ТҮРКІТАНУШЫ ҒАЛЫМ СЕЙСЕНБАЙ ҚҰДАСОВ – 60 ЖАСТА

kudasovТәуелсіздікке қол жеткен жылдары отандық тарих ғылымының қоржыны кеңестік кезеңде және тәуелсіздік жылдары әзірленген білікті мамандардың білімінің арқасында жаңа деректер мен жаңаша зерттеу жолдарымен толығып отырғанын ерекше атап айтуға болады. Соның ішінде тіл тарихын ел тарихымен байланыстыра зерттеу бағытындағы жұмыстарда түркітанушы ғалымдардың қомақты үлесі де бар. Осы қатарда салмақты ойларымен танымал ғалымдардың бірі – Сейсенбай Құдасов екенін салаға қызығушылық танытқан зиялы қауым жақсы біледі. Ғалымды кешегі Кеңестік Түркітану ғылымы қазанында қайнап шыңдалған білімін тәуелсіздік жылдары ел игілігіне жұмсап келе жатқан санаулы мамандардың қатарынан саналады десек артық айтқандық болмас.

1979 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін филология мамандығы бойынша бітірген жас маман сол кездегі Қазақ КСР ҒА Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкер болып қабылданады. Ал жас маманның түріктанушы ғалым болып қалыптасуына институт директоры академик Ә.Т. Қайдардың ұстаз ретіндегі орны ерекше болған. Жас маманды мүлдем тың тақырып армян жазулы ортағасырлық түрік жазба ескерткіштерін зерттеуге сала отырып ұстазының шәкіртінен үлкен үміт күткені анық. Армян-жазулы қыпшақ ескерткіштерін зерттеу Қазақстанда ғана емес әрісі әлемдік түркологияда, берісі Кеңес Одағында кенжелеп дамып келе жатқан ғылым саласы болатын. Ол жылдары шетелдік басылымдарға қол жете бермейтін, ал Т.И. Груниннің 1967 жылы жариялаған 1559-1567 жылдарды қамтыған, немістермен соғыс кезінде жоғалып кеткен № 4386 акт кітабынан басқа, Украинада А.Н. Гаркавец пен Я.Р. Дашкевичтердің, Қазанда И. Абдуллиннің еңбектері енді-енді жарық көре бастаған кезең еді. Осы қиын да қызық тақырыпты зерттеу жас маманға сеніп тапсырылды. Осы орайда жас ғалымның да ұстазы үміт етерліктей жеке бас қасиеттері мен қабілеттері туралы да айтпай кетуге болмайды. Оның бір көрінісін ескі армян әліпбиін өз бетімен оқып үйренуінен байқар едік. Әрине, ғылымның талаптарына сай еңбек етуіне ұстаздарының ықпалы да аз емес. Біртіндеп тәжірибе жоғарылай түсті. Жас ғалым аталған ғылыми ошақта Отандық Түркітану саласында белді де, беделді ғалымдар саналатын Қ. Өміралиев,

Ә. Құрышжанов, А. Гаркавец т.б. сияқты түріктанушылармен әрі шәкірт, әрі әріптес ретінде қатарласа ұзақ жылдар қызмет ете жүріп талай өзекті мәселелерге жаңаша қарау керектігіне көз жеткізгені анық. Ғылыми ізденістерінің нәтижелері де көп ұзатпай бой көрсете бастады. Алғашқы ғылыми мақалалар тізбегінен басталған игілікті істері түркітануға «Дана Хикар» жазба ескерткішінің тіліне қатысты салмақты зерттеулерімен түйінделді (Армян жазулы қыпшақ ескерткіші «Дана Хикар сөзінің» тілі. Монография. –Алматы: «Ғылым», 1990 (7,41 б/т.). – 120 б.). Еңбектің ғылыми жоғары деңгейде орындалғанын ғылыми ортада мойындалып арнайы сыйлыққа ұсынылғаны да белгілі. Дәл осы аудармасы елімізде соңғы жылдары жарияланған әдеби жәдігерлердің көп томдығына сол күйінде енуі де жұмыстың сол салмағын байқатса керек (Дана Хикар хикаясы. Аудармасы, факсимилесі, ғылыми түсініктемесі. // Әдеби жәдігерлер. Жиырма томдық. 20 т. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2013. (11-37, 376-386 бб.).

Ұзақ жылдар ҚР ҰҒА А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты және кейінгі жылдары еліміздегі бірнеше ЖОО қабырғасында еңбек ете отырып қыпшақтанулық бағыттардағы ғылыми зерттеулерін тоқтатпай жүйелі жүргізіп келеді. Ғалымның қаламынан туындаған ғылыми еңбектердің дені тәуелсіздік жылдарында жарияланды. Ол Түркітану саласында білікті ғалым ретінде қол жеткізген білімі мен білігін күні бүгінге дейін шәкірт тәрбиелеуде де нәтижелі пайдаланып келе жатыр. Оған дәлел еліміздегі ЖОО студенттері мен аспиранттарға оқыған («XVI-XVII ғғ. армян-қыпшақ жазба ескерткіштері бойынша» тәжірибелік сабақтар) дәрістері және халықаралық деңгейде 2007 жылы «Манас» атындағы Халықаралық Қырғыз-түрік университетінің магистранттары мен докторанттарына оқыған («Codex Cumanicus» (XIV в.) и армянописьменных кыпчакских памятников XVI-XVII в.в.) дәрістерін айтуға болады. Яғни шетелдерде де шәкірттері бар танымал ғалым деп ретінде танимыз.

Ұстаздықты ғалымдықпен ұштастыра білген тұлға ретінде бірнеше ғылыми жобалардың орындаушысы және жетекшісі болып отандық түркітану ғылымына өзіндік үлес қосып келеді. Елімізде мемлекеттік деңгейде қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2007-2009 жылдары Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ғалымдарымен, 2008 жылы Абай атындағы Қазақ ҰПУ мен 2011-2014 жж. Халықаралық «Түрік Академиясы» ғалымдарымен ортағасырлық жазба ескерткіштерді кешенді түрде зерттеу, оның ішінде тіл тарихын ел тарихымен сабақтастыра зерттеудің мәселелерін ғылыми көтере отырып, тарих ғылымының деректану саласының қазақ тіліндегі қорын молайтуда мол үлесін қосты.

Осындай еңбектерімен бірге ғалымның тағы бір қыры сол әкелінген жәдігерлерге ғалымдардың, жастардың назарын үнемі аударып келе жатқанын да дер едік. Оның ішінде ғалым гуманитарлық ғылымдарды зерделеуге ғылыми жағынан кешенді түрде келу керектігін үнемі мәселе етіп қойып келеді. Әсіресе, тіл тарихы мен ел тарихы сабақтастығын бірнеше ғылымдардың басын біріктіре отырып шешудің мүмкіндіктері мен жолдары мол екенін айтып қана қоймай, тәжірибе тұрғысынан да жүзеге асуына талмай еңбек етіп келе жатқан ғалым. Соның бір дәлелі іспетті отандық тарих ғылымында ортағасырлық қыпшақ жазба ескерткіші «Кодекс Куманикустің» (XIII-XIV ғғ.) материалдарын тұңғыш рет тарихи қайнаркөз ретіндегі маңызын зерделеуге арналған осы жолдардың авторларының кандидаттық жұмыс деңгейінде қарастыруына да тіл маманы ретінде көп көмегі тигенін айтып өткенді орынды санаймыз.

Ғалымның тағы бір қыры ұйымдастырушылық қабілетінің өте жоғарылығы дер едік. Осы қасиетін «Қазақстанның ғылыми әлемі», «Қазақтану» сияқты халықаралық және отандық деңгейде беделге ие болып келе жатқан басылымдардың жарыққа шығуындағы сіңірген еңбектерінен байқауға болар еді. Ал сол басылымдарда түркітану саласындағы еңбек етіп жатқан халықаралық деңгейде беделді ғалымдардың салмақты еңбектері көптеп жарияланып тұрды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің оңтүстігіндегі бірнеше ЖОО-да еңбек ете келе, өңірде қыпшақтанулық бағыттарда ғалымдардың шоғырын топтастыруға, қалыптастыруға мұрындық болып келе жатқаны тағы бар.

«Ғалымға құрмет – ғылымға құрмет» деген қағиданы ұстанған ғалым Түркітану, оның ішінде қыпшақтану саласына мол үлес қосқан әр дәуірлердегі түркітанушы ғалымдарды, оның ішінде бүгінгі күні көзі кеткендерінің де ғылыми еңбектерін көпшілікке таныстыруда бірқатар игілікті істер жасап келеді. Ғалым әлі күнге дейін баспалар және ғаламтор беттеріндегі жеке парақшалары арқылы көпшіліктің танысуына мұрындық болып отыр. Осы арқылы бүгінде сирек ғалымдардың қолында немесе түрлі деңгейлердегі кітапханалардың сирек қорларында ғана кездесетін кейбір құнды зерттеу еңбектерді көпшіліктің көзайымына айналдыруда. Және ол еңбектердің жай ғана көшірмесін таныстыруды емес көп жағдайда сол еңбектерге бүгінгі күн биігінен ғылыми түсініктемелер, кейбір тұжырымдарға байланысты ғылыми ұсыныстарды өз тарапынан қоса отырып мамандар мен оқырманды жалпы ортағасырлық қыпшақ тілді жазба ескерткіштердің маңызын ұғынуға көмектесіп те отыр.

Ғалым осындай күнделікті ауыр да қызықты еңбектерін саралай қараған адам оның өз зерттеулеріне тіл тарихымен ел тарихын сабақтастықта қарастырғанды мақсат тұтып еңбек етіп келе жатқанын анық байқар еді.

Әрине бір мақала төңерегінде ғалымның барлық қырын ашып көрсету мүмкін емес шығар. Оған арнайы зерттеулер де керек болар және ол алдағы күннің еншісінде. Ал ғалымның бүгінге дейінгі жарияланған бірнеше монография мен елуден аса таза ғылыми мақалалары оны отандық қыпшақтану саласында өзіндік қолтаңбасы бар түркітанушы екенін байқатады. Әсіресе, ғалым ретіндегі зерттеулері мен ғылыми пікірлерін халықаралық түркітану саласында белгілі бір деңгейде өзінің өзектілігі мен құндылығының салмағы қазірдің өзінде ғалымдар назарына іліне бастады десек артық айтқандық бола қоймас. Дегенмен негізгі ғылыми болжамдары, тұжырымдары жалпы кейбір құнды пікірлерінің («Ортағасырлық қыпшақ жазба ескерткіштерінің Еуразиядағы саяси, тарихи жағдайларды пайымдаудағы тарихи дереккөз ретіндегі рөлі» мен «тіл тарихы мен ел тарихының тарихи сабақтастықтары», «қазақ» атауының шығуы туралы,

Ортағасырлық Кавказдағы Қазақ сұлтандығы тарихын қайта зерделеу керектігі т.б.) ғылыми мойындалуы уақыт еншісінде деп ойлаймыз.

