Кеңес заманының идеологиялық үрдісінің нәтижесінде Куба елі мейлінше дәріптеліп, сүйкімді сипатқа ие болды. Э.Че Гевара, Ф.Кастро тұлғалары культ дәрежесіне көтеріліп, талай жастың қиялын тербейтін. Бүкілодақтық радиодан «Куба-любовь моя» әні жиі беріліп жататын. 1960-жылдары Б.Момышұлының онда барып, Куба әскерилеріне соғыс тактикасы туралы арнайы лекция оқып қайтқаны ерекше мақтаныш болатын. Кеңес Одағында өтетін жарыстар ма, фестивальдер ме, оған қатысатын Бостандық аралының өкілдері ерекше ілтипатпен қарсы алынатын. 1960 жылдары Кеңес өкіметінің шақыруымен Сочиде демалып жатқан Э.Че Геварамен кездескен мәдениет және кәсіподақ ардагері Ж.Сейітжанов ағаның әңгімесі тіпті әсерлі.

11

Соңғы кездері Ф.Кастроның жеке оққағары қазақ азаматы болғанын естіп, тағы мерейленіп кеттік.

Ал шымкенттік әнші, бүгінде ҚР еңбек сіңірген әртісі, өнер ұстазы-профессор Құрман Шойынбаевтың аты аңызға айналған Фидель Кастроның алдында ән салып, испан тілді латынамерикандықтардың, Куба революциясының көсемінің ықыласына бөленгенін осы жұрт білер ме екен?!

1985 жыл. Кәсіподақ па, партия ма, әйтеуір, жақсы байланыстар арқасында Шымкент облысының үлкен өнер тобына Куба еліне бару мүмкіндігі туды. Аспаптық ансамбль (жетекшілері-Қ.Байтемиров, Э.Жолдасов), Алматы медицина институтының Шымкентегі филиалы студенттерінің би ансамблі (жетекшісі-Б.Мейірбеков), әншілер, басқалар режиссер С.Елеусізовтың жетекшілігімен әдемі, ұлттық колоритке бай концерттік бағдарлама жасап, Атлантика асып кете барды... Гавана. Сантьяго де Куба. Ауа райы ылғалды, барқыт жел есіп тұр. Жұртшылық келбетінде мамыражай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды білдіргендей уайымсыз, мерекелік күңіл-күй. Сәлемдері жарқын. Қаладағы ескі автокөліктер жылжуынан билеп, ойнап кетіп бара жатқан халықтың жылдамдығы екпінділеу... Гид қалада бір көшені нұсқап, осы көшемен американдық танкіге мінген Ф.Кастроның 1959 жылы қалаға кіріп келіп, Баттиста режимі талқандалғанын жариялағанын айтты. Бостандық аралы азаматтарының қастерлі орны. Әйгілі Монкада қамалы. Оқ тескен қабырғалары әлі сол күйінде, «ремонт» көрмеген бе деп қаласың. Осында орнатылған үлкен сахнада концерт болмақ. Буырқанған, еркіндік буына әлі тоймағандай халық әр номерді жақсы қабылдап жатыр. Әсіресе сахнаға Құрман шығып Фальвоның «Айтыңдаршы, аруларын» орындағанда халық нөпірі теңіздей толқып кеткендей болды.

Ертеңіне қалалық кинотеатр болса керек, бір жабық ғимаратта Кеңес-Куба достығына арналған іс-шара жоспарланған. Залда мылтық асынған әскерилер көп. Сөз сөйлеу керек. Революциялық рух, өнердегі байланыс туралы ойымызды білгір өнер иесі С.Елеусізовпен пысықтап алдық. Сол жерден «Біз-Кронштадттанбыз» фильмінің күйтабағын тауып қойғанбыз. Аты мәшһүр хореограф-балетмейстер Альберто Алонсоның кездесе кеткені қандай жақсы болды. Ол кісімен бұрын кездескендігіміз, таныстыығымыз бар болатын. Институтта испан тілін үйренгенімнің мұндайда пайдасы тигенін қараңызшы... Залдағы қол шапалақ, жарқын-жарқын лозунгтар сүйемелдеуімен бірер сөз айттық.

Құрман орыстың «Калинкасын» әуелеткенде зал гулеп, тіпті билеп кетті.

Фильм басталды. Соңғы кадрлар; Юденич басшылығындағы ақтар тұтқындалған революцияшыл матростардың мойнына тас байлап, Балтық теңізіне лақтырып жатыр. Залда ығы-жығы дауыстар естіле бастады. Енді бір сәт «но пасаран!» деген ұранмен экран атқылана бастады. Зал іші көк түтін. Еліріп кеткен кубалық патриоттар... Апырай, соғысқа дейінгі фильмнің әсер ету күшін әлі жоймағандығын қараңызшы!

Консулдық өкілі М.Голошубин Серік ағамызға келіп, азғана топты ықшамдап алып, комендантенің резиденциясында өнер көрсетуге алып баратын болды. Ескілеу советтік «Лазбен» тиісті жерге келгенде кубалық әріптес өнерпаздардың ыстық ықыластары өз алдына, әсіресе Фидель Кастроның әскери формада ширақ жүрісі, жарқын жестері, ашық мінезі, күлкісі – бәрі есте. Домбырашылар триосы бірнеше композиция орындап, өнер көрсетуін екпінді төкпе күймен аяқтады. Құрман Ж.Бизенің «Смиттің серенадасын» ерекше сызылтып шырқап берді. Комендантенің риза болғаны сондай, орнына тұрып, қол соқты. Ол топтан бір кісі келіп «рахмет, бәрекелде» дегендей жымиып, ром ұсынғаны тағы бар. Енді Құрман «Айнамкөзді» аңыратты. Сәлден соң Фидель өзінің алып денесімен әншіні құшақтап, арқасынан қағып жылы сөздер айтып жатты. «Грацияс» дегеніне, кубалық сигара ұсынғанына қарағанда көсем риза болғаны көрініп тұрды. Жас әншіміз салтанаттан көңілі тасып шықты.

Ертеңіне әскери линкорға мініп Кариб теңізінің айдынына шығу Құрманға тіпті қанат бітіргендей болды... Орыстың «ухасындай» ас әзірленген. Ромның түр-түрі... Сигаралар... – Анау Майями, яғни Америка, мына жағы – Бермуд үшбұрышы... – әңгіме-таныстыру тоқтамайды. Бір кезде Құрман «Ақбақайды» шырқады. Алыстағы Куба жағалауында, Кариб бассейнінде ол ерекше тыныспен орындалғанын әнші ұмытар емес. Капитан Эрнесто Фуэнтос матростарды сапқа тұрғызды. Бұйрық берді. Кеме зеңбіректері гүрс-гүрс атқылап кеп берді. Тәржімашы бұл қазақ әншісіне көрсетілген құрмет белгісі екенін түсіндірді. Әңгімелерінен бұл әншіге деген комендантенің кешегі ықыласының жалғасы деп ұқтық.

Содан бері Құрман әншілік өнерін шыңдаумен келеді. Орындаушылықтың жоғарғы белесі-консерваторияны, көрнекті ұстаз Н.Шәріповадан бітіріп шықты. К.Байсейітова конкурсында жүлдегер атанды. Кейінгі жетістіктері, тынымсыз концерттік қызметі, мемлекеттің ең жоғарғы құрметті атағын алғаны, ұстаздық етуі – бәрі шымкенттіктердің көз алдында. Ұлыбритания, Польша, Ресей, Монғолия, Өзбекстан сахналарында әнші әуезді үнін, жүрек жылуын қалдырған. Қазақ әуені Әміренің Парижды тамсандырған кезінен бастап талай жерде орнығып, әлем ықыласына бөленіп жатқан болса, ол үрдістің ішінде ҚР еңбек сіңірген әртісі Құрман Шойынбаевтың да үлесі қомақты.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құрман Шойынбаев қаншама ресми қонақтар алдында, мемлекеттер жетекшілері, БҰҰ өкілдері алдында өзінің кең тынысты, тербелген лирикалық-драмалық тенор даусымен қазақтың ән әлемін жайып салды десеңізші! Ал Куба революциясының көсемін байсалды, көрнекті әншіміз ерекше ілтипатпен атайтыны осы бір эпизодты еске түсіруге түрткі болды. Әлем жұртшылығы қатарында Командантеге бақұл бол! – айтамыз. Ал елдің сүйікті әншісі, кезінде Фидельмен дәмдес болып, көсемнің ерекше ықыласына ие болған бұл күнде өнер тарланы ретінде Оңтүстік сахнасының сардарына айналған Құрман Әлтайұлына «шырқа, әуелете бер, қазақ әнін!» – дейміз.

 

Асқар ӘЛИХАН,
ҚР мәдениет қайраткері

Опубликовано в Мәдениет
Среда, 15 Февраль 2017 04:27

Елі ардақтаған ақын

Шымкенттегі «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында  Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов облыс жастарымен кездестi. Шарада ақынның атақты шығармаларынан үзінділер оқылып, қаламгер өмірі, шығармашылық жетістіктері туралы қойылған жастардың сауалдарына жан-жақты жауап берді.

agha3 13

Рухани шараға ұйытқы болған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мұндай кездесулердің жастар үшін берері мол екенін тілге тиек етті. 

– Қазақта ұлы тұлғалар жеткiлiктi. Солардың бірі және бірегейі – Олжас Сүлейменов ағамыз. Бар ғұмырын қазақ руханиятының дамуына сарқи жұмсап келе жатқан қаламгердің Оңтүстік Қазақстанға сапарын тиімді пайдаланып, жастармен кездесу ұйымдастыруды жөн көрдік. Мұндай кездесулер жастарға жаңа серпін, жақсы өнегелі тәрбие беретіні сөзсіз. Осындай шаралардың арқасында өңір жастарының мәдениеті қалыптасады. Қай бағытта өсіп-жетілу керектігі туралы таным-түсінігі артады, - деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Емен-жарқын ашық ой алмасу кешінде қуатты қалам, шуақты ойдың иесі жастарды бар күш-жігерін игі іске арнауға, қоғамдық мәселелерде белсенділік танытуға шақырды. Ұлттың ұмытылмас ұл-қызы болуға үндеді. Ел мәдениеті мен руханияты саласында атқарылып жатқан игі істерге тоқталды.

agha2 13

– Оңтүстік менің өмірімде орны ерекше өлке. Мұндағы жұрт қазақтың қаймағын бұзбай, салт-дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін сақтап келеді. Мен Қазақстанның барлық аймақтарына іс-сапармен шығып, сол өңірлердегі зиялы қауым өкілдерімен, жас буынмен кездесулер өткізіп жүрмін. Мұндай кездесулер қаламгер қауымға қашанда шалқар шабыт, ерекше талпыныс, күш-қуат береді, – деді Олжас Сүлейменов.

Ал жастар жағы сексеннің сеңгіріне шыққан халқымыздың біртуар перзенті, жазушы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовке зор денсаулық тілеп, арнауларын жеткізді. Жиын соңында облыс әкімі қоғам қайраткеріне құрмет көрсетіп, иығына қазақы шапан жапты.

Опубликовано в Мәдениет
Пятница, 03 Февраль 2017 06:07

Азалы жылдар ақиқаты

Облысымызда саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар саны 4 мыңнан асады. «Кеңес өкіметі кезінде Оңтүстік Қазақстан облысында 7 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Екі жарым мың адам "Қайтпас" шағынауданындағы «Қасірет» мемориалдық кешенінде мәңгілік мекенін тапты. Ал республика бойынша 25 мың адам атылған, олардың көбісінің артында қалған ұрпағы жоқ».

