Ата-анасынан ажырап қалған баланың бәрі қараусыз қалмайды. «Жетімін жылатпайтын» біздің елде мұндай жағдайға тап болған балалар мемлекет қамқорлығына алынып, балалар үйлерінде тәрбиеленуде. Қасиетті Рамазан айы басталмас бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Ассамблея жанындағы журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, Облыстық Жастар ресурстық орталығының психологтары, спортшылар, тағы бірқатар азаматтар Арыс қаласындағы балалар үйіне барып қайтты.

WP 20160604 092

Бұл күні «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымы Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті. Көңілді ән айтқан өнерлі жасөспірімдер мен би билеп көңіл көтерген қонақтар концерттік бағдарламадан кейін Арыс қаласындағы ОҚО Білім Басқармасына қарасты балалар үйінің бөлмелерін аралап шықты. Бөлмелер өте ыңғайлы орналасқан, іші жарық, балалардың ой-өрісін дамытуға мүмкіндік бар. Отбасы үлгісіндегі «балалар ауылында» 72 баланы 7 отбасыға бөліп тәрбиелейді екен. Осы орайда әр баланың қызығушылығын ескере білетін тәрбиеші, ұстаздардың еңбегі ерекше. Бейіміне қарай бірін ән айтуға, бірін көңілді тапқырлар клубында өнер көрсетуге, бірін қолөнерге және көбін түрлі спорт бағыттары бойынша талабын шыңдауға сеп болған. Әр баламен жеке әңгіме-дүкен құру кезінде балалар үйінің ең үлкен қызы – 15 жасар Диана «бұл жердегі балалардың барлығы шахмат ойнауды біледі, ал 5 жасқа дейінгілер дойбы ойнайды» деген кезде, еріксіз «үйде жүрген балалар да айпадта ойын ойнамай шахмат пен дойбыны меңгерсе ғой» деп ойладық.

Балалық еркелікпен әлдеқашан қош айтысып, өмірдің қайнаған қазанына түсіп үлгерген балалардың арасында Мадиярқызы Нұрайымның моншақтан жасаған картинасы көздің жауын алады. Жанар Жанзаққызы жетекшілік жасайтын «Мерейдің» жанұясы 2015-2016 оқу жылында «Ең үлгілі жанұя» номинациясының жеңімпазы. 

 

«Алтын Адам» сауда белгісінің тігін фабрикасы Арыстағы балалар үйінің 72 баласына түгел аяқ киім сыйласа, Сайрам аудандық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Ф.Исламов жаздық киім-кешек алып берді. Бұдан бөлек, облыстық Ассамблея балаларды жазда лагерьдің, қыркүйек айында мектептің формасымен қамтамасыз етуге уәде берді.

Әрине, балалардың көңілін көтерген сыйлық емес, қарым-қатынас. Үйіне қонақ кіріп келсе мәз-мейрам болып, жадырап сала беретін қазақтың дархан көңілінің бір сынығы бұл балақайларда да бар. Үйдегі 18 жасар балаларымызды ҰБТ-ға ертіп барып, бірге жан күйдіріп, таусыла уайымдаған кездерде Арыстағы балалар есіңе түспей қоймайды. Олар – өте жігерлі, талапты! Болмашы уайыммен ешкімнің басын қатырмайды. Біреудің жұбатып немесе аяғанын қажетсінбейді де. Олар тек үйренгісі келеді және мүмкіндіктерін көрсеткісі келеді. Олар жеткен жетістігін бөліскісі келеді. «Жарайсың, балақай! Өсе бер!» деп арқасынан қағатын тілеулесті ғана іздейді...

Ақмарал ӘШІРОВА,
Шымкент – Арыс – Шымкент

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 20 Май 2016 04:30

Парасат биiгiндегi азамат

Биыл қоғам қайраткері, академик Өмірзақ Айтбаев 80 жасқа толды. Жуырда есімі қазақ терминологиясының сардары ретінде көпке мәлім ғалымға жерлестері құрмет көрсетті. Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында студенттермен кездесті. Әдеби-танымдық кездесу кешінде Алматы, Астана қалаларынан мерейтой иесімен қызметтес болған ғалымдар, облыстың зиялы қауым өкілдері қатысты.