Бүгінде асқаралы алпысты алқымдаған ғалымның ғылымда жасаған еңбектері де ел назарынан елеусіз қалған жоқ. Лайықты бағаларын да алып келеді. Мысалы, «Армян жазулы қыпшақ ескерткіші «Дана Хикар сөзінің» тілі» (Алма-Ата: Издательство «Наука», 1990) атты еңбегі үшін Қазақ КСР Жастар одағының Құрмет грамотасымен (1990 ж.), ал сәл кейіндеу ҚР ҰҒА «Жас ғалым» дипломы мен медалімен марапатталды (1991 жылы). 2007 жылы ғылымға сіңірген еңбегі үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, 2009 жылы Мажар елінің Халықаралық «Кумания Кун-Кыпчак» қоғамының, ал 2013 жылы Армения Республикасы ҰҒА Шығыстану институтының Құрмет грамоталарымен марапатталғаны соған куәлік ете алады деп санаймыз.
Бүгінгі күні Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің білікті маманы ретінде қызмет етіп жатқан Халықаралық Қыпшақтану саласының сирек те, салмақты ғалымдарының бірінен саналатын Сейсенбай Жолайұлы Құдасовты 60 жылдық мерей тойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбасылық бақыт тілейміз.

Б.Е. КӨМЕКОВ,
ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор,
Қ.С. АНАРБАЕВ,
т.ғ.к., ОҚМПИ доценті м.а.

Опубликовано в Мәдениет
Пятница, 02 Сентябрь 2016 09:25

Жүрегi жомарт, пейiлi кең

БАЙДУЛЛА ҚОНЫСБЕКТІҢ «ДАРАБОЗДАР» КІТАБЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

Оңтүстіктің руханиятына зор үлес қосқан, 50 жылдан бері қолынан қаламы түспеген белгілі журналист Байдулла Қонысбек биыл – 75 жаста. Осы айтулы мерекеге орай облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында әдемі кездесу кеші өтіп, «Дарабоздар» кітабының тұсауы кесілді. Қарымды қаламгер бұл кітабында ел дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосқан атпал азаматтар жайлы ой қозғайды, олардың жан-жақты қырын ашып көрсетеді.

 MG 1048

Байдулла аға қолына қалам мен микрофон ұстаған талай жасқа қанат бітірді, тәрбиеледі, жол нұсқады, қазақ журналистикасының дамуына үлес қосты. Еткен еңбек еш кеткен жоқ. Бүгінде тәлім алған тілшілер «ағалап» тұрады, ұстаз тұтады. Қазақстанның Құрметті журналисі, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» тағы басқа төсбелгілердің иегері. Осындай парасат-пайымы мол ел ағасымен өткізілген кездесу кешіне ақын-жазушылар, Оңтүстіктің зиялылары түгелдей дерлік жиналды. Бірінен кейін бірі сөз алып, Байдулла ағаның азаматтық, журналистік қырына тоқталды.
– Байдулла – алақанда өсірген, ізімізден ерткен ініміздің бірі. Табиғатында, жаратылысында сондай сыпайы, қарапайым, өзінің әр қадамын ойланып басады. Достарға, айналасындағы адамдарға бауырмал, қамқор. Басшылық қызметті атқарғанда да ол өзгерген жоқ. Әлі күнге дейін осы мінез, осы қасиет бойынан табылады, – дейді жазушы Еркінбек Тұрысов. Ал «Шымкент келбеті» газетінің директор-бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова телеарнадағы жетістіктерін сөз етті.
– Ел Тәуелсіздікке қол жеткізіп, елең-алаң тұста, кім, қайда бағыт аларын білмей, тосырқап жүргенде «Қазақстан-Шымкент» телеарнасын қайта құрып, журналистерді жасақтады. Біздерге өзінің талапшылдығымен, ізденімпаздығымен үлгі болды. «Бетпе-бет» авторлық хабарын ашып, сол тұста халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқарды. Тікелей эфир барысында талай әлеуметтік мәселенің шешілуіне күш салды, – деді А. Қапбарова.
«Жаны жайсаң, жүрегі кең азамат» тақырыбындағы кездесу кеште бұдан бөлек Нармахан Бегалыұлы, Мархабат Байғұт, Үрзада Айтөреева, Талғат Орман, Көпен Әмірбек, тағы басқа, елге сыйлы ақын-жазушылар, журналистер мен оқырмандар жылы лебіздерін білдірді.

Опубликовано в Мәдениет

Жазушы Мархабат Байғұт биылғы көктемде ғұлама ғалым, айтулы абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы туралы «Іштарлық пен құштарлық» атты хикаят-эссе жазып бітірген болатын. Деректі дүниеде «Кіші күншілдік», «Ірі іштарлық», «Империялық іштарлық», «Құмар қыздың құштарлығы», «Құштарлыққа құштарлық», «Құнанбайұлына құштарлық» сияқты, басқа да бірқатар бөлімдер бар. Бүгін біз осы хикаят-эссенің аз ғана үзіндісін жариялап отырмыз.