16388013 1465587926784548 4222938889475074855 n

Ақын Ханбибі Есенқарақызы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде басшылық қызмет атқарып тұрған кезінде біздің газетімізге берген сұхбаттарының («ШК», №104) бірінде осылай деп еді.

Ақынның айтуынша, мәселен, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болғандар мен хабарсыз кеткендерді 70 жыл бойына санап келеміз. Әлі де дәл дерек жоқ. Соғыс кезінде арнаулы есепке алушылар, статистер болды ғой, соның өзінде соңғы нүкте қойылған сан нақтыланбаған. Ал саяси қуғын-сүргіннің аржағында кәмпеске (елден мәжбүрлі түрде шығарылу) ашаршылық нәубеті жатыр. Зұлмат заман құрбандарының түсін түстеп, арнайы санын алып жүрген ешкімнің болмағаны айдан анық. Оның үстіне бұл жабық тақырып болғаны белгілі. Қазіргі тарихшылар да тереңдетіп зерттей алмай жатыр. Сондықтан бізге берілген сандардың шартты ұғым екенін естен шығармайық. Қазір бұл сандар күн өткен сайын айқындалуда. 

Бүгінгі күнге дейін репрессия құрбандарының біздің облысымыз бойынша жалпы тізімі 2500 емес екенін уақыт өзі айқындап берді. ОҚО Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директорының уақытша міндетін атқарушы Гүлмира Серікбаева осы аптада «енді батыл түрде ОҚО бойынша репрессияға ұшырағандар санын 4001 деп айтсақ болады» деп мәлімдеме жасады. 

16265222 1465587473451260 5575891699582500900 n

– 2500 деген сан 1998 жылы жарық көрген «Азалы кітаптан» алынған. 

Бұл кітапта 2124 адамның ғана тізімі бар. Біз осы тізімнің рас-өтірігіне көз жеткізу үшін Мәскеудің мұрағаттарына сұрау жіберіп, өзіміздің ҰҚК-нің мұрағат құжаттарынан жазықсыз жапа шеккендердің саны 4001 екенін анықтадық, – деді Гүлмира Серікбаева. 

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарына – 80 жыл» атты дөңгелек үстел барысында «Алаш ардақтылары» деген атпен кітап көрмесі қойылды. Белгілі зерттеуші, әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлының «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» атты жаңа кітаптың таныстырылымы өтті.

Опубликовано в Әлеумет

Танымал тұлғалармен аттас адамдар көп емес. Ал сондай есім мен текті иеленген жандарды кезіктіре қалсақ, мұндай сәйкестікке кейде таңырқап, кейде қызыға көңіл бөлетіндігіміз рас. Айталық, қоғам қайраткері, ақын, саясаткер Олжас Сүлейменовті білмейтін адам кемде кем. Алайда оның аттастары туралы біле бермейтініміз де заңдылық. Өйткені оның бәрі Олжас Омарұлындай ұлы тұлға емес қой. Дегенмен... таныс болыңыздар.

olzhas

Бүгінгі кейіпкеріміздің бірі – Оңтүстіктің тумасы Олжас Астана қаласының білім департаментінде бас маман болып қызмет етеді. Ол атақты адаммен аттас болғанын мақтан тұтады. Дүниеге келгенде жас сәбиге әжесі Жолдыбай деп ат қойғысы келеді. Сол тұста атақты ақын ердің жасы елуге келіп жатады. Газет беттерінде тұлғаға арналған мақалаларды оқып, ағасы Анарбай «есімін Олжас қояйық. Фамилиясы да Сүлейменов әрі ақынның туған күнімен тұспа тұс келіп тұр дейді. Бұл ұсынысты ата-анасы құптайды. Сөйтіп сәбидің атын азан шақырып, ырымдап Олжас қояды. 

Жас жігіт кішкентайынан жауапкершілікті сезініп өседі. Оқуда озат болып, қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысады. Өйткені ақынның атына кір келтірмеуді парыз санайды. Бір жолы мектепте ол «үш» алып қалады. Үйіне келген бала анасына: «Менің есімімді Олжас қоймай-ақ» Жолдыбай деп атамадыңыздар ма? – деп ренжиді. Бұл баланың өз есімінің салмағын сезінгендігі еді. 

olzhas-1

Оңтүстіктің тумасы Бәйдібек ауданы, Қайнарбұлақ ауылындағы мектепті бітіргесін арман қуып Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Мұнда Олжас қызықты оқиғаларға куә болады. Университетте студенттердің ең қымбат сыйлығы кітап емес пе? Сондай кітаптың бірін Бақтияр деген жігітке «Олжас Сүлейменовтен» деп қолтаңбасын қойып береді. Ол жігіт сынақ тапсырарда сыйлықты өзімен бірге ала барыпты. Оқытушы «Бұл кітапты кім берді?» деп сұраса, Бақтияр «Олжас Сүлейменов сыйлады» дейді. Оқытушы сондай атақты ақын сыйлап, құрметтеген бала осал болмас деп сынақ алмай-ақ, бес қойып беріпті. 

Жоғары оқу орнын аяқтағасын, Олжас елордадағы Тіл басқармасына жұмысқа орналасады. Бірде «Алаш және Әуезов» атты халықаралық конференция ұйымдастырылады. Басқарма басшылығының ұйытқы болуымен конференцияда оқылған баяндамалар мен материалдардан жинақталып, кітап құрастырылады. Кітапты құрастырушылар: Ербол Тілешов, Жұмагүл Тұрлыбекова және Олжас Сүлейменов, яғни кейіпкердің есімі соңына жазылады. Сонда бір кісі басшыға хабарласып, «Неге әйгілі ақынның есімін төмен қойғансыңдар?!» – деп сұрапты. Басшымыз бұл есімнің еш қатысы жоқтығын, мекемедегі қызметкердің ақынмен аттас екенін айтып, түсіндіруіне тура келеді. 

– Аты-жөнімді естіген кісілер «Шынымен Олжас Сүлейменов пе?» деп таңғалып, сұрап жатады. Аттас екендігімді білген «Қазақстан» телеарнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасы мен «Астана» арнасы «Аттастар» атты бағдарламаларына шақырған болатын. Сонымен қатар, бірнеше газеттерге де сұхбаттарым жарияланды, – дейді Олжас Сүлейменов. 
Олжас ақынның алпыс жылдық мерейтойында еліміздегі өзімен аттас балаларды Алматыға жинады деп естиді. Сол жаңалықтан хабардар болмағанына қатты өкінеді. Сөйтіп кездесуді армандайды. 2006 жылы Олжастың тілегі орындалады. Ақынның 70 жылдық мерейтойы Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығында өтеді. Кеш біткесін кейіпкеріміз ақынға есімін өзі секілді халықтың ардақты ұлы болсын деп, ырымдап қойғанын айтады. Танымал тұлға ақ батасын беріп, кітабына қолтаңбасын қойып береді. Ақын секілді өлең жазбаса да, Олжас прозалық шығармаларды оқығанды жақсы көреді.

Тағы бір Олжас...

DSC 4535Екінші кейіпкеріміз тәуелсіздіктің төл құрдасы – Олжас Сүлейменов. Ол қаламыздағы әділет департаментінде жеке сот орындаушы бөлімінің инспектор-іс жүргізушісі. Тұлғамен аттас болғанын мақтаныш сезінеді әрі оны өзіне үлкен жауапкершілік деп түсінеді. 

1991 жылы 5 ақпанда Сүлейменовтер отбасында шекесі торсықтай ұл дүниеге келеді. Отбасы мүшелері оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Мейіз апасы немересінің есімі мен тегін ақынға ұқсатып, ырымдап қойғанды жөн көреді. Осылайша жас Олжас айтулы ақын, белгілі қоғам қайраткерінің есімін иеленеді. 

Кейде кейіпкерімізді ақын екен деп шатастыратын кісілер де кездеседі. Департаментке келгендер Олжас Сүлейменовтің аты-жөнін естіп, таңданысын жасырмайды.

– Адамның аты затына сай болуы керек деген тәмсіл бекер айтылмаған ғой! Неғұрлым есімің асқақ болса, соншалықты биік белеске талпынады екенсің. Осындай тұлғамен аттас болғаныма қуанамын. Кейде аты-жөнімді көпшілік қызығушылықпен сұрап жатады. Қоғам қайраткеріндей еңбек жасай алмасам да, сондай есімді алып жүрудің өзі мен үшін абырой, – дейді біздің кейіпкеріміз. 

Олжастың өлең жазуға қабілеті болмағанымен, поэзияны сүйіп оқиды. Алдағы уақытта танымал тұлғамен кездесіп, қолтаңба алуды армандайды. Кім біледі, сәті түссе, арманы орындалып та қалар бәлкім...

