ЭКСПО-2017 көрмесі аясында тамыздың 29 жұлдызы мен қыркүйектің 3-і күндері аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының Астанадағы күндері өтеді. Онда елорда тұрғындары оңтүстік өңірдің тарихи-мәдени құндылықтарымен танысып, қазақ тарихында елеулі орын алатын жәдігерлерді тамашалай алады. Көрме барысында қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың жеке заттары да ЭКСПО қонақтарына ұсынылмақ. Біз бүгінгі жолсапар жазбамызда Ордабасы ауданы Темірлан елдімекенінде орналасқан Қажымұқан музейі туралы баяндамақпыз.

Kazakh intelligentsia 1918

Қазақ даласының батыры

Қазақта Қажымұқанды кім білмейді. Халқымыз «күш атасы» деп басқаны емес, дәл осы Қажымұқанды атаған. Оның тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнаған қазақтың мақтанышы, алып күш иесі екенін әдеби-тарихи кітаптардан оқитынбыз. Ол күрес өнерінің бірнеше түрін жетік меңгерген, әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ батыры. Заманында 54 мемлекетте додаға түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болыпты. Мұны ерлік демей не дерсіз.

Қара күшімен жұмыр жерді мойындатқан балуан қандай болған? Ол нендей ерліктер жасаған? Міне, бұл сұрақтарға Темірлан елдімекенінде орналасқан Қажымұқан музейінен толық жауап алуға болады. Үш мыңнан астам жәдігері бар музейге таяуда арнайы бардық. Музей Шымкенттен 40 шақырымдай жерде, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының бойында орналасқан. Туристерге әбден қолайлы. 2001 жылы халық демеушілігінің және күш атасына лайықты құрмет деп біліп жекеше демеушілік еткен ел азаматтарының арқасында ұлттық нақышта салынған арнайы жаңа ғимарат еңселі екен. Бүгінде Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайы мемлекеттік мекемесі болып құрылып халыққа кеңінен қызмет етіп келеді. Музейдің ішкі көрінісі де жанға жайлылық сыйлайды. Балуанның үй жиһаздары, ыдыс-аяқтары тұр. Көрпе-төсегіне дейін осында. Аяқ-қолымызды жазып, күш жинап, өзіңді балуанның құтты шаңырағының төрінде отырғандай сезінеді екенсің. Музейдің шаңырағы іштен қарағанда күмбез болып келеді де, сырттан жерді, елді жаудан қорғап өткен қол бастаған сарбаздардың, хан, бектер мен батырлардың шатырындай үшкірленіп жабылған. Ішкі залдың дәл ортада ойып түсірілген цирк аренасы іспеттес құрылысынан қазақы сал-серіліктің, спорттан балуандық өнердің символын байқауға болатындай.

20161118 140737

Саракикидің «көзін көрген» жәдігер

Музейдің Темірланнан ашылуы да бекер емес. Тарихи деректерден байқайтынымыз, балуан бабамыздың өмірінің соңғы жылдары Оңтүстікте өткені белгілі. Қажымұқан 1948 жылдың 12 тамызында, 77 жасында қайтыс болып, осы Темірланнан бес шақырым жердегі Қажымұқан ауылында жерленген, қабірінің басына кесене орнатылған. Баһадүр бабамызға арнап Темірлан ауылында алып ескерткіш те бой көтеріпті. Қажымұқан 1871 жылдың 7 сәуірінде қазіргі Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүниеге келген, дегенмен Қажымұқанның қай жылы және қай жерде дүниеге келуіне байланысты басқа да пікірлер бар. Өзі кіндік қаным тамған Ақтөбе ауылы (ОҚО, Отырар ауданы) деп отырады екен.

20161118 144604Мұражайдың қызметкері, балуанның немересі Перизат Қажымұқанованың айтуынша, музейге жылына 10 мыңнан астам турист келеді екен. Онда Қажымұқанның тарихи суреттерімен, оның ұрпақтары туралы мәліметтермен де кеңінен танысуға болады. Балуан мінген жайдақ арбаның төрт доңғалағы, бас киімдері, қартайған шағында киген ұзын етек көйлегі мен шалбары тұр. Сұрап білсек, ол көйлек-шалбардың да тарихы қызық екен. Қажымұқан 1945 жылы һакім Абайдың 100 жылдық мерейтойына Семейге барады. Сонда жергілікті халық балуанның көйлек-шалбарын тәбәрік деп шешіп алып, орнына жаңасын өлшеп-пішіп тігіп берген (кейіннен семейліктер оның түпнұсқасын музейге тапсырғанды жөн көрген). Сондай-ақ, бұл жерден балуанның 75 жасында көтерген тасын көре аласыздар. Салмағы – 350 келі. Мұражай залында ел спортының нығаюына зор үлес қосып, намысты қолдан бермей әрдайым жеңіс тұғырында көрінген қазақ спортының және аудан, облыс спортының майталмандарына арналған, сол кісілердің жеткен жетістіктерінен және жеке заттарынан жинақталған «Қажымұқанның ізбасарлары» бұрышы ашылған екен.

 

Музейде балуанның кезінде пайдаланып тұтынған тұрмыстық заттары, киген киімдері, әлемдік сайыстардан жеңіп алған алтын-күміс орден-медальдарының бірнешесі тұр. Нақты айтқанда, екі ордені, екі медалі бар. Қалған медаль-ордендерінің жоғалуына қатысты жорамал да көп. Айтпақшы, көне жәдігердің ішінде Қажымұқанның 1912 жылы әйгілі жапон Саракики Жиндофуды алып ұрған сәтінде марапаттаған медальдің түпнұсқасы көзге оттай басылады. Музей қызметкерлері бізге ықылас танытып, бұл тарихи медальмен естелік суретке түсуге рұқсатын берді. Қолға ұстап көргеннің кереметі бөлек емес пе. Кеудеңді мақтаныш кернеп, бойыңды намыс буа ма, әлде бойыңа жігер беретіндей ме, әйтеуір, аударып-төңкеріп қызыға қарадық. Мың болғыр әпкелерімізге алғысымызды жаудырдық.

 

Күресіп жүрген кездегі салмағы...

Медаль туралы айтып қалдық. Мына дерек те қызық. Мәліметтерге сүйенсек, өз заманында балуанның әкесі Мұңайтпас қайтыс болып, Қажымұқанға елге оралу керек болады. Бірақ, қолында қайтарға қаражат болмағандықтан, эстон балуаны, досы Шульцке кепілге біраз медалін тастап кеткен. 

Жәдігерлерді тамашалай жүріп, осы тұста музейдің ғылыми қызметкері Гүлзира Әшірбаеваның әңгімесін тыңдадық: «1993 жылы Санкт-Петербургте «Спортивный трофей» деген атпен жәрмеңке өтеді. Эстон балуаны Шульцтің ұрпақтары осында келіп, Қажымұқан бабамыздың орден-медальдарын аукционға шығарған. Оны белгілі қажымұқантанушы Әлімқұл Бүркітбаев жеке қаражатына сатып алып, кейіннен осы мұражайға тапсырды», – дейді Гүлзира ханым. Ендігі бір деректерде келтіреді, балуан ордень-медальдарын Арыстың жағасына лақтырған екен. Себебі, патшаның орденьдерін тақты деген айыптау көргендіктен. Бұл орайда қажымұқантанушы Ғазизбек Тәшімбайдың да айтары бар. «Кеңес одағы орнаған кезде балуанды патшаның адамы деп қудалаған кездер болған. Тіпті, 6 ай абақтыда жатқан. Міне, сол кезде 48 елден алған алтын-медальдары, мақтау қағаздары қолды болған», – дейді ол.

Балуанның өміріне қатысты қызықты деректер қаншама! Қысқаша тоқталайық. Мәселен, күш атасының салмағы жөнінде. Кезінде мақтан үшін, жастарды спортқа баулу үшін салмағын көтеріп айтатындары болған екен. Шындығында қандай? Балуан өмірін зерттеуші Ә.Қоңыратбаев әдейі іздеп барып, 1946 жылы Қажымұқанмен (1948 жылы дүние салды) кездескенде тұлғасын өлшеп, анықтама берген. «Онда Қажекеңнің салмағы – 174 кг., бойы – 195 см», – дейді. Ал Қажымұқанның жас кезінде күресіп жүрген кездегі салмағы 200 келіден астам болыпты.

20161118 164748

Қажымұқан Поддубныймен неше рет күрескен?

Орайы келген соң айта кеткеніміз жөн болар. Күш атасы Қажымұқан мен «Чемпиондар чемпионы» Поддубный күрескен бе? Бұл сұраққа өткен тарих не дейді? Бір деректе Жапонияда екеуі бірін бірі ала алмай бірнеше күн күресіпті. Ал 1913 жылы Парижде өткен әлем біріншілігінде Қажымұқан достықтың белгісі ретінде, Иван Поддубныйға жеңісін сыйлап та жіберген. 

Қажымұқан Мұңайтпасұлының кіндік баласы Рахат Барысұлының дерегіне сүйенейік: «…Берлинде болуы керек. Халықаралық турнир ғой. Екеуі жеңіп шыққан. Поддубный мен Қажымұқан. Қарсылас қалмайды. Бәрі екеуі күрессін дейді. Ең бірінші Қажымұқан оны аяғынан көтеріп, мойнына отырғызып, аренаны бір айналып келіп жерге қойған. Поддубный да солай істеген. Халық тұрып, екеуіне қол соққан».

Қажымұқан боз кілемге шыққан кезде «мен өз ұстазыммен күреспеймін», деген. «Онда залдан шық», десе, «Залдан шықсам шығайын, бірақ күреспеймін», деген. Сонда Поддубныйдан сұхбат алыпты. Ол «Қажымұқанның күші менен басым», деп жауап беріпті. Жоғарыдағы пікірді баспасөз бетінде айтқан Қажымұқан Мұңайтпасұлының шөбересі Қуаныш Ескермес. Жалпы Қажымұқан досын ылғи «Ваня» деп сыйлап өтіпті. Поддубный соғыс біткен жылдары аштан, таршылықтан дүние салған дейді деректерде. Өмірден өтер шағында: «Қазақстанда Қажымұқан деген досым бар еді, соған апарыңдаршы», – депті.

Боз кілемде талай мәрте қарсылас болса да заманында екі балуан айнымас дос болған деседі.

13237790 232480170457628 7545487084892838605 n

Білгенге маржан

Қажымұқан кәсіпқойлар арасындағы классикалық күрес бойынша әлем чемпионаттарында бірнеше дүркін (1908, 1909, 1911, 1913 және 1914 жылдары) жеңіске жеткен.

Ол поляк қызымен отау құрған. Омбыда мешітке апарып, оған Бәтима деген ат беріп, мұсылман дініне кіргізген. Қажымұқанның әр түрлі уақыттарда төрт әйелі болған, олардан төрт ұлы (Халиолла, Ғабдолла, Айдархан, Жанаділ) және үш қызы (София, Азия және Рашида) бар. Сол төрт әйелден тараған ұрпақ қазір Омбыдан бастап, Ақмола облысында, мынау Түркістан мен Шымкентте өмір сүріп жатыр. Қажымұқан немересі Шаттық Қажымұқанов карате-до бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2002 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Бақытжан Қажымұқанов атты басқа немересі белгілі композитор.

Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай Қажымұқанның «Алашордашылардың» рухани демеушісі болғанын алға тартады. Сондай-ақ, «Алашорданың» барлық жиындарына қаржылай көмек берген екен. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов сияқты тұлғалармен өте тығыз қарым-қатынаста болған.

Оңтүстікте Қажымұқан турнирі 1964 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Биыл 52-ші рет ұйымдастырылды.

Опубликовано в Мәдениет

Шымкент төрінде Отырар ауданының мәдени күндері өтті

DSC 2552

«Туған жер – алтын бесігім». Шымкент қаласында осындай атаумен облыстық фестиваль өтті. Басты мақсат – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру, Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдығы жəне "Түркістан - Түркі əлемінің мəдени астанасы" жылына орай ұлтымыздың ұлттық, мәдени-рухани құндылықтарын насихаттау. Сондай-ақ фестиваль аясында «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі, «Түркістан – Түркі мемлекеттерінің мәдени астанасы», «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік», «Ұлылар елі – Отырар» тақырыптарын қамтыған Отырар ауданының мәдени күндері ұйымдастырылды.

DSC 2957

Шара Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясынан басталды. Отырар ауданы әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Елтай Үмбет арнайы баспасөз отырысын өткізіп, журналистер мен әлеуметтік желі белсенділеріне ауданның мəдени дамуы және іс-шара бағдарламасы жөнінде баяндап, сауалдарға жауап берді.

Мерекелік бағдарлама «Қарттарым аман-сау жүрші» атты концертке ұласты. Аудан əкімі Ерлан Айтаханов №5 облыстық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы қариялар мен мекеме қызметкерлеріне арнайы сый-сияпат ұсынды. Өнерпаздар би билеп, ән салып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

DSC 2509

Отырар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Халықтық театры облыстық әзіл-сықақ және сатира театрында Т.Нұрмағанбетовтің «Ақ босағаң – арың» спектаклін сахналады. Тағылымы терең қойылым ата-ана мен бала, қатыгездік пен мейірімділік, отбасы мен ошақ қасындағы мәселелер төңірегінде өрбіді. 