 DSC3078

Тумысынан ана тілін пір тұтқан ғалымға оқу орнының шәкірттері, айтыскер жас ақындар жырдан шашу шашты. Сөз алған ОҚМПИ-дің ректоры Оңалбай Аяшев академикті мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Сізді оңтүстікқазақстандықтардың атынан 80 жасқа толу мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Сізге зор денсаулық, баянды бақыт тілейміз, – деді О. Аяшев.
Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылы 5 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл (бұрын Түркістан ауданына қараған) ауылында ағартушы-мұғалім отбасында дүниеге келді. Өмір жолын академик 1953 жылы Кентау қаласындағы Мырғалымсай «Сантехмонтаж» мекемесінде темір шебері болып бастайды. 1954-1959 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің филология факультетінде оқиды. Ол студенттік жылдардың өзінде ғылыми, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. 1959-1962 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, 1962 жылдың көктемінде Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкер болып ауысады. Міне, осыдан кейін ол табан аудармай ғылыми жұмыспен түбегейлі айналысады. Ғалымның тіл білімі ғылымына қосқан үлесі жоғары бағаланып, «Құрмет» (1998) пен «Парасат» (2006) ордендерінің иегері болды.
Ұлттық рух пен мәдениетіміздің нағыз қамқоршысы болған Өмірзақ Айтбаев ғылым мен өнерді қатар алып келе жатқан ғалым. Оның «Жар сәлемі», «Жас ойшыл», «Ана тілі», «Тіл өнері дертпен тең», «Ақ қоян», «Өренім» атты көптеген әндері жұртшылыққа мәлім.
Кездесуде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері ақын, Қасымхан Бегман, филология ғылымдарының кандидаты Анар Жаппарқұлова қоғам қайраткері Өмірзақ Айтбаевқа арнау өлеңдерін оқыды. Өз кезегінде бірге қызмет еткен ғалымдар да мерейтой иесінің еңбегіне тоқталып өтті.

 DSC3006

– 54 жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан академиктің тіл білімі саласына қосқан үлесі зор. Ғұмыр бойы жемісті еңбек етіп, тілдің дұрыс қолданылуының көкейтесті мәселелерімен шұғылданды. Мақалалар жазып, жинақтар шығарды. Жалпы саны 500-ден аса еңбектері, олардың ішінде 30-ға жуық кітапша, кітаптар мен монографиялары жарық көрді. Өмірзақ журналистика саласында абыройлы қызмет атқарды. Егер ол газеттегі жұмысын жалғастырғанда қаламы қарымды журналист немесе жазушы болар ма еді?! Бірақ, ол ғылымды таңдады. Бүгінгі мерейтойында алдағы өмірінде қолынан қаламы мен домбырасы, аузынан аталық сөзі мен әні түспесін дейміз, – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Қабдолқайырұлы.
Әдеби танымдық кеште өңірдің зиялы қауым өкілдері де игі тілегін білдірді. Жазушы Мархаббат Байғұт Өмірзақ Айтбаевты құттықтап, «Күнгей көңіл» кітабын тарту етті.
Академик Ө. Айтбаев өзіне көрсетілген ілтипатқа алғысын айтып, ел үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді.
– Жерлестерімнің сый-құрметіне ризамын. Атамекенмен қауышып, Шымкенттің айтарлықтай өзгергенін көріп, қуандым. Біздің тіліміз тек сөйлеу тілі ғана емес, қоғамға да қызмет ететін тіл болуы керек. Тілге Ахметше қызмет етуіміз керек. Менің өмірімде кие тұтып келе жатқан үш мұрам бар. Ол ана тілі, содан соң ән мен күй және қоңыр домбырам» деп түйіндеді.

Опубликовано в Мәдениет
Пятница, 13 Май 2016 05:52

Ардагерлер ардақталды

Әл-Фараби ауданында 42 Ұлы Отан соғысының ардагері мен 1600-ге жуық тыл еңбеккері бар. Аудан әкімі Бауыржан Қалжанов майдангерлерге дастархан жайып, сый-сияпат тапсырып, құрмет көрсетті.

al-pharabi is-shara

– Уақыт өткен сайын кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары да арасын аулақ салып, алыстап барады. Бірақ қаншалықты алыстағанмен ол көңілден кетіп, жүректерден өшпек емес. Өйткені ол соғыс қаншама ұрпақты қайғы-қасіретке душар етіп, өмірін өксітіп кетті. Туған елдің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін жанын қиған боздақтарымызды мәңгі есте сақтаймыз. Отан үшін отқа түсіп, қан майданнан аман оралған аталарымыздың алдында бас иеміз, – деді Бауыржан Ахметәліұлы.
Шара аясында қарт майдангерлер жүрек сыздатар естеліктерімен бөлісіп, ел тәуелсіздігінің баянды болуын тілеп, ақ баталарын берді.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 13 Май 2016 05:29