Опубликовано в Мәдениет

Жыр дүлдүлі Жамбыл атамыздың «Менің өмірім» деген өлеңіндегі:
«Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей – көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан», – деген жолдарынан оның Жамбыл тауының етегінде ақ түтегі бораған ақпанда туылғанын білеміз. Жамбыл жоқшылықтың жұтаң тұрмысын кешіп өсті. Әкесі Жапа кедей болғанымен ел ішінде сөз ұстаған, дау-дамайда бітімгерлік шешімін айта білген адам екен. Шешесі Ұлдан мінезі салмақты, төңірегіне тәлімді, қисыны келгенде қиыстырып өлең шығара беретін, отырған жерінде әдемі дауысымен сызылтып ән салатын, өнерге жақын жан болыпты. Жамбылдың арғы аталарынан ділмар шешендер, өнерпаз серілер шыққан екен. Содан болар Жәкеңнің тегі – Екей руы туралы ел ішінде: «Екейде елу бақсы, сексен ақын, Жаратып мінеді екен ерттеп атын. Қобызы, домбырасы үнін қосып, Гулейді жын қаққандай кешке жақын» деп шындықты әзіл араластыра айтатын көрінеді.
Ес білген соң әкесі оны ауыл молдасына оқуға береді. Бірақ дүмше молданың ұрып-соққан қорлығына шыдай алмаған бала Жамбыл «дүмшеден дәріс емес, дүре алғанша, қолыма домбыра алып, жыр айтайын» деп өлеңге бетбұрады. 13 жасынан бастап-ақ ақындыққа аңсары ауып, өлеңнен өрнек тоқи бастаған бала бірде үйге әкесінің үстіне кіріп келіп:
«Батаңды маған бер, әке,
Тіліме менің ер, әке.
Жапаның ұлы ақын боп,
Жақсы істепті – дер,әке!» – деп батыл тұрып бата сұрапты.
Молданың алдын тастап кеткен баласының бағытын құптай қоймаған әкесі «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген сөз де жетер, Сен сексен бірінші болмай-ақ қой. Ақынның түбі – қайыршылық, бақсының түбі – жын. Жын, бақсы болып ел кезгенше, мал бақ» деп теріс аунап түсіпті. Бірақ өр мінезді, тентектеу болып өскен бірбеткей бала айтқанынан қайтпай Жетісу бойына атағы шыққан Сүйінбай ақынға барып, сөзін сынатып, батасын алады. Жамбылдың:
«Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай.
Сырлы, сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай
Сүйінбай деп жырласам,
Сөз келеді бұрқырап,
Қара дауыл құйындай», – деп ұстазын ардақ тұтып өткені де сондықтан. Байдың қойын бағып жүргенде далада ұйықтап қалып, түсінен ақын болып оянған Сүйінбай ұстазы секілді Жамбылға да ақындық өнер түсінде қонады. Мұны ақынның өзі: «Бір күні Жетісай жайлауында жылқы бағып жүріп, түс көріппін.Түсімде ақсақалды қария келіп: «өлең аласың ба, көген аласың ба?» деді. Мен: «Өлең!» деппін. Оянып кетсем, көкірегімді бір толқын кернеп, алқымыма тығылғандай болып жатыр екенмін. Дереу үйге жетіп, домбыраны ала салдым да оңды-солды төгіп-төгіп жіберіп едім, кеудем ашылып, жан-сарайым кеңіп сала бергендей болды» деп еске алғанын білеміз. Сол өрекпіген жыр толқынның екпінімен 17-18 жасында-ақ топ жарып, айтыстың ақберен жүйрігі болып таныла бастаған Жамбыл Жабаевтың есімі Жетісу өңіріне түгел тарайды. Жамбылдың осы өңірдегі аузымен құс тістеген небір шешендермен сөз додасына түскен шақтарында жүрегіне шоқ түсіріп, махаббаттың машаһатына салған ақын қыздар Бұрым мен Сараға деген сезімі оның тағдырының мұңды бір бөлшегі болып қалды.
Жамбыл жиырма жеті жасында Айқым еліндегі бір тойда Қыдырма қызы Бұрым сұлумен танысады. Талшыбықтай бұралған бойжеткен ажарымен ғана емес, ақындығымен де, әншілігімен де жүрегін бірден жаулайды. Жәудір көз, ақша маңдай, алма мойын арудың көркіне өнері, сөзіне ақылы сай екенін аңғарған ақын жігіт қайымдасып, жөн сұраса келе айтыстың қызығын сезімінің қызуымен қабыстыра термелей жөнеледі. Қыз да осал қарсылас емес еді. Әйткенмен сан рет кездесіп, жұрттың да желігін қоздырып, өздері де желе қатар тақымдасқан қос ақын бірін бірі жеңе алмай тарқасатын. «Жамбыл-ау, бұл қызбен ұзақ, қызу айтысып, не жеңбедің, не жеңілмедің» дегендерге: «Мен Бұрыммен жеңу үшін айтысып жүр дейсің бе?» деп көңіл көкжиегіндегі сырдың ұштығын шығара жауап беріп қояды. Қыз да Жамбылдың жан- жүрегіндегі ынтық сезімге ыстық ықыласымен жауап беріп, қос ғашықтың арманы бір арнаға тоғысады. Әттең, бірақ Бұрымның айттырылып қойған жері бар.Ал жүректің қалауы – Жамбылда.. Шешуші сәт тақап, айттырылған жаққа ұзатылар шақ жақындағанда қыз ғашығымен кетуді ұйғарып, Жамбылға шешімін білдіреді. Жамбыл сүйгенін алып қашып, ағайындарына барып паналайды. Бұл оқиға екі елдің арасында үлкен дау туғызып, жауласуға әкелетін жағдайға жетеді. Ел іші бұзылатын болғандықтан Жамбылды өзіне жақын тұтатын осы аймақтың беделді болысы Сарыбай ақын жігітті зорлықпен көндіріп, Бұрымды төркініне қайтарады. Заманның зауалы, қоғамның әділетсіз қағидасы ақын жүрегін қатты жаралап, еңсесін езеді. Кіршіксіз сұлу сезімінің тұнығын мұң шайқап, жаны жабырқаған Жәкеңнің «Бұрымға» деген өлеңі осындай нала мен арманнан туған еді.
«Сен лашын болғанда, мен ақ сұңқар,
Бір көріп, дидарыңды болдым іңкәр.
Көркің бар көрген адам таң қалғандай,
Шыққандай жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар.
Жасымнан жақсыларды жағаладым,
Алатау, Қаратауды араладым.
Қай тұсқа аттың басын тіресем де,
Өзіңнен басқа сұлу таба алмадым.
Жарқ еткен оқтан ұшқыр бота көзің,
Балқытар қорғасындай айтқан сөзің.
Сыртыңнан атыңды естіп жүруші едім,
Қаңбақтай жел аударған келді-ау кезім.
Айрылдым айжарықта Бұрымымнан, 
Азаптың кім құтылған құрығынан.
Жастықтың желігімен жүргенімде
Келмейтін Сырдың суы жұлығымнан.
Есімнен еш кетпейді қайран, Бұрым,
Мүшелі байланбаған ол бір құлын.
Қайтесің өткен істі еске салып,
Жүрегім қасіреттен жырым-жырым», –
деп келетін жырынан ақын жанының ащы запыранын сезгендей боласың. Өкінгенмен өктем заман өткелінен өтер жол жоқ. Айкүміс ақынмен бір айтысында Жамбыл «әуелден-ақ болдың ойда», «құмары басылмаған албырт едім» деп ақын қызға жігіттік желігін білдіре тіл қата отырып, «жасшылық ұрындырды талай жарға» деген өкінішін де астарлап аңғартады. Сөз орайында қиянатшыл қоғамның қыз тағдырына тұсау салар қысастығына қынжыла келіп:
«...Сол үшін жатсам, тұрсам арманым көп,
Қор болып кете ме деп бір жаманға», – деп қайырады. Сонда Айкүміс адамның ерік шеңберін заманның шеңгелімен шегендеп:
«Жамбыл-ау, күпсінесің неге сонша,
Құтқарып қыз біткенді қалған жанша.
Қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың,
Тұтқасы дүниенің сенде болса?!» – деп астарлай ой тастайды. Айкүмістің «қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың?» дегендегі меңзеп отырғаны—Бұрым болатын. Әрине, ақын қыз бұл жерде дәрменсіз жігітті кінәлап та, күстаналап та отырған жоқ. Ол уақыттың уысындағы тағдырдың тар жолына нала көңілін білдіріп отыр.
Бұрыммен тағдырын табыстыра алмаған Жамбыл ақынның өмірлік жолына ескіліктің солақай салтының тосқауыл болғаны бір бұл ғана емес еді..Жастық дәуренінің қимас күндерін сырлы сезімге шомылдырып, тағы бір сұлу жолыққан. Ол – Албан Бөлек батырдың қызы – Сара ақын болатын. 1875 жылдың қоңыр күзінде Қарқара жайлауындағы әсем бір кеште алтыбақан басында тамылжыта ән салған әппақ арудың айдай жүзі, тана көзі жасы отызға ойысқан ақын жігіттің жүрегіне шоқ салды. Ерке қыздың есті алған назды үні Жамбылдың жүрегінде жыр толқытты. Ақын жігіт көкірегін кернеген арман отын ару бойжеткеннің балбыраған өңі мен балдай үні еріксіз үрлеп, аңсаған бақытын осынау жайлауда тапқанын өлеңмен өріп, әуенмен әрлеген. Сара қыз да сырттай атына қанық, санасы өзімен теңдес замандасының зерделі сөздеріне зейінмен ынта қойып, ішкі сезімін тұспалмен жеткізген. Бір-бірінің сырын алысқан Жамбыл мен Сара бұдан кейін де осындай сауық кештерде бірнеше рет жолығып, қыз бен жігіт болып айтысып, сезімдерін сұлу сөзбен қағыстыра, көңіл түкпіріндегі тілектерін қабыстыра бір-біріне өлең арнайтын. Сараның «Угай-угай-әй-угай» деп сызылта салатын әні жігіт жанының толқындарын дөп басып жататындай еді. Өнермен танысып, өлеңмен табысқан қос өнерпаз бір-бірінің жүрек сырын қапысыз ұғысқан. Сол сезімнің жетегімен екеуі бас қоспаққа уәде байласқан. Бірақ ғашықтардың жүрек әміріне жүген салған қыз әкесі Сараны айттырылған жеріне ұзатып жібереді. Жамбыл сүйгенінің соңынан іздеп барып, ебін тауып кездеседі де. Мұңлық ғашығы сонда көз жасын көлдете тұрып қалаусыз құшақта қор болып өтетін өміріне өксіп, арманын аңсаумен күн кешетініне налып, шерлі көңілінің күйін ақтарған. Көңілдің қалауын сезім-балға емес, қалыңмалға бағалаған әңгүдік күйеу әйелінің салқын пейілін сезіп, бейшараны жәбірлеп, ұрып-соғумен болады. Қорлық пен зорлықты, қасірет пен қайғыны көтере алмаған қайран Сара құсалықтан қайысып, қайтыс болады.
Жанына жазылмас мұң салып кеткен ғашығының қасіретіне езілген Жәкең өткен күндердің өзекті өртеген өкініші еске түскенде «Сара десе дегендей еді-ау, шіркін!» деп күрсініп, өз-өзінен күбірлеп отырады екен. Терең ойға түскен ондай шақтарда Сараның «Угай-айына» салып, ыңылдап ән салатынын сырт көз талай байқаған. Кейініректе жұрт Жамбылдың әні деп айтып жүрген «Угай, угай, әй-угай» расында Жәкеңнің емес, Сараның әні еді.
Жамбыл атамыз жас күнінде Құлмамбет, Сарбас, Нұрмағанбет, тағы басқа әйгілі ақындарды айтпағанда сөзбен зер тоқыған Айкүміс, Сайқал қыз, Бөлектің қызы секілді ақын қыздармен де айтысқа түсіп, оларға жігіттік желдірме көңілмен сылқым сөзін арнағаны анық. Бірақ Бұрым мен Сара қыздың ақын тағдырындағы жөні бөлек. Бұл екі ару да жыр дүлділінің өнер жолындағы ғана емес, өмір жолындағы да қимас, қымбат жауһарлары еді.
Сүйген жүректі қайта-қайта сүріндірген қиянатшыл заманның зұлымдығы мен әділетсіздігінен жаны жүдеп, көңілі жабырқап жүрген шағында әкесі Жамбылға Орынбек дегеннің қызы Момынды құда түсіп, алып береді. Бірақ Қожаш, Қожамберді, Қожақ атты үш ұл тұған Момын өмірден ерте озады. Қырыққа таяған жасында Жамбыл өзі қалап Тілеуқабыл қызы Қанымжанды айттырып, бас қосады. Жамбыл жар қызығы мен шаңырақ шаттығын осы Қанымжаннан көреді. Одан Алғадай, Шымбай, !зтілеу, Тезекбай туылады.
...Ия, жасы жүзге таяп өмірден өтсе де Жәкеңнің жүрегін жаралаған жауһарлар оның жанының мәңгі сағынышы мен аяулы арманы болып қалғаны ақиқат.

Опубликовано в Мәдениет

Әр жылы түрлі салада жемісті еңбек етіп, елге қызмет көрсеткен азаматтарға «Жыл үздігі» номинациясын табыстау дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді. Осы орайда облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың ықыласына бөленген 52 үздіктің бірі, белгілі сәулетші – Бақытжан Әшірбаев. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жаңа жобаларды қолға алған Бақытжан Құдайбергенұлынан сәулет өнері туралы сыр тартып көрдік.

15800809 1425943607415647 536383491324223156 o

– 2016 жылдың «Үздік сәулетшісі» болып танылдыңыз, құтттықтаймыз!

– «Жыл үздігі» номинациясына мені таңдау – талай жылдан бергі атқарған еңбегімнің бағалануы деп білемін. 2016 жылдың 9 ақпаны күні 63 жасқа толдым және сол күні облыс әкіміне өтінішімді жазып, зейнетке шығып кеткенмін. Ол кезде облысты Бейбіт Атамқұлов басқаратын. «Неге бірден зейнетке шығып барасыз? Әлі де талай істі тындыруға шамаңыз келеді ғой» десе де, шешімімді өзгертпедім. Өмір бойы қызметте жүргендіктен бе, бір ай ғана алаңсыз демалуға тағатым жетті. Біршама жауапкершіліктен босаған соң шығармашылық шабытым тасып, бұрыннан ойда жүрген жобаларды қайта пысықтай бастадым.

