні бүкіл табиғат, жан-жануарлар, адамдар жандана түседі. Бұл күні шаш алуға, тырнақ алуға болмайды, әйтпесе сал болып қаласың дейді. Айналадағы жан иесінің бәрі «әзден» кейін ғана ерекше күш-қуатқа ие болады. Халықта мынадай қанатты сөз бар: «әз болмай, мәз болма». 

18. Бұл мереке Ислам дәуіріне дейін тойланып, халық арасында ерекше қолдауға ие болып келеді. Шығыс елдерінің (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. 

19.Наурыз—тазалық пен тағзым мерекесі. Мереке қарсаңында айнала, көше, үйдің маңы, арық – атыз тазартылып, ағаштардың түбі қопсытылып,төңірек ретке келтіріледі. Осы тазалықпен бірге тіршілік жаңарып, көгеріп, көркем кейіпке енеді. 

Сондай-ақ мазарат басы да реттеліп, әруақтарға тағзым етіледі. 

20. Шығыс жыл санағы бойынша, мереке ирандықтардың жаңа жылы Наврузбен жанасады. Наурыз мерекесін түркі тілдес халықтар тойлайды. Тәжік халқы бұл мерекені «Бәйшешек», «Гүлгардон» не «Гүлнавруз», татарлар «Нардуган», бирмалықтар «Су мейрамы», хорезмдіктер «Наусарджи», буряттар «Сагаан сара», армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп атаған. 

21. Мереке күні қар жауып тұру жақсы ырым деп саналған. Бізге жеткен қазақ аңыздарында қыздың сұлулығы Наурыздың ақ қарына теңестеріледі. Бұл таңғажайып жайт емес, өйткені наурыздағы қар әдетте жұмсақ, ерекше аппақ болады. 

22. Наурыз айы туғанда өтетін «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.

Опубликовано в Мәдениет

Күн мен түн теңелетін, Жаңа жылдың басы – Наурыз мерекесі табалдырықты аттады. Ұлыстың ұлы күніне жұртшылықтың ықыласы да ерекше. Соңғы уақытта жылдың басы Алғыс айту, Көрісу секілді дәстүрлерден бастау алуда. Осы орайда қазақтың жыл басын тойлауда қандай жақсы дәстүрлері бар, оны дұрыс көрсете алып жүрміз бе? Наурыз мерекесінің ұлттық ерекшелігін айшықтауға не қажет деген мәселе бойынша сауалнама жүргізген болатынбыз.

 

taghaev-22Жәнібек ТАҒАЕВ,
облыстық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры:

Үт кірді, үтпен бірге құт кірді

Орталық ашылғаннан бастап қызметкерлеріміз қазақтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпындағы ұмытылған тұстарын өңірдің түкпір-түкпірінен көз көрген қариялардан сұрап-біліп, жаңғыртып, халыққа ұсынуда. Осы тұста, ел арасында сөзге шешен, іске шебер ата-әжелереміздің сынықтың көзіндей болса да ұрпаққа айтары бар екені қуантады. Халқымыз көшпелі ғұмыр кешсе де әрбір әрекетінің астарында үлкен мағына жатқан. Мәселен, наурыздың басы Көрісу мерекесімен басталған. Бұл қалың қардан бір-бірімен қатынаса алмай, қыс бойы әбден қиналғаннан кейін, көлік қатынайтындай уақыт келгенде «ел аман, жұрт тыныш па» деп бірін-бірі іздеуі. 

Алғаш келген қонаққа арнайы сүрленіп сақталған шеке асы тартылып, тіпті, қырық жанмен саулық сұрасып, көріскен жандардың күнәсі төгіледі деп сенген.

Ертеректе Жыл басының келгендігін халқымыз үйге кірген үттен байқаған. Киіз үйдің саңылау, тесігінен түскен күн сәулесінің тозаңдануын қазақ «үт кірді» деп есептейді. «Үт кірді, үйге құт кірді» деп қуанған. 

Наурызда дәстүрлі ойындар мен ас-тағамдар ұсыну тарихтан жалғасып келе жатыр. Дегенмен, бұл тойдың тағы бір қыры – қамқорлықтың, мейірімнің айы болған Наурызды қамқорлықпен қарсы алу. Бұл ретте ата-бабаларымыз ұлыстың кем-кетігін толтыру, аш-жалаңашын тойындыруды ұмытпаған. Әз-Наурыз мерекесін тойлап, қайырымдылыққа үндейтін дәстүрді де ұмыт қалдырмасақ, игілігі осы болар.