Майдангерге құрмет көрсетті

Жеңіс күні мерекесі қарсаңында ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов Ұлы Отан соғысы ардагері Алтыбай Бабаевтың үйіне барып, қарт майдангерді мерекемен құттықтады.

murataliqalmurtaov

– Сіздер соғыс және соғыстан кейінгі жылдары қажырлы еңбектеріңізбен бүкіл халықтың құрметіне бөленіп, кейінгі ұрпаққа үлгі болдыңыздар. Мұны әрбір өскелең ұрпақ мәңгі жадында сақтайды, әрдайым ардагерлерді сыйлап, оларға қамқорлық көрсетеді, – деді Мұратәлі Оразалыұлы ардагерге ұзық ғұмыр, зор денсаулық және отбасына амандық тілеп.
92 жасқа келген ардагер өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Сұрапыл соғысқа бозбала шағында аттанған қарт жауынгер Ұлы Жеңісті қарсы алғаннан кейін аман-есен елге оралады. Бірқатар жауапты қызметтер атқарып, еліміздің еңсе тіктеуіне елеулі үлес қосады. Бүгінде жұптасқандарына 70 жыл толған жұбайы Айша Бабаева екеуі көптеген немере, шөбере сүйіп отыр.

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 06 Май 2016 11:04

Берлинге дейiн барған...

«...Даланы қанмен суарған сұм соғыс өртінің шарпып тұрған шағы. Кескілескен ұрыс. Әрлі-берлі ысқыра зулаған ажал оқтары төбеден бұршақтай төгіп тұр. Жан-жақта жан тәсілім еткен жауынгерлерде есеп жоқ. Кеше ғана немістер бой тасалаған окопта бүгін Мүрсәлі қасындағы қырғыз майдандасымен бірге өздеріне үңірейген ұңғысын бағыттап, жер-дүниені дүр сілкіндіріп жылжып келе жатқан жау танкісінің жақындауын күтіп жатыр. Оның қарсы алдынан ашық шығып, «ашуын басу» ақылға қонымсыз. Одан да айла-әдіске көшіп, қалайда асауға тұсау салудың амалын іздеген жөн. Түрінің өзі сұсты көрінетін танк дәл бұлардың бұғып жатқан жерін үстінен гүрілдеп басып өтті. Төбесінен таудай болып өткен танктың артқы жағынан дәлдеп тұрып лақтырған граната «тажал темірдің» үнін өшірді. Дәл осындай амалмен немістің тағы бір танкісін өртке орады...»

berlingeӘкем Мүрсәлі Татипановты соғыстағы осы ерлігі үшін «Даңқ» орденімен марапаттаған екен. Мұны әкем бізден басқа ешкімге мақтанып айтқан емес. 1910 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген ол соғыс басталғанға дейін шахтада жұмыс істеп, 1942 жылдың 10 қаңтарында өзінің сұрануымен майдан даласына аттанды. Жалғыз ағасы Зыкиді амалын тауып соғыстан қалдырып, өзі кеткен.