 

– Ол қандай жобалар еді?

– Жалпы, әр ауданды көркейтуге мүмкіндік беретін жобалар. Игерілмей қалған жерлер кезек күтіп тұр. Солардың қатарында ең әуелі Ордабасы ауданының сәулетін қалай арттыра аламыз? Қалаға жақын, жаңадан салынған жолмен небәрі 20 минутта жетуге болады. Жол жиегін жағалай ағаш отырғызып, көгертіп қойса керемет емес пе? Су тапшылығы жоқ, Арыс өзені ағып жатыр. Сол маңдағы 900 гектар жерден Шымкент тұрғындарына ыңғайлы демалыс орнын жасау жобасына облыс басшылары ғана емес, аудандық әкімдіктер де қызығушылық танытты. Халықты шетелге саяхаттауға жібергенше, өзіміздегі мүмкіндіктерді пайдаланған дұрыс емес пе? Мұнда демалатын жағдай жасалса, біріншіден қазақтың бос жатқан кең даласын көркейтеміз. Екіншіден, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері оң шешімін табады. Үшіншіден, есептей келе жобаның бюджетті байытатынына көз жеткіздік.

otyrar

– Ағаш отырғызып, көгалдандыру мүмкін бе?

– Әрине. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолы өтетін осы аймақтағы жердің көбі иесі болғанымен бос жатыр. Сол жақпен жүріп өтсеңіз, мидай жазық даладан көз талады. Сырттан келген адам сахара деп ойлауы да мүмкін. Алысқа бармай-ақ, табиғаты ұқсас, іргемізде отырған Өзбекстанға барсаңыз «жасыл қаланы» көріп қайтасыз. Бос жатқан жер жоқ. Дәл сондай көгалдандыру жұмыстарын біздің облыстағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының бойында да жасауға болады.

– Су бармайтын жерлерді қайтпек керек?

– Бұл сұрақ төңірегінде мамандармен ақылдаса келе, 280 мың гектар жерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік барын анықтадық. Бірақ, бұрынғыдай арық-атызбен емес, жаңа технологиялық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы қол жеткізуге болады екен. Арыс, Боралдай, Бадам сияқты сулы жерде отырып, игілікті пайдаланбауымыз ұят-ақ. Саралай келе, жолдың екі жағынан 2 шақырымдай жерге жеміс ағаштарын отырғызып, тамшылатып суару әдісімен су жеткізілсе, соның өзі иен далаға көрік береді. Біздің жерімізде кез келген жеміс өсіп-өнеді. Егер осы бір ғана аудандағы жоба жүзеге асса, жылына 200 млрд. теңге табыс әкеледі екен. Бұл қазіргі облыс бюджетінен он есе көп табыс. Суға байланысты мәселені екінші қырынан алып қарасақ, тағы бірқатар сұрақтар жолға қойылады. Мәселен, жаз бойы су тапшылығы орын алғанымен, қыс маусымында жауын-шашын көп түссе, су тасып әуреге салатыны жасырын емес. Ордабасының өзін талай рет су шайып кетті. Яғни, су жүйесі реттелмеген. Осы орайда, 3-4 су қоймаларын орналастыруға болатын орындарды таптық. Егер сол қолға алынса, су да көбейеді, тасқынның да алдын ала аламыз.

sairam

– Бүге-шүгесіне дейін қарап шыққан тағы қандай жобаларыңыз бар?

– Төле би, Қазығұрт ауданында да талай қазына жатыр. Өгемнің өзі не тұрады? Нағыз туристік аймақ. Тағы да көрші елге назар аударыңыз. Қырғызстанда «Бүкіләлемдік көшпенділер ойынын» өткізу бүгінде дәстүрге айналған. Өткен жылы спорттың 23 түрінен өткен жарысқа 50-ден астам елдің спортшылары қатысты. Біздің Қазығұрт ауданындағы «Кеме қалған» аймағы да сондай іс-шара ұйымдастырып, туристерді тартуға өте ыңғайлы. Арғы жағынан Ташкент, бергі жағынан Шымкент көрінеді.
Сарыағаш ауданы – минералды судың отаны. Алақандай жер қалдырмай егін егіп, жердің құнарын пайдалана алсақ, бұл да облыс бюджетін байытудың бір көзі. Келес өзенінің бойынан саялы орындар мен дәмханалар түссе, игілігін жергілікті тұрғындар көреді. Егін шаруашылығына халықтың қызығушылығын арттырып, оларды да өңірдің әлеуетін арттырып, көркейту мақсатына жұмылдыруға жол ашады. Қарап тұрсаңыз, біздің Оңтүстік жұмақ та, жұмбақ мекен емес пе?
Міне, осылай бір жыл зейнетте отырып, үш жоба дайындадым.

turkistan

– Шынында да әсерлі көрініс елестейді. Сіз көрсеткен жобалармен облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы танысты ма? Қандай баға берді?

– Өңір басшысы қайдан естігенін білмеймін, шеберханама орынбасарларын ертіп, арнайы келіпті. Жобаларым туралы хабардар екенін айтып, толық танысты. Алғашында «жарты сағатқа келдім» десе де, үш сағат отырып тыңдады. Қызықтырған болуы керек, бұл жобалардан басқа жұмыстарым туралы да сұрап білді. Осыдан он жыл бұрын жасаған экспедицияның нәтижесінде он сериялы кино түсіргенбіз және сол жобаға арнап журнал шығардық. Өңір басшысының көңілінен шыққан болар, «Бұл жұмыстарды жалғастырайық!» деп ықыласын білдірді.
Біз – сәулетшіміз, мүмкіндіктерді қарастыра отырып жоба жасаймыз. Ал керемет дүниені кәдеге жарату үшін жоба мен қолдау аздық етеді. Мұнда арық қазушы мен кірпіш қалаушының да еңбегі зор.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

Опубликовано в Сұхбат
Пятница, 13 Январь 2017 08:36

Абай армандап өткен ару

Махаббат әр адамның жүрегіне ұя салатын сезім құдіреті. Ол құдірет бірде шапағатқа, бірде машақатқа, бірде ләззатқа, бірде азапқа, бірде нұрға, бірде мұңға бөлейтін, ыстығы мен суығы астасып жататын асау бір ағын. Жарқылы жаныңа гүл еккізетін, тіпті кейде қайғы-қасірет шеккізетін бұл сиқырлы сезімнің ғашықтық ғаламаты да, махаббат машақаты да сонысымен қымбат, сонысымен жұмбақ.
Осы оттың шарпуынан ақылы дария, таланты жаһанға жария небір ұлыларыңыз да «аман» қалмаған. Ғашықтық ғаламаты тағдырының аманатына айналған талай-талай тұғырлы тұлғалардың сүйіспеншілік сезімі жайлы сөз қозғайтын жаңа жобадан сіздер қазақтың әйгілі адамдарымен қатар ғаламның танымал ұлыларының ұлы сезімдері хақында сыр ұғатын боласыздар.

234

«Махаббатсыз дүние бос...» Адамның жан дүниесін жарық нұрға бөлейтін ұлы сезімді бір- ақ ауыз сөзбен осылай түйіндей білген ақын Абайдың жүрегін шоқтай жандырған махаббат алауы оның ақындық шабытына ғана емес, өмірлік бағытына да сәуле шашқан сөнбес шырақ еді...

 

«Айттым сәлем, Қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас.

Сенен артық жан тумас,
Туса, туар, артылмас.
Бір өзіңнен басқаға,
Ынтықтығым айтылмас.

Бұл ұлы ақынның ақылы мен жүрегін жаулаған, қолы жетпей, мәңгі арманына айналған ғашығы Тоғжанға арнаған сезімінің селі. Абай-дана, Абай-дара, Абай-ақын, Абай-хакім. Солай бола тұра Абай да жұрт қатарлы жұмыр басты пенде. Оның да жігіттік желікті, қызық-думан көрікті бастан өткермеуі мүмкін емес. Әкесінің тапсырмасын орындай жүріп ол талай дала аристократтарының аруларымен танысты. Лап етіп жанған, соңыра өз сезіміне өзі тоңған сәттері де болған шығар. Бірақ Тоғжанға деген кәусар көңілінің ынтықтығы өмір бойы басылмай өтті. Бұл – көркем шығармадағы бейнелі образ емес, бұл – ақын тағдырының шынайы шындығы.

Абай үш әйел алған адам. Әйткенмен алғашқы қосағы Ділдаға үйленбес бұрын-ақ махаббат дертіне шалдығып, жүрегі Тоғжанға тұсалған ақын арманының орындалуына заманның қатал қағидалары, дәрменсіздікке душар еткізген дәстүр-дәріптері дес бермеді. Бөжей мен Майбасардың дауы кезінде Құнанбайдың тапсырмасымен Сүйіндік ауылына келген бозбала жігіттің албырт сезімін оятқан Тоғжан бейнесін жазушы Мұхтар Әуезовтің суреттеуінде былай танимыз. «Қақтаған ақ күмістей жазық маңдайы, сәл жасаураған бота көздері, қарлығаштың қанатын еске түсіретін қиғаш қастары, ұшы үлбіреп тұрған екі бүйрек беті, шебер қолынан шыққандай жұмыр иегі, аққу мойыны мен қаз омырауы»...Бұған дейін Семейде талай орыс, татар қыздарымен таныс-біліс болып жүрсе де Абайдың сезімін арбаған мына сұлулық оны еріксіз еліттіріп, ессіз күйге жетелеп бара жатады. Сүйіндіктің ауылындағы сол жүздесуден кейін Тоғжан бейнесі көз алдында мөлдіреп, көңіл түкпірін тәтті бір сезім шайқайды да тұрады. Жан-дүниесін тағатсыз сағынышқа малған күйден арыла алмаған ақын «Арылмас, айықпас бұл не дерт?» деп өзі де ішкі әлеміндегі өзгеріске таң қалады.

Сүйіндіктің өзінен екі-үш жас үлкен баласы Асылбекпен таныстығы мен көңіл жарастығын себеп етіп, Майбасар лаңынан қолы босаған Абай Тоғжанды көріп қайтуды ойлайды. Бұл кезде Құнанбай аға сұлтандықтан босап, оның болыс інісі Майбасардың орнын Сүйіндік басқан еді. Бұдан бұрын Сүйіндік ауылына барғанда жүзтаныс болған Ерболмен кездесіп, орайы келіп Асылбектің отауына түседі. Қыз ағасының үйде жоқтығы қос ғашықтың таң атқанша сырласып, қимас сезіммен табысуына себеп болады. 

Бұдан кейін де Абай айнымас адал досы Ерболдың көмегімен Тоғжан ауылына жолай жолаушы іспетті тағы бір тоқтап, сүйген аруымен жүздесудің есебін тапқан еді. Тоғжанның ағасы Әділбектің қайындап, өзге үлкендердің де ілесе кеткені ауыл жастарының жиналып, ойын-сауық құруына мол мүмкіндік тудырған-тұғын. Асылбектің отауындағы жастардың басқосуы, әдемі әзіл-күлкімен көңілдің жарастығын жақындастырған тәтті сәттер Абай мен Тоғжанның жүректерін жалынымен жандырды. Екі жасқа тілеулес жеңге келер түні оларды оңаша табыстырып, бір-біріне ынтыққан қос жүрек таң атқанша сезім сыры мен көңіл шерін тарқатып тауыса алмай, қимастықпен амалсыз қоштасады. Бұл Абайдың ессіз сүйген ғашығымен соңғы рет жолыққан, мәңгі сағынышқа айналған жүздесуі еді.