 

shymkala-22-3Асма ҚАЛЫБЕКОВА,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

Әз болмай, мәз болмайсың

– Ертеде көшпелі ата-балаларымыз қыс айының қаһарынан, жұтынан мал-жанын аман-есен шыққанына қуанып, Наурыз мерекесін ерекше тойлаған. Ұлыстың ұлы күніне тойлау 8-9 күнге ұласқан. Фольклортанушы ғалым Мәшһүр Жүсіптің еңбектерінде Наурыз мейрамы туралы қызықты деректер бар. Бір жазбасында «Дала қазағы өзін қазақ ретінде сезінетін бір ғана мереке бар, ол – Наурызнама» деген.

Кеңестік дәуірдің көлеңкесінде қалып, тойланбаған әз-Наурыздың жөн-жоралғылары да ұмыт болып қалды. Тәуелсіздік алған жылдары ұлттық мерекемізбен қайта қауышып, жыл сайын тойлауды дәстүрге айналдырып келеміз. Дегенмен, осы жылдар аралығында Наурыз мерекесінің сипаты тойдың деңгейімен қалып қойды. Ұлттық киімдер, салт-дәстүрімізді жаңғырту, аста төк тағамдарды көрсетудің аясынан аса алмадық.

Соңғы бір-екі жыл көлемінде ғана ұлтымыздың мерекені тойлаудың түп-төркінін түсініп келе жатқаны қуантады. Шатқалдарға ағаш егіп, халыққа көгалдандыруды үндеуі – игі іс.

Жалпы,кез келген мереке отбасынан басталуы тиіс. Әз Наурызды ұлықтау да осылай болған. Алдымен көктемгі күннің теңелуі қарсаңында жұрт үйлерін, қора-қопысын, күнделікті қолданатын мүліктерін ретке келтіріп, жиһаздарын мұқият тазалаған. Қарыздарынан құтылған, ренжіскендер татуласқан. Өйткені, үлкендердің айтуынша, Наурыз үйге енген кезде барлық ауру-сырқау, жаманшылық атауы аулақ болуы тиіс.

Ұлыс күні барлығы көңілді жүруге тырысып, бір-бірімен кездескенде құшақтасып амандасқан, ізгі тілектерді тілеп, жаманшылық болмасын, пәле-жала жерге енсін деген. Әр адам сәнді киініп, мүмкіндігінше жаңа киім киген. Ал күн мен түн теңесетін күні барлығы таңды бірігіп қарсы алған. Ерте тұрған ер адамдар арық, құдық, бұлақ көздерін тазалаған, ағаш отырғызып, «Атадан мал қалғанша тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек» деген, әйелдер егілген ағаштарға, тазаланған бұлақтарға ақ құйған, бұл – Жер-Анаға береке тілеудің белгісі болған. 

Сондай-ақ Шығыс елдері Наурызды «мұхаррам» деп атаған. Оның мәнісі қасиетті айда табиғатты ластауға, тәртіпсіздікке, ұрлыққа, ғайбат сөздерге және басқа да жағымсыз істерге тыйым салынған. Демек мұсылман елінде Наурыз әдептілік, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді ұлықтайтын күн есебінде ерекшеленген.

Тағы бір қызығы, Наурыздың алғашқы күндерінің бірінде қазақ халқының нанымы бойынша жердің бетінен ерекше бір гуіл жүреді. Білетін адамдар мұны бірінші болып қой сезеді, оларды баққан қойшы да байқайды деген. Мұндай күні тіршілік атаулының бәрі «әзден» кейін ғана ерекше күш-қуатқа ие болады. Сондықтан халқымызда «Әз болмай, мәз болма» деген сөз қалған.

 

shymkala-22-2Болат БІЛІСБЕКОВ,
қолөнерші:

Қолөнершілер сағына күтетін мейрам

– Наурыз мейрамы ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдеп-ғұрыптарымызға негізделіп, кең сахарада дүбірлете өткізетін той болған. Жаңа жылда тіршілік атаулы көктеммен бірге жаңарып, адамдардың таза әрі әдемі киініп, барлық зергерлік бұйымдарын тағынып жүруінің өзі неге тұрады? Бұдан бөлек киіз үйлеріндегі төсеніштері мен ыдыс-аяқтарын жаңартады. Осылардың бәрінде қазақтың қолөнершілерінің еңбегі мен қолтаңбасы жатқан. 

Қөлөнершілер Наурыз мерекесінде өздерінің шеберліктерімен жасалған бұйымдарын көрсетіп, бағаланатын уақыты да осы мерекемен тұспа-тұс келген. Сондықтан заман алмасып, уақыт жаңғырғанымен шебердің қажеттілігі, оларға деген сұраныс жоғалған жоқ. Күні бүгінге дейін әз- мерекенің ертерек келуін күтетін – осы қолөнершілер. 