Әкем аса әңгімешіл болмады, майдандағы ерліктерін де мақтанып айтуды құп көрмейтін. Дегенмен, соғыс салған жан жарасы сыздатса керек, кей-кейде естеліктер тізгінен босатып отыратыны бар еді. Оның «Ерлігі үшін» орденін қалай алғандығы жөнінде айтқандары ойыма оралып отыр. Әкемнің қызмет еткен полкіне немістерден «тіл» әкелу тапсырмасы беріледі. Бұл өте қиын да, қауіп-қатерге толы шаруа екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен, бұйрықтың аты бұйрық, өміріңді де тәуекел етуге тура келеді. Абырой болғанда бұл тапсырманы мүлтіксіз орындау әкемнің маңдайына жазылған екен. Асқан ептіліктің арқасында жаудың күдігін тудырмай, бір немістің дымын шығармай ұстап алып келеді. Олжа деп осыны айт, әлгі немістің асынып алған сөмкесінен жаудың жоспарынан хабар беретін өте маңызды құжат табылыпты. Осының арқасында бірнеше күн жаудың аңдысын аңдып, жоспарларынан бейхабар болған біздің әскер үшін құпия ашылып, шабуылға шыққан. Мұның соңы жауды кейін шегіндірумен аяқталған. Осы кескілескен ұрыста әкем аяғынан қатты жарақат алып қалыпты. Ашық далада алған жарақатынан жүре алмай, еңбектеген күйі бірнеше сағат алға жылжып, окопқа жетіпті. Сол жерде жатып аздап ес жиған соң байқайды, біздің солдаттар жаралыларға жәрдем беріп жүр екен. Бірақ, тапсырма солай болған шығар, әйтеуір солдаттар жаралылардың арасынан тек офицерлерді ғана іріктеп арбаға салып, госпитальға жөнелтіп жатыр екен. Қатардағы жауынгерлердің жанына да жоламайды. Мына әділетсіздікке күйіп кеткен әкем ашуға булығып, қолындағы автоматымен аспанға атып, солдаттарды да емдеуге алып кетпесе атып өлтіретінін айтып, қорқытыпты. Жат жерде, белгісіз жағдайда кімнің өлгісі келеді дейсіз, барлығының да зарыға күтіп отырған отбасылары бар. Осындай талапшылдығының арқасында өзі де, өзі секілді біраз жауынгерлер де бір ажалдан аман қалыпты.

Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі деген рас екен. Аяқтан алған жарақаты жазылғасын қайта майдан даласына аттанады. 1943 жылдың 26 қазанында жау оғы әкемді екінші рет қарын тұсынан қатты жарақаттапты. Бұл жолы Ленинградтағы госпитальде емделіп, екі айдан кейін қайта ұрысқа кіріседі. Соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан әкем 3-Белоруссиялық майданда, 240-гвардиялық атқыштар полкінде, 2-атқыштар батальонында болып, Варшава, Сталинград, Будапешт және басқа да қалаларды азат етуге қатысқан. Ең соңы Берлинге дейін барып, Рейхстагқа тігілген тудың куәсі болған екен. «Берлинді алғаны үшін» медалі осы кезде берілген. Мергендігімен де көзге түсіп, «Үздік пулеметші» гвардиялық белгісін еншілеген. Жалпы алғанда, соғыстағы ерлігі үшін берілген орден-медальдары 15-20-ға жуықтайды.

Сұм соғыс аяқталғаннан кейін елге аман-есен оралған әкем Мүрсәлі Құдай қосқан қосағын жолықтырып, онымен шаңырақ көтеріп, 8 перзент тәрбиелеп өсірді. Майданда болғанын ешкімге міндет етпестен, өзіне айрықша құрмет көрсетілуін талап етіп ешқайда шағымданбастан, қарапайым ғана, қоңыр тіршілік кешіп, көрші ауданнан халыққа нан тасумен айналысты. Әділдігінің арқасында он шақты жыл Жаңаарқа аудандық сотында халық қосшы биі (народный заседатель) қызметін атқарды. Шешем болса қатардағы сауыншы. Екеуі де байлықтың соңына түсіп, дүние қуған жоқ. Тапқан-таянғандары қара нан мен қара суға, үстімізге іліп алар шүберекке жетсе, соған да қанағат етіп өтті. Бірақ, бала тәрбиесіне селқос қарамады, қатты мән берді. Қыз балалардың тәрбиесін негізінен шешеме сеніп тапсырып, өзі ұл балдардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Әкемнің «біреудің ала жібін аттамаңдар, аққа жақ, әділ болыңдар» деген аманаты әлі күнге дейін санамда сақталып қалған. Міне, жауапты да, қиын судьялық қызметті атқарып келе жатқаныма сегіз жылға жуықтаса да әлі күнге дейін әр іс қараған сайын әкемнің әлгі сөзі құлағымда жаңғырып тұрғандай болады. Адам тағдырына төрелік айтатын маңызды мамандық иесі ретінде маған әкемнің бұл аманаты өміріме бағдаршам болумен келеді.