Өйткені сүйген жүрек өздерінікі болғанымен, шешім етер ерік өзгенікі еді. Абайдың өзі көрмесе де, әке-шешесі қалап айттырған қалыңдығы бар. Тоғжанның тілегін тұсап, сыртынан атастырған күйеуі бар. Сондықтан да екеуі де ғашықтық дертінен құса болса да әке-шешенің әмірінен асып кете алмайды.

Құнанбайдың Абайға айттырған қалыңдығы Ділдә айтулы жердің, атағы дүркіреген Алшынбай бидің қызы. Алшынбай Қаздауысты Қазыбек бидің шөбересі. Абайдың анасы Ұлжан да бұл тұқымнан алыс емес, Алшынбайға ағайын қарындас боп келеді. 

Ділдәнің Абайдан екі жас үлкендігі болғанымен, әйгілі әулеттің қызы тым тәккаппар, өр көңілді, кесек сөйлеп, кергіп басады. Ал Тоғжанға деген маздақ сезім жүрегінде мәңгі жанған Абай Ділдәмен дәм-тұзы жарасқанымен, ол оның сүйіп алған жары емес еді. 15 жасында отау иесі атанған Абай тұңғыш ұлы Ақылбай дүниеге келгенде де өзін әке ретінде сезіне алмады. Абайға аңсары қаншалық ауғанмен ата салтты аттап кете алмаған Тоғжан да тағдырдың тұсауына көнбеске шарасыз-тын. Күйеуі ақырғы рет келіп алып кетерінің алдында ол Абайға «жетсін» деп хабар бергізіп, соңғы рет жүздесіп, тілдесіп қалуға тілек білдірген. Жаздың желсіз ымырт жабылар шағында жым-жырт сайда қос ғашық құшақ айқастыра тұрып сүйіскен күндерінің сәулесіне шомылып, қоштасар шағының қайғы-қасіретіне тұншыққан. Көңілдегі нала мен жүректегі жара, өзекті өртеген өкініш пен өксік, сағыныш пен сағымға айналған сырлы сәттер екеуін арманның айықпас дертіне шалдықтырып, араларын амалсыз алшақтата берген. Жайшылықта ұяң, нәзік, қорғаншақ Тоғжан ұзатылар шағында ішкі дертін ірікпей, жан сырын жария етуден жасқанбай, ел ағаларынан рұқсат сұрай отырып Абаймен қоштасу зарын шығарыпты.

«Кертаудың ат байладым аршасына, Сәлем де Тобықтының баршасына»... деп басталатын бұл сыңсу әнді кешегі елуінші жылдарға дейін әжелеріміз ұмытпай айтып та келген екен.

Ал «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да.
Дүниеде сенен артық маған жар жоқ,
Саған жар менен артық  
табылса да»

деп өз жанының жарасын жырмен ақтарған Абай да өмір бойы қолы жетпеген ғашығын аңсаумен өтті. Сол сағыныш, сол арман оны Әйгеріммен Тоғжан боп табыстырды.

...Құнанбайды қажылық сапарға Семейден аттандырып салған соң көп ұзамай елге қайтқан Абай мен Ербол көз байланар шақта Орда тауының бөктерін жайлаған Бекей мен Шекей деген ағайынды адамдардың ауылына тап болады. Жолсоқты болып келген Абай Бекейдің отауында азырақ мызғып алмақ боп жатқанында түсінде Тоғжанды көреді. Дәл баяғыша өздері кездескен Жәнібек өзенінің етегінде «Мен келдім. Міне, қасыңдамын» деп сүйгені тұр. Тоғжан мұны сағынғанын айтып, сызылтып өзі үйреткен «Топайкөкке» салады. Зарықтырған ғашығына «Кел, келші, сәулем» деп құшағын жая бере оянып кеткен Абайдың құлағына тым жақыннан әлгі үн үзіліп жетеді. Сол «Топайкөк»... Сол Тоғжанның дауысы... Абай есеңгірегендей есікке ұмтылады. Бірақ бұл әнді салып жатқан Тоғжан емес еді. Ол көрші Шекей үйінде жастармен бірге отырған Бекейдің қызы Шүкіман болатын. Дауысы ғана емес түр-тұлғасы да, бет-әлпеті де Тоғжаннан аумай қалған бойжеткенді көргенде Абай аңырып тұрып қалады. Жүрегі аттай тулаған ол, «айнымаған Тоғжан» деп күбірлей береді. Бекей үйінде жалғасқан жастар жиыны Шүкіманды ашық ажарымен ғана емес, жарқын мінезімен, жүректің қылын шертер әншілік өнерімен, назды, сазды үнімен де өзіне баурап бара жатты. Қыз да сыртынан атына қанық қонақ жігіттің жанарынан лап еткен жалынды аңдаусыз аңғарған.

Бұл кезде жасы отызға келген Абайдың жақсы аты Орта жүзге түгел тарап, әйгілі болып қалған-ды. Ділдәмен бас қосқан 14-15 жылдан бері алты баланың әкесі болып та үлгерген. Бірақ түнде түсінен, күндіз есінен шықпайтын Тоғжанның сол баяғы уылжыған бейнесін қайта тапқалы Абайдан дегбір кетті. Ақылына көркі, мінезіне сымбаты сай арудың айдай жүзін көз алдына қайта-қайта келтіріп, қайтар жолда қасындағы серігі Ерболға « Керім! Несін айтасың!..Керім!» деп тамсана сөз етумен болды. Досы да «Оның рас. Әй. Керім-ақ екен! Әй, керім!» дегеннен танбады.Сұлу қыздың Шүкіман атын затына сай көрмеген қос жігіт осыдан кейін оны Әйгерім деп атауды ұйғарған. 

Түсінде Тоғжан боп аян берген арудан Абай енді айырылмауға серт етті. «Мен Әйгерімді жар етемін» деп байлауын бір-ақ айтқан ол ақылдаса келе достары Ербол мен Жиреншені Мамай ауылына елшілікке жіберді. Қыз қарсы емес. Бірақ бұл жерде шешуін келтіретін бір қиын түйін тұрған-ды. Ол–Әйгерімнің айттырылған жері бар. Оның алғаш атастырған жігіті жастай қайтыс болып, қалыңдықты кейін қайынағасына қосуды ұйғарған. Жасы мосқал тартқан, әрі қыздай алған әйелінен бата алмай шырмалған қайынағаға қосылуды қос көрмейтін Шүкіман да басына бостандық ала алмай жүрген. Абайдың достары қыз жағымен де, айттырылған жұртымен де бәтуаласа келе мәселені оңтайлы шешіп тынды. Абай Бекейге де, Шүкіманның қайын жағына да еселеп қалыңмалын төлеп, көп ұзамай Әйгерімді алып келді. Бір тәуірі, мінезі шайпау, тілі ащы болғанмен Ділдә бұл жағдайға аса тулап, шу шығармады. Отыздан енді асса да бетін әжім торлап, жасынан ерте егде тартқан, алты бала туып, саркідір қатын болған ол «Абайға бала туып берем деп, оның қисапсыз қонағын күтем деп титықтап біттім. Алатын тоқалын ала берсін» деп кедергісіз көне салған. Көңілі қалап, жаны сүйіп қосылған жары Әйгерім араға жыл салып Тұрағұл атты ұлды дүниеге әкелді. Бірақ Ділдә «бай --сенікі, бала –менікі» деп нәрестені бауырына басып, тәрбиесіне алды. Әйгерім тұңғышы Тұрағұлдан кейін Мекайыл, Ізкайіл, Кенже атты перзенттерін дүниеге әкелді.

Абайдың үшінші әйелі – Еркежан інісі Оспанның жесірі, Оспан қайтыс болған соң «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген әмеңгерлік салтымен Еркежанды қайынағасы Абайға қосады. Екі әйелі бар Абай келінін алуға көп қарсылық білдіреді. Керісінше Оспанның үш әйелінің ішінде қарашаңырақта қалған Еркежанның еншісіндегі қыруар малға қызығып, Тәкежан мен Ысқақ інісінің ең кіші жесірін иеленуге таласады. Бітпейтін дауға нүкте қою қажет болғанда Еркежан қайынағасы Абайды таңдайды. 

Үш әйел алып, соның ішінде Әйгерімге жүрек қалауымен үйленсе де Абайдың көңіл түкпірінде Тоғжан тұлғасы мәңгі мұнартып қалған еді. Тоғжан ұлы Абайды ұлы сезімнің алдында дәрменсіз күйге салған, арман мен сағыныштың қол жетпес қиянына айналған ару. Оның мұң мен сырға толы махаббат жырларының жауқазын гүлі ғашықтық дертінен бүршік жарып, өлең өлкесінің есігін ашуға, ақындық талантының тегеурінін танытуға алғышарт болды.

...Абай ессіз сүйген Тоғжан қыздың есімі содан бері махаббат пен сағыныштың символындай талай аруға теберік аттай телініп келеді.

Опубликовано в Мәдениет
Среда, 28 Декабрь 2016 06:36

Поэзия планетасының перiштесi

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА жайлы сыр

Поэзия планетасының періштесі атанған Фариза Оңғарсынова арамызда аман жүрген болса желтоқсанның биылғы соңғы жексенбісінде 77 жасқа толар еді. Бірақ оның жырларына табынған өлеңқұмар қауым аяулы ақынсыз өткен туған күнінде оны сағынышпен еске алып, рухына тағы да тағзым еткені ақиқат. Алдаспан ақынды біз де іздеп, сағындық...
«Фариза – аспанға алау атып, шоқ шашыратып жатқан рух жанартауы. Өшпейтін де, сөнбейтін өжеттік қайнары» деген еді қазақ әдебиетінің қара нары қайран Әбіш Кекілбай. Сол алаудың, сол рух жанартауының жалыны мен жарқылы поэзия періштесі Оңғарсынова өмірден озғаннан кейін де өзінің қуатын әлсіреткен жоқ. Қайта ол тылсым кеңістікке жарығын кең жайып, оны сүйген, оның жырларына ынтық болған жүректерді сөнбес сәулесімен нұрландыра түскендей.

phariza-2

Пафос және нақыш

...Күлкімді, жайлы күнімді
азапты, қайғы-мұңымды
өзіммен бөліскенің үшін,
қатем мен жеңістерім үшін,
менің мынау қиындау тағдырым болып,
о баста көріскенің үшін,
Өлең, мен сені аялап өтем,

– деп отыз бес жасында өлеңнің өзегіне өртті сезімін құйып, өмірінің бүкіл өлшемін жырға жүгіндірген Фариза ақын Поэзия планетасында өз пафосымен, өз нақышымен дара тұлғаға айналып қалғаны анық.
Оңғарсынованың отты ой орамы мен қуатты тіл құдіретінің өзара үйлесім тапқан гармониясы, сезім полифаниясы мен рух симфониясының үндесе кететін гаммасы өлең деген өзгеше өнерді тосын табиғатымен, жаңа мазмұнымен байытқан сиқырлы да сырлы дүние. Мұның өзі ақынның ішкі қуатынан, талант пен тегеурін тұтастығынан туатын тың күш болса керек. Өйткені, ақынның бітім-болмысы, мінезі, табиғаты, ой-өресі, сезім-парасаты өлеңінде өріліп, көңіл күйінің шиыршық атқан толқындары жыр шумақтарымен шендесіп жатады.
Бітім-болмысы демекші, табиғаты күрделі, ішкі әлемі бір арнаға сыймайтын, тіпті бір басында бір-біріне кереғар қасиеттер қатар қабысып жатқандай көрінген ақын апамыздың жырларында да осындай қос сезімнің жарыса нық басып, жараса жұптасып кететініне таңғаласыз. Бірде бет қаратпас өжет, бірде арынын ақылы тежеп, бірде теңіздей тасып, бірде баладай жасып, бірде толағайдай тау «сүйреп», бірде болмашы мұңға күйреп, қайсарлық пен нэзіктіктің иірімі жүрегін қатар билеп, кереғар сезімдердің селіне кезек сүңгіп кететін ақынның адуынды түрін де, аянышты мұңын да өз басыңнан өткергендей аласапыран күй кешесің.