Қала тұрғындары тағатсыздана күткен шараның бірі, облыстық Отырар ғылыми-əмбебап кітапханасында өткен Мұхтар Шахановпен кездесу кеші болды. Кешті отырарлық ақын Жұмакүл Нәлібаева жүргізді. Қазақ ақыны, драматург М.Шаханов шара аясында руханият пен мәдениет, тарих пен естеліктері жайлы әңгіме айтты. Сонымен қатар шара барысында жазушы Еркінбек Тұрысовқа және Отырардың отты оғланы Мұхтар Шахановқа шапан жабылды. 

DSC 3309

– Менің әкем Шахан 9 жасымда қайтыс болды. Бірақ сол жасыма дейін, алдына отырғызып алып Отырардың тарихын, Шыңғыс ханды айта беретін. Содан әкемнің айтқандары есімде қалып қойыпты. Қолыма қалам ұстаған сәттен бастап солар жайлы жаза бастадым. Отырарда Александрдан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхана, 1100-ден астам ғалымдар шоғыры болған, – деді Мұхтар Шаханов. 

Мереке аясында ұйымдастырылған «1 қауын, 1 қарбыз» акциясы, ауыл шаруашылық өнімдерінің жəрмеңкесі, ұлттық қолөнер мен сурет көрмесі, спорттық ойындар Отырар ауданының әлеуметі мен әлеуетін көрсетті. 

DSC 3502

Cонымен қатар аудан әкімі Ерлан Айтаханов, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов және елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері Мемлекеттік әнұранның авторы, Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. 

Шара соңында «Шәмші әлемі» гүлзарының сахнасындағы алып экраннан Отырар ауданы әкімдігінің тапсырысымен дайындалған режиссер Батырхан Дәуренбековтің «Көне құмыраның сыры», «Отырар дастаны» атты анимациялық фильмдері көрсетіліп, қорытынды гала-концертке ұласты.

DSC 2652

– Рухани жаңғыру аясында өткен шарада мәдениетімізді салт-дәстүрімізді, мақтанышымызды ерекше атап кетсек болады. Мәселен, Мұхтар Шаханов ағамызбен кездесу кездесу кеші өтті. Бұлардың әрбірінің өзіндік маңызы бар деп ойлаймын, – деді Отырар ауданы әкімі Ерлан Айтаханов.

Опубликовано в Әлеумет

Біз бұған дейін газетіміздің бетінде өмірден өтсе де, соңында өшпес мұра қалдырып кеткен тау тұлғалармен ретроспективалық сұхбаттар жасадық. Бұл жолы ән әлемінің падишасы атанған бірегей талант иесі Шәмші Қалдаяқовтың көз жұмғанға дейінгі соңғы үш жылында қасынан қалмай, қуанышы мен күйінішіне куә болған, қажет кезінде сенімді сүйеніші бола білген нағыз жанашыр да айнымас досы Оразбек Бодықовпен сұхбаттастық. Атақты композитордан бес жылдан кейін өзі де өмірден озған Оразбек Бодықов ол туралы деректі повесть, пьеса жазған. Республикалық «Жас Алаш» газеті арқылы дабыл көтеріп, өзінің тік мінезіне басып, композитордың мерейтойын Шымкент, Жамбыл, Алматыда өткізуге себепкер болған да осы Оразбек атамыз. Шәмші ешкімге айтпаған жан сырын осы досына айтқан. Не нәрсеге қолы жетсе де, не нәрсені арман ғып өтсе де, Оразбек атамыз соның бәрінің куәсі болған, қағазға түсірген. Ендеше қайсар қалам иесі Оразбек Бодықовпен болған ретроспективалық сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

scan-2

– Оразбек ата, сіз Шәмшінің көптеген сырларын, ойларын, армандарын халқына жеткізген бірден-бір қаламгерсіз. Сіздердің таныстықтарыңыз қалай және қай кезде басталды?

– Біздің таныстығымыз ертеде, Алматыда басталған. Бірақ, күйбең тірліктің қарекетімен мен оны көрмегелі он бес жылдан асып кеткен екен. Содан араға талай жыл салып мен Шәмшіні Алматыдан алыста, Жамбыл облысында, Таластың дәл жағасындағы «Химпром» санаторийінде жолықтырдым. Алматыда: «Ойбай, неғыласың, Шәмші арақ ішіп кетіпті», «Өліп қалыпты» деген неше түрлі әңгіме естіген едім. Соның бәрі шіп-шикі өтірік болып шықты. Шәмші сап-сау, алдымда тұр. Тек самай шашы кейін қарай қашып, басы қасқая бастапты. Тырбық мұрт қойған екен. Онысы өзіне жарасып тұр.
Біз содан бастап (18 қараша 1988 жыл) Шәмші қайтыс болған 29-ақпанға дейін, яғни 1992 жылға дейін жұп жазған жоқпыз. Көп әңгіме айтылды, көп нәрсе айтылмай қалды. Шәмші әсіресе анекдот (әзіл-оспақ) айтуға, өткір ойды келте сөзбен түйіндеп беруге ұста болатын. Үйде де, түзде де қолынан кітап түспейтін. Шәмшінің білмейтін нәрсесі жоқ. Ол оқып білетін немесе елден естіген күлкілі әңгімелерін айтқан кезде, оған сол тұстағы жағдайға сәйкес сипат беріп, ол қалжыңдары нысанаға дәл тиіп жататынын мен Шәмшіден көрдім.
Сол Шәмші... Сымбатты сұлу асқақ әуенімен белгілі болған Шәмшіні біреулер: «Айқайлағанның бәрі әнші емес, арақ ішкеннің бәрі Шәмші емес» десе, тағы біреулер: «Таздан – тарақ, Шәмшіден – арақ қалғалы қай заман!» – деп жыр қылушы еді. Сол Шәмші... (көп ойланып отырды да, бір күрсінді).

– Иә, ән падишасына айналған ғаламат таланттың соңынан жел сөздердің ергенін ел біледі. Өзіңіз де айтып отырсыз. Осы «Шәмші әнді ішіп отырып жазады екен» дейтін сөздерге қандай жауап қайтарар едіңіз?

– Бір күні: – Маған Композиторлар одағының есігін ашпаса да, не құрметтеп басқаша ат-атақ бермесе де, «алқаш» деген атты оп-оңай алдым, – деді бір әңгімесінде Шәмші. – Ол кез көше-көшенің бұрышында арақ сатылатын көл-көсір заман еді. Өзі сонау дерлік қымбат та емес, қалтаңа аздаған тиын-тебен түсе қалса, түрегеп тұрып тартып жіберіп, түк көрмегендей болып жүре бересің. Иә, бізді құртқан арзан арақ пен тегін арақ болды ғой, – дейтін бас шайқап.

scan-1

Және де бір сөзінде: «Шәмші әнді ішіп алып шығарады екен» деген әңгімеден құтылатын күнім бола ма, жоқ па? Айтқанда да біліп айту керек қой, ең болмаса шын сырымды айтайыншы. Мен ән жазбақ түгілі ән тыңдай алмайтын кездерім болады. Сол кезде ақаңа басамын да, жұрт көзіне түсіп қаламын... Арқам құрысса, бір ән келе жатқанын сезіп, арақтан безіп кетем. Мен әнді бір-ақ күнде жазам. Екінші күні шығармасы жүрегіме жақын ақын тауып алып, оған «өлең жаз» деймін. Өзімнің де аздап ақындығым бар. Егер ақын өлеңі ән секілді боп естілмесе, ондай өлеңді жаратпай тастаймын... Үшінші күні дайын болған әнді орындаушыға берем. Әнім ұнаса ол оны әрі қарай алып кетеді... – деген еді.
Тек «Әнім сен едің» әні ғана Шәмшінің ішіп отырып жазған ең алғашқы және ең ақырғы әні болды.
Ал арақты түбегейлі 1977 жылдың көктемінде қойды. Көкшетаудағы Ақан сері бабасының басына тәу етіп барғанда бұлдыр тұман арасынан бір бейне көрініп: «Ел-жұртыңа айтар әніңді әлі айтып болған жоқсың. Әнің асқақтап тұрғанда, мұндай осалдықты ұмыт сен. Батам сол, күресе біл. Жығылсаң жер көтереді, тек әнің құлдырамасын... Қызғаншақтар түңіліп – өздері ішсін. Әумин!» – деп бата беріп, сұлбасы ғайып болған екен. Шәмші Ақан серінің ауылынан арақ деген аурудан мүлде арылып қайтты. Осыдан соң өмірінің ақырына дейін арақ атаулыны аузына алмай-ақ кетті.

– Қалдаяқовтың әнді қалай шығарғанын сіздің аузыңыздан естідік. Ән туралы жан сырын да өзіңізге шерткен болар...

– «Менің білетінім: ән – адал жүректен туады... Ән жарқын болашаққа деген сенімді паш етеді. Асқақтата салған ән... Сені әлдеқайда алысқа, қиын шетке, сонау төскейде көрінген қырат басына жетелейді. Сол қыратта қыран отырар. Анда-санда қанатын қомдап-қомдап, бар даусымен шаңқ еткенде, ол да енді қайтып ешқашан қайталанбайтын ерекше ән ғой... Табиғат әсер етпесе, қыраннан ол ән тумас еді. Қыранның көзін шетсіз-шексіз жатқан кер дала ашты. Дала оның көңілін оятты... Жүрегін тербеді... Қыран бұлбұл секілді сұңқылдай бермейді. Ол өзінің ең ғажап, ең айбынды әнін анда-санда бір-ақ рет айтады», – деп еді Шәмші бір әңгімесінде.
Сол кезде менің есіме 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы түсті. Сонда жастар Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін айтып, орталық алаңға шыққан еді. Бұдан кейін Шәмші «тек вальс жазады, әндері лирика болып келеді» деп қалай айтасың? Шәмшінің көзі тірісінде сол әннің жалпыхалықтық әнге, кейіннен тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жинаған шағымызда әнұранға айналуы не деген бақыт!

– Әлгінде Қалдаяқовтан қалды делінетін әңгіме, қанатты сөздер көп деп айтып қалдыңыз. Ұлы композитордың өміріндегі қызықты оқиғаларды баяндап бересіз бе?

– Шәмшіге жамбылдық жігіттердің кигізген су жаңа костюмін белгісіз үш қазақ жігіт шешіп, тонап кеткенде де үйіне оралғанда әйеліне: «Ол костюмді қазағым өзі берді, өзі алды. Сенің шыққан көк тиының жоқ қой», – деп құтылған екен.
Сенесің бе, сенбейсің бе, өз еркіңде. Шәмшіні ит қаппайтын еді.
Оны мен өз көзіммен көрдім. Жетісайда тұратын Исақ деген досының үйіне барғанда екі-үш дәу итінен қақпайламақ болғанында: – Керегі жоқ, – деді оған Шәмші. – Иттеріңіздің тілін өзім табам, – деді де, ілгері шығып: – Немене, танымай қалдыңдар ма? Мен Шәмші Қалдаяқовпын ғой! – деп еді, әлгі арпылдаған иттер сап тиылып, құлақтарын едірейтіп Шәмшіге қарап қалысты. Сонда үй иесі: «Сенің «әруағың бар» деуші еді. Рас екен», – деді. Шәмшінің осындай да ерекшелігі бар еді. Бірақ ит қаппағаннан не пайда, талай иттікті бастан кешірді ғой.
Соңғы үш жылды біз Шәмші екеуміз бірге өткіздік. Шәмші өскен жерлер Шымкент, Ташкент, Жамбыл облыстарын түгел араладық. Көп жердің қонағы болдық.
Сол кездері дастархан басында отырсақ та, жиындарда бас қоссақ та еститініміз көбіне өсек-аяң, біреудің болғанын көре алмау, сырттарынан балағаттау. Соның бәрінен әбден мезі болып, бір күні Шәмшіге:
– Қайда барсақ та дау-дамай. Адамдардың бір дамыл алатын тыныш жері бар ма? – деп едім.
– Бар, – деді ол еш ойланбастан.
– Қайда?
– Молада.
– Апырай...
– Молада жатсаң қас та жоқ, дос та жоқ... Билікке таласу не қор болу да жоқ... ішкілік те, тоқшылық та жоқ, – деді Шәмші. Сөйтті де күліп жіберіп:
– Ол жақта компартия да жоқ. Ешкім саған, партияны ән қылмадың деп айып таға алмайды.
«Партияны жырламадың» деп ат-атақтан құр қалып жүрген Шәмшінің бұл шыны еді.

– Ағыңыздан жарылып сұхбат бергеніңізге көп рахмет, аға!