Расында бір ғасырға жуық уақыт ұлттық құндылықтарымыздан ажырап, қадірін кетіріп алдық. Ұлттық киімдерді әртістер ғана сахнада киіп не болмаса көптеген дүниелерімізді мұражайдан көретін жағдайға жеттік. Бұл келеңсіздік әлі күнге дейін жойылған жоқ. Мәселен, ұлттық киімдерге келгенде шеберлер ескі көзқарастан арылмай, бар дүниені жылтыратып берумен ғана шектелуінен құндылығы төмендеген. Егер қазақтың киіну дәстүрін зерттеп, заманның ағымына қарай күнделікті өмірде қолдануға да ыңғайлы етіп ұсынса, қазіргідей көшірме дүниеге «ұста» елдердің ығында қалмас еді. Дегенмен, халқымыз қазір табиғи дүниелерді тұтынуға біртіндеп бет бұрды. Жаһандану дәуірінде әлем елдері цифрлық технологияға көшкенімен, алдағы он жылдықта қолөнершілердің дәуірі келеді. 

Егемендікке қол жеткізіп, ұлыс күнімен қайта қауышып, ұмытылып кеткен көптеген дәстүріміз қайта жаңғырғанына шүкіршілік етеміз. Наурыздың басынан басталатын «Көрісу» секілді дәстүрлермен халықтың бір-бірін құттықтап жатуының өзі адамдардың мерекеге дайындығын еселендіреді екен. Ақ жаулықты апа-әжелеріміз қазірдің өзінде ағайын-туыс, көрші-қолаңға көктемге аман-есен жетіп, ағарғанға аузымыз жетті деген жақсы ырыммен Наурыз көжесін беретін күндерін белгілеуде. Сол себепті Ұлыс күнін тойлаудағы бүгінгі үрдістердің ешбір сөкеттігі жоқ. Оның әрқайсысы мән-маңызға ие.

Опубликовано в Мәдениет
Понедельник, 12 Март 2018 07:54

Жүз жасаған әженің арманы

Шымкентте ғасырдан ұзақ жасаған кейуана тұрады. Назым әже биыл 109 жасқа келіп отыр. Отырар ауданы Шәуілдір ауылының тумасы екі ғасырда талай тарихи оқиғалардың куәсі болған. Бүгінде үш қыз, бір ұлдан тараған 31 немере, 19 шөбере сүйіп отыр. Әженің айтуынша, дәл қай күні туғанын өзі де анық білмейді.

109-1

– «Қауын піскенде Назым қызым туылған еді» деп айтып отырушы еді әкем жарықтық, – деп кейуана әңгімесін бастады. – Біздің заманымыздағы балалар қазіргідей әкеге еркелеп, мойнына асылмаушы еді. Отбасымда 3 ұлдың ішінде жалғыз қыз болдым. Ол уақытта қазіргідей мектеп дегенің көп емес еді. Екі ауылға бір мектеп, сол мектепте 6 класқа дейін білім алдым. Содан сұм соғыс басталып, әкем майданға аттанды. Ізінше 2 ағам мен інім де майданға кетіп, әкем мен 2 ағамнан қара хат алдық. Інім ғана ортамызға оралды, – деп әжей мұңын шақты. 

Тағдыр тауқыметін тартқан Назым әжей өткен өмірін еске алғанда тек еңбек еткені ғана есіне түсетінін айтты. Ұзақ өмір сүрудің сыры да содан болар. Ғасырдан астам өмір сүрсе де әжейдің әлі де есте сақтау қабілеті жақсы. Алдына келген адаммен еркін әңгімелесіп, өсиетін айтып отырады.

– Қазіргі егемен еліміздің балалары қандай бақытты. Алдыма келгеннің барлығына сендер бақытты заманда ғұмыр кешіп жатырсыңдар, қарындарың тоқ. Осындай бейбітшілікке шүкір деп айтыңдар деймін. Ал біздің кезімізде күннің ыстық – суығына қарамастан колхоз бригадирі жұмысқа алып кететін. Көктем келісімен білекті сыбанып, колхоздың жұмысына кірісеміз. Шілденің ми қайнайтын аптабында далада кетпен шаптық. Күзде желтоқсан келіп, жерді қар басқанша мақта тердік. Сондықтан барынша тәуелсіз елімізге қызмет етіңдер деп айтып отырамын, – дейді Назым әже.

 

Соғыстың зардабы

Соғыс жылдары тылда жүргендер де майданмен үндесіп, еңбек еткені белгілі. Назым әже де жүннен жылы киімдер тоқып, майданға жөнелтіп отырды. Соғыста шейіт болған әкесі мен екі бауырын бүгінгі күні де сағынатынын жасырмады. Әсіресе, бауырларының бейбіт күндерді көрмей, қыршынынан қиылғаны жанына бататынын айтты.

– Бауырларым көз ашқаннан таршылықтан басқа не көрді? Есейгенде майданға аттанды. Олардың мынадай тәуелсіз заманды көрмегеніне мен өмір бойы арманда қалдым, – деп Назым әже ағынан жарылды.