Бойым дел-сал қалғандай жайрап денем,
Шатастырып күнді аймен, айды аптамен,
Ыққан малдай сезімді оқтын-оқтын
Ақыл-дана алдына айдап келем.
Айдап келіп, ақылға қамалмаймын,
Секілді еді ойым – тау, санам – айдын.
Сезім-дауыл айдында ойнақ салып,
Ойрандауда тынымын жағажайдың...

Фариза ақынның өлеңдерінде өмір құбылыстары мен лирикалық кейіпкердің сезім құйылыстары көркемдік-эстетикалық тұрғыдан алғанда жалқылық сипаттан жалпылық этапқа көтерілген, жадағай, жауыр, жұтаң суреттеуге сүйкенбейтін, көркем, қастерлі ойдың канондарымен көмкерілген өрімдерімен өзгешеленеді.

Мен ойлайтынмын:
Данышпан деп патша мен бидің бәрін.
Әрбір ұлттың солар деп тұйғындары.
Жарқ-жұрқ еткен қаңылтыр саясаттар,
Сезімімді сорып ап, миды ұрлады.
Билік құлқы әлемде біреу екен –
Өз басыңның мансабы, үйдің маңы.

Оңғарсынованың тағы бір ерекшелігі – қазақ әйелдері творчествосында қалыптасып қалған /әсіресе махаббат лирикасында/ бұйығылық сезімдердің сеңін бұзып, қыз баланың қылығы ибалық пен ізеттен ілгері аспау керек деген шарттылықтарға қарсылықтардан құралған шарпылыстар мен тартылыстардан тұрады. Мынаны қараңызшы:

Көздеріңде
Ақыл, ой, мұң тұнады,
Адамдайсың қанбаған бір құмары.
Жаның жүдеп, дәрменсіз отырасың,
Маған қарай жүрегің бұлқығалы.
Мен біреуге жарқ етіп қарадым ба – қызғанасың жалт ойнап жанарыңда.
Менің тәкаппарлығым тұншықтырып,
Көмілесің амалсыз нала-мұңға.
Жүрегіңді өртейді зар ма, мұң ба – қайғы әкелер қол жетпес арман ұлға.
Мен елік боп көзіңе көрінгелі,
Көріксіз боп кеткендей жан жарың да.
Үміттенер мен жақтан естілмейді үн,
Сезбей ме деп ой селін кештің кей күн.
Әйел сезбес сыр бар ма бұл жалғанда – сезем бәрін. Білемін. Тек сүймеймін.

Жалпы, Фариза Оңғарсынова шығармашылық шырай, талант табиғаты тұрғысында айтылатын «әйелдер әйелше жазу керек, әйелдің қылығындай нәзік, мөлдір бастаудың үніндей биязы жырлаған дұрыс» деген сипаттағы сірескен ойға қарсылығын кезінде өзінің базбір сұхбаттарында да ашық айтқан. Ақын деген біртұтас ұғымды «әйел», «еркек» деп бөліп қарау, көркемсөз майданын жыныстық жікке айырып, шеңберлеп, шегендеп тастау әдебиет әлеміне әр кіргізе қоймасы расында, анық. Осы шектеудің шеңберіне бағынбайтын:

Сенің от құшағыңда
Дүниені ұмытып, талықсыдым.
Жүрегімді жандырды
Жан ыстығың...
немесе:
Білмеймін:
Жанарыңнан сыр ұқтым ба,
әлде өзімді сол сәтте ұмыттым ба – өзің болдың;
әйтеуір, бұл күнгі әнім, көтеріп ап
кетіп ең –
бұлқынбадым – 
әлде аймалауыңа құнықтым ба?!

деп келетін сезім арпалысын шынайы суретпен төгілдіре өрген өлеңдерін: «Қыз баланың сезімін бұлай жасырмай жайып салуы, ибадан асып ашық-шашық жазуы әбестік» деп сынағандар да табылған. Ал кезінде осындай ойларды оқшаулап тастаған сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің: «Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркекке, әйелге, кәріге, жасқа деп шектеліп қойылған саржайлау да жоқ, құлазыған қу дала да жоқ. Ащы көл де ортақ, тұщы көл де ортақ. Ғарышқа дейінгі биіктік те ортақ. Жер-Ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдік те ортақ. Ерлік, батылдық, адалдық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бәрі де ортақ. Мен қазақтың ақын қызы – Фаризаны осындай асқарлардың биігінде көремін!» – деген сөздері әдебиет айдынының кеңістігіне қойылатын шекараларды қазығымен қопарған қайратты пікір еді.
Осы тұрғыда Оңғарсынова «поэтесса» сөзіне де, ақын қыздардың жазу-сызуының табиғатына қойылатын тосқауылдарға да қарсылығын жасырмайтын. Оны ақынның бұлқыныстар мен сілкіністерден тұратын адуынды поэзиясынан да айқын аңғарасыз.

Бәрі менің есімде:
сені күтіп терезеден қараумен,
минут санап тұрғаным,
жанымды өртеп бір жалын;
сөндіре алмай сағыныштың мұңдарын;
сосын сенің кіріп келер сәттерің,
тілсіз, үнсіз аймаласқан тәтті ерін...
қос жүректе – ақ сезім мен пәк сенім;
көп ішінде сыр ақтарып көзбенен,
жырақ шығып өзгеден
оңашада қалуды ылғи көздеген;
сәтке ынтығьт шырын-бал,
қол ұшынан бойға тарар жылулар,
тек екеуміз түсінетін сыбырлар;
құлақ қоймай еш үнге,
сезім селін ынтығып бір кешуге,
ала сұрдық.
Бақыт па бұл, кесір ме?
Бірақ бәрі есімде.

Таланттардың тұғырын таразылау үшін салыстыра саралай ма, Фариза Оңғарсынованы кейде Анна Ахматовамен, яки Марина Цветаевамен шендестіріп жатады. Жалпы әйелді лирикалық қаһарман етіп енгізу тұрғысынан алғанда Оңғарсынованы орыстың қос ақын қызымен ұқсастыруға болса болар. Расында ол өз поэзиясында Ақбөбек, Майра, Сара сынды тарихи тұлғалардың рухани портретімен бірге бүгінгі қазақ әйелінің, көкірегінде кестелеген кейіпкерлерінің кесек образын, көркем келбетін, олардың түрлі тағдыры мен көңіл күй толқындарын түрлі контрасты айшықтармен суреттейді, сомдайды. Сол сурет, сол келбеттен сен өзіңді көргендей боласың, өз сезіміңнің арпалысында жүргендей сезінесің. Фариза жырларының, Фариза мінезінің, Фариза пафосының парқы мен нарқы да осынысымен бөлек құбылыс.
Тағдырдың өзі оған Фариза деген есімді табиғатына туралап тарту еткендей. Әкесі Оңғарсын осы қызы туылғанда көрші ауылдан ноғай молданы алып келіп атын қойғызыпты. Фариза деген ноғайша «бірегей» деген сөз екен. Ноғай молданың аузына осы есімді мүмкін Құдай салған шығар, әкесінің «қайдан білесіңдер, бұл қызым бәлкім елдегі біреу болар» деп қуанғанындай-ақ Фариза елдегі де, қазақ поэзиясындағы да бірегей тұлғаға айналғанын бүгін ешкім жоққа шығара алмаса керек.
Мінез – адамның жан-дүниесінің айнасы. Оңғарсынованың отты жырларында сол айнадан оның бар болмыс-бітімінің білтесі сәуле төгіп тұрады. Содан да болар, ашынғаны да, тасынғаны да, қуанғаны да, мұңайғаны да, буырқанғаны да, шамырқанғаны да шынайы сезіліп, шоқ ұстағандай күйдіріп-жандырады.