 MG 8423Майтөбеде туыпты. Кәдімгі. Қаратауыңыз бен Алатауыңыздың түйіскен төрінде. Түркібасы әулиенің қос өркеші көрініп тұратын Ұмайтөбе – Майтөбенің текше-тепсеңінде. Ақсу-Жабағылының Ұрбұлақ-Дәубаба, Сазтөбе-Машат шатқалдарына ұласып жататын жайсаң жота-жонастары қалқасында. Қарасу бұлағы қайнап шығатын шырайы мен шұрайы қосыла өрілген құнарлы топырақта.
Ата-бабалары он жетінші ғасырда Алатаудың Ақсу-Көксуын, Жуалының қырғызға қарата биіктейтін аңғар-атыраптарын жайлап отырған жерінен Шақпақ асып, Түркібасы өңіріне қоныс аударған. Алты арыс Құлидың төрт атасы Түркібасыға келген. Екеуі Жуалының Тәңіртау жағындағы жайлаулар мен қыстауларда қалған. Жалпы Жуалы-Түркібасы, Ақсу-Жабағылы – Тәңіртаудың құт қойнаулары бұлардың атамекендері ғой.
Төрт арыстың біреуі Түктібайдың әулеттері әуелден-ақ аң аулаған. Атақты мергендер шыққан. Мергендерімен қатар зергерлері де аз болмаған. Мырзахметтейін мырза жігітіңізге һәм зергерлігіңіз жеті атадан жетіп қонған. Әсіресе, ат әбзелдерін, ерекше ер-тұрманды шебер жасайды екен. Бұларға қоса білезік пен сақина, сырға мен шолпы дейсіз бе, бәр-бәрін бәдіздей білген. Зергерлігі, ұсталығы, молдалығы қосыла келе қазақ қатты сыйлайтын азаматқа айналған.
Мырзахметіңіз екі әйел алған. Әкесі Рысбек жалғыз бопты. Мырзахмет те жалғыз. Ұлдан. Рекең ұлымның ұлдары көбірек болсын десе керек. Екі келінді болмақты қалаған. Тілеген. Септескен.
Мырзекеңнің бірінші әйелінен балалар көп болған. Ашаршылықта азайған. Бірқаншасы қуғын-сүргінге ұшыраған. Қамалған. Айдалған. Қайтпаған. Жалғыз Ордабек қалған. Ол дағы зергерлікпен, ұсталықпен айналысқан. Түркістанда педучилище тәмәмдаған. Бірақ мұғалімдік жұмысқа зауқы тартпаған. НКВД, КГБ-ларыңыз соңына түсіп, күн көрсетпеген. Мұғалім болсам, бетерден де бетерленіп, бекерге күйіп кетермін деген. Қырсығып, қырыққа дейін үйленбеген. Туған-туыстары түгел жабылып, зорлап жүріп әзер аяқтандырған. Үш қыз, үш ұлы өсіп-өнген.
Бүгінде бір ұлы Темірхан Ордабеков – талантты суретші. Қазақтың қадірменді қылқалам шебері. Талай-талай елдерде туындыларының көрмесі өткен, өнер тарланына айналған дарын иесі.
Мекемтасыңыз Мырзахметіңіздің екінші әйелі Зәуреден туыпты. Ойхой, Зәуредейін сұлуыңыздың зәузаттары тектілердентұғын. Атасы – атақ-даңқы алысқа кеткен, алашыңызға жайылған аймүйіз Батырбек датқаңыз. Әкесі Сейдалы би – сол даңқты датқаның немересі.
Зәуредейін заттылардың ұрпағы зерделі зергеріңіз Мырзахметтен бірнешелеп ұл тапқан. Қылша дертінен қырылған. Зәрезаптанған Зәуре ана еркеккіндік перзенттерінен қайта-қайта айырыла берген соң зар еңіреп: «Мырзеке, мұның атын Мекемтас қойсақ қайтеді?» – деген. Мырзахметіңіз өзі соққан темір төске болат балғасын бір ұрып: «Бопты. Болсын», – деп, азан шақырып, есімін еншілеген. Тәңіртауға қарап: «Мекемтас! Мекемтас! Мекемтас!» деген. Тас Мекем көкеміздің туу тауарихы шамамен осындай.
Ұлдары шетінен шетінеп кете бергенмен, Мекемтастың алдында Күләнда дейтұғын қыз болған. Оқыған-тоқығаны бартұғын. Спектакльдер қойып, басты рөлдерде ойнап, көзге түскен Күләнда әпкесі ғой ол.
Зергеріңіз Мырзахмет бұл пәниден тым ерте кеткен. Артында алтын қалған. Түнікелі, еңсесі биік үй қалған. Сол үлкен де үлгілі үйдің ортасындағы үлкен бөлмеде ұстын тіреу тұрған. Сол тіреуді білдірмей ғана оюлай ойып, тереңдей тіліп, ешкім елей бермейтіндей етіп, алтындарды жасырған.
Жойқын жүйеңіздің ірі-ірі іштарлықтары қазағыңызды қынадай қыруға кірісіп кеп-кеп кеткен. Мал-жан дейтұғын қазақты қойынан да, жылқысынан да, қысқасы, төрт түлігінен де тып-типыл еткен. Қолдан жасалған ашаршылық басталған.
Мырзахметіңіздің артында аңырап қалғандар алғашқыда әл-ауқат жағынан онша қинала қоймаған. Айнала-төңіректеріне, ағайын-туыстарына қарайласқан. Зергеріңіз зерлеп жасырған алтынның ақырындап азық-ауқатқа айналдырылып, айналымға түсіп жатқанын әпербақан белсенділер білмей қойсын ба?! Күншілдігіңіз күн көрсетпеске кеткен. Іштарлығыңыз іргелі шаңырақты түнде де тінтіген. Күндіз де тіміскілеген. Айлар бойы аңдыған. Таппаған. Әулекілер әлекке түскен. Үй иелерін қинаған. Тергеген. Таба алмаған.
Ақырында шолақ белсенділер білек сыбанып, Қарасу қайнарының басындағы түнікелі үйге от қойған. Бірден жанып, жалп етіп құламасын деп, ерекшелеу есеппен, өзгешелеп өртеген ғой олар. Ақырында шаңырақтың ұстын тұғырындай тіреу баяу жана бастаған. Зергердің оймыштаған оюлары отқа оранып, шоққа айналған мезгілде алтындар домалап түседі ғой, әттең-ай.
Ашаршылық. Ұлы дала мен ұлық тауларды жайлаған жомарт ұлтты жер бетінен түп-тамырымен жұлып тастауды түпкі мақсат етіп, осы жолдағы жымысқылықты ғасырлар бойы жүйелі жүргізген сайқал саясаттың қорқау қасқырлары білек сыбанып, білгендерін істеп бақты. Алдын-ала малынан тұлдырлай тақырланған Түркібасының қазақтары да тау-тасты кезіп, тентіреп кетті. Сай-сайларда, жыра-жыраларда өліктер көмусіз жатты. Тоқсан үйлі ауылдардың төрт-бес үйінен ғана түтін шығатын зар заман туды.
Адамдар адамдардың етін жеген жағдайлар жиіледі.
Сондай күндердің бірінде Ұмайтөбе-Майтөбенің орта тұсындағы өртенген үйдің тамтығынан қалқа жасап қалқиып отыратын Зәуренің зар илеп жылауға да шамасы жетпей, Қарасу қайнарының мөлдірінен ғана сусындап, төрт жасар Тас Мекемдейін ұлын жетелеп, жеті-сегіз айлық Ажардайын қызын арқалап, Түлкібас стансасына сүйретіліп зорға жеткен. Стансаның орталығынан қашқақтай қорғаншақтап, қия беткейлеп ілбіген. Ісіп-кепкен, жанарларынан жан шошитын адамдардың жандарына жолаудан да қорқатын кезенейлі кезең-ді. Пұшықкезең дөңесінен асса, арғы жағынан Кемербастау да көрінер еді.
Зәуре ана осыны ойлайды.
Кемербастауда Құрманбек дейтұғын күйеу боп келетін жігерлі жігіт бар. Сіңлісін алған. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» боп кеткен бұлаң-бұлғақ бұ заманда олар дағы мәз емес шығар. Бірақ, естулерінше, қуғын-сүргіннен сауырақ, қамбалары мен қоржындары қоңдырақ күйде деседі. Төрт жасар, жіп-жіңішке Мекемтасы ашқұрсақ. Түйір нан татпағалы біраз болған. Қуырған жүгерінің жасыған дәнін санап береді. Ажар болса, сүт шықпауға айналған емшекті соруға әзер-әзер әлі жетіп, әлсіреп қалған-ды.
Кенет кезең биігіндегі қара бұтаның қалқасынан қасқырлар анталап шыға келді.
Зәуре ананың жон арқасы ду етіп, жыбырлай жөнелді. Артынша сансыз ине омыртқаларын осқылай шабақтап, жұлынын шаншылағандай әл-дірманы құрып, тізерлеп отыра кеткен. Іле-шала шапшаң көтерілді. Тастақ тақырдан. Талдан таяқ сындырды. Жон арқа жақтан жабысқан қорқынышты жұлып тастағысы бар. Тал таяқтың жұқалтаң-жүдеу жапырағын сындырды. Ажарды сол қолтығына қысты. Шар ете қалды. Қызы. Тез тыншыды алайда. Жылдам жүріске салды. Күш-жігер құйылғандай. Ащы өзегі удай ашыды. Тамағы құрғады. Жанарынан жас парлады. Сай жаққа емес, қияға қарата қадам басқан. Мекемтасына қарап қояды. Тас түйін секілді. Еркек қой. Тастақ беткейге бірнеше мәрте сүрініп жығылды. Жанұшыра ұшып тұрды. Орнынан. Біресе етегінен ұстайды. Біресе жеңіне жабысады. Шешесінің. Біресе тақырға жығылады. Қан-сөлсіз безеріңкі беті тасқа тисе де, қан шықпады. Мекемтасының.
Қасқырлар бұлардың бір әйел, төрттен асар-аспас жас бала, жеті-сегіз айлық нәресте қыз екенін байқап, еркінси бастады-ау. Жүріс-жүгірістерін жылдамдата түсті. Қызыл көздері құтырынған. Біраздан бермен қарата адам жеп әбден дәніккен. Әккілер өңшең. Құныққан қорқаулар.
Жота қиясында жансебілдене жүгіргенмен, өндіре алмаған. Қасқырлар тастақ жерді тырмалап, топырақ аралас қиыршық құм шашты. Бірден бассалмақтан гөрі біраз-біраз мазақтамақ, мазаттанбақ мақсатта сияқты.
Бәлкім, бұларға әуелгіде ермек керек. Үш адам. Үшеуі де әлсіз. Қарсылық танытпаққа қауқарсыз. Қорғансыз. Тістеріне түсіп-ақ тұр. Жер тырмалап, азуларын ақситып, жақындай түседі. Ісіп-кеуіп өліп жатқандардан, иіс-қоңыстанып барып қатқандардан гөрі қыбырлап жүрген тірілерді тістелей жұлқып сүйрелеп, жұлып жеп, жылы-жұмсаққа тояттайтын тойлары таяу. Адами заттың тәтті-дәмді қанын аңсай құтырынған қасқырлардың шыдам шегі таусылып, қоршап алатындай қорқынышты әрекетке көшті.
Зәуре ананың сансыраған санасы аласұрды. Қос құлағы бітеліп, қос самайы жарылғандай жанұшыра ышқынды. Қолтығындағы қызды қыса түсті. Саркүйік шөп пен сасырдың қалдығына жығылған Мекемтасын желкесінен бүріп тұрғызды. Айқай салды. Қасқырларды қорқытпақ. Үні шықпады. «А-а-а-а-а!» – деді. Дауысы зар-запыранға, өкінішке, күйінішке, күйікке буылып, булығып естілгендей. Тағы да екі рет, әлде үш мәрте айқайлады-ау. Айқайының ащылығы сонша, қасқыр екеш қасқырларыңыз дағы қалшия қалғандай. Сәл ғана сәтке «А-а-а-а-а-а...» Деді. Ана. Сана жұмысын жалғастырып жатқан.
«Менің етім молырақ қой. Ажар дейтұғын жеті-сегіз айлық қарындасымды қолтығына қысып алған күйі кете берсе де болар еді. Қорқаулар мені қанағат тұтқандай таласа жұлқыласып қалар еді. Қазақы ақыл-ой. Ой-сана. Өз дегенін істеді. Ұрпақ жалғастығы. Шаңырақ иесі Мекемтасым деген шығар. Анам Ажар, айналайын қарындасымды қасқырларға тастап, қоршай бастаған құрсаудан мені алып шыққан ғой... Еміс-еміс есімде...»
Тас Мекем көкеміз көпке дейін үн-түнсіз томсарып отырып қалады. Күрсінісін кеудесінде үнсіз тұншықтырады... Мейірбандана күлімсірейтін шуақты жүзі кенет салқын тартып, тіпті табан астынан суып сала беретін болмысын енді түсіне бастайсың.
Ұл перзенттерін құтқару үшін қыздарын қасқырға қиған қазақ әйелдері туралы аңыз әңгімелер аз емес, әрине. Ел аузында айтылыңқырайды. Жазбагерлер жазыңқыраған. Ақындар дастандар шығарған. Әлбетте, айту, жазу, оқу, тыңдау дегендеріңіз бір бөлек. Ал, бастан кешу – басқа нәрсе.
Төрт жасар ұлын тістелей қатып сүйрелеп, біржарым шақырым жердегі Кемербастау ауылына сілесі қатып, өкпесі өшіп жетеді-ай. Зәуреңіз.
Зар еңіреп, екі сөзбен айтады-ай. Асығып. Аптығып.
«Анау жақта... Ажар... Ажар-ы-ы-ым... Қас... Қасқырлар...» – дейді, Зәуре. Кемсеңдей жылап. Тізерлей құлап.
Құрманбектер атпен шауып жетсе... Саркүйік шөп пен сасыр түбіртегінің арасында түте-түтесі шыққан шашы ғана жатыр екен. Қарындасының. Айналайын Ажардың...
Анда-санда айқайлап жылап, жырлап айтып отырады екен. Анасы Зәуре. Бір жылдай Кемербастаудағы жекжаттарды сағалаған. Ашаршылық алапаты айығуға айналып, жаз басында Ұмайтөбе-Майтөбенің шиелері қызарып, өріктері рең алар шақта Қарасу қайнарының қапталына қайта оралған.
Зәуре ана зәрезаптықтың зардабын тартумен өтіпті. Батырбектейін даңқты датқаның ұрпағы, Сейдалы бидің туған қызы заманына қапаланып кетіпті. Жалғыз ұлы дегенде жанын қоярға жер таппай тағатсызданған. Перзентінің жұқалтаңдау жарғақ құлағына сырға таққан. Тіл-көзден қорғаштап шаршаған. Қалқайыңқыраған құлақтары жұқа демесеңіз, шынығып, шымыр өскен Мекемтасы ешкімге есесін жібермеген. Жастайынан өзгеге өмірі тиіспеуге, ал енді тиіскенді аямауға әдеттеніпті.
Ал, анасы өбектеуден танбапты. Ұлы сәл сырқаттанып қалса, қалтырап-дірілдеп, зәре-құты қашады екен. Бірде: «Көршінің үйінен пышақ алып келші», – дейді. Шешесі. Іле-шала айнып: «Қой, Мекем көкем, өзім-ақ барайын», – деп жүгіріп кетеді. Қайтып келе жатып, Қарасудың бір бүйіріндегі жарқабақтан құлайды. Аяғы шорт сынып кетеді. Сөйтіп жатып, күліп жатыр дейді. «Мекемтайым... Мекем көкем аман қалды-ау, айналайын. Пышаққа мұны жібергенімде мына жаман жарқабақтан құлап қалатын еді ғой, жалғызым... Жарығым...» Деп.
Сол құлағаннан, сол сынықтан құлантаза айыға алмаған ана ақырында, бір мың тоғыз жүз қырық алтыншы жылы бақилық болған. Өріктер гүлін төгіп, алмалар шешек атып тұрған шақта.
Көзінің ағы мен қарасындай жалғыз ұлының жолында желбірей елбіреп, жанын құрбан етуге даяр жүретін шешесі күйгелектеу күйде көрінгенімен, аса адал, кіршіксіз таза, ақпейіл кісітұғын. Киіміне кір жуытпайтын, тал бойына кіршік жақындатпайтын. Кісі көңіліне кірбің түсірмейтін. Оның орамалы мен көйлегіне, қыжым нымшасына дейін басқалар таңғалатын. Тазалығына. Жарасымдылығына. Діндарлығы өз алдына. Қалқоз-сапқозда қызылша шауып, жүгері жинап, көң тасып, қора тазалап жүріп те, намазын қаза қылмайтын. Қасына қаршадай баласын отырғызып қойып, жайлап қана жайнамаздың жағдаяттарын баян етер еді.
Өтті де кетті. Пәниден. Соғыстан соң. Жыл жылжыр-жылжымаста.

Опубликовано в Әлеумет
Среда, 13 Июль 2016 05:13

Дин достықты дәрiптеп жүр

Ұзаққа жүгіретіндердің де түр-түрі бар. Америкалық стайер Дин Карназес адам таңғаларлық қашықтықты бағындырып жүрген әлемге танымал марафоншы. 53 жастағы кәсіби спортшы Шымкентке келді. Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстанды, нақтырақ айтқанда Ұлы жібек жолы бойында 525 шақырымды жүгіріп өтуге бел байлапты.

IMG 0134

Құрметті қонақты қаланың «Орталық» саябағында Шымкент қалалық спорт мектептерінің басшылары, қала тұрғындары мен жасөспірім споршылар күтіп алды. Ташкенттен шыққан ол түс ауа 80 шақырымды басып өтіп, үшінші мегаполиске аяқ басты.
– Қазақстанның халқы қандай екенін өз көзіммен көруге ниеттендім. Қазақ елінің табиғаты қандай әдемі. Ең маңыздысы, адамдарында мейірімділік бар. Мен мұнда Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойларыңыздың қуанышын бөлісуге келдім. АҚШ пен Қазақстан арасындағы достастықтың 25 жылдығын да бірге тойлау – басты мақсатым, – деді ол.
Әзілге де ыңғай танытып тұратын қонақ келесі жылы Қазақстанға қыстың күні келетінін айтып, көпшілікті ду күлдірді. Орта Азиядағы негізгі бағыты – Өзбекстаннан старт алып, Қазақстан арқылы Қырғызстанға жету.