 

Соғыс біткен соң қыз 

Назым тұрмысқа шығып, Өзбекстанға көшіп барады. Өкініштісі сол, ана болып 6 баланы дүниеге әкелгенімен, барлығы шетінеп кеткен екен. Мұны еске алған кезде әже терең ойға батты.

– Сәбилерден айрыла бергесін қоныс аударсақ, мүмкін, балаларымыз аман өсер деген ырымды алға тартып, туған жерге қоныс аудардық. Осында келгесін туылған қыздың атын ырымдап, Қойсынай деп қойдық.

Содан кейін Назым апа үш қыз, бір ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, қызды қияға, ұлды ұяға қондырды.

 

Өнегелі келін

Бүгінде Назым әжеге немере келіні Ұлбосын күтім жасап отыр. Ұлбосынның айтуынша, әжей әлі де болса үй тірлігіне араласқысы келеді.

– Әжем барлық тірлікті өзі істеп тастағысы келіп тұрады. Тысқа қолтығынан сүйеп алып шығайын десем, менің көмегімсіз өзі жүргісі келеді. Әлі де сол жас күндегідей қамыр жайып, тамақ істегісі келіп тұрады. Нан илеп, далаға таба нан жапқысы, қойып берсең, барлық шаруаны ешкімнің көмегісіз тындырсам дейді, – деді немере келіні.

Ғасырдан ұзақ жасаған әжейдің ендігі арманы – ұрпақтарының амандығы. «Өскелең ұрпақты шуақты көктем мезгіліне ұқсатамын. Олар да нәзік, енді бүр жарған өскінге ұқсайды. Ал енді осы көктеммен қатар келетін 8 наурыз – аналар мерекесі, ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы да бар. Еліміздегі барлық аналарды, қыздарымды осы көктемгі мерекелермен құттықтай отырып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деп, бетін сипады қарт ана...

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 23 Февраль 2018 06:26

Шабыт күніне ұласты

1 наурыз – Алғыс айту күні аясындағы онкүндік шарасы Шабыт күніне ұласты.

Бұл күні облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында қолөнер бұйымдары көрмесі ұйымдастырылды.

Мерекелік жиында түрлі этнос өкілдері қолдан жасаған түрлі туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Қолөнершілердің арасында осынау кәсіппен ұзақ жылдан бері айналысып келе жатқандар да бар.

– Мен қазақ халқының зергерлік бұйымдарын жасаумен 15 жылдан бері айналысып келемін, – дейді өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі, қолөнер шебері И.Рафиков. 

– Адам баласы ежелден әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санаған. Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланыста дамып келеді. Әр туындының астарында терең мән-мағына бар. Бұл күні, сондай-ақ, өңіріміздің барлық аудан-қалаларында «Ынтымағы жарасқан Қазақстан!» атты қолөнер бұйымдары мен өнер туындылары көрмесі ұйымдастырылса, мектептер мен колледждерде тап осындай тақырыпта шығармашылық байқаулар өткізілді.

Опубликовано в Мәдениет
Пятница, 29 Декабрь 2017 05:55

Жемісті де жеңісті жыл

Жаңа 2018 жыл есік қаққалы тұр. Өткен жылға өкпе жоқ. Келер жылдан үміт көп. Тауық жылы елімізде және облыстың тыныс-тіршілігінде көптеген маңызды оқиғалармен есте қалды. Саяси іс-шаралар, мәдениет, руханият саласында маңызды жиындар аз болған жоқ. Бәрі де елдігімізді танытты, абырой-беделімізді биіктетті.

Рас, әр жылдың өзіндік берер сыйы мен несібесі бар. Сол себептен де халқымыз өткен уақытқа реніш артпаған. Өткеннен қорытынды шығармай, алға жылжу жоқ екені де мәлім. Ендеше, 2017 жылдағы басты оқиғаларды тағы бір шолып өтудің реті келгендей. 


 

– ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесі. Қазақ елін төрткүл дүниеге танытқан басты оқиға, ол сөзсіз – ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі. Елорда үш ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан шағын қалашыққа айналды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, көрменің арқасында туристік сектор жандана түсті. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Жалпы, халықаралық көрмені тамашалау үшін шетелден 2 млн-ға жуық адам келді. 


– Әлем назары Алматыға ауды.
Жыл басталысымен-ақ, әлем назары Алатау баурайына ауған еді. XXVIII Қысқы Дүниежүзілік универсиада жарқын жеңіспен есте қалды. Әлемдік бәсекеге 60-қа жуық елдің 2000 спортшысы қатысты. Оған қоса, 3000 ерікті жұмылдырылып, 30 мың шетелдік қонақтар мен туристер келді. 