Бітім мен болмыс

Мінез демекші, ол кісімен ширек ғасырдан аса аралас-құралас жүргенімде аңғарғаным – көлгірсуге, күпінуге жаны қас ақынның адамдық қасиеттің басты критерийін намыс деп ұғатындығын өлең өрімдері ғана емес, өмірдегі өжет әркеттері де байқатып қояды. Былайғы жұрт үшін мінезі шәлкес, қыңыр, қисық секілді көрінгенмен сол мінезінің адалдыққа, әділдікке, азаматтыққа арашашы екенін, орынсыз көңілшектік, бүгежектік намысқа тиер сәттерде алдаспандай жарқ етіп, осып түсер өткірлігін шатаққұмарлықпен шатастыруға болмайды. Оған өзі айтқан мына бір оқиғаны мысал етсек болады.
«– Ұмытпасам 1975 жыл. Мәскеудің Жазушылар одағынан үйге телефон соғылды.
– Германия Демократиялық Республикасынан бір аудармашы Мәскеуге келді.
Сіздерге, Алматыға бара жатыр. Сіздің, Олжас Сүлейменов пен Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын неміс тіліне аударуға өздерінің бір баспасы тапсырған көрінеді. Өлеңдеріңіздің орыс тілінде жолма-жол аударған нұсқасын дайындап қойыңыз, – деді.
Екі-үш күн өткен соң әлгі әйелдің жанына Мәскеуден ерген аудармашысы «Жетісу» қонақүйінен телефон соғып, «қай жерде кездесуге болады?» деген өтініш білдірді.
– Ертең үйге келіңіздер, – деп, мекенжайды айттым. Базардан жаңа сойған қойды бас, ішек-қарынымен сатып алып, жанымыз қалмай әзірлендік. Неміс әйелі жастау, Мәскеуден ергені жасамыс. Олармен келіншегі Кларамен Әбіш келді. Неміс әйел құмыраға отырғызылған гүл ала келіпті.
Қазы-қарта, шөп-шалам, қуырдақ жеп, коньяк ішіп әңгіме соғып отырысты. Қазақтың ең негізгі асы – етті әкелдім де, қойдың басын европалық әйелге ұсынып, халқымыздың дәстүрін түсіндіргенім сол еді, екі әйел бір-бірімен немісше күңкілдесті де, әйда келіп күлсін! Өздерін тоқтата алмай сықылықтап қояр емес. Мәскеулік әйел менің түсімнен ішкі дауылымды сезсе керек:
– Қонақ кешірім сұрайды, тәрелкедегі басты көргенде көгалда жайылып жүрген қой елестеп кетті деп отыр, – деді де, әлгі күлкісін баса алмай отырған неміс әйеліне қарап өзі тағы қосыла күлді.
Бір табақ етті дастарханға қойғаным сол, ешкім әлі ауыз тимеген болатын.
Мен күлкілерін тыйғанша күтіп тұрдым да, сәл бәсеңдей бергенде:
– Сіздер менің халқымның дәстүрін күлкі етіп отырсыздар, ал мен мұны кешіре алмаймын. Менің өлеңдерім неміс тілінде шықпай-ақ қойсын. Ал, сіздер есігімді сыртынан жабыңыздар, – дедім түсімді суытып.
Әбіш не істерін білмей, от басқан күйі маған қадалып отыр.
– Бір ашуыңды маған бер, үйге келген кісіні қуып шығу ешбір халықта жоқ, мұның ұят, – деп шыжық-шырға болуда.
Менің өлеңдерімнің орыс тілінде аударылуы осылай аяқталды.
Әбіш осы оқиғадан кейін үш-төрт ай менімен хабарласпай қойды. Бірақ мен кейін де өзімді кінәлі сезінген емеспін. Басқа бір ұлттың тіліне өлеңдерім аударылады екен деп, халқымның атам заманғы дәстүріне түкіртіп қояр жайым жоқ.
Менің шатақтығым осындай».
Бұл Оңғарсыноваға ғана тән табиғат. Оны қалай бағалайсыз, ерік өзіңізде.
Ұнатпаған нәрсесін бүкпесіз бетке айта салатын тік мінезділігімен қатар, көңіліне жаққан жағдайға табанда жіби салатын мейірімділігі де мөлтілдеп тұрады.
1992 жылы Фариза апай Сарыағашқа келді. Оқырмандармен кездесу өткізді. Кешке ауданның сол кездегі сотының төрағасы Айша Шынарбаеваның үйінде сол кісімен біраз адам бас қостық. Алдымызға үлкен ас келді, жайдары әңгіме жүйесін таба бергенде дастархан басында отырған судья жігіт ақын апамызға қарап «Фарида» деп сөйлемесі бар ма. Белгілі ақынның, төрде отырған қадірлі қонақтың аты-жөнін білмей «Фарида» деп қойып қалған білдей судьяның парықсыздығына жерге кірердей ұялып, бәріміз демала алмай қалдық. Ойда жоқта аты өзгеріп, «Фарида» болып кеткен Фариза апамыз табанда тас-талқаны шықты. Күлкі де, әдемі әңгіме де сап тиылды. Дастархан басын ыңғайсыз бір күй биледі.
Асаба болып отырған аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Марат Ақылтаев әңгіменің әуенін өзгертіп, тымырсық сәттің тігісін жатқызуға тырысқанымен, бастапқы арқын-жарқын арнаға ауыса алмай, қыбыжықтап қалдық. Мына ыңғайсыз күйден өзін де, өзгені де сергіткісі келді ме, «тамақ жеп болсаңдар, аяқ жазайық» деді Фариза апай. Далаға шығып аз-кем сейілдеп үйге қайта кіргенімізде, ішкі бөлмеден домбырадан төгілген әдемі күй естілді.
– Кім домбыра тартып жатқан? – деді Фариза апай.
– Кіріңіз, кіріңіз, – деп алдымыздан шыққан Марат Ақылтаев сұраққа жауап берудің орнына кібіжіктей берді.
Ішке кірсек әлгі судья жігіт арқасын есікке беріп домбыраның сазына өзі де балқып отыр.
– Пәлі, сен әлгі менің атымды білмейтін сот емессің бе? – деді Фариза апай оның бетіне таңырқай қарап. – Сені өнерден мүлдем мақұрым біреу екен десем, Тәттімбетті сорғалатып отырсың ғой өзің, – деп лезде жаймашуақтанып сала берді. Сөйтті де:
– Құрманғазыдан не білесің? Қане «Адайды» тартшы! – деп қатарласа отыра кетті.
Сот жігіт те өзінің әлгі кінәсін жуатын кілттің табылғанына қуанғаны сондай, ақынның айызын қандырып, екі-үш күйді күмбірлетіп берді. Онан соң домбыраны ақын апамыздың өзі қолына алып, құлағын келтіріп, сүйрік саусақтарын жіңішке сағақ бойымен «сырғаната» жөнелді. Қане, қосылыңдар! – деп бәрімізді әнге де қосып алды. Осылай домбыраның қоңыр үні манағы көңілсіз жайды лезде ұмыттырып та жіберді.
Расында, домбыраның үні – Фариза апайдың жүрегінің ең нәзік қылы. Бала күнінен құшағында құндақтаған осы қасиетті аспаптың құлағында қысылмай, кібіртіктемей ойнайды. Тіпті мектепте оқып жүрген кезінде тобылғы ағашынан ойып, өзі домбыра жасап та алған. Әуезді даусымен әннің де әрін кіргізіп, сезімді тербеп айтар әншілігі де бар. Осындай кейпін көргенде оны қатал деген жұрт қайран қалып қарар еді.

Жұрт мені қатал дейді
найзағайдай мінезі шатырлаған,
біреулері айтады ақыл маған:
өр көкірек тәкаппар, менменсіген...
ұнатпайды дәл мұндай ақынды адам
/одан сайын мен шіркін қатуланам/.
Біреулер қиялдайды:
мұндай адам ешкімді сүйе алмайды;
өтірік өлең жазады талықсыған,
қайдан ғана бал сезім таныс бұған?
/Түсініксіз қалпыммен байғұстарды,
ойларымен өздерін алыстырам.../

Жұрт қатал дейтін жанның жұмбақ әлеміне тереңірек үңілген жан оның жан-дүниесінің нәзік иірімдері мен шапағатты шуағынан төңірегіне шырай төгіліп тұратынын аңғарар еді. Оның жүрегінде мөлдіреген мейірімділік те, мінезін ерекшелеген өжеттік пен өршілдік те, тіпті қатал көрінген сұстылау кейпі де мұңдылау, мұз-қырау тағдырының тамшылары іспетті-тұғын. Бесіктегі шағында әкесінен, есін біле әпкесі мен ағасынан айырылып, қамыққан анасына сүйеу, жабыққан жалғыз ағасына демеу болған Фариза қызға балалық еркеліктен гөрі, байсалды «егделік» енші болып есейді. Жанына артылған сол жауапкершілікті, иығына түскен сол жүкті ол бүкіл ғұмырында қайыспай көтере білді. Жанындай жақсы көретін жалғыз ағасы Махиз да ертерек қайтыс болып, артында қалған жеті-сегіз баласына қамқор болып, бәрін азамат қатарына қосты. Оқытты, үйлендірді, жайландырды. Солардан өрбіген ұрпақты жетелеп жеткізді. Махиздың ұлы Айбардан көрген немересі Анитаны айрықша жақсы көрді. Құйттайынан бауырына басып өсірген сол Әнитөгі оны «Шах-мама» дейтін. «Құдай қалай аузына салды білмеймін, кішкентай күнінен өзі осылай атап кетті» дейтін еді Фариза апай. Айтса айтқандай, бір Оңғарсын әулетінің шырағын жарқыратып, шынарын биіктеткен Темірқазықтай Шах-мама ғана емес, поэзия кеңістігінің көкжиегін жанартау жырларымен лапылдатып, Кемпірқосақ сәулесімен сұлуландырған өлең деген періштенің Шах-мамасы саналған сұңғыла ақынға бұдан артық ат таба да алмас едік. Қазір сол Анита бойжеткен, әдемі қыз болды.
Фариза апай оны өз қолынан ұзатып, шөбере көріп кетті.
Бір қызығы, бауырының ұл-қыздары Фариза апайды «пап» /папа/ дейді. Естігенде таңғалғанмын. «Жастайынан бәрі жетім қалып кеткесін әкелерінің орнына әке сияқты көріндім бе, солай атап кетті» дейтін еді.
Иә, Фариза әлемі тұңғиық, тылсым әлем. Сол әлемнің жұмбағын білуге құмартқан жан қанша?! Оңғарсынова өлеңдерін жастанып қаншама қыз қаламын ұштады, қаншама бойжеткен Фаризаның кейіпкерлеріндей ғашық болып, Фаризаша өлең жазуға талпынды. Ақын атын аялап қаншама ата-ана сәбиіне ырым етіп «Фариза» деп есім берді.
Ал, Фариза болса, ізінен ерген талантты ақын сіңлілерінің әрбір сәтті шумағына шынайы көңілмен шаттана білді. Өмірден өтерінен бес жыл бұрын Елордада «Фариза және оның сіңлілері» деген атпен бір топ талантты ақын, әнші қыздардың, екінші күні Оңғарсынованың өзінің шығармашылық жыр кеші, ән кеші өтті.

Жастар
жара түспеген жанына әлі
түсінгендей жанымды табынады
менің асқақ әрі мұңлы
жырларымды
Іздеуі хақ солардың, сағынары...
Мен кешпеген дүние жоқ екенін
сезеді олар. Сезеді бәрі-бәрі,

– деп ақынның өзі айтқандай, сол екі күнде де Президенттің мәдениет орталығы мен Конгресс-холл сарайында ине шаншыр орын болмап еді. Орын тимеген жастар екі сағат түрегеп тұрып жыр тыңдаған сонда. Бұл кеште ғана емес, Оңғарсынованың отты жырлары лапылдаған қайсы кездесуінде болсын оның құдіреті еріксіз есіңді алатын.
Иә, баһадүр сөзге бас иетін, Фариза поэзиясының пабуласын құдірет тұтқан жыр тұтқыны оның әлемінен, оның өлеңінен жырақтап кете алмайтын, кете де алмайды. Табыну деген осы!

Опубликовано в Мәдениет

(Парижде саябақ ашылып, мүсін қойылса, Астанада көше аты да жоқ)

Біздің бүгінгі респондентіміз – Әбдіуақап Қара (суретте). Ғалым, жазушы, тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан атындағы Ыстамбұл университетінің профессоры.
Түркияда тұратын бұл ғалым қазақ тарихын зерттеуге сүбелі үлес қосып жүр. Оның, әсіресе, Мұстафа Шоқайдың өмірі мен тарихтағы рөлі туралы еңбектері тарихтың терең теңізінен маржан тергендей дүние. Шетелдік мұрағаттардың қатпар-қатпар парақтарын талмай ақтарып, қазаққа қатыстысын қалт жібермей келе жатқан тарихшы ағамыздың өткенімізді түгендеуге қосқан еңбегі ересен. Әбдіуақап Қараның тұлғалық тұрпатының өзі бөлек. Тектілікке тұнып тұрған қазақы болмыс. Таяуда Түркиядан Шымқалаға жұмыс бабымен келген ағамызбен сұхбаттасудың сәті түсіп еді.

DSC 6141

«Сананың тәуелсіздігі бір күнде келмейді»

– Әбдіуақап аға, Қазақ елі былтыр Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін тойлады. Биыл А. Иманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толып отыр. Неге екені белгісіз, осы тарихи оқиға атаусыз қалып жатқан сияқты. Ұлтымыздың тарихын шетелде жүріп зерттеп, қомақты үлес қосып келе жатқан ғалым ретінде бұл маңызды тарихи оқиғаның өз деңгейінде аталмауын қалай түсіндірер едіңіз?

– Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 25 жыл болды. Кеңестік кезеңде ұлттық тарих зерттелген жоқ. Нақтысы, зерттетпей тастады. Сондықтан бүгінгі таңда бізге жетпей жатқаны – ұлттық тарихтың мазмұны мен оны тереңдету жолдары. Өйткені, тарихты зерттеу деген оңай нәрсе емес. Бұған ондаған жылдар мен жаңа көзқарас қажет. Саяси тәуелсіздік бір күнде келеді, ал сананың тәуелсіздігі бір күнде келмейді. Ол үшін көптеген жылдар еңбек етуге тура келеді. Себебі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарихты зерттеген ғалым ағаларымыз сол кездің өзінде алпыстың асқарына шыққан ақсақалдар еді. Олар Кеңестік кезеңнің идеологиясымен ойлады. Ұлттық тарихтың ақиқати астарын айта алмады. Себебі, 74 жыл бойы маркстік-лениндік көзқарас тұрғысынан тарих бұрмаланды. Олар қанша тырысса да, еуроцентристік көзқарастың тұтқынына тұтылған тарихты өзгерте алмады. 