IMG 0136

Дин Карназес адам мүмкіндігі шектеусіз екенін ісімен дәлелдеп жүрген, ұзақ қашықтыққа жүгіруші әлемдегі ең танымал спортшының бірі. 2005 жылы 560 шақырымды 80 сағат 44 минутта ұйықтамай жүгіріп өткен. Ал 2002 жылы Оңтүстік полюске аттанған марафонды -25 градуста аяқ киімсіз жүгіріп, елді таңғалдырды. 217 шақырымдық «Өлім аңғарын» +49 градуста бағындырған. Сондай-ақ, оның жазушылығымен танылған қыры да бар. Әлемге жасаған саяхаттарынан көрген-түйгендерін қағаз бетіне түсіріп келеді.
Шымкенттіктер әдетіне сай, қонаққа деген құрметін көрсетті. А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана жанындағы «АҚШ бұрышында» қадірлі қонақ жастармен кездесіп, ой бөлісті.

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 08 Июль 2016 06:40

Алаштың ардақты ұлы

Биыл көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында өткелі отыр. 2015 жылы халықаралық ұйымның 38 сессиясында қабылданған қаулы үлкен қолдауға ие болды. Елімізде саяси реформатордың мерейтойына арналған іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.


Әлихан туралы не бiлемiз?

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңнің бірі болды. Ресей империясының отарлық саясатына батыл үн көтерген, ұлттық сананы оятқан, білім-ғылымға үндеген шақ Алаш ұлт-азаттық қозғалысымен байланысты еді. Саяси топ басшылары тұңғыш ұлттық-демократиялық саяси партия мен қазақтың жаңа сипаттағы Алашорда үкіметін құру деңгейіне дейін көтерілді. Осындай қоғамдық құбылыстың басында саяси реформатор, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейхан тұрды.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов өз кезеңінің тәлімі мен тәрбиесі жеткілікті әлеуметтік ортада өсті. Азаттық пен еркіндікті жырлаған ұлттық ауыз әдебиетіміз әлеуметтік танымын қалыптастырды. Оның Санкт-Петербургтегі Орман институындағы оқуы маңызды рөл атқарды. Осы уақытта орыс қоғамында капиталистік қарым-қатынастар енді. Болашақ саясаткер бос уақытында студенттік қозғалыстарға қатысып, жаңа ілім туралы қызу пікірталастарда экономикалық материализм қағидаларын қорғаған көрінеді. Ә.Бөкейхан Мәскеудегі оқуды бітіргеннен кейін Омбыдағы Орман шаруашылығы училищесіне оқытушы болады. Қаланың қоғамдық-саяси өміріне жиі араласады. Жергілікті басылымдарда саяси бағыттағы мақалалары жиі жарияланады.
Ол халықтың әлеуметтік санасын көтеруде, күш-жігерін біріктіруде газеттің орны бар екенін аңғарады. Қазақтың тұңғыш басылымы «Дала уәлаяты» жабылса да қазақ тілінде газет шығаруға ден қояды. Сөйтіп Әлиханның араласуымен қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым – «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 2 ақпандағы №1 нөмірі Орынбор қаласында жарық көрді. Ол саяси жолында қазақ тілінде ісқағаз жүргізуді ресми органдардан күн тәртібіне қоюды талап етті.
Қазақ тарихында саяси реформаторлығымен қатар, Әлихан Бөкейхан маңызын жоймаған мол мұра қалдырды. Ол ұлттық тәуелсіздікті таңдады. Демократиялық жолды қалады. Келешекке үлкен үмітпен қарады. Халықтың рухани жаңаруы жолында шексіз қызмет етті. Әлихан Бөкейханның мәдениет пен білім туралы ойлары қазір де құнды. «Рухани мәдениет қарауылынан» деген мақаласында ол: «Рухани мәдениеттің бір белгісі жұрт баласына жалпы оқу, газет, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу», дейді. Ал «Серуен жасап зерттеу әдісі» атты мақаласында автор шын білімнің тәжірибеден туатынын, білім жолының негізі тәжірибе болатындығын жаттап алғанның білім болмайтынын атап көрсетеді.

50-ден астам мерзімді басылымдарда мыңнан сан алуан тақырыптағы еңбектері жарық көреді. «Кестелі сөзді» мақалалар газет деңгейін көтеріп қана қоймай, оқырманы көп болса, оның қазынасы да бай болатындығы, газеттің жаны мақала екендігі де айтылады. «Газетке бәйгеге қосуға өз алдына шебер, білгіш, жүйрік керек… Газетке басшы болу кез келгеннің қолынан келмейді» – дейді автор.

Ол ғылымға да үлес қосты

Әдеби тілді, ғылым тілін қалыптастыруға қосқан Ә.Бөкейхан үлесінің бірі ол – терминдер. Ғалым терминнің мазмұнына, аударылу сапасына ерекше көңіл бөлді. Өзгелердің озық ойларын қазаққа жеткізем, көркемдік танымын кеңейтем деп аудармалар жасады. Әлихан: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ», деп алаштың жоғын жоқтап, барын түгендейді. Халықтың қамын жейді. Күреске толы ғұмырында ұлттың ертеңі үшін бар күш-жігерін сарп етеді. Білім-тәжірибесін жұмсайды.

Оның аударған оқулықтары мен ғылыми еңбектерінен көптеген терминдерді кездестіруге болады. Мәселен, ол аударған Мәскеуде жарық көрген К.Фламмарионның «Астрономия әліпбиі». Осы еңбекте айдың жартылай тұтылысы – частное затмение луны, айдың толық тұтылысы – полное затмение луны, аспан кеңістігі – небесное пространство, аспан тасы – аэролит, ауыспалы жұлдыздар – переменные звезды, жер белбеуі, белбеу – экватор, бұлтшық – облачко, егіз жұлдыздар – двойные звезды, күннің беті – поверхность солнца, пөліс шеңбері – полярный круг сынды тағы басқа терминдері бар. Сондай-ақ Ә. Бөкейханов жаңадан жасалған терминдерге ұсыныс-пікірлерін де білдіріп отырған. Ғалымның «Кітап сыны» айдарымен қазақша шыққан кітаптардың көпшілігіне сын-пікірлер жазды. Сондай еңбектердің бірі 1925 жылы Орынборда шыққан Н.Островскаяның «Еңбекшілерге кооперация не үшін керек?» деген кітапшасы. Оны аударған Сапа Жүсіпұлы. Осы кітап жөніндегі пікірінде ол: «Сапа жолдас орыстың «потребитель» деген сөзін «тұтынушы» деп қазақшалайды», деп жазады. Бұл рецензия арқылы бүгінгі қолданысымыздағы «тұтынушы» терминінің ХХ ғасыр басында жасалғанын, оның авторы Сапа Жүсіпұлы екенін ғалымдар анықтайды.
Ал Әлиханның 1903 жылы Санкт-Петербургте екі автормен бірге жазған «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты жарияланған тұңғыш ғылыми монографиясының маңызы зор.

Шығармада ол Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуын, хандықтың кейінірек үш жүзге бөлініп Ресей империясымен одақ құрамын деп оның отарына айналуы жайында құнды деректер келтіреді. Сібір және Орынбор қазақтары туралы 1822-1824 жылдардағы екі ереженің күшімен хандық институты жойылып, қазақтың ұлттық мемлекеттілігінен айырылған тарихын мейлінше жан-жақты сипаттап береді. 1910 жылы өзінің ең танымал «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркін жариялады.
Алаш ардақтысының өмір жолымен, мұрасымен танысқан кез келген көзіқарақты жан оның халық өмірінде алатын орнын терең пайымдай алған өресі биік, зияткер мемлекет қайраткері екеніне көз жеткізеді. Ол Абай мұрасын қадірлеп, өзі мұрындық болып кітабын шығарды. Өмірінің соңына дейін Ахмет Байтұрсыновты азаматтық-саяси ұстанымы бір үзеңгілесі, ұлт азаттығы, ел мүддесі жолындағы күрестегі ең сенімді серігі ретінде ерекше жақын тұтты. Бірге елге еңбек етті. Мағжанның поэзиясын, Мұхтар Әуезовтің тілге жетіктігін атап өтіп, алғашқы аудармаларын жоғары бағалады.

Ұлтына қызмет еткен

Сондай-ақ ғалым Еуропада сайлаудың халық үшін үлкен той екенін, халықтық партия құрып, «адаспас ақ жол», «асқар бел, жұрт ілгері басатын іс қыламыз» деп таласатынын үлгі етеді. Сайланған адамы халық қызметшісі һәм орынға сайланғанда мынау білгіш, мынау шешен, мынау көсем, мынау әділ деп әрқайсысын өз орнына сайлайды дейді. Осымен қатар, қырда да жүйрік, өрнекті шешендердің, таза, әділ жақсылардың бар екенін айта отырып, саясаткер-демократ: жөн білетін жақсыны сайлау керектігін ұсынады.
Өкінішке қарай, Ә.Бөкейхан бастаған Алаш жетекшілерінің тәуелсіздік үшін жан аямай жүргізген қажырлы күресі қуғын-сүргіні көп заманға тап келді. Халықтың қаймағы сылынып алынды. «Тірі болсам, …қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп халқына уәде берген Алаш көсемінің идеясы жарты ғасырдан кейін шынайы шындыққа айналды. Энциклопедиялық деңгейдегі ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханның сан-салалы идеялары қайта жаңғырды. Жуырда Әлихан Бөкейхан туралы жинақ жарық көрді. Жинақ авторы Сұлтан хан Аққұлы 2009-2016 жылдар аралығындағы жарияланған ғылыми мақалалары мен сұхбаттарын топтастырған. Мың данамен үш тілде жарық көрген еңбек – Әлихан Бөкейханның ЮНЕСКО көлемінде жарыққа шығарылатын сериялы кітаптарының алғашқысы. Алдағы уақытта оның өмірі мен шығармашылығына арналған тағы екі томдық жарық көреді.
Бүгінде Алаш қайраткерінің идеялық мақсаты –«Мәңгілік Елмен» мұраттас іспетті. Оның мәңгілік аңсары – қасиетті Жер болатын. Ал жерсіз мемлекеттің болмайтыны ақиқат.

Опубликовано в Мәдениет

Оңтүстік журналистикасының ардагері Байдулла Қонысбекұлының бойы да, ойы да сергек. Облыс баспасөзінің дамуында жанкешті еңбек еткен Бай-аға биыл жетпіс бес жасқа толады. Қаламы әлі қолында. Зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, әліге дейін қаламының қуатын байқатып келеді. Бірнеше жылдан бері ОҚО Әділет департаментінде абыройлы еңбек етіп жүр.
Ардагер қаламгер биылғы БАҚ өкілдерінің бәсекесінде бойдағы күш-қуатын да байқатқан. Тастаяқ бәсекесінде қарсыластарын бірінен кейін бірін жеңіп, бас жүлдені иеленді. Осы бәсекеге біз де тәп-тәуір дайындалғандай едік. Екінші турда ардагер қаламгермен жолымыз түйісіп, сыналар сәт туған. Барымызды салып, жеңуге тыраштанғанымыздан түк шыққан жоқ. Республикалық турнирлерде әбден ысылған ағамыз кәсіпқой спортшылар секілді ойсырата ұтты.
Ардагер журналисті мерекемен құттықтай барып, аз-кем әңгімелескен едік. Баспасөздің ардагері ретінде бірқатар мәселелерді қозғап, өз ұсыныс-тілектерін айтты.