Қысқы спорттың 12 түрінен жүлделер сарапқа салынған додада Қазақстан құрамасы жалпы есепте екінші орынға тұрақтады. Бұл – тарихи жетістік. Әрине, 2017 жылғы Қысқы Универсиада Оңтүстік спортшылары үшін де олжалы болды. Облыс спортшылары 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде иеленді.


– Түркістан – Түркі әлемінің астанасы
. Биылғы Наурыз мерекесі елдің есінде ұзақ сақталары анық. «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай түбі бір түркі тектес елдер Түркістанда бас қосты. Түркі әлемінің «Наурызнама» шарасына 23 мемлекеттен келген түркітілдес 25 ұлттан тұратын 300-ге тарта шетелдік қонақтар, халықаралық ұйым өкілдері, жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысқан-ды. Думанды Наурыз той мерекесіне орай, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында этно ауыл құрылып, онда ұлттық нақышта әрленген 12 қанатты 33 киіз үй тігілді. Ұлыстың ұлы күнінде тоннадан астам палау дайындалып, 1 500 л Наурыз көже үлестірілді.

 


– Рухани жаңғыру жетістікке бастайды.
Сәуір айында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Мақала аясында Елбасы латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін бекітті. Соның негізінде Үкіметке жаңа графикаға көшу жөніндегі ұлттық комиссия құру тапсырылды. Сонымен бірге жаңа қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуі 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен жүргізілмек. 
 


– Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы.
Шымшаһардың соңғы жылдары экономикалық әлеуеті еселене түскен. Миллионға жуық халқы бар облыс орталығы – мәдениет пен руханияттың, елдегі ынтымақ пен бірліктің ордасы. 2020 жылы Шымкент шаһары ТМД мәдени астанасы мәртебесіне ие болды. Ірі мегаполистің мұндай мәртебеге қол жеткізуі тегін емес. Жергілікті билік 2020 жылға бірнеше ауқымды жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Биыл миллионды қалаға айналуды көздеп отырған Шымқалаға мұндай дәреже беру туралы шешім Өзбекстан астанасы Ташкентте ТМД елдерінің сыртқы істер министрлер кеңесінің кезекті мәжілісінде айтылған еді. 

 

shymkala kz-4-67


– Қазыбек бидің 350 жылдығы тойланды.
«Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: Бабаларға тағзым!» атты Қарағанды облысынан жолға шыққан халықаралық автокеруені Түркістанға аялдады. Қазыбек бидің 350 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Ауқымды шара «Ұлы дала үні» мерекелік концертіне ұласты. 7 көлік, 28 адамнан құралған халықаралық автокеруен 19 тамызда Қарқаралыдан шығып, Жаңарқа, Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау, Қызылорда өңірлерін жүріп өтіп, киелі Түркістанға жеткен еді.

 

– Төреқұлов тәлімі. Биыл көрнекті қоғам қайраткері, дипломат Нәзір Төреқұловтың туғанына – 125 жыл. Ағартушы-ғалым, елші, лингвист, публицист, қазақтан шыққан тұңғыш баспагердің қысқа ғұмырында ұлтына, оның болашағына сіңірген еңбегі орасан. Алаш азаматы сегіз тілді меңгерген, сегіз жыл елшілікте тапжылмай қызмет еткен бірден-бір тұлға. Нәзір Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Алаштың асыл перзенті» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда ТМД, шет мемлекеттерден шақырылған ғалымдар мұрағаттарында жатқан азды-көпті деректерімен бөлісті. 

Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі Н.Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына орай «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты іс-шара өткізді. Сондай-ақ, аудан-қалалардағы кітапханаларға Төреқұловтың кітаптары тарту етілді. 

 


– Бокстағы биігіміз.
Сөз жоқ, 2017 жылы ел спортшылары әлемдік деңгейдегі жарыстарда табысты өнер көрсетті. Әсіресе, боксшылардың бәсі биік. Гамбургте өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 6 жүлде жеңіп алды. Олардың арсынан жерлесіміз Қайрат Ерәлиев (56 келі) әлем чемпионы болып оралды. Жомарт Ержан қола жүлде еншілеген еді. Оған қоса, әйелдер арасында Азия чемпионатында оңтүстікқазақстандық Мадина Нұршаева да жеңімпаз атанған еді. 



– ОҚМПУ-ға – 80 жыл. 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты қос қуанышқа кенелгені мәлім. Биыл білім ордасының ашылғанына 80 жыл толды. 

ОҚМПИ – тарихы терең шежірелі шаңырақ. 2011 жылы Елбасының тікелей араласуымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты болып қайта ашылды. Ағымдағы жылдың 17 қарашасында Үкімет қаулысымен институт – университет мәртебесіне ие болды. Оқу ордасының ұжымы 80 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өтті.  