 

Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Опубликовано в Сұхбат

Қазақ тарихындағы осындай зұлматтың құрбандарының қатарын Қосым ишан әулетінің ұрпақтары толықтырды. Тірісіндегі жасаған тірлігі өмірден өткеннен кейін ғасыр өтсе де, жалғасып ұрпақ тағдырына, ұлт мүддесіне қызмет жасап, ұмытылмай келе жатқан биік болмысты дара тұлғаның ғазиз аты Аппақ Мақсұм Сейдахметұлы. Ол ел аузында Аппақ ишан деген атпен танылған. ОҚО бойынша репрессияға ұшырағандардың ішіндегі биік тұлғалардың бірі, бірегейі.

17919081 1255402841179733 1732192388 n1926 жылы Кеңес одағында діни наным-сенім бостандығы жойылып, дін ұстануға қатаң тыйым салынды. Сол кезде қожа-молдалар қуғын-сүргінге ұшырайды. Нақ осы саясаттың салдарынан Сейдахмет ұрпақтарының тоз-тозы шығып, олар Ташкент өңіріне бас сауғалауға мәжбүр болады. Заманында сопылық ағымды ұстанып, ғұлама атанған Аппақ ишанның өзі 1930 жылы Чимкентте (қазіргі Шымкент қаласы) тұтқынға алынады. Қызыл белсенділер оны және ұлы Бахабулла Аппақишанов пен інісі Сабыр Сейдахметовтерді «астық салығын өтей алмады, Антисоветтік насихат жүргізушілер, т.б.» деген сылтаумен тұтқынға алып, №2690 тергеу ісін жүргізеді.

Аппақ ишан бабамыз туралы айтпас бұрын қазіргі ОҚО-ның Бәйдібек ауданында орналасқан Аппақ ишан мешіт-медрессесіне тоқтала кетуді жөн көрдім.

Өзінің басшылығымен бой көтерген Аппақ Ишан күмбезі – ХІХ ғасырдың соңындағы сәулетті ескерткіштердің бірі. Ол Шаян ауылында орналасқан. Аппақ ишан күмбезі күйдірілген кірпіштен шаршы жобада салынған. Жалпы табанының аумағы 6, 7х6,6 метр, ішкі көлемі 3,5х3,5 метр, биіктігі 6 метр. Қабырғаның ішкі жағына әлемнің төрт жағына бағытталған тайыздау қуыс жасалған. Құрылысты күмбезбен жапқан. Күмбез – пішіні жағынан Қазақстанның оңтүстігіне тән діни құрылыстарға жатады. Күмбезінің ішінде екі сағана бар. Оның бірі – Шаян ауылындағы мешіт-медресені салдырған Аппақ ишандікі, екіншісі – осы Аппақ ишан күмбезін салған шебердікі.

18697455 1878559169074329 1762192337 o

Жылдар өте бұл дін орталығы жан-жақтан ағылған талапкерлерге тарлық еткен соң Аппақ ишанның әкесі Сейдахмет ишан патша ағзамның шенеуніктеріне қайта-қайта жүгініп, 150 мың рубль ақшалай қаражат бөлдіреді. Алғашқы жобада 40 құжыра салу көрсетілген екен. Бірақ қаржының жетіспеуіне байланысты 29 құжыра салынып, құрылысты 1883 жылы Аппақ ишан атамыз аяқтайды.

18678818 1878559162407663 1365503639 nШаян мешіт-медресесінің шамшырағы Аппақ ишан. Ол Мұхаммед (с.а.с) Пайғамбарымыздың қызы Фатима мен Әзіреті Әліден тараған ұрпақтың 35-ші буыны Сейдахмет ишанның отбасында Аппақ ишан атамыз дүниеге келгенде бабасы Қосым ишан қатты қуанып, сәбиді төбесіне көтеріп тұрып «келдің бе, батыр екесі, келдің ғой. Мен сені қанша жыл күттім дейсің» деп жағасына түкіріпті. Сейдахмет әкесінің ойда жоқта көрсеткен оқыс мінезінің сырын сан жылдардан кейін ұққандай болды. Себебі бұл мешіт-медресені аяқтап кейінгі ұрпаққа аманаттайтын, сөйтіп бабалар арманын орындайтын осы сәбидің болатынын қасиетті Қосым ишан сол кезде көріп, білген болатын.

ОГПУ деректеріне қарағанда, мешіттің жанынан ашылған 100 орындық медресе мүридтер, яғни шәкірттер тәрбиелеген. 1927 жылға дейін мұнда Арқадағы Қарқаралыдан, Атбасардан, Жетісудағы Шу, Іле, сондай-ақ Талас, Сарысу өңірінен, Сыр бойынан, тіпті қырғыздың Ош аймағынан талапкерлер келіп шәкірт атанған. Осы географиялық ауқымға қарап-ақ бұл мешіт – медресенің сол кезде бүкіл Қазақстан көлемінде ислам мәдениетін қалыптастыру және діни білім тарату ісінде үлкен орталық болғаны байқалады. Қосым және Сейдахмет ишан ұрпақтарының ислам діні жолындағы қызметі классикалық ислам мәдениеті мен іліміне сүйенген.

Аппақ ишан Бұқарада медресе ашып, оны басқаруды өзінің ұлы Сағидоллаға (ишан) тапсырған. Бұл уақытта Бұқара әмірлігі қыз-келген дін өкіліне мешіт ашқыза бермегені әркімге белгілі. Соған қарап Аппақ ишанның дін өкілдері арасында қандай мәртебелі болғанын бағамдай беріңіз... 

Кеңес өкіметінің шектен шыққан астық және ет салықтары халықтың шымбайына әбден батқан болатын. Ол дәуірде, Шаян өңірінде астық шаруашылығымен айналысқан қожалықтар өте аз болған. Көпшіліктің қолындағы аз ғана малымен ғана күнелткені белгілі. Ал Кеңес өкіметі соған қарамай оларға астық салығын барынша көп салған. Солардың ішінде Аппақ ишан атамыздың өзі, інілері және балалары да болатын. 

 

18741445 1878559155740997 1038716458 nКеңес өкіметінің азық-түлік салығына байланысты саясаты осылайша дін өкілдеріне де өте ауыр болды. Міне, осы тұста Аппақ ишан атамыз қалай қудаланды? Тек қана салықтан бас тартқаны үшін бе?

Тарих мұрағаттарына тағы да көз жүгіртсек... 1929 жылы желтоқсан айының соңғы күндерінде (ОГПУ) орталық мемлекеттік саяси басқармасының Сырдария облыстық бөліміндегі Шығыс бөлімінің бастықтары қол қойып бекіткен Ташкент қаласындағы ОГПУ-дің Орта Азия бойынша бөліміне жолдаған хатында былай делінген: «Сырдария округі, Шаян ауданындағы астық даярлау ісіне байланысты Өзбекстанға Аппақ ишан (светлейший) бастаған, қазақ жұрты арасында аса зор беделді, соңғы мезгілге дейін Шаян мешітінде медресе ұстаған бір топ қазақ ишандары қашып барды. Ол ишандар: Сайд-Ахметов Рахматулла – Аппақ ишанның бауыры, Сағабулла және Алауиддин Аппақовтар – Аппақ ишанның ұлдары, Сапир Саид–Ахметов, Мадиев Бақибулла, Мадиев Сағидулла, Асқаров Махмұт, Сатен Тоққожаев. Бұлардың бәрі де Шаян ауданындағы №1 ауылдың тұрғындары, осы жылдың желтоқсан айының орта тұсында жасырын кетіп қалған. Біздегі бар мәлімет бойынша Аппақ ишан Сейдахметов Ташкент округінің Жоғарғы Шыршық ауданындағы Сексен ата деген елді мекенде тұрып жатыр, ал қалғандарының тұрған жері әзірге мәлім емес. Аппақ ишан Сейдахметов пен оның ұлы Алауатдин Аппақовты тез арада тұтқынға алып бізге жіберулеріңізді өтінеміз, ал қалғандарының үстінен бақылау орнатыңыздар». 

Тұтқындалғаннан кейін Аппақ ишан атамыздың тергеушіге берген сұрағы мынадай болған екен: «Әкем 20-30 жыл бойына ишан атанды. 600-800 мүридтері болған, осыдан 35 жыл бұрын өмірден өтті. Өлер алдында мүридтерін балалары алдында бөліп маған 60-ы тиесілі болған. Олар Шаян, Сасық, Бөген ауылдарында тұрады. Жылдық табысым 300-400 рубль көлемінде. Бірақ, сол мүридтерді көрмегеніме міне, үш жыл болғанын мәлімдеймін»,- деп көрсеткен. («Мүридтер» деп отырғаны қазіргіше айтқанда шәкірттері дегенді білдіреді).

Аппақ ишанды және оның бауырлары мен ұлдарын өз ауылдарынан еріксіз кетуге мәжбүр еткен ол – отбасына түскен ауыр астық салығы еді. Бір қарағанға солай сияқты екені рас. Алайда, Аппақ ишанға туған жерін тастап, басқа өлкеге кетуге итермелеген жағдай бұл ғана емес-тін. Ол жөнінде ишанның тергеушіге берген алғашқы жауабында: «мені ишан болғаным үшін тұтқындады»,- деген сөзінің астарында Кеңес Өкіметінің түпкі мақсаты жатқанын аңғарамыз. 

Мұрағаттағы құжаттармен қатар Аппақ ишан туралы көзкөрген замандастарының балалары, өзінің немерелері жазған азды-көпті дүниелерді ақтарып, оларды іздеп-тауып сұхбаттасып жүріп сол кездегі қазақ басынан кешкен сұмдық зобалаңды, Аппақ ишан атамыздың әулетімен қатал қуғын-сүргінге ұшырағанын көріп-танып қабырғаң қайыспау, жүрегің қысылып-жаның ауырмау мүмкін емес...

Аппақ ишан 1931 жылы Ташкент түрмесінен Шымкенттегі абақтыға жеткізіледі. Содан кейін Алматы, кейіннен Павлодар түрмесіне ауыстырылып сол жылы 69-дар 70-ке қараған жасында түрмеде бақилық болады. Аппақ ишанның мүридтері, яғни ел таныған шәкірттерінің саны көп болған дедік. Шәкірттері арасынан елге танылған білімімді молдалар мен имамдар өте көп шыққан. Сондай ел таныған шәкірттерінің бірі Шәді Жәңгіров. Оның әкесі Жәңгір Абылай ханның шөбересі. Кезінде Кенесары ханның жорықтарына қатысып ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен айтулы тұлға. 

Иә, дәстүр мен дін біздің бөліп қарастыруға болмайтын ұлттық болмысымыз. Сондықтан дәстүрімізбен үндеспейтін жат діни ағымдар біздің жаратылысымыздағы болмысымызды өзгеріске ұшырататынын уақыт жылдан-жылға дәлелдей түсуде. Ал ұлттың өзіне тән ерекшелігін қай тұрғыдан болсын жоққа шығаруға тырысқан сол ұлттың өкілі, оның тіліне, діліне, дініне көңілі толмаса, не сол ерекшеліктердің өз бойында болғандығын намыс көрсе және содан арылуға тырысса – ол сол сәттен бастап иманнан ажырайды. Себебі ұлттық болмысты өзгертуге әсер ету, не соған талпыну бізді ұлтқа, ұлысқа бөлген Алла қалауына қайшы келеді екен. Біздің дәстүріміз бен дінімізді біте қайнастырып жібірген ата-бабамыздың жолы ишандық мектептің нар тұлғасы, негізін қалаушыларының бірі Аппақ ишан Сейдахметовтың ең басты мүбәрәк қағидасы қазақты адастырмай, Алла алдында рухани таза, ынтымақ пен бірлікте бақытты өмір сүруге үйрету ғана болды. Бұл адамның адамгершілік, бітімгершілік, рухани жаратылыстың сан құпияларын меңгерудегі және оны халық игілігіне жарата білудегі ерен еңбегімен қатар көріпкелдік қасиеті өз алдына бөлек бір том кітап. 

Бүгінде сынын жоғалтпай, сырын ішіне бүгіп алыстан «мен мұндалап» көрінетін Аппақ ишан мешіт-медресесі (ОҚО-ы Бәйдібек аудандық сәулет-көркем мұражайы деп аталады) халық игілігіне қызмет етіп қана қоймай руханият әлемінде де өз қызметін үздіксіз жалғастыруда.

 

Гүлмира СЕРІКБАЕВА,
ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі
директорының орынбасары, ҚР Мәдениет қызметкері

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 26 Май 2017 04:50

Қалдырған ізің мәңгілік...

Шымкенттіктерге Оқу ісінің үздігі Қаншагүл Балажанованың есімі жақсы таныс. Шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие берген ұлағатты ұстазды үлкен-кіші өзіне үлгі тұтады. Ол 40 жылға таяу педагогика саласында еселі еңбек етіп келеді.

SAM 6094

Көбінің есінде талапшылдығымен есте қалған ұстаз талай шәкіртті ұядан ұшырды.Бұл күнде шәкірттері еліміздің түпкір-түпкірінде жемісті еңбек етуде. Ал соңғы жылдары өзі ҰБТ-ға дайындаған мектеп оқушылары жақсы көрсеткішке қол жеткізіп жүр.

kanshagulЖуырда ұлағатты ұстаз Қаншагүл Балажанова зейнетке шықты. №68 жалпы орта мектебінің ұжымы мұғалімді құрметпен шығарып салды. Ең қызығы оқытушыны ортаға алып шыққандар бұрын бітірген алғашқы шәкірттері болды. Олар өткенді еске алып, аяулы ұстаз жайында естеліктерімен бөлісті.