DSC 0748– Байдулла Қонысбекұлы, БАҚ қызметкерлерінің мерекесі де келіп жетіпті. Таяуда Спартакиада ойындары өтіп, өзіңіз бильярд бәсекесінде бас жүлдені иелендіңіз. Жалпы, биылғы бәсеке қалай өтті? Өзіңіз ашылу рәсімінде айтқандай, БАҚ қызметкерлерінің спартакиадасының бастау алғанына жиырма жылдан асыпты...

– Журналистердің Спартакиадасы жыл сайын мерекелік жағдайда өтіп, қаламгерлер ынтымағының беріктігін дәлелдей түскендей болады. Саусақ біріксе – жұдырық. Ал онымен соққы берсең, кез келген қарсыласты құлатуыңа мүмкіндік бар. Демек, журналистер тастүйіндей жұмырланса, оның алпауыт күші кімді болса да есеңгірете алатыны даусыз шындық. Мен журналистердің осындай іс-қимылынан жаңа қуатты күшті, саяси сенімділікті, Отанына деген сүйіспеншілік көремін.
Көңіліңді көтеретін, шығармашылығыңды шыңдайтын, ырысыңды молайтатын, татулығымен ортаны тамсандыратын Спартакиаданың бізге берер тәлімі мен тәртібі жоғары. Мәселен, жеңу де керек шығар. Алайда мұндай спорт мерекесінде жеңілістің өзі жеңіс, той.
Биыл Спартакиадаға қатыспай, тамашалау ойда бар еді. Қолқалаудың әсерімен кірісіп кеттім, ал жас қаламгерлердің қошеметтерінің арқасында жеңімпаз да атандым. Бұл жеңіске үлкенге құрметтің, кішіге ізеттің арқасында, қаламгерлер қауымындағы сыйластықтың нәтижесінде қол жетіп отыр. Сонау бала кезден «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету» – басты қағидам. Алдағы кезде жарыстарды қойып, тамашалаған дұрыс шығар, біздің жастағыларға. Әйткенмен, деннің саулығы үшін оқта-текте қолға тастаяқ ұстауды ұмыта қоймаспын.

– «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі үшін қазақ күресінен сайыс өткізу дәстүрге айналған. Биыл Арыста өткен сайысқа өзіңіз де қатыстыңыз. Жарыстың бастамашыларының бірі де өзіңіз. Облыстағы газеттердің беделін арттыруда, ұлттық спортты насихаттауда тағы қандай жобаларды қолға алуымыз керек?

– Қазақ күресі – «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының бәсекесі. «Южный Казахстан» ұзақ жыл жеңіл атлетиканы дамытуға үлес қосты. Облыстық телерадио кикбокстың беделін арттыруға әрекеттенді. Бірақ, кейін жалғастырылмады. Тегі ұлттық спорт түрлерін әрбір басылым иеленіп, жарыс өткізіп, тұрса қанеки! Мәселен, «Замана», «Айғақ», «Шымкент келбеті» ұжымдарының мұндай игі істерді жүзеге асыруы қолдарынан келеді-ау деп ойлаймын.

– Ардагер журналист ретінде айтыңызшы, қазіргі облыстағы БАҚ-тың дамуы қалай? Газет-журналдардың, телеарналардың саны көп екені әуелден белгілі ғой. Сапасы қалай болып жатыр?

– Санын да көбейте отырып, сапасын да жақсартар болсақ, біздің өңірдің айы аспанда үнемі жарқырап тұрар еді. Бес саусақ бірдей еместі бәріміз де жақсы білеміз. Бәсеке әрине, керек. Бірақ ынтымақ, береке, бірлік болса, одан әрі алға қарай дамып, өркендеп, өсетінімізді кей басылым басшылары түсінсе деймін. Бір-бірімізді дос, жанашыр, тілектес, ниеттес санасақ, ұтарымыз да, қоғамға тигізер пайдамыз да молая түспек.
Қазір – зейнеткермін. БАҚ ұжымдарының ішкі ісіне араласа бермеймін. Бүгінгі күн – компьютердің заманы. Оның үстіне БАҚ-қа едәуір еркіндік берілді. Қаламының ұшы емес, саусақтары қай әріпті басса, солай қарай жөңкіле түседі. Еркіндік тасты жарады, кейде басты да жаралайды. «Таяқтың екі ұшы бар» деген осы. Бұрынғы кездері газет бетінде сыналған мемқызметкер қызметінен кететін. Қазір олай емес. Біз құқықтық дәуірге қарай қадам басып келеміз. Дау-дамайды шешетін құзырлы мекемелер бар. Төрелігін айтатын сот алқалары бар. Жариялымға риза еместер осы органдар арқылы сұрақтарына жауап ала алады. Алып та жүр. Қай басылым болсын, халық үшін қызмет етуі керек.

– Таяуда ғана «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Қандай да құрметке лайық азамат» деген мақалаңыз шықты. Қарашаңырақ басылымды 22 жыл үздiксiз басқарған Әмiрсейiт Әлиевтің атына көше беру қажеттігін құптайтыныңызды мәлімдедіңіз. Бұл мәселе шешімін тауып жатыр ма? Жалпы, біз БАҚ саласында қыруар еңбек еткен азаматтарды қадірлей алып жүрміз бе?

– Әмірсейіт Әлиев – журналистиканың тарланбозы, қара нары, шамшырағы. Өткен ғасырдың 50 жылы – Әбекеңнің еңбек жолы. Нәмет Сүлейменов, Қарауылбек Қазиев, Қаныбек Мейірбеков, Жұмамұрат Тұяқбаев, Пайзулла Кәдеев тағы басқа қаламгерлерге көше аттары берілді. Бәрі де Әбекеңнің қол астында, басшылығымен еңбек етіп, өңірімізді өркендетуге үлес қосты. Әбекеңнің бір-ақ кемшілігі, осылардан кейін қайтыс болуы.
Облысымыздың айнасы «Оңтүстiк Қазақстан» газетi – осы өңiрден қанат қаққан күллi қаламгер атаулының қарашаңырағы ғой. Әмiрсейiт Әлиев ағамыздың орны мен үшiн ерекше. Сонау бiр жылдары Әбекең редактор, мен жауапты хатшы болып талай жыл бiрге қызмет еттiк. Бүгiнде оның шәкiрттерi елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде абыроймен қызмет етуде. Сол себепті де журналистика тарланына қандай құрмет көрсетілсе де жарасар еді.

– Қазіргі журналистерде ұлттық сүзгі бар ма? Қаншалықты мемлекетшіл?

– Журналисте ұлттық сана болмаса, қалам ұстауы қиянат. Қазақ журналистерінің тұла бойы ұлтжандылыққа шомылып тұруы тиіс. Сонда ғана қазақ елінің рухының жоғары, арманының асқақ, мәртебесінің биік болуына қызмет жасай алады.
Тәуелсіздік бізге не берді? Тәуелсіздікке біз не бердік? Осы екі сұраққа нақты жауап бере алатын журналистер де, жастар да, басқа да қолын жүрегінің тұсына ұстаған отаншыл азаматтар да еліне, халқына қызмет жасауды мұрат ететіндер.

– Слам Нұрмағанбетұлы ағамыз «Қаламгерлер қалжыңы» деген кiтапты оқырмандарға ұсынып еді. Бүгінгі журналистер қаншалықты қалжыңдасып, қаншалықты сөздің қадірін, қуатын біліп жүр?

– Жақсы сөз жаныңды семіртеді. Әдемі әзіл көңіліңді көтереді. Әзілді жақсы көремін. Қатарларым кемшін. Үш-төрт жас кішілермен, үлкендермен әзілдескенде әліме қараймын. Ал сөз зергері Мархабаттың мені шаншитын әзілдері көпшілікке кеңінен мәлім. Кейде мен де оны шырылдатып, шанышқыға іліп ала аламын. Зілсіз. Боямасыз. Мен де, ол да ренжімейміз. Қайта рахаттана күлеміз.

– Биыл қыркүйек айында 75 жасқа толасыз. Жетпістен асып, сексенге таясаңыз да әлі санаңыз да, дене әлеуетіңіз де сергек. Ширақ қимылдайсыз. Бұның құпиясы неде?

– Алла Тағаланың берген әл-қуатының, отбасы мен туған-туысқандардың, достар мен жора-жолдастардың игі тілектерінің арқасында санам да сергек, қимылым да ширақ.
Департамент басшылары мен ұжымына мың да бір рахмет! «Осы қариядан бізге келер зиян жоқ» деп, қадірлеп, қастерлеп, құрметтеп орталарында ұстап келеді.

– Тағы бір айта кетерлігі, Елбасымен үш рет қол алысып, дидарласқаныңызды көпшілік біледі. Елбасымен тағы кездесер болсаңыз, қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Елбасымен әр кездескенде мен ерекше толғаныста боламын. Жаны жайсаң, мінезі майсаң, жүзінен нұр тамып тұратын ерекше жаратылған қазағымның нар тұлғаларының бірі ғой. Тағы кездесер болсам: «Қазақ халқының бағы үшін деніңіз сау, ғұмырыңыз ұзақ болсын!» дер едім.

– Әңгімеңізге рахмет аға!

Сұхбаттасқан
Т. ҚАСЫМ

Опубликовано в Сұхбат

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА «ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ» ФОРУМЫ ӨТТI

Оңтүстік Қазақстанда облыс әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы сегіз жылдан бері түйткілді мәселелерді ортаға салып келеді. Кезекті басқосу Төлеби ауданының «Алма-тау» демалыс аймағында өтті. Жиында 400-ден аса сыйлы қонақтар бас қосып, «Салт-дәстүрлік іс-шаралардың деңгейін көтерудегі ардагерлердің және жастардың рөлі» тақырыбында келелі кеңес құрды. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жас ұрпақтың бойына сіңіру, той мәдениетін жетілдіру сынды мәселелерді талқыға салды.

 Z1A8868

Алдымен мінбеге көтерілген өңір басшысы, қоғамдық форумның төрағасы Бейбіт Атамқұлов көпшілікті қасиетті Рамазан айымен құттықтап, руханият саласындағы мәселелерге көңіл аударуға шақырды.
– Осы форум аясында өздеріңізбен алғаш рет кездесіп отырмын. Құрамында 515 мүшесі бар форум өңірдегі ең беделді қоғамдық платформа. Біз жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, үлкенді сыйлауға, Отанды сүюге, адамгершілікке тәрбиелеуіміз керек. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліктілігіне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Әлеуметтік экономикалық даму жолындағы қарымымыз жастардың өмірлік ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, жастарды ағылшын тілін меңгеріп, жаңа технологияларды жетік білуге, сергек болуға шақырды. Бұдан бөлек, той өткізуде ысырапшылдық пен даңғазалықтан қашып, оның орнына отау құрып жатқан екі жастың материалдық жағдайын жақсартуға көмектескен тиімді екенін жеткізді.

 MG 4889

Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов той өткізу мәдениетін жетілдіру үшін нақты шаралар қолға алыну қажеттілігіне тоқталды.