– Еліміздегі тұңғыш орталық. Руханият саласында атап өтерлік оқиғаның бірі – Шымкент қалалық Тілдерді оқыту орталығының ашылғанына 20 жыл толуы еді. Тыңнан түрен салып, елімізде бірінші болып, мемлекеттік тілді ақысыз оқытатын Орталық қарқынды жұмыс істеуде. Білім ордасы ашылғалы бері 20 мыңнан аса тұрғын тілдерді оқып үйренген. Оның 82%-дан астамы мемлекеттік тілді, 10%-ы ағылшын тілін үйренген. Білім алушылардың сапалық құрамы бойынша 30% мемлекеттік қызметшілер болса, 52% бюджеттік сала мамандары. Ал жыл басынан бері орталықта 1 546 азамат тілдерді дамыту курсын аяқтапты.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 22 Декабрь 2017 06:56

Бас шыршаның шамы жағылды

 DSC0867

Шымкентте салтанатты түрде жаңа жылдық бас шыршаның шамы жағылды. Әл-Фараби алаңына орнатылған шыршаның биіктігі – 18 метр. Қала тұрғындары да мерекелік іс-шараға көптеп жиналды. Концерттік бағдарламалар, мерекелік қойылымдар да әдемі кештің сәнін келтірді.

 DSC08688

Іс-шарада облыс әкімі Ж.Түймебаев пен қала әкімі Н.Сауранбаев келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Жыл сайынғы дәстүрге сай жаңа жылдық шырша Тәуелсіздік мерекесінен кейін орнатылып отыр. Жаңа жылдық шыршалар қаланың үш жерінде – Әл-Фараби алаңында, Ш. Қалдаяқов аллеясында және «Нұрсәт» шағынауданындағы әкімшілік-іскерлік орталықта орнатылған. 

 DSC0907

– Жаңа жылды қарсы аларда өткен жылғы жетістіктерді саралаймыз. Кеше ғана Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығын атап өттік. Осы жылдар ішінде Елбасымыздың бастауымен үлкен жетістіктеге жеттік. Биыл облыста мыңдаған пәтер берілді. Көптеген ауылдарға газ тартылды. Келер 2018 жылдан да күтеріміз мол. Жаңа жыл – әр отбасына жылулық әкелетін, көңілге үміт пен сенім ұялатып, шапағат пен шаттық, мейірім мен ізгілік сыйлайтын ғажайыпқа толы мереке! Жаңа жыл әрбір отбасыға бақыт, табыс әкелсін, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

 DSC0899

Облыс әкімі құттықтау сөзінен кейін бас шыршаның шамын жақты. Шараға жиналған жұртшылық жаңа жылдың сүйікті кейіпкерлері Аяз ата мен Ақша қар және ертегі кейіпкерлерінің көрінісін көріп, мерекелік бағдарламадан бөлек отшашуды тамашалады. Іс-шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Суреттерді түсірген
С. КОСАЙ,
М. ШАҒЫРБАЕВ

Опубликовано в Қала
Пятница, 15 Декабрь 2017 05:51

Тәуелсіз ел – Мәңгілік ел

tauelsizdik-2

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қала қонақтары!

Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Тәуелсіздік күні – ғасырлар бойы азаттық аңсаған халқымыздың өшкені жанып, асқақ арманы орындалған күн. 

Халқымыз үшін Тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Осыдан 26 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, өз тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасы бүгінде беделі биік, құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде әлемге танымал. Елбасымыздың жүргізіп отырған сындарлы саясаты еліміздің қарқынды дамуына, ішкі бірліктің одан беки түсуіне мол мүмкіндік ашты. 

Бүгінде егемендігіміздің арқасында Қазақстан халықаралық ареналарда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Соның бір айғағы, биыл Астанада халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі табысты өтті. Бұл Қазақстанның экономикалық қуатын жаһандық танудың айқын көрінісі екені сөзсіз.

Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Екі дәуір түйіскен шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы» деген болатын. 

Бүгінгі таңда қала экономикасының қай саласын алсақ та, тәуелсіз адамдардың бойынан ертеңге деген ұмтылыс, еңбекке деген құлшынысты көреміз. Қолымыз жеткен жетістіктердің бәрі азаттық пен еркіндіктің арқасында, ұлттық мемлекетіміздің қолдауына сүйене отырып еткен еңбегіміз бен барлық тетіктердің айқын да үйлесімді жұмыстарының нәтижесі деп білеміз. Осы игілікті істерде баршамыздың қосқан үлесіміз бар екеніне қуаныштымыз.

 

Қымбатты жерлестер!

Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау болса, сол бабалардың арманын орындауда Мәңгілік елдің тұтастығын баянды ету біздің басты мұратымыз.
Бірлігіміз бекем, тұтастығымыз берік болғай! Тәуелсіздігіміздің көк туы ашық аспанымызда мәңгі желбірей берсін!