– Жан жылуын, бар білімін бала бойына сіңіріп жүрген ұлағатты ұстаздарымыз аз емес. Соның бірі – Қаншагүл апай. Жаңадан университет бітіріп келген кезі еді. Балаларға химия пәнінен сабақ берді. Жақсы оқуы үшін педагогиканың бар тәсілін қолданды. Дұрыс жауап берсек: «Жарайсың, осылай оқу керек» деп көтермелеп отыратын. Бізге ұзақ жылдар бойы сынып жетекшіміз және ұстазымыз болды, – дейді шәкірттері Манас Көбеев пен Ұлмекен Қамбарова. 

Қаншагүл апайдың 40 жылдан астам уақыттан бері атқарған тынымсыз еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қалалық, облыстық білім бөлімінің «Алғыс хаты», «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Осы кеште кеудесіне №68 жалпы орта мектебінің директоры Қ. Кенжебаев «Мінсіз қызметі» үшін төсбелгі тақты.

– Көп жылғы еңбегімде еліміздің келешегі жас ұрпақ үшін қызмет еттік. Сол еңбегімнің бағаланғанына ризамын. Әріптестерім мен шәкірттеріме ризашылығымды білдіремін. Құттықтап, жылы лебізін білдіріп жатыр, – дейді ұлағатты ұстаз Қ. Балажанова. 

Екі қыз, бір ұл өсірген оқу ісінің үздігі педагогтар арасында ерекше құрметке ие. Бүгінде ұлы Нұрбол Абай аудандық ішкі істер бөлімінде полиция болып қызмет атқарады. Үлкен қызы
Қарлығаш анасының жолын қуған ұстаз. Ал екінші қызы Марал банк саласында еңбек етіп жүр.

Опубликовано в Әлеумет

Жеңіс мерекесінің қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері жайлы материал жазуға тапсырма алдым. Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының берген бағытымен ҰОС ардагері Әдіһам Шілтерхеновпен сұхбаттаспақпын. Хабарластық. Даусы бәсеңдеу естілгенімен, қарт майдангер сұхбатқа қарсылық білдірмеді. Қаламыздағы «Шапағат» шағынауданында тұратын қарияның үйіне ат басын бұрдық.

DSC 4643Ә дегеннен:

– Соғысқа қалай және қай жылы аттандыңыз, ата? – дедім ойымда ешнәрсе жоқ.

– ...

Атам үнсіз. Соғысты еске алғысы жоқ. Келіні Мәриямға кітаптарын алдыртты. Менің кейіпкерім қан майданда кескілескен жаумен күресіп қана қоймай, сол соғыс арпалысын, өрілген өмір күрестерін қағаз бетіне бедерлеген жазушы да екен. Қалам мен қаруды қатар ұстаған майдангер қаламгерлер Бауыржан Момышұлы, Баубек Бұлқышев, Жұбан Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов, Қасым Аманжоловтардың аты аспандап, қазақ даласына кең жайылған кезеңдерде Әдіһам Шілтерханов есім-сойының естілмеуінің өзіндік сыры бар болып шықты. Атамыз соғыстан оралған соң Бәйдібек ауданында қарапайым мұғалімдіктен кеңшардың бас агрономы, ұжымшар төрағасы қызметтеріне дейін өскен. 12 жыл ұжымшарға төрағалық еткен соң, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры қызметін атқарып, 40 жылдық лайықты еңбек өтілінен кейін абыроймен зейнетке шыққан. Міне, кейіпкеріміздің шығармашылықпен, зерттеумен айналысқан кезі – осы тұс. 40 жастан кейін жазуға белсене кіріскен ұлы Абайдай Әдіһам Шілтерханов та 60-тан кейін шығармашылық жұмысқа ден қойған. Әдетте базбіреулер зейнеткерлікке шыққан соң жан тыныштығын ойлап, қол қусырып отырады. Ал Әдіһам атамыз кемелденген қарттық кезеңінде қолына қалам алып, жазуды жанына серік етіп, «Аталы сөздерін» жарыққа шығарды. «Үш бәйтерек», «Ақжалдың ақыры», «Саттар Ерубаев», «Дала мен дана» кітаптары және «Ордабасы» баспасынан шығармаларының үш томдығы жарық көрді.Ұзын саны 15 кітаптың авторы атанды. Өлке тарихы мен әдебиетіндегі көптеген тың деректерді тапты. Сөйтіп, аз ғана уақыттың ішінде ол кісінің зердесінен шыққан дүниелер халқы сүйіп оқитын кітапқа айналып, көпшілік жаттап алып, кәдесіне жаратып жүрген аталы сөздері ел аралап кеткені қашан!. Әдебиет сүйер, сөз қадірін білер қауым оған жақсы пікірін әлдеқашан беріп қойған. Ойшыл қария өзінің шығармашылығы мен зерттеулері жайында таңды таңға ұрып айта берер-ау, бірақ, оған уақыт һәм қазіргі ахуалы мұрсат бермейді. Айтуға ауыр болса да, алдымен соғыс жайын сөз етуге тура келіп тұр.

Бірінші лирикалық шегініс

Әдіһам ақсақал Ленинградтың түбінде Бауыржан Момышұлымен бір дивизия, бір полкта жаумен шайқасқан. Даңқты Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның 23-полкының құрамында әлі 18-ге тола қоймаған балаң жігіт те бар еді. Қаһарман жауынгерлер қатарында 900 күн дегенде Ленинград қоршауын жаудан азат етуге қатысты. Сондай сұрапыл сәттердің бірінде, яғни, 1944 жылы аяғынан және басынан оқ тиіп, ауыр жараланады. 

DSC 4632

– Соғыста жүргенде Рамазан Елібаев дейтін композитор болатын. Қолында – мылтығы, арқасында – баянын арқалап жүреді. Кездескен адамына «Каталөгің аман болсын!» дейтін. Онысы «басың аман болсын!» дегені. Сол «каталөгімді» аман сақтай алмадым, қарағым. Оқ тесіп өтіп кетті, ішінде қалып қойды. Бастың ішіндегі қай тесігін жыртып кеткенін ешкім біле алмады. Бас тола қан. Бұрқылдап тесіктен ағып тұрады. Горький (қазіргі Нижний Новгород) қаласындағы жүйке аурулары ауруханасы сол кездегі ең мықты госпиталь екен. Сонда арнайы дәрігерлер алдырып, 6 ай емдеп, қатарға қосты. Тесікті үлкейтті, сындырды. Ол кезде денені уақытша жансыздандыратын дәрі-дәрмек деген атымен жоқ. Әр сындырғанда жаныңды көзіңе көрсетеді. Оғын алып, қан-сөлін тазалап, терісін керіп, қайтадан тесігін жауып қойды. Сонымен сүйегі жоқ, терісі бар баспенен 40 жыл жұмыс істедік қой, – деді әр сөзін ақырын түйіндеп айтқан ақсақал. Бүгінде қарияның көз жанары сөне бастаған . Бастың ауыр жаралануының салдары қос шырағына да әсер етпей қоймапты. 

– Ұлы Отан соғысы кезінде И.Сталиннің «Соғыста өлмеген солдат, тіріде жүріп өлуге тиісті емес!» деген бұйрығы болған екен. «Жараланып келгеннен кейін әскери ауруханада қорлықпен көз жұмғандар аз болған жоқ. Сонда өлім мен өмірдің арасында жатқан әрбір солдатты түнде КГБ-ға алып кетеді екен. Ар жағын өзіңіз бағамдай беріңіз, – деді майдангер жаралы күндерді еске алып. 

«Ал енді соғыстан бір эпизод айтып берейін. Колмь дейтін төбенің үстінде орналасқан қаланың түбінде тұрдық. Асты су, айналасы батпақ. Барлық жерге жертаса (окоп) қазып, мина қойып, сым тартып тастаған. Немістермен арамыз тым жақын. Бізге басшылар қалың орманның ішіндегі биік қарағайдың үстінен отыратын орын істеп берген. Үш жігіт немістердің жүрісін, бағытын үш-төрт күн кезекпен бақыладық. Менімен ауысқан бір жігітті немістер байқап қойған екен. Қарағайдың үстінен атып түсірді. Өлі-тірі екенін біле алмай кеттім». Әдіһам ата бұдан кейін соғыс жайын қозғамады. Аяусыз жаншылған қарт жүрегіне жүк түсетіні мәлім ғой. Біз де ол турасында көп сөз суыртпақтамадық. Тек Бауыржан Момышұлымен майдан даласынан оралғаннан кейінгі арақатынасы туралы сұрағанымызда:

– Соғыстан қайтқан соң жұмыстан босамадым. Бауыржанмен араласа алмадым. Тек Оңтүстікке келген бір сапарында ғана жолығып қалып, аз-кем тілдестік, – деді. Сонымен бірге қария қатарының кеміп қалғанын да айтып ауыр күрсінді. – Ең ауыры, жұбайым Балдайдың арамыздан кетіп қалғаны болды, – деді және терең тыныстап. Бес ұл, бір қыздан 40-тан астам немере-шөбере көріп отырған Әдіһам ата әу бастан Үкіметтің қамқорлығына сүйеніп үйренбеген. Бес күндік фәниде барлығына маңдай тер, адал еңбегімен қол жеткізген. «ҰОС ардагерлеріне коммуналдық төлемге аз-кем жеңілдік жасайды. Бірақ, оның өзі мардымсыз. Сондықтан әуелі Құдайдың, одан кейін балалардың қамқорлығындамыз», – деді.

DSC 4683Екінші лирикалық шегініс

Әдіһам ата бірнеше кітабын ұсынды. Сөмкеме қуана-қуана салып алдым. Содан бері «Әдіһам әлемі» еріксіз баурап алды. Белгілі журналист ағамыз Жанболат Аупбаевша айтқанда, менің көз алдымда «Ашылмаған арал» ашылды. Оның «Аталы сөздерінің» өзі не тұрады?! Әрбір сөзін оқисың да, ойға шомып кетесің.

«Тұлпар туған биенің,
Шабысына мін тақпа.
Жарлысың деп жігіттің,
Табысына мін тақпа». Автор дәл қазіргі заман келбетіндегі әлеуметтік құбылысты бір ауыз сөзбен сипаттап отырғандай. Мұндай қанатты ойлар мен нақыл сөздер аталған кітапқа көптеп топтастырылған.

Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты Аян Нысаналы Әдіһам Шілтерханов шығармаларының қос томдығына жазылған «Дарын дарағы» атты алғысөзінде былай дейді: 

«Әдебиетші Ә.Шілтерхановтың кеудесі – алтын көмбе. Ол қыршын жазушы Саттар Ерубаев, саңлақ суреткер Мұхтар Әуезов туралы айтқанда да, тың рухы әлем ашып, қаламгерлік қайрат танытады. Сіз құй сеніңіз, құй сенбеңіз, бірақ, ол ешкімді де бей жай қалдырмайды. Шабыт шуағымен жылытып, жүректерге шындық шоғын түсіреді. Бәлкім, бүгінгі оқырманға да сол керек шығар». 

Ә.Шілтерханов қазақ әдебиетіндегі ашылмаған сыр сандық – Саттар Ерубаевтың жазылмаған өмірбаянын жазып, қалыпқа келтірген. 

Қызметтегі жалынды жылдарында ауыл шаруашылығы саласында жүргенімен, болмысы – әдебиетші кейіпкеріміз ел басқарып, жұртпен араласпаса, осыншалықты көп білер ме еді, жоқ па?! Саттар өмірінің түрлі қырларын ашқан адамдарды да сол қызметте жүрген жылдары жолықтырады. Саттардың кіндік қаны тамған жерге барып, ағайын-туғаны, құрбы-құрдастарымен, оны жөргегінен білетін адамдармен сөйлеседі. Ол оқыған Ленинградтың мұрағаттарын да ақтарады. Саттар туралы әдебиет оқулықтарында мынадай қасаң дерек бар. «Саттар Ерубаев жастай жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленді. Комсомол органдарында жұмыс істеді». Кей жерлерде «теміржолшылар мектебінде оқыды» – деп те жазылады. Бұл көпе-көрнеу бұрмалау. 

Саттар жетім емес, ата-анасының бауырында өскен, комсомол органдарында бір күн де жұмыс істемеген. Теміржолшылар мектебінің табалдырығын да аттамаған. Бұл деректерге жазушы Саттардың туыстары мен бірге оқыған жолдастарымен сөйлескен кезінде қаныққан. Бір ғажабы, Саттардың шығармашылығы өз өмірі туралы дерекке тұнып тұр. 