– Бүгінде тойдан демалып емес, шаршап қайтатынымыз шындық. Кейде менталитетімізге жат көріністерге де куә боламыз. Ең бірінші кемшілігіміз - тойға кешігіп келетініміз. Сөйтіп, той өз уақытынан 1,5-2 сағат кеш басталады. Музыканың құлақ тұнардай қатты қойылуы, абыз қарияларымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың орнына жасанды бейнелердегі әртістердің бата беруі, шаңырақ көтерген екі жас той үстінде тортты кесіп, ата-анасының аузына тықпалауы, жас даяшы қыздардың қонақтарға ішімдік құйып жүруі, биші қыздардың жалаңаш кейіпте өнер көрсетуі, тағы басқа өрескел көріністер мен қылықтар біздің салт-дәстүрімізге жат деп санаймын. Той түптеп келгенде ұлт мәдениетінің, салт-дәстүрінің көрінісі. Сондықтан олқылықтарымызды таразылап, тойдың тәрбиелік маңызын арттыратын жолдарын қарастыруымыз қажет, – деді Жеңісбек Мәуленқұлов.
Ал «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Абай Балажан болса түрлі ағымның жетегіне кетпей, ұлт болып ұйысып, сақтап қалу үшін салт-дәстүрден қол үзбеуге шақырды.
– Қазақтың бүгінгі күнге аман жетуінің ең басты сыры – оның рухани иммунитетінің мықтылығында! Ал мықты руханиятты ұрпақтың бойына мықты дәстүрлер арқылы ғана сіңіре аласыз. Ата-бабаларымыз бойымызға салт-дәстүрді сіңірудей-ақ сіңіріпті. Ал, соны біз өз ұрпақтарымыздың бойына қалай сіңіріп жүрміз, ендігі мәселе осында. Кешегі кеңестік кезеңде иманымыздың байлығы қазіргіден мол болса, біздіңше оның себебі дәстүрімізден қол үзбегенімізде еді. Бүгін Құдайға шүкір, мешіт-медресе көп, бірақ дәстүрімізден көз жазып қалдық. Осы себептен де Ақтөбеде кісі қанының төгілуіне жол берілді. Әйтпесе қолын қанға бояған сол «діндарлардың» бәрінің де бес уақыт намазы болғанын айналасындағылар айтып бере алады. Оларда жоғы – дәстүрмен байытылған ұлттық тәрбие еді. Бұл сөзімізді біреулер құп алар, біреулер құп алмас, алайда, бәрібір айтуға тура келеді, егер дін іздесеңіз қазақтың дәстүрі дегеніңіз тұнып тұрған дін! Қазақтың шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, ақтық демі бітіп, жер бетіндегі сапары үзілгенге дейінгі аралықтағы өмірінің бәрі діннен тысқары емес, – деп түйіндеді ол өз сөзін.

 MG 4834

Сөз соңында Абай Балажан бірнеше ұсынысын жеткізді. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтау үшін барлық қазақ тілді газеттерде салт-дәстүр мәселесіне байланысты арнайы айдарлар ашылса, журналистерді, жазушыларды осы тақырыпты жазуға ынталандыру үшін конкурстар өткізілсе, сонымен қатар қазір салт-дәстүрді жетік білетін қарияларымыз бар кезде салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпты да үйрететін арнайы бағдарламалар ашылса деген пікірі көптің көңілінен шықты. Тоқсан жылдан аса тарихы бар басылым бетінде биылдың өзіне 24 мақала жарық көріп, «Дәстүр» клубы ашылды. Енді материалдар айына бір рет кең көлемде жарық көрмек. Осылайша қолына қалам ұстаған қауым өкілдері ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді қайта жаңғыртып, санаға сіңірмек.
Бұдан бөлек, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры, профессор Баршагүл Исабек, облыстық «Жастар орталығының» директоры Ерлан Айтбаев көптің көкейінде жүрген мәселені қозғады.
Ұсыныс-пікір айтқандардың ішінде ОҚО прокуроры Ибраһим Иманов бізге де Өзбекстан мен Тәжікстан елдері сияқты тойға шақырылатын қонақ санына белгілі бір шектеу қоятын заңның қажет екенін алға тартты.
Осылайша, «той өткізу мәдениетін ең алдымен өзімізден бастап, мақтангершілікке, ысырапшылдыққа жол бермей, шақырған жерге кешікпей барайық» деген байламға келген форумға қатысушылар арнайы қарар қабылдады.
Белгілі жазушы Мархабат Байғұт жүргізген тәрбиелік мәні мол шараның соңы облыс әкімінің ауызашарына ұласты.

Опубликовано в Қоғам

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі «Қазақстан Халық банкі» Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы қызметкерлерімен бірлесіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 26 отбасыға азық-түлік таратты.

13530363 1101243369922352 431271589 n

Жалғызілікті тыл ардагерлері күріш, қант, макорон, шай, тәттілер салынған себет толы сыйлықтары бар банк қызметкерлерінің арнайы үйіне іздеп келіп, көңіл бөлгеніне қуанды.
– Біраз уақыт бұрын банк басшылығына осындай қайырымдылық шарасы туралы ұсыныс хатпен шыққан болатынбыз. Олар бірден қолдап, банк қызметкерлері өз қалтасынан қаржы шығарып, нәтижесінде 26 отбасыға қажетті азық-түлік сыйлап, қуантып отыр. Алдағы уақытта да талай игі істерді бірлесіп атқаратын боламыз, – деді Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Ырысбаев.

Опубликовано в Әлеумет

Мұхамеджан ТАЗАБЕК, «Асыл арна» телерадиокомпаниясының Бас директоры

Қоғамда жастар тәрбиесі әрқашан да өзекті. Отбасы құндылығын бойына сіңіріп өскен, ұлттық салт-дәстүрден ажырамаған ұрпақ қана Отанға адал қызмет етпек. Жастар кімнен үлгі алмақ? Жанына рухани тірек іздеген адамға дұрыс бағыт-бағдар беріп жүрміз бе? Бұл сауалдар кім-кімді де ойлантады. Бүгінгі елді алаңдатқан мәселелермен қоғам болып күресу керектігі айтылып та, жазылып та жүр. Кезінде елге айтыс өнері арқылы танылған «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабек мырза бұл мәселеге сергек қарайтын азаматтардың бірі. Елге белгілі қайраткердің Оңтүстікке келген сәтін пайдаланып, рухани-имандылық тақырыбында, Тәуелсіздіктің қадірін білу, қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде сұхбаттастық.

 

«Үшінші мегаполис» деген бағдарлама аштық»

 

mtazabekov– Мұхамеджан Оразбайұлы, Тәуелсіздіктің қадірін біліп жүрміз бе? Маңызы зор мерекені қалай тойлауымыз керек? Әңгімені осыдан бастайықшы.  

– Жиырма бес жыл – тарих үшін жылт еткен сәуле секілді. Адамзаттың өркендеп дамуы үшін де өте көп уақыт емес. Біз жиырма бес жылда өзіміздің қандай текті бабалардан тарағанымызды, қандай текті батырлардың ұрпағы екенімізді әлемге таныттық. Біз осы бағытымыздан, тұтастығымыз бен ауызбіршілігімізден айырылмай, ұлт ретінде сапамызды күшейтіп, санамызды сәулелендіріп, ғылымға, еңбекке көңіл бөлсек, алар асуымыз одан да биік болмақ. Осы уақыт аралығында талай жас Олимпиада ойындарында көк туды желбіретті. Шекарамызды шегендедік. Елорда салдық. Хандарымызды түгендедік, көп жоспарларымыз іске асты. Таяуда ғана Қытайда екі қазақ жігітінің финалдық жекпе-жекте бір-бірін ұрудан бас тартқаны баспасөз бетінде айтылды. Ол екеуінің бауыр екенін біліп, қол жұмсауға дәті бармапты. Екеуі де жарыстан шеттетілді. Міне, екі қазақтың қазақ болғаны үшін бір-біріне қол жұмсамауы – ұлт болып, ояна бастағанымызды көрсетеді. Біз бір-бірін ақша үшін атып тастап, билік үшін ысырып тастап, жершілдік үшін жақын тартатын жағдайдан биіктеппіз. Яғни, ұлты қазақ болғаны үшін, бір Әнұранға қолын жүрек тұсына қоятын адам болғаны үшін оғландарымыз бір-бірін ұрудан бас тартты. Міне, біздің ширек ғасырда жеткен жетістігіміздің бірі, тарихи санамыздың, мемлекетшілдік рухымыздың қалыптасқанын да осыған қарап ұғынсақ болады деп білемін. Жиырма бес жылдық тойды тек қана бір сән-салтанат, көшені безендіру немесе аспанға отшашу емес, осындай жетістіктерімізбен қарсы алу үлкен той деп есептеймін. Мұндай тойдың қызығы еш уақытта тарқамайды. Өйткені, саналы түрде, текті оятып, гендегі қасиеттерімізді түлету арқылы келген той ғой.

– Дін саласындағы жетістіктерді де атай кетсеңіз...

– Еуропа елдерін аралаған кезде менің мынаған көзім жетті. Франция, Италия, Германия мешіттері бір мүфтиятқа бағынбайды. Көрші мешіттің бір-бірінің ахуалынан хабары жоқ. Себебі, мына жерде түріктер, ана жерде арабтар, ана жерде ливандықтар, т.б. Жүйе болмағандықтан, көптеген іс-шаралар  өз деңгейінде нәтиже бермейді. Ал бізде саны екі мыңнан асып, үш мыңға таяған мешіттеріміз бір діни басқармаға қарайды. Астанадан айтылған уағыз – ауылдағы жүз адамы бар мешітте де айтылып жатады. Бір жүректің дүрсілі секілді. Бұл – ҚМДБ-ның үлкен жетістігі. 2014-2018 жылды ҚМДБ «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Себебі, біздің дәстүріміз діннен бастау алады. Сондықтан, діннен бастау алған, ізгі дәстүрлерімізді қолдау – бұл дінімізді қолдау.

– Қасиетті Рамазан айында Оңтүстікке қонақ болып келіп отырсыз. Шымкентке әр келгенде не байқайсыз?

– Шымкенттегі өзгерістерді байқамау мүмкін емес. Біріншіден, ел ішінде әртүрлі әңгімелер, әр түрлі абыр-сабыр боп жатса да, Шымкенттегі сабырлық пен сөзге тоқтау – қаз-қалпында. Сабырлық қылу, әр нәрсенің ақырын күту, Оңтүстіктегі ынтымақ пен берекені көрсетеді. Шымкентте адам санының өсіп жатқаны, қаланың күн санап кеңейіп жатқандығынан-ақ көрінеді. Шымкентте еңбекқор, жұмыстан қашпайтын, бір тиынды екеу, екеуді төртеу етсем деген жұртшылықтың шағын кәсіпкерлікті дамытқанын көшедегі асханалардан, оның сапасынан, нан мен астың көптігінен және арзандығынан білеміз. Бұл жерде шалқар көңіл бар. Көркем қарым-қатынас бар, қазақ баласына тән табиғи құндылықтары бар. Өзім басқарып отырған «Асыл арна» телеарнасында «Үшінші мегаполис» деген бағдарлама аштық. Республикамыздың әр аймағындағы бірнеше филиалдарымыздың бірін осы Шымкентте ұстап отырмыз. Әселхан апамыздың мынадай өлеңі бар. «Ешқашан шығармағын естен мұны, Шымкентте қазақтың бестен бірі, Әр қашан бізге қарап өлшенеді, Қазақтың қаншалықты өскендігі» дейді. Сол себепті қазақ баласының қалай өсіп, өніп жатқандығын әуелі осы өңірден байқаймыз.

                

«Қиналған пенде әуелі мұсылманнан жылу іздейді»

 

– Осы күні дін ұстану неге қиындап кетті? Сақал қойып, намазға жығылған  мұсылманға күмәнмен қарайтын  жағдайға жеттік.