 

Нұрлан САУРАНБАЕВ,
Шымкент қаласының әкімі

Нұрлан БЕКНАЗАРОВ,
Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы

Опубликовано в Қоғам

amidollaЕгемен еліміздің Тұңғыш Президенті, дана саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен сонау бір жастық дәуірімізде курстас әрі қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Алдымен өзім жайлы айта кетсем, мен – Амидулла Ермаханбетұлы 1939 жылы 22 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Георгиевка ауданы (қазіргі Төлеби), Қасқасу ауылында дүниеге келдім.

amidolla-2

1957 жылы осы ауылдағы орта мектепті бітірген соң, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға түсуге бардым. Бірақ сол кездегі тәртіп бойынша өткізілетін конкурстан өте алмаған соң Шымкент қаласындағы №11 техникалық училищеге оқуға түстім. Оны 1958 жылы бітірдім. Содан соң цемент зауытында слесарь-монтажшы болып жұмысқа тұрдым. Осы жылы облыстық комсомол комитетінің жастарды бүкілодақтық екпінді комсомол құрылысына, атап айтқанда, Қазақстан магниткасын салу жұмысына жолдамамен жіберу науқаны басталды. Сөйтіп облыстық комсомол комитетінің жолдамасымен «Қазақстан магниткасына» – Теміртау қаласына бардық. Сол жерде екі топқа бөлініп, училищеге оқу үшін Ресей мен Украинаға жолға шығарып салды.

Украинаға жолдама алған 35 жігіт барды. Мұндай салада еңбек ету үшін алдымен Украинадағы Днепродзержинский қаласындағы №8 техникалық училищеден арнайы білім алу керек. Осыған орай біз Шымкенттен пойызбен Мәскеу арқылы діттеген жерімізге жеттік.

Днепродзержинсийге келгесін байқағаным, мұнда Шымкенттен келген біз ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастар көп екен. Бұл жердегі жұмыс пен еңбектің тәртібі былай: аптасына 3 күн училищеде оқимыз, 3 күн қаладағы Металлургия комбинатында жұмыс істейміз. Мен осы жерде алғаш рет Нұрсұлтан Әбішұлымен таныстым. Кең маңдайлы, ашық жүзді Нұрсұлтанның кіммен танысса да сол сәтте өзіне баурап алатын қасиеті барын бірден байқадым. Ашығын айтсам, Нұрсұлтан оқуды да үздік оқып, жұмыста та асқан белсенділік танытатын. Оның бойына біткен адамгершілік қасиеті жанындағылардың бәрін өзіне ерекше тартатын. Осылайша ол жақта Нұрағаңмен 2 жылдай әріптес болып, Теміртау қаласына – «Қазақстан Магниткасына» жұмысқа келдік. Сөйтсек, біздің мамандық бойынша жұмыс жасайтын домна пеші әлі іске қосылмаған екен. Ол біткенше екі жылдай әртүрлі жұмыс атқарып жүрдік. 1962 жылы домна пеші іске қосылып, өз мамандығымыз бойынша бірінші шойынды балқытуға кірістік. Домна пеші балқытқан шойынды бірінші болып Нұрсұлтан Назарбаев ағызды. Алғашқы құйылған шойынның бір құймасын алып, «Қазақстан магниткасының бірінші шойыны» деп жазып, Алматыда өткен Қазақстан ЛКСМ-нің 12-съезіне алып барып, Д.Қонаевқа табыс етті.

Жұмыстың ауыртпалығына шыдай алмаған бірталай жігіттер кәсіпорында қалмай, елдеріне қайтып кетті. Жұмыста тек қажырлы да қайратты жігіттер іріктеліп қалды. Мен осында Нұрсұлтан Әбішұлымен 1970 жылға дейін бірге жұмыс істедім. Одан бұрын, яғни, 1961-1962 жылдары Теміртаудағы жоғарғы техникалық оқу орнына (ВТУЗ) түстік. Институтта кешкі және күндізгі бөлімде оқытатын тәртіп болатын. Мәселен, жұмысқа күндізгі ауысымға түссек, кешке оқитынбыз. Түнгі ауысымға түссек, күндіз оқитынбыз.

Мен мамандығым бойынша мартен пешінде болат қорытушы болдым. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы домна пешінде шойын қорытушы болып еңбек етті.

Осы уақытта Нұрсұлтан Әбішұлы домна пешінің қатардағы кеншісінен бастап, цех комсомол комитетінің жетекшісінен комбинат парткомының хатшылығына дейін өсті. Одан Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшы, одан кейін Қазақстан орталық партия комитетінің хатшылығына көтерілді.