– Мен өзімше Саттардың тұлғасын айқындадым, қайталанбас ерекше талант екенін, қазақта бір-ақ Саттар барын дәлелдедім деп ойлаймын. Оған неге өз дәрежесінде құрмет көрсетілмейді, насихатталмайды, бұл енді бөлек әңгіме, – деді Ә.Шілтерханов. 

Бұдан бөлек қаламгердің әдеби айналымға қосқан еңбектері көп. 

Жақында 300 жыл толатын «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұламадан» туған «Елім-ай» дейтін әннің тарихын, «Алпамыс батыр» жырының тек қазаққа ғана тиесілі төлтумасы екенін тарихи тың деректермен дәлелдеді. Жазушының «Мұңлық-Зарлық», «Қамбар батыр», «Мәделі қожа» этнографиялық зерттеулерінде де қазаққа тиесіліні «шекпен жауып, өзіне қайтарады».

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Айтып-айтпай не керек, бүгінгі өскелең ұрпақ Әдіһам Шілтерханов хақында, оның майдандағы жанқиярлық қайталанбас ерлігі, әдебиет пен тарихқа қосқан сүбелі еңбегі жайында білуі тиіс. Құмның қойнауында халқымыздың өткеніне қатысты талай дүние жатқанын меңзеп, «Құмға ғашық қария» деп жазды журналист Бейсенкүл Нарымбетова апайымыз. Ал ақын Нармахан Бегалиев бір сұхбатында Әдіһам Шілтерханов туралы: «Шаруашылықта көп өмірін өткізіп алды әрі өзін-өзі көрсетуге көп ұмтылмайтын адам. Әдіхам өте қарапайым жазады, қарапайым жаза отырып көп нәрсені аңғартады», – деген екен. Ал белгілі журналист Нұртөре Жүсіпке осындағы бір жігіттер «Оқитын бірдеңе табыла ма?» дегенінде жазушының үш томдығын апарып беріпті. Сонда Нұртөре: «Мен мынандай жазушыны осы кезге дейін неге білмегенмін? Туындылары керемет екен ғой», – деген көрінеді. Қысқасы, әр қазақтың үйінде, үнінде, жүрегінде Әдіһам Шілтерханов есімі жатталып, туындылары кітап сөресінде тұрса, одан әркім өзіне жаңа бір әлем, тың арал ашып, соның кеңістігінен кемел дүниелер табары анық.

Опубликовано в Қоғам

Журналистикада ретроспективалық сұхбат деген бар. Ол өткенді баяндап, өмірден өткен тұлғалармен сырласу тәсілі.

(Әзілхан Нұршайықовтың
«Ақиқат пен аңыз» кітабынан)

l3Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы естіген сайын ол кісінің қасында отырып сұхбаттасуды армандайтынмын. Мұндайды кім қаламайды дейсіз. Дегенмен, мен осы кісімен не де болса алдын ала хабарласпай, бірден үйіне баруға бекіндім. Есік алдына келіп тұрған адамды, кері қайтармас.
Міне, халық қаһарманының үйінің кіреберісінде тұрмын. Бірақ есікті қағуға жүрек дауаламай тұр. Өйткені, Баукең бірнеше рет өзімен сұхбаттасқысы келген журналистерді ыңғайсыз жағдайға қалдырған. Ол кісі туралы ақын Құрманғали Ұябаев «Ол кісімен сөйлесу қиын. Көңілі түспесе ұрысып тастайды, сөйлеспей қояды» деген еді. Жазушы Әзілхан Нұршайықов алғаш қоңырау шалғанда «Мен сізді танымаймын» деп сөйлеспей қойған. Ал шаш үлгісі әйелдерше қойылған радиотілші жігітке «Шашыңды жігіттердікіндей алдырып кел» деп кері қайтарып жіберген екен. Осылар есіме түскен соң берекем қаша бастады. Алайда «Шешінген судан тайынбас» демекші, бекінген ісіме бекем болып қоңырауды бастым.

– Бұл қайсың? – деген жарқын үн шықты ішкі жақтан. Баукең болса керек. Тағыбір рет бастым. Бастапқыда есіктің арғы жағынан еміс-еміс естілген аяқ үні бара-бара зорайып келеді. Есік те ашылды.

– Сәлеметсіз бе? Қош келдіңіз! Төрлетіңіз,– деген әйел заты жылы қарсы алды. Ішімнен жеңгеміз-ау деп түйдім.
Аяқ киімді шешіп, жоғарыдағы бөлмеге бет алдық. Кірсем биік үстелге дастархан жайылып жатыр екен. Төрде қасқайған қалың қасы, түксиген түбіт мұрты бар, ағашқа шеге қаққандай қасқайып отырған Момышұлының өткір көздері маған қадалыпты. «Көз атысуға» шама қайда:

– Қалыңыз қалай, аға? – дедім көзімді алмай.

– Шүкір, – деп қысқа қайырды. – Кел, төрлет!
Ақырын барып Баукеңнің оң жағына жайғастым да, көп күттірмей өзімді таныстыра бастадым.

– Мен «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісімін. Атым Сапарғали... – дей бергенде 

– Бірден айтып қояйын менен саясат туралы сұрушы болма, – деді.

– Уайымдамаңыз. Мен соғыста көзіңізбен көріп, ойға түйген, шабыт шақырып, жігер берген әңгімелеріңізді тыңдауға келдім. Жалпы сіз туралы жазсам ба деймін.

– Дұрыс екен. Бірақ, қарағым сен өкпелемегін. Мен өзім туралы ешкімге мақала диктовать етпеймін. Екіншіден, мені мақтап жаз деп ешкімге де айтпаймын. Ал, сұрағың болса, сұрағын.

– Онда сұрайтыным көп. Алдымен мынаны айтасыз ба, Бауыржан ата? Сіз үшін соғыс деген не?

– Соғыс – адамзаттың ұлы трагедиясы. Соғыс – адам жанын қинайтын ең ауыр, ең ащы азап. Соғыс – тірілердің тамұғы. Тозаққа айналған күндер еді ғой ол, қарағым.

– Сөзсіз сіз қатысқан соғыста қазақ даласынан барған батырлар аз болған жоқ. Өзіңіз көрген сондай азаматтар жайында бір-екі ауыз естісек деп едік...

– Соғысқа қатысқандардың бәрін де жақсы көремін. Соғыс кезінде елде болып, еңбек майданында біздің жеңісімізді шыңдаған адамдарды да ардақтаймын. Халық үшін қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай қызмет еткен жандардың бәрі аяулы.

– Өлең жазып жүрген кезіңізде ақын болуға талпынған жоқсыз ба?

– Ешуақытта пәлен болайын, түген болайын деп ойламаған едім. Қайда, қандай қызметте жүрсем де жүректегі ұраным қазақтың: «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақалы болды.

– Сіз жайында ел ішінде түрлі әңгімелер айтылады. Сол аңыздар жайында не дейсіз?

– Мен өмірімде екі түрлі аңызды басымнан кешірдім. Бір кезде мені жер-көкке сыйғызбай аңызға айналдыра мақтады. Кейінгі кезде әркімдер аңызға айналдыра жамандады. Мақтады деп тасығаным жоқ, жамандады деп жасығаным жоқ. Қарақылды қақ жарғанды мақтайды да, боқтайды да ғой, қарағым.

– Екі жүзден аса соғысқа қатысып, бес рет қоршауда қалған екенсіз. Сондай қоршауда қалған сәттегі әсеріңізбен бөліссеңіз.

– Соғыста солдат сорлыны аңдитын жау көп қой, қарағым. Оған алдан атылған оқ та, снаряд та, мина да, төбеден төгілген бомба да – бәрі жау. «Ордағы солдатка оқ өтпейді» деп баяғыда комбриг Дотоль айтқандай, оқтан қорғанарсың, снарядтан сақтанарсың, бомбадан да құтыларсың. Бірақ солдатты құтқармайтын тағы бір жау бар. Ол – ұйқы. Қазақ атамыздың «ұйқы – дұшпан» деген даналық сөзін бала күнімізде ауылдағы ақсақалдарымыздың аузынан сан рет естісек те, соның мәнін ұғыппыз ба, қарағым. Оның мәнін соғыста бір-ақ ұқтық қой. Жалғыз бұл ғана емес, соғыс аталарымыздың талай асыл сөздерінің мағынасын ұктырды бізге. «Ат басына күн туса – ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса – етікпенен су кешер», «Балапан басына, тұрымтай тұсына», «Атадан ұл, анадан қыз айрылып, көл қылып көздің жасын ағызамын» деген сияқты нелер сөздердің шындығын сездік қой сонда.
Сөйтіп, үш күн бойына немістердің артиллериясына алдырмаған, танктерінен тайсалмаған, бомбалауына болмаған батальонды әп-сәтте ұйқы өлтіріп кете жаздады. Немістермен жанталаса жарысып келе жатқан біз Гусеново орманының шетіне іліктік. Әрине, дивизия штабы бұрынғы орнында жоқ болып шықты. Дивизияның ізін шолып, бағдарын білуге шолғыншылар жібердік те, олар келгенше екі сағаттай демалуға ұйғардык. Әрбір он адамның алтауын ұйықтатып, төртеуін табандарынан тік тұрғызып қойдым. Сөйтіп бір сағаттан кезек ұйықтасын дедім. Бұған дейін өзім де ұйықтамай, ешкімді де ұйықтатпай аюдай ақырып келе жатқанмын. Өйткені жорық, ұрыс кезінде ұйқыға кеткен солдат – өлі солдат. Оны әке-көке деп ешқашан да оята алмайсың. Колоннаны аралай шығып, бір үлкен ақ қайыңның қасына келіп, соның оқ тиген қабығын алақаныммен сипап, иығыммен сүйене бергенім есімде. Қайыңның әппақ қабығын әйелімнің иығы деп ойлап қалдым ба, қайдан білейін, әйтеуір соған сүйене сала қор етіп ұйықтап кетіппін. Әйелді ойласаң-ақ қырсыққа қамалдың емес пе, ақ қайың мені құшағына алып, әлдилей жөнеліпті...
Оқ алмаған солдатты ұйқы осылай үн-түнсіз байлап-матап ала қойыпты. Есіңде ме, Қобыланды батырды ұйқы жеңгенде жауларының жиналып келіп, байлап алатын жері бар еді ғой. Дәл сондай боп, батальон батыр да қолға түсіп қала жаздады.

– Кейін! Кейін жүгіріңдер, комбат қалып қойды! – деп ышқына айғай салған Толстуновтың үні құлағыма келді. Жүн-түтін атысқа айналды. Менің жанымнан оқ екі жаққа қарай ерсілі-қарсылы зымырады. Менде енді қозғалуға дәрмен қалмады. Көзім қарауытып, енді оқ тиеді-ау, енді құлаймын-ау деп тұрғанда батальон жақтан біреудің «ура!» деп айғай салған даусы шықты. Топ-топ дүрсілдеген аяқ дүбірі естілді.

– Ағатайым-ай, барсың ба? – деп ентіге жүгіріп, ең бірінші боп келіп мені Жалмұхамед Бозжанов құшақтай алды. Екеуіміздің де көзімізден жас ыршып кетті.
Ажал адамға әр түрлі бейнеде келеді. Оқ, от, су, аштық, ауру болып аңдиды. Осылардың бәрін бірінен соң бірін соңыма салып, екі көзі екі тесік болып үңірейген қу бас ажал саудыраған саусағын маған қарай сан рет созып еді. Бұл жолы ол мойныма ұйқының арқанын лақтырып, бұлқынта буалдырық салған еді. Бірақ жауынгер серіктерім, адал достарым, болат батальоным мені бұл тұзақтан да құтқарып әкетті, қарағым. Бұл ұрыс небәрі он минутқа ғана созылды. Алайда, осы он минут ішінде мен дәл бір он жылға қартайған шығармын деп ойлаймын.

– Осынша ақпаратты, деректерді қалай есте сақтайсыз?

– Комплиментті қатындар жақсы көреді. Сен соларға айтқын мұныңды. Ал мен әскери академияда лекция оқыған кісімін. Түсінікті ме саған?

– Түсінікті!

– Түсінікті болса ары қарай кеттік.

– Талғат Бигелдиновтың «Он үшінші» нөмірлі ұшағын ырқына көндіргені туралы көп айтылады. Енді сізден естісек.

– Талғат авиация полкына келгенде ешкім оны алғысы келмеді. Ақыры адамы толмай қалған бір эскадриляның командирі оны еріксіз қабылдауға мәжбүр болды. Бірақ «Менде ұшқыштар ұнатпайтын он үшінші нөмірлі машина бар. Соған мінетін болсаң ғана қабылдаймын» деді. «Мінемін» дейді Талғат жігерлі түрде. Ұшқыштар одан он үш саны – «шайтан дожынасы» деп қашатын шығар. Қазақтар шайтаннан қорықпайды. Халық аңызының қаһарманы Алдар Көсе шайтанды астына тай етіп мінген. Талғат 320 әуе жорығына шығып, бес жүз сағаттай аспанда болған.

– Бауыржан ата, қазір еліміз егемендік алып, бұғанымыз қатып, еңсемізді тіктеп, алға қарай сеніммен қадам басып келеміз. Дегенмен, кейде қазіргі жастар осы бейбіт өмірдің қадірін ұмытып кететіндей болып көрінбей ме?