Светлана МҮРСӘЛІҚЫЗЫ
ТАТИПАНОВА – ИМАНҚҰЛОВА,
Түркістан қалалық сотының судьясы

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 06 Май 2016 11:00

Ерлiк ешқашан ұмытылмайды

Ұлы Отан соғысы басталғанда Қаратай Төлебековтің жасы небәрі 19-да болды. Бәйдібек ауданынан өзімен бірге 30 жігіт соғысқа аттанған еді. Олар Мәскеу түбіне жеткізіліп, сонда 2 ай бойы әскери дайындықтан өтті. Сарбаздар окоп қазды, граната лақтыру мен алғашқы медициналық жәрдем көрсетуді үйренді. Ал соғыс басталған шақта майдан шебінде шайқасып, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Өмірдің осындай қиын да жауапты сәттері Қаратай Төлебековты шыңдады. Сондықтан да болар, соғыстан кейін түрлі жауапты басшылық қызметтерді абыроймен атқара білді. Ол ұзақ жылдар бойы білім саласында қызмет етті.

HUmV-fsu5HwҚаратай ақсақал соғыс туралы көп айта беруді ұнатпайды. Әңгімелесе де, қысқа әрі нақты етіп баяндайды. Соғыстың зардабын ардагерлердің бірі де әлі ұмыта қойған жоқ. Сондықтан, ескі жараның аузын тырнап, еске түсіре беруді жөн көрмейтін шығар. Бірақ, бізге соғыс кезіндегі бір жағдайдың әлі күнге дейін жадынан өшпегенін және бүгінге дейін көз алдында екенін айтады. Сталинград қоршауын бұзып шығу үшін 1943 жылы екінші Прибалтика майданын ашуға тура келгені аян. Бұл – жау әскерінің шебін екіге жарған еді. Қ.Төлебеков жедел әрекет ететін топқа командир болды. Батальонның мақсаты – қоршауда қалған 600 сарбазды қуып шығу.
– Біз Мәскеудің түбінде едік. Жаудың 80 сарбазы біз жаққа қарай өтіп кеткен екен, соларды тықсыру үшін командир маған тапсырма берді. Ашық алаңның ыңғайлы жеріне барып, жауды күтіп жаттық. Бір кезде мидай далада 7 неміс жүр. Қаруымыз– тапанша. Сарбаздарға «Атыңдар!» деп бұйрық бердім. Жау ашық далада ешкім болмайды деп ойлағандықтан, алғашында абдырап қалды. Атыс-шабыс басталып кетті. Бір сәтте қасымдағы сарбаздың жанұшыра құлап бара жатқанын көрдім. Басына оқ тиіп, көз алдымда мерт болды, – деп есіне алады ардагер.
Осы шайқастағы батылдығы үшін ардагер «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Ардагердің соғыстағы ерлігін дәлелдейтін ордендер мен медальдары көп.
Қ.Төлебеков соғыстан соң Латвияның Рига қаласына жіберіліп, сондағы әскери-техникалық училищеге комсорг болды. Елге тек 5 жылдан соң ғана оралды. Үйленді. Қаратай қария биыл 93-ке толды. Осы уақытқа дейін тың, жүрісі ширақ. Мұнысын ол әрдайым дене жаттығуларын жасаумен айналысып, алкогольді ішімдік ішпейтінін және темекі шекпейтінімен байланыстырады. Қымбат әжемен отандасқандарына биыл 65 жыл болыпты. Екі қыз бен екі ұлдан 10 немере және 12 шөбере сүйіп отыр. Өткен жылы Жеңістің 70 жылдығы мерекесінде Мәскеу қаласында өткен шеруге қатысып қайтты. 9 мамыр мейрамы жақындаған сәтте ардагер мектеп және жоғары оқу орындарына арнайы қонақ ретінде шақырылып, жастарға өнегелі де өсиетті әңгімелерін айтады. Өйткені, Отан үшін отқа түскендердің ерлігі ұмытылмауы тиіс.

Опубликовано в Әлеумет

Кеудесі орден мен медальдарға толы қазыналы қариямен дидарласудың өзі бір ғанибет. Талай зобалаңды көзімен көрген бекзат болмыс иесі Тілеуімбет Қожаназаровтың жасы бүгінде тоқсан екіні алқымдаса да санасы сергек, қайраты әлі қалпында екені байқалады. 1942 жылы 18 жасында Қызылорда облысынан әскерге аттанған ол Украина, Беларуссия жерлерін жау құрсауынан азат ету жолында ерен ерлігімен танылды. Мұнан кейін де Кеңес әскері құрамында Жапонияға қарсы шайқаста белсенді соғыс қимылдарына қатысты. Сол бір сұрапыл жылдарды күрсіне отырып еске алған қарт майдангер өзі көзімен көріп, бел ортасында жүрген сұм соғыс пен одан кейінгі елдегі бейбіт өмірдің жайында байыпты сөз қозғады.

qozhanazarov– Тарихқа жүгінсек, күні бүгінге дейін үлкенді-кішілі он бес мыңға жуық соғыс өтіпті. Солардың ішінде жаппай адамзатқа қауіп төндірген екінші дүниежүзілік соғыстың орны бөлек. Өзіңіз көрген Кеңес әскерінің әскери-технологиялық әлеуеті кең ауқымды шайқасқа қаншалықты деңгейде дайын еді?