Нұрекең қандай қызметте жүрсе де байырғы курстас әрі қызметтес достарын ұмытқан емес. Мәселен, қазіргі ел басқарып жүрген уақытында да уақыт тауып, бізбен бас қосуды ұмытпайды. Ондай кездері біз жастық шағымызды еске алып, мәре-сәре боламыз. Яғни, ол өз мойнындағы сан алуан саясаттың тірліктерін бір сәт ысырып қойып, бізбен баяғы жастық шақтағы сәттеріміздегідей емен-жарқын әңгімелесе бастайды.

Нұрсұлтан Әбішұлы сонымен қатар әзіл сөзді өте жақсы көретін, кең пейілді жан. Біз де өз тарапымыздан оның атқарып жатқан алуан түрлі жұмыстарына оң баға беріп, оны шабыттандыра түсеміз. Біздің оған көрсеткен басты құрметіміз - осы.

1989 жылы 24 маусым күні Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы болып сайланды. Дәл сол күні менің үлкен қызым Бақыттың тұңғыш ұлы өмірге келді. Бұл менің тұңғыш немерем еді. Немеремнің туылғаны және ат қойғанымыз қызық болды. Осы кезде жаңа ғана өмірге келген немеремнің аты жайында таласа бастадық. Сол уақытта менің жұбайым Бану үйде отырған қонақтарға қарап былай деді: «Немеренің аты өзінен-өзі шығып тұрған жоқ па? Бағаналы бері өздерің сырттай құттықтап отырған Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы – Нұрсұлтан досымыздың аты осы немереге лайық емес пе?!» демесі бар ма. Отырғандар ду қол шапалақтап, бұл ұсынысты бірден қолдады...

Тағы бір қызық жайт, осы немерем 6 жасқа толғанда, оның сүндет тойы мен өзімнің 60 жасқа келгенім әрі Розаға қосылғаным, сондай-ақ анамның 100 жылдық мерейтойы да тұспа-тұс келді. Осындай төрт қуанышқа арнап үлкен той өткізуді ұйғардым. Тойға екі күн қалған кезде Нұрсұлтан Әбішұлына арнайы шақыру жібердім. Тура той болатын күні ол кісіден құттықтауға толы телеграмма келді. Ол телеграммада былай деп жазылған екен.

«Құрметті Әбеке, бақыт деген осы. Төрт құбыланың түгелдігі деген осы. Шүкіршілік, алдыңда ақ пейіл анамыз, жаныңда жан жарың Роза, соңыңда балалар мен немерелер ер жетіп келе жатыр. Балбөбек Нұрсұлтанды тағдыр көпсінбесін, ұзағынан сүйіндірсін. Анамыздың да, өздеріңіздің де алда көрер жақсылықтарыңыз мол болсын! Шаңырағыңа бақыт пен шаттық тілеймін!

Нұрсұлтан Назарбаев. Астана«. Мұның өзі Нұрағаңның біз секілді қарапайым адамдарды, әсіресе ескі достарды ұмытпай жүргендігінің бір көрінісі.

Арада біраз уақыт өткенде Жамбылдың 150 жылдық мерейтойына кілең сыныптастарды әдейі арнап шақырып, сонда Нұрекең бәрімізді бір күн бойы күтті.

2011 жылдың мамыр айында біздің қалада ардагерлерге арналған аллеяның ашылу салтанатына арнайы сапармен келгенде тағы жолықтық. Біз бұрынғы облыстық арбитраждың бастығы Өмірбек Темірұлы екеуіміз алдынан шығып, арнайы сәлем бердік.

Бүкіл әлемге аты мәшһүр болған қайсыбір ұлы тұлғаны алсаңыз да, қарапайымдылықтан кенде болған емес. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Әбішұлы Елбасы екендігіне қарамай, осындай қасиеттерді де бойына сіңірген.

2011 жылы 29 қазанда Нұрсұлтанның әкесі Әбіш атамыздың қайтыс болғанына 40 жыл, анасы Әлжанның өмірден өткеніне 35 жылдық асты Назарбаевтар әулеті өткізді. Біз, біраз сыныптастар, достар асқа қатыстық. Мен көпшілік алдында арнау сөз айттым: «Біріншіден, осы асты ұйымдастырып отырған, Назарбайдан тараған ұл-қыздарға, ағайындарға мың да бір рахмет. Нұрсұлтандай ұл өсірген ата-ана – бақытты жандар. Оларды бүкіл қазақтың ата-анасы десек те артық емес. Өйткені, олардан туылған Нұрсұлтан бүкіл әлемге Қазақстан Республикасын, қазақ халқын танытып отыр» дедім.

Бұл ас – бүкіл қазаққа үлгі болатын, дәстүрімізге сай ас болды. Мен өзімді Нұрсұлтандай ұлы тұлғамен жалынды да жігерлі жастық шақтағы күндерді бірге өткізіп, қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Иә, ол ұлы тұлға...

Опубликовано в Мәдениет
Страница 2 из 12