– Жастар әкелердің қанымен келген рақатты қадірлей білсе екен. Елді, жерді сол ерлерше сүйіп, Отан үшін отқа түсуге әзір бола білсе екен...

(Жалғасы бар)

Опубликовано в Сұхбат

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Нәзір Төреқұловтың туғанына – 125 жыл

75bbe4d6d058f58e341f7b03fc16096376b0673eТүркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы атанған Түркістан шаһарына жуырда жолымыз түсті. Діттеп келген кісіміз бар еді. Осы сапарымызда белгілі ғалым, ҚР мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Нұрмахан Назаровтың шаңырағына арнайы бардық. Көпшілік оны нәзіртанушы ғалым ретінде жақсы таниды. Қазақтан шыққан тұңғыш дипломаттың өмірін індете зерттеп жүрген ғалым жүздесуде көшелі ой қозғап, тереңнен тартып пәтуалы пікірімен бөлісті. Сөзін бөлмей тыңдадық. Бүгін біз назарларыңызға қазақтың тұңғыш елшісі Нәзір Төреқұловтың өміріне қатысты Нұрмахан Назаровтың дерек-дәйегі мол зерттеу мақаласын ұсынамыз.

Ол қайда білім алды?

Сырдың орта ағысы, өзеннің нулы жағасымен жолбарыс жортқан қамысты тоғай арасымен Төреқұлдың баласы тай-тай мақта сатып жүрген тәжіктермен ілесіп, Ферғана кеткен. Ол жаққа барғасын, тәжіктер қызын бере салған Төкең де тегін емес. Дінге, әсіресе, әйелге аса қаталдықпен қарайтын бейтаныс жұртқа күйеу болу қаншалықты қиын да, күрделі. 

Етінің тірілігі, өзінің жігерлілігімен орыс тілін үйрену арқылы заңгерлікке машықтанғаны, содан барып, ірі комиссионерлікке қол жеткізуі ғажап. Атамекені Түркістан қаласының атырабы болғанымен, Нәзір өз қолымен толтырылған жеке листогында туған жері Қоқан қаласы (1892 жыл) деп көрсетілген. Алғашқыда діншіл ананың ықпалымен ескіше мұсылман мектебінде оқыған ұл кейін, әкенің қолдауымен Қоқандағы орыс-түзем мектебін 1905 жылы, сауда училищесін 1914 жылы бітірді. 

Болашақ көрнекті мемлекет қайраткері, тұңғыш елші, халықаралық деңгейдегі саясаткер Нәзір Төреқұловтың саяси көзқарасы оның халықшылдығы сонау 1916 жылы патша Үкіметінің июнь жарлығы мен Түркістанның байырғы тұрғындары Батыс майданның тылдағы жұмысына еріксіз жегілген кезінен қалыптасты. Мәскеудей қаладағы жоғары оқу орнындағы оқуын 3-курстан үзіп, Минск түбінде қабырғасы қайысып қара жұмыс істеп жүрген, орыс тілін білмейтін бауырлардың жағдайына болысу, халық бақыты үшін күрестің алдыңғы сапында жүрген қазақ зиялыларымен танысуы, солардың ықпал, әсері мен Ресей жерінде студенттер мен оқушылар арасында патша өкіметіне қарсы «Еркін дала» атты құпия ұйым құруы оның күрсекерлік жолға бел байлап түскенін дәлелдейді. Февраль револьюциясынан кейін тылдан елге қайтқан отандастарымен келе жатып, жолда Орынбор қаласына кідіріп, Минскіде танысып ұғысқан қандастармен бірігіп, осында «Земсоюз» құруды ойлады. Алайда, таланты өзгеден асып тұрған бейтаныс Нәзірге сайлау кезінде жергілікті жершіл ақсүйектер жеткілікті дауыс бермейді. Әйтсе де, Торғай облыстық Советтің органы «Қазақ мұңы» газетіне редактор болды. 19-маусымда Орынбор қаласында өткен жалпықазақтық съезіне делегат болып қатысты. Съездан соң жалпыресейлік «Земсоюздың» Торғай облысы бойынша нұсқаушы қызметін атқарды. 

1918 жылы Қоқан түбінде басмашылар Нәзірдің әкесін өлтірген соң, мұнда аз да болса, бауыр басып қалған жас күрескер өскен жеріне қайтып кетті.

Қоқан қалалық ревкомын, одан кейін облыстық ревкомын басқарды. Ташкентте Түркістан респуликасы Орталық атқару комитеті аппаратына қазметке келген кезде, қоғамды жетелеуші күш үгіт-насихаттың баспасөз саласына үзбей еңбек сіңірді. Оның туған халқына шынайы жанашырлығын жиырмасыша жылдары Ташкентте шығып тұрған «Иштракюм» (революция) журналында шыққан «Қазақ мәселесі» мақаласында ашық көрсетті. Патшалық Ресейдің қазақтың ең шұрайлы, нұрлы, сулы жерлерін басқаншылықпен тартып алып, қазіргі заманда да сол жерлер иелеріне қайтарылмай отырғанын мәселе етіп қойған: «...Ресейден ауылға келіп, 40-50 жыл ішінде әбден байыған, қолы жеткен байлығы өз төрелерімен көрген қорлығын ұмыттырған, шошқа бағып, дәулетке масыққан бұл жаңа байлар әбден есірді, Қазіргі Шымкенттен бастап Пішпек, Лепсіге дейінгі жолдың екі бойындағылар, жол атырабындағылар, су басындағылар, әне солар! – дей келе, мұны айтпағымның мағынасы пәлекеттен, кесапаттан, зұлымдықтан, зәбір-жаладан көз ашпаған қазақ мәселесін жеткеру еді», – дейді. («Иштракюм», 247. 20 қараша 1921 ж). 

photo 66291Түркістан Республикасының келешегі мұнда индустрияның дамуымен байланысты екеніне мән берген. Өнеркәсіпті шикізат көздеріне жақын орналастыру керектігін съезде, конференцияларда сөйлеген сөздерінде нығырлап отырды. Осы мақсатта Жетісу темір жолын салуды жоғары жаққа ұсынып жүрді. Нәзірдің бастамасымен іске асқан идея 30 жылдары салынған Қазақстан-Сібір теміржолы болатын. 

Кеңестік Түркістан Республикасында жаңа қоғам құрудың теоретигі Нәзір Төреқұлов саяси және экономикалық реформа жасау, мемлекеттік іске ұлт өкілдерін кеңінен тартпай ондағы мақсат іске аспайтынын республика ативіне дәйекті түрде үйретіп отырды. Бұл мақсаттың орындалуы үшін ТурЦИК аппаратында қазақ, өзбек, түркімен бөлімдерін өзінің ықпалымен ашты.

Орынборда ұйымдасқан «Алашорда» үкіметі мен Қоқанда құрылған «Қоқан автономиялық Республикасының» жеңіске жете алмаған себептерінен терең тағылым алған зерек ойшыл Нәзір Түркістан халықтары өз бақытын Кеңес Үкіметі құрамында бола жүріп іздеуден басқа амал жоқтығын әріден түсінген. Сондықтан да, Кеңес Үкіметіне адал қызметін Орта Азиядағы барлық бауырлас халықтардың қамымен шебер үйлестіре жүріп, адам бойында сирек кездесетін ғажайып талантын сарқа жұмсап қызмет етті. Ойшылдығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің аса жоғары деңгейде болғандығының арқасында 27 жастағы қазақ ұланы Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болды. Республика билігінің барлық деңгейінде бірінші мәселе етіп, басмашыларды жою мәселесін қойды да, бұл күрестің басы-қасында ұдайы өзі жүрді. Түркістан өлкесінде басмашылар толық талқандалған соң оларға сот процестері жүре бастады. Пішкекте болған Ферғана басмашылардың серкесі Муэтдиннің сот процесінде қоғамдық айыптаушы болып Түркістан Компартиясының хатшысы Нәзірдің өзі қатысты. Айыптау сөзінде республика басшысы басмашылардың Кеңес Үкіметіне қарсы әрекетін білімсіздіктің, надандықтың нәубәті екендігін ұшқыр ой, ақылды тұжырым, шешен тілімен сотқа қатсушыларды таңдандырғанын Чанышев деген генерал өз естелігінде келтіреді. 

Н.Төреқұлұлы саяси, әскери, экономикалық ұйымдастыру шараларды бір-бірімен тұтас үйлестіре әрі үдете атқаруды және аталған мәселелердің бәріне де партияның ұлттық саясат принцптерін қатаң сақтауды талап етті. Ұлт саясаты жөніндегі принцптерінің жергілікті жерлерде бұрмалаусыз орындалуын бақылады. Кеңес мемлекетінің Түркістан жерінде нығайып бекуі ұлт мәселесінің әрқашан дұрыс шешіліп отырылуымен ажырағысыз байланысты екенін сөйлеген сөздерінде шегелеп отырды. 

1920 жылы қыркүйек айында Ташкентте Түркістан Коммунистік Партиясының 5-ші съезі ашылды. Съезді ашқан және құттықтаған сөзінде Нәзір, съездің Түркістан Компартиясы қызметінің айрықша бір жауапты да күрделі кезеңінде, яғни жергілікті ұлтшылдыққа ауытқушылық пен ұлыдержавалық шовинизмге табанды, шешуші күрес үстінде жиналғанын атап өтті. Осы съезде Компартия Орталық Комитеттің жұмысы жөнінде жасаған есепті баяндамасында да шешен ұлт мәселесіне қайта-қайта тоқталған. Жергілікті жердегі, тұрғылықты халықпен патшалық Ресейден баса-көктеп келіп қазақ елінің ең шұрайлы жерлерін иемденіп алған орыстардың арасындағы жер мәселесі мен ұлттар теңдігі жөнінде алқалы топтарда өткір тілмен Ресей Федерация басшысы өкілдерінің алдында қасқайып тұрып ашық айтқан. Өткен ғасырдың сонау 20 жылдары «Жолдас Ресей, қазақтың бұрынғы жерін өзіне қайтар» деп айту оқ бораған майданға қарусыз кірумен бірдей еді.

Жаңа түркі (латынша) әліппесін ендірген

1926 жылы Бакуде өткен Кеңес Одағы тюркологтарының бірінші съезінде кеңестік түркі халықтарының қолданылып келген араб шрифтін латын әрпіне ауыстыру қойылды. Мәселенің шешілу жолы екі айрыққа келіп тоқтағанда, Нәзір бастаған топтың қолдауымен латын әрпін қолдану жеңіп шықты. Кеңес Үкіметі Түркістан өлкесінде, алдымен әкімгершілік территориялық бөлістерді тиянақтап, жер реформасын аяқтап алған соң, мұндағы халықатардың жазу сызыуын кириллицаға ауыстыратынына сол кездегі қазақ зиялыларының біразының ойы жетті, біразы күмәнмен қарады. Егер, 1936 жылға дейін латын әрпі емес, араб әрпімен сауаттанған жұрт кириллицаға көшкенде қандай халге душар болар еді? Сол аралықта мүмкін, одан да кейін араб әрпімен жазып-сызумен кеткенімізде, біздер дәл бүгінгідей ғылым, мәдениет, өнер жетістіктеріне қолымыз жетер ме еді?

1922-1928 жылдары Нәзір Төреқұлов Қазақ СССР Орталық Баспа Басқармасының төрағасы болған 5 жылдың бедеріне кітап өнімінің басқа елдерде жоқ зор базасын жасап үлгерді. Бес жыл ішінде 59 миллион 959 мың 713 дана оқулық, ғылыми көпшілік қоғамдық саяси, көркем әдебиет өнімдерін елуден астам ұлт тілдерінде басып шығарды. «Баспа Одақтағы ұлттар үшін маңызы айрықша көмекші оқу базасын құруда елеулі жұмыс атқарды. Ақ патша заманындағы оқулықтардың жарамсыздығы себепті әр түрлі ұлт тілдерінде арнайы әдебиеттер шығаруда тыңнан жол салуға тура келді. Сондай-ақ, жаңа түркі (латынша) әліппесін ендіру ісінде Орталық Баспа қыруар шаруа атқарды...», – деп жазды КСРО Шығыстану Ғылыми Ассоциацасының «Новый Восток» журналы. (421-422 беттер, 1929 жыл. Мәскеу).

Кезінде, Нәзір ССРО-ның алғашқы қызыл дипломаттарының ішіндегі алдыңғы қатардағысы ретінде бағаланған. Ал оның қазақтан шыққан тұңғыш дипломаты екенін, ССРО-ғы талантты саясаткер әрі ұйымдастырушы екенін байқауға болады. Бұрынғы Қазақ СССР-нің Сыртқы істер Министрінің орынбасары болған А.Е.Иоффеннің «1928-1932 жылдардағы Совет Одағының Сыртқы саясаты» кітабында «ССРО-Хиджаз арасындағы келісімсөз бұған дейін еш бір нәтиже берген жоқ. Нашар дамыған елдерде қолдан келген көмегін беру саясатын берік ұстанған Совет Үкіметі Хиджаздың саяси және іскер адамдарымен қарым-қатынасты жақсартуға ұмтылысын тоқтатқан жоқ. Совет өкілі Н.Төреқұлов корль Ибн-Саудпен әңгімелескен кезде, саяси келісім-шарт жасау жайында келіссөз жүргізуге уағдаласқан. Келіссөз 1929 жылдың қыркүйегінде басталып, желтоқсанда кейбір маңызды тармақтар (статьялар) бойынша келісім тапты. Ибн-Сауд «Енді совет жағының саудасына кедергілер жойылады», – деп мәлімдеді. 