– Дін – жеткізбей ұстауды да, асырып жіберуді де айыптайды. Намаз бастадым екен деп төңірегіндегі жұрттың берекесін қашырып, өзіңнің түсініп алған аз-кем біліміңді тізеге салып, жаныңдағыларға тықпалай берсең, ол шетін көзқарас болып есептеледі. Және ол сенің көзқарасың қате болса, тіптен қасіретке ұласпақ. Қазаққа керек мұсылманшылық не еді? Ол – Алла елшісінің (с.ғ.с) жолы. Қазір оны Үкіметіміз зайырлылық деп айтып жүр. Зайырлылық дегенді зерттей келе, шынында да ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  сүннеті екеніне көз жеткіздім. Зайырлылық – дінсіздік емес. Зайырлылық – Ислам мемлекетін құру да емес. Зайырлылық – ол қазіргі уақытта әлемдегі болып жатқан үрдістер мен талаптарды ескере отырып, әрбір азаматтың рухани биік тұлғаға айнала білуі. Қарапайым тілмен айтқанда, мұсылманшылық деген ел сен жайында жақсы ойлау, жұрт саған сену, қиналған сәтінде сенен жылу іздеу. Өйткені, сен Алланың мейіріміне шомылған пендесің. Міне, біздің қазіргі зайырлы қоғамның талап ететіні осы. Біраз жастарымыз жат ағымның жетегінде жүргені, әлбетте, өкінішті жағдай. Жалпы, қоғамнан көп жағдайда ұлттық тәрбиеден үзіліп кеткен жастар бөлектене бастайды. Біз мынаны білуіміз керек. Жастар дін жайында бірінші сұрақ қойған сәтінде қате жауап алса, сол кезден бастап адасады. Кез келген террористік, экстремистік, радикалдық көзқарастың бастауы, міне, осы. Соған бірінші жауапты әке-шешесі, ағасы, жақыны, көршісі секілді адамдар жауап беріп, оған ары қарай дұрыс бағыт берсе, мұндай жағдай болмас еді. Көкейіндегі сұрақтарға дұрыс жауап таба алмаған бала ақиқатты айдаладан, интернет шейхтардан іздей бастайтыны рас. Қоғамда радикализмнің, салафизмнің, экстремизмнің алдын алу – тек қана діндарлардың шаруасы емес. Қоғамдағы рухани бағытта орыны бар азаматтар білім егелерімен біріге отырып, ағартушылық жұмыстарын күшейтсе екен. Жастардың саяси сауатын ашу, оларға өз елінің тарихын, шежіресін білуге, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, зұлмат оқиғаның арты неге апаруы мүмкін екенін саналарына ұқтырса деймін. Одан бөлек, қоғамдағы әр түрлі салада өз ісінің шыңына шыққан, жолы болған абыройлы адамдармен көптеп кездесулер ұйымдастыру керек. Мәселен, бұл бағытта кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Ардақ Назаров, Парламент депутаты, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан сынды азаматтар жастармен жиі кездесіп, үлгі көрсетіп жүр. Осындай іс-шараларды көбейту – уақыт күттірмес жағдай. Себебі, жастарымыздың саф таза көкірегіндегі кеңістікті мемлекетшілдік санамен, имандылықпен ел ағалары жанашыр ақылымен толтырмаса, бір саусағы бүгулі бәзбіреулердің пиғылымен толысады. Өйткені, «насихаттамасаң – насихатталасың» деген ілгергілерден қалған сөз бар. 

– Мемлекетшілдік сананы қалыптастыруда БАҚ-тың рөлі зор. Жалпы, қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары бұл рөлді қалай атқарып жатыр?

– Жасырмай айту керек, өткенде жер мәселесі ушыққан кезде мемлекеттік арналардан гөрі дәстүрлі емес ақпарат құралдары белсенді болып кетті. Сол арқылы қаншама жалған, қисынсыз ақпараттар таратылып, жұрттың арандап, ашулануына себеп болды. Бұл – бізді қатты ойландыруға тиіс. Ендігі кезекте мемлекеттік арналар белгілі дәрежеде өздерінің ақпараттық кеңістіктерін, ақпарат тарату саясаттарын өзгерту немесе қоғам қабылдайтын дәрежеге бейімдеудің бір формаларын іздестіру керек шығар. Біз – мемлекетіміз бен ұлтымыздың қауіпсіздігі үшін өз мүддемізге сәйкес келетін жұмыстарға басымдық беруіміз керек. Қазір жаңадан Ақпарат және Байланыс министрлігі құрылды. Оның басына мемлекетшіл, жанашыр азамат Дәурен Абаев келді. Алла қаласа, осы министрліктен үлкен үмітіміз бар. Бірінші кезекте әркім өз отбасының құндылығын сақтап, бала-шағасының ішкі-сыртқы дүниесіне бас-көз болмайынша, ақпараттан, қоғамдағы әр түрлі кесірлі көріністерден ұрпақты сақтап қалу өте қиын. Қоғамда туындап жатқан көп жағдаяттар – заман тудырған, дәуір тудырған мәселелер. Біз басқадан талап етпей, өзіміздің үлесімізді көбірек қосатын қоғамға айналғанда ғана жағдайымыз түзеледі. «Мен не істедім, біреуге қиянат жасамайтын ұрпақты тәрбиелей алдым ба?» деп өз-өзіңе сұрақ қояр сәт қазір. 

 

«Әлеуметтік желіні дауласу құралына айналдырдық»

 

– «Асыл арна» – бүгінде ел мұсылмандарына асыл дініміздің тұнығын насихаттап келе жатқан жалғыз телеарна. Тіпті ТМД-да теңдессіз. Діни ағартушылық бағыттағы арнаның өз аудиториясы қалыптасты ма?

– Телеарнаның дін саласындағы ауыр аманатты арқалап, халыққа жол тартқанына биыл тоғыз жыл толды. Аллаға шүкір, өзінің аудиториясын қалыптастырды. Басында тосырқай қарағандар да, қуанып, бөркін аспанға лақтырғандар да болды. Мемлекет қадағалауымен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып, осы жұмысты абыроймен жүргізіп келеміз деп айта аламын. Біз «Галлап медиа» деген әлемдік компания арқылы рейтингімізді біліп тұрамыз. Көрермендеріміздің негізгі көретін уақыты – таңғы 7.00 мен 9.00-дің, кешкі 22.00 мен 00.00-дің ортасы екен. Адамдар әр түрлі телехикаялар мен жаңалықтардан босаған кезде, бізді көреді. Жалпы, көптеген адамдар біздің арнаны түнде тамашалайды. Құран тыңдайды. Тағы бір айта кетерлігі, біздің көрермендеріміз негізінен екі түрлі адамдар. Біріншісі, имам ағаларымызбен, рухани тұлғалармен кездесіп, сұхбат құруға уақыты жоқ, бірақ өмірде рухани тірек іздеп, жанына шипа іздейтін кісілер. Оның ішінде зейнеттегілер,  қызмететтегі адамдар бар. Ал екінші топтағылар – шенеуніктер. Өйткені, ондай адамдардың діни адамдармен кездесуге уақыты көп бола бермейді. Аудиториямыздың сәт сайын кеңейіп жатқанын да біліп отырмыз. Әсіресе, тікелей эфирдегі бағдарламалардың кезінде республикамыздың әр қиырынан және ғаламтордағы онлайн жүйе арқылы АҚШ, Еуропадан, Қытай, Түркия, Жапониядан бізге хабарласып жататын көрермендеріміз бар. Бұл – командамен жүзеге асатын дүние. Бізде мемлекетшілдікті – қасиетім деп, радикализмді қасіретім деп түсінетін, сондай ауызбірішілігі зор ұжым қалыптасты. 80-ге жуық қызметкеріміз бар. Бұдан бөлек, бірнеше облыста филиалдарымыз жұмыс істейді.  

– Әлеуметтік желіні белсенді қолданасыз. Біз осы күні ғаламтордың игіліктерін тиімді пайдаланып жүрміз бе? Әлде теріс жағына бет бұрып кеттік пе?

– Толық пайдалы жағын алып жатырмыз деп айта алмаймын. Себебі, біз көп жағдайда даукестікке, бір-біріміздің бетімізден алып, нәпсімізді қанағаттандыруға көбірек пайдаланып жүрген сияқтымыз. Еуропа, Батыс елдерінде әлеуметтік желі арқылы бизнесін жүргізіп, сол арқылы отбасылық байланыстарын, қоғамға философиялық ойларын ғана жариялап, қарапайым күнделік секілді пайдаланып жүрген адамдар жетерлік. Ал біз әлеуметтік желі дегенді бір дауласудың, бір-біріне қарсы пікір білдірудің алаңы секілді қабылдап алдық. Тартыс пен дау-дамайдың шектен шыққаны сондай, кейбір адамдар өзінің ата дінінен бас тартқанын жалпы жұртқа жариялап жатыр. Қандай өкінішті!

– Өзіңіз айтыс арқылы танылдыңыз. Қазіргі айтыстың дамуы қалай?

– Айтыс өз деңгейінде дамып келеді.  Өмірдің еңісі мен өрі бар дегендей, айтыс та сол талаптарға сәйкес, өз даму деңгейінде. Жүрсін Ерман ағамыз айтысты атан түйе секілді мойнына алып, тартып бара жатыр. Себебі, кез келген өнердің саласын бір жауапты адамдар міндетіне санап, соны аманат етіп жүктеп, соның отымен кіріп, күлімен шықпаса, ол өнер дамымайды.

– Жеке шығармашылығыңызға уақыт табыла ма?

– Бұрын өлең, әңгіме жазар едік. Қазіргі біздің шығармашылығымыз түрлі деректі фильмдер, көркем телетуындылар, техикаялар мен бағдарламалар, түрлі бейнероликтер шығару, оған арнап текст жазу, соның идеясын ұштауға арналып тұр. Тәуелсіздікке, тұңғыш Елбасы күніне арнап көптеген бейнероликтер дайындадық. Тіпті бір өнімімізді Ақорданың ресми парақшасы жариялағаны да шабытымызды жани түсті. Сонымен бірге, отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі, әке-шешені құрметтеу, туыстық қарым-қатынас, Рамазан, қажылық сияқты мұсылмандықтың бір тірегі болған дүниелерді де насихаттап жатырмыз.

– Болашақта айтысқа оралуыңыз мүмкін бе?

– Ақиқатын айтсақ, өнер бойымыздан ешқайда қашып кеткен жоқ. Бірақ айтысқа шығу үшін үлкен дайындық керек. Оған арнайы уақыт бөліп, көңілді соған бұру қажет. Сахнаға қайта оралуға менің қазіргі арқалап жүрген жүктерім мен атқарып жүрген шаруаларым мүмкіндік бермей тұр.

– Әңгімеңізге рақмет, аға!