– Гитлершіл Германия 1941 жылы 22 маусымда Кеңес Одағына опасыздықпен шабуыл жасау арқылы көптеген елдердің тәуелсіздігі мен бостандығына қауіп-қатер төндірді. Жауға лайықты тойтарыс беру үшін бүкіл Кеңес халқы тас-түйін жауынгерлерге айналды.
Қазақстанда да соғыстың алғашқы күндерінен бастап әскери құрамалар мен жеке бөлімдер жасақтала бастады. «Ер – ел үшін туады» деп халық даналығы айтқандай, Қазақстан жерінде шұғыл атқыштар дивизиялары құрылып, соғыс кезінде қысқа әзірліктен кейін әскерге, майдан шебіне жөнелтіліп жатты. Ел азаматтарының қатарында мен де 1942 жылдың қыркүйегінде әскерге шақыру алып, Иркутскідегі авиамеханика училищесін тәмамдадым. Майдан шебінде борт-механигі ретінде бомбалаушы ұшақтарда түрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындап жүрдім. Ол кездегі соғыста қолданған техника мен бүгінгіні салыстыруға мүлдем болмайды. Біз отыратын У-2 аталатын ұшақты кілең әйел ұшқыштар басқаратын. Бар болғаны 25 келідей бомбаны ғана арта алатынбыз. Және сағатына 300-350 шақырым жылдамдықта ғана ұша аламыз. Біздермен салыстырғанда, жаудың әскери-техникалық әлеуеті тым мығым еді. Олар отырған ұшақ сағатына 700 шақырымды басып өтуші еді. Біздің міндетіміз жаудың оқ-қару қоймаларын бомбалау еді. Алдымыздағы барлаушы ұшақтан бөлек, біздерді бірнеше шағын ұшақтар қорғай жүреді. Қарсы алдымыздан шыққан жау ұшақтарымен әуе шайқасы толастамайтын.

– Жеңіс жалауы желбіреген сәтте, қандай сезімде болдыңыз?

– Еуропадағы әскери қимылдардың аяқталуы екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын білдірген жоқ. Ялтадағы бір жақты келіссөзге сәйкес Кеңестік басшылық 1945 жылдың тамызында Жапонияға соғыс жариялады. Географиялық және климаттық жағдайлар, ондағы соғыс қимылдары өте үлкен қиындықтар туындатты. Шабуылдаушы Кеңестік жасақ Хинганның үлкен және кіші жоталарын Шығыс-Маньчжур тауларын, терең және ағынды өзендерді, сусыз шөлдерді, қиын өтетін ормандарды басып өту керек болды. Дегенмен, осындай қиындықтарға қарамастан, қуатты жапон әскері талқандалды. Ұлы Жеңіс дабылын біз Жапонияның Харбин қаласында естідік. Соғыс аяқталғаннан кейін де, бар қиындық осымен біткен жоқ. Соғыстың ауыр зардабын тартқан елдегі жағдай тым ауыр еді. Я төсек, я жейтін тамақ жоқ. Ол кезде елде қалған халық қолдағы барды соғысқа жіберіп, өздері нанның орнына кебек жеп күнелткен еді. Біздерге артылған ендігі үлкен міндет – елдегі барлық қиындықты еңсеріп, тұралаған өнеркәсіпті қайта жандандыру болатын. Қанды, сұрапыл соғыс көп отбасыға ауырпалық әкелді. Бірінің әкесі, бірінің бауыры, енді бірінің апасы, қарындасы жауынгерлер қатарында жүрді. Өмірімнің ең бір кемелденген сәті – сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді. Шүкір, елге аман-есен оралдық. Соғыс жылдарындағы қызметім ескеріліп, 2 орденмен, барлығы 25 наградамен марапатталдым. Балаларым да әке жолын қуып, әуе тасымалы саласында білім алып, еңбек етті. Кейінгі ұрпақ бейбітшіліктің қадірін біліп, Отан алдындағы парызын мінсіз орындап, адал болуға ниеттенсе екен.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Опубликовано в Сұхбат
Пятница, 06 Май 2016 10:14