Октябрь революциясы көсемдерінің, ВКП (б) құрған Түрккомиссиясы басшыларының бірі В.Куйбышев «Аса зор табиғи тума талант, марксше ойлайтын адам» деп Нәзір Төреқұловтың дария білімін жоғары бағалаған. Ғажайып дарынын керек кезінде сарқа пайдаланып, оның тектілігі мен «марксше ойлай білетіндігінен» сескенді ме, Советтер Одағы қолдан жасаған жаламен 1937 жылы, яғни 45 жасында өмірін қиып, қазақтың келешегіне кезекті бір қиянатын жасады.

Нәзірдің атажұрты

Нәзір – көп қырлы талант иесі, сәскеде салсаң кешке озған, ылдидан салсаң, төте озған хас тұлпар! Жартасқа салсаң да, жүзі қайырылмас, жанқасын шығармай қиып түсетін алмас талант. Ол – елші – дипломат, ол – саясаткер, ол – тарихшы, әдебиетші, публицист, сыншы, лингвист. Қазақстан және Орта Азия мәдениеті аспанынан тым ерте ағып түскен жарық жұлдыз. Нәзірдің қоғамдық қайраткерлігімен бірге басқа да саяси және шығармашылық еңбегіне жүйелеп ғылыми талдау арқылы бір ізге келтірген жазушы Жолтай Әлмашов болды («Ғибратты ғұмыр», 1995, Алматы). Н.Төреқұлұлының елшілік-дипломатиялық ұлан-ғайыр қайраткерлігінің біршамасын қопара аударып, қыртыстарын жазып, жарты әлемге жарқыратып көрсетіп берген белгілі қоғам қайраткері, дипломат, саясатшы Тайыр Мансұров еді («Елші Нәзір Төреқұловтың Арабия дастаны» 2004 ж. «Нәзір Төреқұлов», 2005).

Иә, қазақтың бір асылы жылдар бойы тасада қалып келсе де, тәуелсіз Қазақстанда тарихтан өз орнын алатын болды. 

Сөзімді қорыта келе айтқанда оқырмандар мен зиялы қауымның, ақпарат құралдарының назарын төмендегі мәселеге аударғым келеді:

Нәзір Төреқұловтың туған жері Өзбекстанның Қоқан қаласы екендігі тұңғыш елшінің өз қолымен толтырып, өзі қол қойған өмірбаяндық анкеталарда көрсетілсе де, оны Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түрікстан ауданында туған деген түсінік сіңіп барады. Бұл – шындыққа қиянат. Нәзірдің Қоқанда туып, қай мектепте, қай училищеде оқығаны ресми құжатталған. Түркістан автономиялық Республика болып құрылып, оған басшылық жасағанға дейін ол Қоқанда өсіп жетілді. 

Екі халыққа тел қайраткерді біржақты бағалап, өзіміз ғана иеленгіміз келетіні дұрыс емес. Насихат жұмыстары бауырлас екі халықтың бүгінгі, ертеңгі ынтымақтастығына бағыттап жүргеніміз парыз. 

2013 жылы Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінде Н.Төреқұловтың 120 жылдығына арналған конференцияда Өзбекстаннан арнайы келіп қатысқан әлеуметтік ғылымдар докторы А.Г.Каххаров: «Ұлтым қазақ, туған жерім – Қоқан – деп өз ауызымен айтып, қолымен жазып кетсе де бәрімізге бірдей ортақ қайраткерді бізден алшақтатқысы келетіндерге таңым бар», – деп орынды реніш білдірді. 

Нәзірдің әкесі Түркістан қаласының атырабында туылғаны – шындық. 

Сондықтан, Нәзірдің атажұрты – Түркістан екені рас. 

Тұңғыш елшіні түркістандық деген ұғым да бекерден қалыптасқан жоқ. Нәзірге Қазақстанда алғаш иелік жасаған Түркістан қаласы екендігі де жасырын емес. Қазақстанда алғаш рет оның есімімен көше, мектеп аталып, музейін құрған да осы қала. Ал Өзбекстанда өткен ғасырдың 60-шы жылдарында бір кеңшар Н.Төреқұловтың есімімен аталған. Бізден бұрын Өзбекстанда, Ташкент қаласындағы Акмал Икрамов ауданында үлкен мектеп Н.Төреқұловтың есімімен аталып, мектеп ауласында ескерткіш қойылған еді. 

Сайып келгенде, тегі бір түркі халықтарының зор келешегі үшін ақылмен жұмыс істейік. Әлі қыры мен сыры толық ашылмаған асыл тұлғаның қалдырған мұрасы – мұхиттың түбінде жатқан гауҺар!

Нұрмахан НАЗАРОВ,
Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі, Түркістан қаласының Құрметті азаматы

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 31 Март 2017 07:04

«Театр» деп соққан жүрегі...

Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Жұмат Шанинге – 125 жыл

7246c0a601c290a7ff2d8b9738f9afe4«...Театр – шындық пен өмір. Театр – тәрбие мектебі. Театр – тәлім, рухани азық алар орда» деген асыл ойларды соңына қалдырған қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, ҚазССР-нің халық әртісі Жұмат Шанин үстіміздегі жылы 125 жасқа толып отыр.


«Өнеге етіп, үлгі алардай алдыңғы өнер буыннан жұрдай, қазақ сахарасында қаз-қаз басқан театр мектебі қалай қалыптасты, және ол жолда тер төккен кімдер?!» деген сұрақ туындай қалса, ең алдымен Жұмат Шанин есіміне тоқталарымыз сөзсіз!

Шанин Жұмат Тұрғынбайұлы – қазіргі Павлодар облысындағы Баянауыл ауданындағы Желтау маңында 1892 жылы дүниеге келген. «Ердің жігіт болуы – нағашыдан» демекші, нағашысы Алтыбай ән салып, домбыра тартқан. Бала күнінен ән шырқалып, күй ойналған жерден қалмастан, талмай тамашалайтын Жұматтың ең сүйікті кезеңі – Қоянды жәрмеңкесі болады. Қоянды жәрмеңкесі – қазақ сахарасының «дала театры» екені тарихтан белгілі. 

1913 жылы Омбы қаласына келіп, заводта қара жұмысшы болып істеп жүріп, өзгеріске талпынысы басым Жұматтың, қазақтың алдыңғы қатарлы прогрессшіл азаматтары С.Сейфуллин, Н.Нұрмақовпен танысуы – жаңа өмірге деген құлшынысын оятады. Тылсым әлемге тартылыс, жас жігіттің мазасын алады. Омбыда жүріп, тұңғыш қалалық театр сахнасынан спектакль көргенде, іздеген әлемін тапқандай, алғаш театр өнеріне деген сезім ұшқыны, болашақ театр қайраткерінің кеудесінде оянады. 

Сонау, 1916 жылдың ресейлік ақ патшаның указы бойынша майдан жұмысына тартылып, 1917 жыл аман оралады. 

Кеңес үкіметінің алғашқы қарлығаштары қатарында 1921-22 жылдары Павлодар укомының мүшесі, 1922 жылы Зайсан укомының төрағасы, 1923 жылдан Семей губаткомының және Қаз.ССР ОАК мүшесі болып қызмет атқарады. 

Театрға деген тартылыс күші, 20-шы жылдары Семей қаласында «Ес-аймақ» труппасына жетелеп келеді. Алғаш режиссерлік жолы осы «Ес-аймақ» труппасынан бастау алған Жұмат Шанин, бүгінде «қазақ драматургиясының қарлығаштары» қатарына енген «Арқалық батыр» тарихи драмасын, 1922 жылы, халық жыры негізінде жазып, шығармашылыққа қалам тартты.

shanin 2

Ж. Шанин ұлдары Қасымхан және Раупбек

 

«...Осы күні: «Жұмат Шанин ұлттық театрымыздың тұңғыш режисері болды», – деген сөзді өнер адамдары жиі айтып жүр. Бірақ, сол режиссеріктің оған қаншалық қиындыққа түскендігін ешкім атап айтпайды. Сол кездің шындығын елестететіндей оқиғаларды айтпай кетеді. Оны айту, біреулердің беделін түсіретіндей көреді. Меніңше, шындықты жасырып бедел табам деп ойлау – тіріге де, өліге де қиянат. Алғашқы құрылу, қалыптасу дәуірінің ыстығына күйіп, суығына тоңды. Бүкіл театрдың қиындығын былай қойғанда, әрбір актердің кемістік-жетістігін бірге бөлісіп жүретін. Оның шыдамдылығы мен табандылығын бағалауға қолымыз тимеді, өреміз де жетпеді...» деп, ҚазССР-нің халық артисі Қанабек Байсейітов күйіне еске алған екен.

Иә, кезінде қайырылуға мұршасы келмеген «төреші Уақыттың», араға сан жылдар салып бұрылғанда көргені – қазақ театр тарихындағы дарабоз жандар легінің бастауында тұрған Жұмат Шанин болары ақиқат. Арнайы өнер мектебінен өтпеген, сахна көрмеген қазақ таланттарын театр өнеріне баулудың қаншалық азапқа түскенін, бәлкім, көз алдымызға келтіре де алмаспыз. Бүгінгідей жаһанданумен жағаласқан озыңқы өмірде, Ж.Шанинның; «...Ойнаушылар сақал-мұрт орнына қара бояу жағып, етік орнына шоқай киіп, тымақ орнына орамал байлап шығуға мәжбүр. Сондықтан олар сахнаға шыққанда бүгежектеп,маяғын астына тығады, кеудесін керіп, шапанынан кете алмайды. Ішінде киіп отырған қазақша қамзолы жоқ. Қаусырынған етегін ашса, ішіндегі орысша киімі көрініп қалады. Иегі мен аузына қолын апарса сақал орнына жағылған бояу өшеді. Әй, құдай-ай?! Театрдың өз үйі болмайынша – шығармашылық күйі де болмақ емес. Көп ішінде кімнің ер-тоқымы сайлы болса, сол көзге түседі. Ойнаушылар да сол сияқты. Артистердің мінетін аты – сахна. Мені жетелейтін – үміт... Ертеңгі күні өз ғимараты, өз сахнасы болады деген үміт...» деген күрсінісін түсіну де қиын болар?!

shanin 1

Ж. ШАНИН, Ә. НАИН, Қасымхан және Рауыпбек

 

«Театр» сөзі санасына толығымен сіңе қоймаған ХХ ғасыр басында, драматургтер жоқтың қасы болғаны, айтпаса да түсінікті жайт. Талантты жанға өнер әлемінің қай қалтарысы болса да, жатырқамасы белгілі. Тосырқай қарайтын көрерменін театр сиқырына тарта түсу үшін, қоюшылықпен қатар – драматургияға мойын бұруға мәжбүр болды. «Арқалық батыр» тарихи драмасынан өзге – комедиялық жанрды қолға алып, «Торсықбай» секілді жаңа қоғамның көзқарасын айғақтайтын комедиялық жанрды игерді. 

«Біздің драматургиямыздағы комедия саласы да, ең алдымен халық әдебиетінің негізінде туды. Батыс және орыс классиктерінің комедиялық өнерін зерттеп, олармен терең танысқан қазақ жазушылары халық күлдіргілерін қалай пайдалануды бірден-ақ дұрыс аңғарды. Қулар әңгімесін алғашқы пайдаланған, жас театрларымызға шағын комедия жазып берген жазушыларымыздың бірі – Жұмат Шанин» деп, айтулы жазушымыз Әбілда Тәжібаев, кезінде ақпарат беттерінде жазған болатын.

Ғасырға ұласып отырған театр өнерінің кешегі тарихына таңдай қақпай қарау мүмкін емес. Бүгінде, гастрольдік іссапарға ұшақпен ұшып баратын театр артистеріне, тұңғыш бастау кезеңіндегі артистердің кешкен хикаяттары – ертегі іспеттес екені жасырын емес.