                

Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ

Опубликовано в Сұхбат

Өмірдің өзі ұстаз десек те, жалпы адамзат баласы саналы ғұмырында өмірін сол қызметке арнаған асыл жандардың, яғни ұстаздардың алатын орны ерекше. Саналы ғұмырының 70 жылға жуығын ұстаздыққа арнап, оны әлі күнге абыроймен атқарып келе жатқан елімізге танымал тарихшы-ғалым, нағыз ұстаз Қапира Сәдуақасқызы үстіміздегі жылы 10 маусымда торқалы тоқсанның төріне шығып отыр.

oqmpi0-2Қапира Сәдуақасқызы 1926 жылы бүкіл түрік тектілердің қасиетті бір өзен анасы саналған Ертістің бойындағы Павлодар облысының Ақсу ауылында дүниеге келген. Жастық шағы ел басына түскен «нәубет» жылдармен сәйкес келіп, жастайынан жетімдіктің қиындықтарын көп тартады. Сол бір ауыр жылдары қазақы бауырмалдығы жоғары азаматтар қаншама жетімдерді паналатып, оқытып қатарға қосыпты. Соның бірі – Қапира Сәдуақасқызы болатын. Ұстазымыздың жетім қалғанын естіп, анасының туысы Әшім Сәрсенбаев есімді нағашы ағасы туыстары Көкен және Ахмет Омаровтарды ол екеуінің анасымен бірге төртеуін елден алып кетіп Алматыға жеткізген. Туыстық дегеннен шығады сол кезде алғаш елден Әшім ағасы алып келген кезде үлкен қаладағы елдің азаматтары саналған Қайыргелдиндер отбасын паналайды. Сол туыстары 1935 жылы 9 жасында Алматыдағы балалар үйіне орналастырады. Алматы қаласындағы №35 орта мектеп табалдырығын осы балалар үйінде жүріп аттайды. Сол «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен ауыр жылдарда нағашы туыстарынан да көз жазып қалады. Бір отбасыдан қалған жалғыз тұяқ саналған жас қыз 1941 жылы соғыс басталғанда тіптен алшақтап кетеді. Өйткені балалар үйі соғыста жараланғандарды емдейтін госпитальға айналғанда өзге құрбыларымен бірге оңтүстікке аяқ басқан еді. Сөйтіп қаламыздағы балалар үйіне орналасқан сол кездегі жасөспірім қыз №7 мектепте жетінші сыныптан бастап білім ала бастайды. 

 

Жетпісінші жылдардың орта тұсында Қапира Сәдуақасқызы Шымкент педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі болып тұрғанда Қайыргелдин Рахым деген жігіт осында мемлекеттік емтихан төрағасы болып келеді. Жүзі жылы бұл жігітті танитындай ішкі сезімі тыныштық бермегенімен жыға танымаған соң үндемеуге бекиді. Ал сол төрағалыққа келген кісімен әріптесі Асхат Рүстемұлы бұрыннан таныс болса керек жадырап амандық саулық сұрасып жатады. Кейін апай Асхат Рүстемұлынан анау келген кісінің жүзі бір түрлі таныс сияқты, жылы ұшырап тұр, мүмкін болса Әшім, Хайдар деген кісілерді біле ме екен деп сұрашы дейді. Асхат Рүстемұлы өтінішті жеткізген кезде ол кісі де таңданыспен «сіз оларды қайдан білесіз?» деп қарсы сұрақтар қояды. Сонда ғана әріптесі кешегі жанында тұрған кафедра меңгерушісінің өтініші екенін жеткізеді. Ана кісі де жұлып алғандай, ол кісі Қапира апа емес пе? депті бірден. Яғни ол кісінің де құлағында Қапира апайдың есімі мен тарихы туралы әңгімелер жүрген болар, бәлкім балалық кезеңнің санада қалған естеліктерімен іштей шырамытқан да болуы керек. Сөйтіп, туыстық сезімдері алдамай, бірін бірі қуана табысады. Інісін тапқан Қапира Сәдуақасқызы Рахымның өте сәби шағы туралы айта келіп, Әшім ағасының оны мойнына салып еркелеткен сәттері есінде қалғанын айтып, сағыныш шерін тарқатады. Кейін нағашыларымен қайта табысып сол кездегі Жамбыл қаласынан ішкі істер саласынан зейнеткерлікке шыққан Әшім ағасымен де қайта көрісудің сәті түседі. Әшім ағасы елге сыйлы азамат ретінде қайта тапқан жиеніне барынша қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып, әпкесінің әруағы алдындағы бір парызын өтегендей болған екен.

Әрине, бүгінгідей мерейлі тойда Қапира Сәдуақасқызы туралы сан түрлі ғылыми зерттеулер, естеліктер, мадақтаулар айтылатыны анық. Біз бүгін өзіміздің ол кісіден білім алған әрі, кейінгі қызметте де бірнеше жылдар қатар жүріп келе жатқан жақын шәкірттері ретінде ұстазымыздың жай ғана қазақтың қызы, ер азаматтың сүйікті жары, отбасының анасы, ғалым ұстаз және бүгінгі жүзі мейірімге толы әже ретіндегі қырларын ол кісінің балалық өмір жолымен сабақтастыра түйген ойларымызды көппен бөлісуді жөн санадық.
Қапира Сәдуақасқызы үшін бұл өмірде ең басты да, маңызды мәселелер қатарында отбасы жылуы мен оның құндылықтары болғандай. Ал отбасыдағы жылылық аналық мейірімнен тарайтыны тағы белгілі. Өмір мерей той иесі ұстазымызға ата-анасының мейірімін көруді аз жазса да, өзгелердің, өзі өмір сүрген қоғамның мейірімінен кенде қалдырмағаны байқалады. Сондықтан өзіне қамқорлық көрсеткен жақсы адамдарға деген сенімнен туса керек, ол кісінің де өзгелердің бойынан үнемі жақсылықты көруге ынталы үлкен жүрегінің ыстық лебін байқамау мүмкін емес. Ал бір көңілі құлаған адамға өз отбасының бір мүшесіндей аналық таза жүрекпен сенгіштік танытуы, таза ниетпен қамқор болуы бүгінде кейбірімізге жетпей жатқан қасиеттердің бірі емес пе? Сенгіштік дегеннен шығады, Қапира Сәдуақасқызы Ежелгі дәуір тарихынан жүргізген сабағында «Адамға сенбеу, адамды адамның қанауының ең сорақы түрі» деген сөз тіркестерін қайта – қайта салмақ сала шәкірттеріне қайталаудан жалықпайтын. Кейде «мүмкін сол сөздерді айтып тұрғанда, көз алдынан өмірінің кейбір мезеттері сырғып өтетін де шығар-ау?» деген ойларға қаламыз.

Иә, тарихшы болу қиын. Өйткені тарих ғылымының өзі қиын. Онда басқа ғылымдардағыдай ешқандай ғылыми тәжірибе жасай алмайсың. Тәжірибені өз өмірің мен шынайы жазылған тарихи еңбектерден ғана табасың. Қапира Сәдуақасқызының өз аузынан айтылған естеліктері мен жастық шақтағы өмірі мен жетпіс жылға жуық тарихшы ретіндегі саналы қызметіне сәл ғана көз жүгіркен адам ол кісінің дәл осындай тәжірибені жеке басынан өткергенін бірден аңғарар еді.

Бойжетіп, тұрмыс құрған кезде асыл жар, отбасы анасы атанған кезде сол бала күннен өзіне арман болған аналық мейірімімен жанұясын толтыруға тырысқанын ұстазымыздың және замандастарының аузынан талай естіп келеміз. Ұстазымыз кешегі сұрапыл Ұлы Отан соғысы аяқталған соң оңтүстіктің тумасына тұрмысқа шығады. Отағасы облыс өмірінде елеулі ізі қалған, оңтүстіктің журналистерінің ұстазы, өткір тілімен әділдіктің сойылын ұстаған Әсет Тілеукеев еді. Ел арасында ол кісінің кісілік келбеті мен әділдік үшін қаламмен жүргізген күрестері туралы аңызға бергісіз естеліктер сақталған. Әлі күнге сол кездегі саясаттың кейбір «құйтырқылықтарына» қарамай, әділдікті ту етіп жанына қазақтың жақсы жайсаңдарын жинай білген азамат ретінде танылған ағаны оңтүстіктің тумалары мақтан тұтады.

Соғыс жылдары оңтүстікте орта білім алған апайымыз, Қазақ қыздар педагогикалық институтында оқиды. Қапира
Сәдуақасқызы осы институттың екінші түлегі. Спортты жақсы көріп жеңіл атлетикамен айналысады. Тіпті жақсы спортшы ретінде Мәскеу қаласында өткен студенттердің спартакиадасына да қатысады. Ал педагог ретінде зейнеткерлікке шыққанға дейін оңтүстіктегі қара шаңырақ жоғары оқу орны – Шымкент педагогикалық инстиутында тап жылмай 50 жылға жуық қызмет етеді.
Ғалым ретінде 1967 қорғаған «Қазақстандағы қыздарға білім беру ісін дамыту (1928-32 жж.)» тақырыбын зерттеу нысаны еткені белгілі. ғылыми жетекшісі белгілі қоғам қайраткері, ғалым педагог Т. Тәжібаев еді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, сол бесіктің болашақ иесі, бүгінгі елдің намысы, ертеңгі ұрпаққа жарқын да, мәнді өмірді беретін қыз балалардың сауаттылығымен көп нәрсе өлшенетінін ғылыми дәлелдеп келе жатқан ғалымның бұл тақырыпқа баруына жеке өмірінің де іздерінің ықпалы болды ма деген ойларға қалатынымыз тағы бар.

Ұстазымыз өзінің ұзақ жасауының бір сыры да, өз кәсібіне деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің белгілері өзіне тағдыры жолықтырған жаны жайсаң жақсы адамдардың шарапаты мен өзінің ешкімге де «қызғаныштың қызыл итімен» қарамауында болар деп санайтынын шәкірттері біздерге үнемі айтып отырады. Бұл қасиеті де біздерге, кейінгі жастарға үлгі боларлық өнегелі істерінің бірі деп білеміз. Ал ұстаз ретіндегі тағы бір есімізде ерекше қалған қасиеті оқытқан пәніннен білім беруде өзіне де, шәкіртіне де деген бірдей талапшылдығы дер едік. Осы мақаланы жазып отырған шәкірттері біздің өзіміз әртүрлі жаста болсақ та, білім алған кезіміздің арасын ажыратып тұрған белгілі бір уақыттың болуына қарамастан бәріміздің есімізде қалғаны апайдың өз лекциясының мәтініне қайта – қайта үңілмей мәтінді үнемі логикалық сабақтастықта баяндайтыны дер едік. Ал кез келген сабаққа керекті әдебиетті де жатқа айтатын қасиеті өз алдына. Бүгінгі жас шәкірттері де осы қасиетінен айнымай талапшылдығымен сабақ беріп келе жатқанын айтады.
Біздіңше, Алла берген ұзақ жасы мен кәсіби маман ретіндегі бағасының мәнін одан ары арттыра түсетін бір жағдай үлгілі отбасының берекесі бола білуінде сияқты. Ұстазымыздың үйдегі отағасымен арада қашан көрсең де сыйластыққа негізделген қарым-қатынасын байқайтынбыз. Атамыз екеуі құдайдың берген перзенттерін сүйді. Үлкені Ләззат (жастай қайтыс болған), ортаншысы Жанат, мамандығы химик, ал Салтанаты математик. Ал шаңырақтың бүгінгі иесі Жанболат болса апайдың жолын қуған ғалым тарихшы, өз орны бар маман. Немерелері Ләззат, Ардақ, екеуіде экономист шетелде білім алып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан мемлекеттік қызметкерлер. Шөберелері Арсен, Байсал Тілеукеевтер әулетінің көз қуаныштары. Бүгінгі мерейтойда апаймызға зор денсаулық, отбасылық бақыт, қадірлі қариялық өмір тілейміз.

Шәкірттері,
Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік педагогикалық институтының ұстаздары:
профессор С. ӘБУБАКИРОВ,
доцент Б. ИСАБЕК,
доцент Г. СҮГІРБАЕВА,
доцент Қ. АНАРБАЕВ

Опубликовано в Білім
Страница 5 из 7