«Даңқ мемориалы» кешенi

2b6cdea56637ad578c3f4044e115eaea
Шымкенттегі Абай саябағында «Даңқ» мемориалы кешені Жеңістің 65 жылдығына арналып ашылған. Мемориал өзара бір композицияға жиналған ескерткіштер қатарынан тұрады. Ол көп жылдар бұрын салынған және толығымен жөндеуден өткен «Мәңгілік алау ескерткішінен» басталады. 140 000-нан астам есім жазылған жан-жағындағы тақтайшалардың көлемі 200 метр болатын «Даңқ» аллеясы композицияны жалғастырады. Кешеннің орталығында – «Жұлдыз» ескерткіші орналасқан. Қызыл гранитте – 51 Кеңес Одағының Батыры мен «Даңқ» орденінің 8 толық иегерінің есімі жазылған. Композицияны кәдімгі жауынгерлік ұшақ жалғастырып тұр. Кешен құрылысына 220 млн теңге қаржы жұмсалған.
Опубликовано в Қала

Келер ұрпаққа бүгінгі бейбіт өмірді тарту еткен Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлерінің ерен ерлігі – қашанда үлгі, өнеге. Кеше Шымкент қаласының әкімдігі «Grand Holiday Hall» салтанат сарайында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арнап мерекелік дастархан жайды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.

DSC 0842

Салтанатты жиынның ашылуында қала әкімі қарт майдангерлерді Ұлы Жеңіс күні меркесімен құттықтады.
– Жеңіс мерекесі – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігі, тыл еңбеккерлерінің қаһармандығы, бейбіт күндеріміз үшін қантөгіс майданда жанын қиған батырларымызға арналады. Отанға деген махаббат, жеңіске деген құштарлық пен қуатты рух, достық пен ынтымақ – Ұлы Жеңістің негізі болды. Сұрапыл соғыс жылдары біздің қаламыздан майданға 23 мыңнан астам азамат аттанып, соның 11 мыңнан астамы майдан даласында мәңгілікке қалды. Елге оралған ардагерлер соғыстан кейінгі күйреген шаруашылықты қалпына келтіруге үлесін қосты. Қазіргі таңда Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының 143 ардагері және 7 мыңға таяу тыл ардагері тұрады, – деп атап өтті Ғабидолла Рахматоллаұлы.

DSC 0837

Арада неше уақыт өтсе де, жеңімпаздардың айбынды даңқы өшпек емес. Осы орайда, қала әкімдігі тарапынан соғыс және тыл ардагерлеріне қаржылай сый-сияпат жасалды.

Опубликовано в Қоғам

Биыл Чернобыль атом электр станциясында орын алған әлемдегі ең ірі ядролық техногендік апатқа 30 жыл толып отыр. Бұл атом энергиясын пайдалану тарихында орны толмас қасіретке соқтырып, мыңдаған адамның өмірін қиған ең ірі апат болатын.

DSC 0244

Жылдағы дәстүрге сай, қала жұртшылығы Чернобыль құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, апат салдарынан зардап шеккендерді еске алу шарасын өткізді.
– Апат орнын залалсыздандыруға қатысқан азаматтар үшін Мемлекет лайықты қолдау көрсетіп келеді, – дейді Чернобыль Одағы Оңтүстік Қазақстан облысы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Әшірбайұлы. – Атап айтқанда, жыл сайын 42 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы төленіп, олардың ТМД аумағында ұшақ қызметін тегін пайдалануына мүмкіндік берілген. Сонымен қатар, жүрдек пойыздарда билеттің 50 пайыздық мөлшерін ғана төлеуге жеңілдік жасалып отыр.
Апат құрбандарын еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қою үшін аталмыш шараға апат зардабын жоюға белсене атсалысқан 70-ке таяу ардагер арнайы келді. Олар сол кездегі оқиға сәттерінен естеліктер айтып, жастар қауымын заманның тыныштығын қадірлей білуге шақырды. Шара барысында қоғамдық бірлестік тарапынан олардың бірқатарына естелік төсбелгі тарту етілді.

Опубликовано в Әлеумет
Страница 6 из 7