«Мемлекет театры бізде Кеңес үкіметінің арқасында дүниеге жаңадан ғана келіп, Қазақ елінің ортасында ашылғанына бүгін бір жыл толып отыр. Қазақ театры – жарық дүниеге жаңа келген буыны қатып, бұғанағы өспеген жас баладай. Қазақ театрының қолға алған жұмысы үлкен, жүгі ауыр, жолы алыс. Алыс жолға талықпай-жалықпай жету үшін қажымайтын текежаумыт ат керек. Жел өтіп, күнге күймейтін тон керек. Еңбекті егізім деп таныған, ақылын жігерімен жаныған азамат керек! Қазақ театры – ұядан қанат қағып, қалықтап ұшқан балапан. Қанаты талмай қонатұғын күй керек. Жас баланың мейіріңді қандара сөйлемегі, қыран құстың көзге түсіп күйлемегі, қуарған жүннің мезгілінде тастап түлемегі – иесінің бағып-қағуына байланысты. Бір жас деген аз өмір болса да, театрымыздың басынан бірсыпыра дәуір өткендей болды. Маркс мемлекеттің төрт арысының бірі – мәдениет деген екен. Соның бір тарауы – театр. Сондықтан, мұны керекті істің бірі деп танып, қабырғасын көптесіп қалау керек. Қызған істі суытпай, қызығанда істесе, сонда ғана театрымыз – театр болады», – деген Жұмат Шанинның шымылдығын түргеніне 1 жыл ғана болған театр жайында үлкен сеніммен айтқан сөзі, бүгінде шындыққа айналып, қазақ елінде 56 театр ашылып, ширек ғасыр көрерменін театр өнерімен сусындатуда.

 MG 1797

Ж. Шанин атындағы облыстық Қазақ драма театры

 

Туылғанына 125 жыл толуына байланысты, 2017 жылдың сәуір айында өткелі отырған Халықаралық театр фестивалі «Жұмат Шанинның туылғанына – 125 жыл» айдарымен тойланғалы отырғаны, тек Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ғана емес – исі қазақ театр әлемінің мерейін тасытатын тойға ұласпақ. 

«Театр ісі – нәзік, күшке салуды көтермейді... қайтадан өңдеп істеуге болмайды...» - деген нәзік иірімді, шынайы жүректен шыққан сөз иесі Жұмат Шанинның салған дара жолы тоқырамақ емес.

 

Сая ҚАСЫМБЕК,
драматург, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Опубликовано в Мәдениет

Ән әлемінде есімі танымал Айжігіт Қалмырзаұлы туралы көп дүние айтуға болады. Ол – өнерде өзіндік нақыш, мәнерін айшықтай білген азамат. Парасат-пайымы да бөлек. Биыл асқаралы алпыс жасқа толып отырған композитор ағамен аз-кем сырласқан едік. 

aizhigit asanov

– Айжігіт аға, Шерхан Мұртаза «60-талтүс» деген екен. Сол талтүстегі шағыңызда артыңызға бұрылып, қарасаңыз не көресіз?

– Алпыс – адамның өмір жасындағы бір белес қой. Бұл, өмір мектебінен сабақ алып, тәжірибе жинап, ой түйетін кез. Иә, Шерағаң айтқандай, алпыс тал түс сияқты. Өткенге көз жіберіп, қолымнан не келді, не істедім деп өзіңе іштей есеп береді екенсің. Менің ғұмырымның 26 жылы телеарна саласында өтті. Қатардағы инженерден бастап, директордың техника жөніндегі орынбасары, директордың міндетін де атқарған кездерім болды. Телевидениемен бірге есейіп, бірге шыңдалып, оның өсіп-өркендеуіне шама-шарқымша үлес қостым. Атқарған шаруаларымның бәрін тізбектеуім шарт емес. Тек мына бір жайды айтып өткім келеді. Кезінде құны 1 млн АҚШ долларына жуық ЖТСС-ті (жылжымалы телеспутникті станция) Қарағандыға беретін болған. Корпорация басшылығының сол шешімін өзгертуге ықпал етіп, ЖТСС-ті біздің телеарнаға берілуіне себепші болғаныма қуанамын.

– Шымкентте шығармашылығыңызды дәріптеген шаралар өте ме?

– Халықпен жүздесу – әрбір өнер адамның арманы. Бірақ шығармашылығым жөнінде ел алдына шығып, есеп беру жөнінде әлі күнге ойланбаппын. «Айжігіт, қашан кеш өткізесің? Елге есеп беретін кезің болды ғой» деп достарымның айтқанына біраз болды. 60-тың асқарына шыққанда шығармашылық есеп беруім керек шығар деп ойландым. Жарыққа шықпай жатқан әндерім қаншама?! Алдымен әндер жинағымды екі кітаппен, нотаға түсіріп шығармақпын. Сондай-ақ екінші альбомым жарық көрмек. Алла жазса өнерсүйер қауымға биыл есеп берудің сәті түсетін сияқты.

– Бала күніңізде өнер адамы болам деп ойладыңыз ба, ата-анаңыздың оған қатысы бар ма?

– Өнерге қызығушылық мектеп қабырғасынан басталды. Домбыра тартып, мандалинде ойнадым. Әрі сабақты жақсы оқыдым. Бірақ сол уақытта өнер саласын үлкендер қаламайтын. Маған ұстаздарым: «Сен оқуың керек. Өнерді қуып қайтесің?» – деді. Ата-анам да әртіс болғанымды құптамады. Үлкендердің сөзі бұлжымас заң ғой. Содан құрылысшы, прораб болуды армандадым. Кейін электроника жағына көңіл ауды. Алғашқыда осы сала бойынша Қазақ политехникалық институына оқуға құжат тапсырдым. Бірақ жолым болмай, сынақтан сүріндім.
Келесі жылы әскерге шақырды. Үш күннен соң, келесі шақыртуға қалдыңдар деп қайтарып жіберді. Алып-ұшқан көңілім су сепкендей басылды. Не керек, политехникалық институтқа қайта бардым. Жолым болып, оқуға қабылдандым. Оқу орнында оқып жүріп, әскери мамандық алдым. Сол уақытта «Дос Мұқасан» ансамблінің аты дүркіреп тұрған. Политехникалық институтта оқитын оларға қатты еліктейтінбіз.
Адам композитор болып туылмайды. Бір пайыз дарын болса, 99 пайыз еңбектен тұрады. Мінезім тұйықтау болғандықтан, көпшілік ортадан шеттеп жүремін. Маған адамның ішкі жан-дүниесін тербеген иірімдер әуен арқылы сыртқа шығатындай көрінеді. Тұманбай Молдағалиев сынды ақындардың өлеңдерін жатып-жастана оқитынмын. Бірде өлең жолдарының бірі ұнап қалды. Шумақтары әнге сұранып тұр екен. Әуенін жазса қалай болар екен деген ой туды. Алғашқы әндерім 1980 жылдары институт қабырғасында оқып жүріп, жазылды. Кім біледі, егер өнерге біржола бетбұрғанымда Кеңес Дүйсекеевтей танымал композитор болар ма едім... Солай деп армандап қоятыным бар.

– Айжігіт аға, әндеріңіз республикалық байқауларда топ жарып жүр. Үлкен сахналардағы өнер додасына қалай қатыстыңыз?

– Ән көңілдің айнасы ғой. Ол жайшылықта тумайды. Жас кезімде әртүрлі тақырыптарда әндер жаздым. Менің әндерім достарымның арасында ғана орындалатын. Үлкен сахналарға 2006 жылға дейін шығарылған жоқ. Елу жастан аса патриоттық тақырыптарға жаза бастадым. Бұл бағыттағы әндер менің жаныма жақын болды. Бір күні ақын, сазгер Бақытжан Ауданбаев ұсыныс айтты. Күн сайын әскери бөлімшеде сарбаздардың сапта тұрып, орысша, қала берді той әуендерін айтатынын айтып қалды. Сапты көтеретін ән жазсақ қайтеді деді досым. Көп ұзамай «Қазақстан сарбаздары» жазылды. Жаңа әніміздің тұсауын «Мұнарлан» тобы сахнада кесті. Кейін республикалық байқауда топ жарып, бұл ән жеңімпаз болды. Іле-шала көптеген әскери әндер өмірге келді. Ойды ой қозғайды емес пе? Тәуелсiздiктi жырламаған ақын, әнге қоспаған сазгер кемде-кем. Менiң әндерiмнiң көпшiлiгi – патриоттық әндер. Сондай әндерiмнiң бiрi – «Тәуелсiздiк» әнi. 2011 жылы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы кең ауқымда өткізілді. Ұлттық мерекеге мен де өз үлесімді қосқым келді. Ой жетегінде жүргенімде әріптесім Базарбек Түкібаев келді. «Айеке, Тәуелсiздiкке арнап ән шығарсақ қайтедi, Сәкең (Саттар Қуашбаев) екеумiз бiрiгiп жазған өлеңіміз бар еді. Қарап көрсеңіз» дегенi. Мәтiндi оқып шықтым. Шумақтарынан қуаныш пен шаттықтың лебі есіп-ақ тұр. Мәтiнiн ұнатып, алып қалдым. Әуенді ұлттық нақышта жазғым келді. Сөйтіп бір әуен өмiрге келдi. Сол уақытта республикалық «Отаным менің жүрегімде» атты бейнебаяндар байқауы өтіп жатты. Жаңа әнді ойланбастан додаға қосып жібердік. Әннің мерейі үстем болып, жүлдені жеңіп алдық. Қазір патриоттық тақырыптағы әндеріміз үлкен салтанатты жиындарда орындалып жүр. Өз ұжымымда, өнерде де адал еңбек еттім деп ойлаймын. Еңбегім бағаланды, сол үшін әнсүйер қауымға рахмет! Алпысқа келдім деп, қарқынымнан тоқтап қалмаймын.

– Бүгінгі сазгерлерде салмақты туындылар сиреп барады. Көбінесе жеңіл әндерге жақын. Оның сыры неде деп ойлайсыз?

– Шынын айтқанда, өнерді құнсыздандыруға әсер ететін факторлар болады. Кейінгі кезде ол сондай құбылысқа айналды. Ерінбегеннің бәрі әнші болды. Қазір депутат та, актер де әнші. Студияға ән жаздырып, сахнада әнші болып жүр. Өкінішке қарай, музыканың мәнін де, бағасын да түсіретіндер осындай арзан, өзін-өзі жұлдыз көрсететіндер. Музыкаға хобби ретінде қарайтындар көбейді. Және сондайлар кәсіби әншілермен қатар сахнаның төрін бермейтін болды. Бүгінде музыканттарды сала-салаға бөліп, өз бағытына бағыттайтын кәсіби сыншылар да жоқ. Музыка да тірі ағза. Оның да сан-саласы бар. Халық тойда билесін, көңіл көтерсін. Бірақ, той әнін сахнаға шығаруға, талғампаз аудитория алдында орындауға болмайды.

– Ұзақ жылдар бойы «Қазақстан-Шымкент» телеарнасындағы іргелі ұжымда еңбек етіп келесіз. Шығармашылықпен еркін айналыса алмадым деген өкініш жоқ па?

– Аздап өкінішім бар. Жұмыста жүріп, шығармашылықпен еркін айналыса алмайсың. Дегенмен телеарнаға жайдан-жай келген жоқпын. Ол кезде алғашқы теледидар қандай еді?! Соның ішінде не бар? Қалай жұмыс істейді? Адамдары қалай сөйлеп жатыр деген менде қызығушылық болды. Осы мамандықты қалап, Қазақ политехникалық институтына түстім. Қосымша телемастердың курсын да аяқтадым. Сарышаған сынақ полигонында инженер де, оқытушы да болдым. 1990 жылдан бастап ҚР ТРК АҚ Оңтүстік Қазақстан облысы телерадиокомпаниясында қызмет етіп келемін. Алғашқы жылдары телеарнаның жұмысы оңай болған жоқ. Бірақ мен үшін жұмысқа бару мерекемен бірдей секілді еді. Қуанып барып, қуанып қайтатынмын. Телеарнада достарымды арттырдым. Шығармашылығымды шыңдадым. Мұнда менің жастығымның куәсіндей болып жүріп өткен жолым жатыр. Жарыққа шықпаған дүниелерім көп. Алдағы уақытта шаң басқан шығармаларымды қолға алып, ән жазсам деймін.

– Жұртшылық көбінесе сізді танымал әндеріңізбен жақсы біледі. Одан бөлек қырыңыз туралы айтыла бермейді.

– Өнер адамдарын ақсаусақ деп ойлайды ғой. Мен кішкентайымнан үй шаруасына бейіммін. Еңбекпен өстім. Электр жарығын жөндеуден кәсіби шебермін десем, мақтанғаны демеңіз. Жеңіл-желпі автокөліктің ақауларын да өзім тауып жөндей беремін. Тоңазтқыш, теледидар бұзылып қалса, қалпына келтіре қоямын.

– Отбасыңызда жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?

– Балаларымның өнерге икемі бар. Екі қызым Гүлжаһан мен Меруерт музыкалық мектепте оқыды. Домбыраны жақсы шертеді. Бірақ өнер жолын қуған жоқ. Ал ұлым Сәкен кішкентайынан сурет салғанды жақсы көреді. Қаладағы сурет мектебінде білім алды. Ә. Қастеев атындағы колледжді бітірді. Қазір анимациялық дүниелер жасаудың шебері. Жұбайым
Гүлзат Сейтмұратқызы. Мамандығы шет тілдер пәнінің мұғалімі. Аймақтық әлеуметтік иновациялық университетінде оқытушы.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Опубликовано в Мәдениет
Страница 2 из 4