Тәуелсіз Қазақстанның тарихын жазатын тәуелсіздіктің құрдастары, яғни, осы кезеңде туып-өскен жас тарихшылар. 1991 тәуелсіздік алған жылы туған бала 25 жасқа келді. Бұлар Кеңестік идеологіяның қысым-шектеулерімен емес, еркін оймен өсуде. Мәмбет Қойгелді бастаған отандық тарихшылар да кенестік тарихнаманың әсер-ықпалынан арылу үшін басқа елдердің зерттеу тәсілдерін үйрену қажеттілігіне тоқталуда. Мәселен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, Алаш зиялыларының еңбектері дер кезінде зерттеліп, ескеріліп жатыр деп айта алмаймыз. Мұстафа Шоқайға Францияда француздар жоғары баға беріп, саябақ ашып, мүсін қойған. Ал біз әлі де тәуелсіз Қазақстанның астанасынан бірде-бір көшенің атын бере алмай отырмыз. Өйткені, әлі де Мұстафа Шоқай іспетті тұлғаның тарихтағы орны мен рөлін зерделей алмай жүргендер көп. Советтік сарында ойлап, оған «сатқын» деген күдікпен қарайтын зерттеушілер де жоқ емес. Әрине, бұрмаланған тарихымызды шаң-тозаңнан аршып алу жолында үлкен бетбұрыстар жасалды, жасалып жатыр. Бұл орайда қазақ тарихшылары Шоқайдың нацистермен, яғни фашистермен ауыз жаласпағанын архив құжаттарымен дәлелдеп отыр. Дегенмен, ғалымдардың бұл дәйектері халыққа толыққанды жетіп жатыр дей алмаймын. Ғылымдағы жетістіктерді тек тарихшылар, журналистер айтып қана қоймай, сценаристер мен режиссерлер де өз туындыларында көрсетіп берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, ғылыми кітапты барлық адам оқи бермейді. Ал сол ғылыми еңбектердегі тарихи деректер өнер туындыларында, киногерлердің фильмдерінде, саясаткердің баяндамасында көрініс тауып жатса, онда мыңдаған адам бұл дүниелерден хабардар болады. Сонда халықтың ұлттық тарихқа деген көзқарасы да қалыптасар еді. Сонда тарихи оқиғаларға қоғам болып мән берген болар едік. Қорыта келе айтарым, қазақтың ұлттық тарихы әлі түгенделген жоқ. Өздеріңіз білесіздер, өткенде Елбасы Н. Назарбаев: «Тәуелсіз Қазақстанның тарихы әлі толық жазылмады», – деді. Бұл бағытта Президенттің қолдауымен игі шаралар атқарылуда. Сонымен қатар «Мәдени мұра бағдарламасымен» қазақтың шетелдерде шашырап жатқан көптеген тарихи деректері жинақталып, зерттеліп кітап болып шықты. Мұның бәрі ұлттық тарихқа қосылған сүбелі үлес.

DSC 6125

– Әлгінде бір сөзіңізде отандық тарихты шетел тәжірибесіне сүйеніп зерттеу туралы айтып қалдыңыз. Өзіңіз өмір сүріп, қызмет ететін Түркия Республикасының мұрағаттарында қазақтар туралы тың деректер бар ма? Және олардан тарихты зерттеудің қандай әдіс-тәсілдерін үйренуіміз қажет?

– Маңызды сұрақ қойдыңыз. Түркияның бұл турасында 90 жылдан астам тәжірибесі бар. Мұстафа Кемал Ататүрк 1923 жылы Ұлттық Түрік Республикасын жариялады. Одан алдын Оспан патшалығы болды. Патшалық жүйеден ұлттық мемлекеттік жүйеге өтті. Сонда тарихи көзқарас өзгерді. Осман патшалығы кезінде олар дінге негізделген мемлекет болғандықтан, тарихи көзқарасы пайғамбарымыздың туылуынан басталатын «Үмбеттік тарихи көзқарас» болған. Одан арғы көне түркілердің тарихы ол кезде зерттеліп кітаптарда орын алмаған. Ататүрік жаңа мемлекет жариялағаннан кейін тарихты өзгертіп, ұлттық тарихты исламнан бұрынғы дәуірлерден бастауға тура келді. Осы тұста Ресейдегі түркі-мұсылман зиялыларының көмегі көп тиді. Түріктің көп тарихшылары тарихты көне түркілерден бастап зерттеп, түркілердің исламға дейін де, исламнан кейін де ірі мемлекеттер құрған ұлы өркениеті бар ұлт екенін дәлелдеп, көптеген еңбектер жазды. Қазақстанда қазіргі таңда «Мәдени мұра» бағдарламасы жұмыс істеп, мемлекеттің көмегімен әлемнің қайсыбір бұрышынан да қазаққа қатысты деректерді жинап, ілкімді істер атқарылуда. Бұған қыруар қаржы бөлінген. Осман патшалығының мұрағатынан түріктер мен қазақтардың саяси, елшілік байланысы туралы құжаттар
Қазақстанға берілді. Сүлеймание кітапханасындағы араб-парсы қолжазбасынан да біраз материалдарды қазақстандық тарихшылар алып кетті.

DSC 6169

«Алаштың тарихы Мұстафа Шоқаймен тереңдей түседі»

– Аға, сізді шоқайтанушы ретінде жақсы білеміз. Мұстафа Шоқайға қатысты жаңадан қандай да бір тың деректер бар ма? Ғылым жолындағы соңғы жаңалықтарыңызбен бөлісе отырсаңыз...

– Менің негізгі зерттеу обьектім – Мұстафа Шоқай. Азаттық радиосында 1988 жылдан бастап 7 жыл қызмет еттім. «Азаттық» радиосының бұрынғы қызметкерлері – соғыстан аман қалған қазақстандық азаматтар Мұстафа Шоқайды кезінде көрген кісілер екен. Мен барған уақытта олардың барлығы зейнетке шығып кеткен, кейбірі бақилық та болған еді. Бірақ, сол азаматтардың ізін басқан Махмет Құлмағамбетов, Хасен Оралтай, Мұхабай Енгин, Талғат Қосжігіт, Әлихан Жаналтай сынды қазақстандық және түркиялық азаматтардан Шоқайға қатысты біраз дерекке қанықтым. Көп әңгіме естідім. 1989 жылы Қазақстан Компартиясының қаулысымен Алаш қайраткерлерінің бір тобы ақталып, олардың еңбектері жарыққа шыға бастады. Сол кезде Мұстафа Шоқайды ешкім батылы жетіп ауызға алып, айта алмады. Тек 1990 жылдан кейін Қазақстан тарихының соңғы шындығы ретінде оның есімі атала бастады. Бейбіт Қойшыбаев деген ағамыз «Ана тілі» газетінің бетінде «Мұстафа Шоқай кім?» деген тақырыпта мақала жариялады. Одан бес-алты айдан кейін жазушы Әнуар Әлімжанов ағамыз «Қазақ әдебиеті» газетінде «Мұстафа Шоқай халық жауы емес, халық қаһарманы» екенін айтқаннан кейін ғана бұл тақырып ашық зерттеле бастады. Мен, міне, осы үрдісті Азаттық радиосында Қазақстаннан келген баспасөз материалдарынан оқып отырдым. Сөйтіп Шоқайдың өміріне қызығып, зерттей бастадым.

DSC 6133Мұстафа Шоқайдың тәуелсіздік күресі 1921 жылы Францияға барғаннан кейін басталды. 1929-1939 жылдары оның басшылығымен «Яш Түркістан» журналының 117 саны шыққан. Басқа да көптеген материалдар Еуропада мұрағатта жатыр. 1995 жылы Түркияға қайтып, ғылым жолына түскеннен кейін докторлық диссертациямның тақырыбы ретінде Мұстафа Шоқайды таңдадым. Францияда, Германияда болдым. Сол жақтың мұрағатынан көп тың материал таптым. Менің ең үлкен жетістігім – Мұстафа Шоқайды кеңестік кезеңдегі «фашистермен бірге әрекеттес болған» деген жаланың негізсіз екенін алғаш рет дәлелдермен ортаға салғандығымда деп ойлаймын. Менен кейін бұл салада зерттеу жүргізген ғалымдар да оның жала екенін көптеген деректермен ғылыми айналымға қосып жатыр. Шоқай ешқашан легионда жұмыс істемеген, қатысы да болмаған. Өйткені легион Шоқай дүние салғаннан кейін 1942 жылы сәуір айында құрылған. Мұстафа Шоқай нацистермен бірге істеген жоқ. Өйткені, Мұстафа Шоқай нацистер алда-жалда Кеңес одағын қиратса, Орталық Азияға тәуелсіздік бермейтінін, тіпті большевиктерден ары жабайы түрде қанайтынын жақсы білді. Сондықтан фашистердің оған Кеңес Одағына қарсы бірге жұмыс істеу жөніндегі ұсыныстарына «Сіздер Кеңес одағын жеңген уақытта бізге тәуелсіздік бересіздер ме?» деген қарсы сұрақ қойған. Олар ешқандай да жауап қата алмаған. Өйткені, «бермейміз» десе, шындықты айтқан болады. Онда Мұстафа Шоқай жұмыс істемейтінін біледі. «Береміз» деп өтірік айтса, оған Шоқайды сендіре алмайды. Сөйтіп Мұстафа Шоқай: «Сіздермен бірге жұмыс істемеймін, үйіме кетемін»,- деді. Париждегі үйіне қайтып бара жатқан жолда Берлинде кенет ауырып 1941 жылы 27 желтоқсан күні қайтыс болды. Нацистер, бірақ, Уәли Қайымхан секілді жастарға өтірік айта алады. «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты Серік Шәкібаевтың кітабында: «Мұстафа Шоқайды Уәли Қайымхан у беріп өлтіріп, Түркістан легионына бастық болғысы келді» деп өтірік жазылып кеңестік саясат қазақ пен өзбек халықтары арасына сына қаққысы келді. Шоқайдың қасында тілмаш болып жүрген өзбек жігіті Уәли Қайымхан, әрине, оның немістермен бірге жұмыс істеуінен бас тартқанын біледі. Онда ол неге өлтірсін?! Әйелі мен достарының айтуынша, нацистер оған у беріп қоя берген. Сөйтіп Шоқай Берлинде кенеттен ауырып қайтыс болады. Немістер «жұқпалы аурудан өлді» деп ақиқаттан өздерін арашалап алмақты ойлады.

Мұстафа Шоқай – тек қазақтың ғана емес, исі түркінің мақтанышы. Түркияда оған өте жоғары баға берілуде. Францияда да солай. 2010 жылы Парижде оның тұрған үйінің қасынан саябақ ашып, мүсін қойылды. Мұстафа Шоқай – шоқтығы биік тұлға. Алаштың тарихы Мұстафа Шоқаймен тереңдей түседі. Ол 1941 жылға дейін Еуропа елдерінде Алаш идеясын ту ғып көтерді. Сондықтан ол – Алаштың соңғы түйіні.

– Елге оралатын ойыңыз бар ма, аға?

– Әрине. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді. Елге оралып, қызмет етуді армандаймыз. Ғалым болғаннан кейін қай жерде елге көбірек пайдамыз тисе, сол жерде жүреміз. Ғалым адамға материалдық құндылықтан гөрі рухани құндылықтың қажеттілігі зор. Түркияда жүріп, еліміздің тарихын зерттеу ісіне титтей де болса үлесімді қосып келемін. Қазақстанның Түркиядағы елшілігіндегі дипломат достарым мынадай кеңес береді: «Әбеке, сіз елге қайтуға асықпаңыз. Шетелдегі танымал қазақ ғалымдарын елге қайтару жайында заң бар. Сол заң арқылы кезі келгенде үкімет сізді шақырар. Ал бүгінгі танда Түркияда Қазақстанның имиджін көтеріп жүрсіз. Қазақ-түрік ғалымдарының байланысына мәдени-ғылыми көпір болып отырсыз. Әрі бұл жақтағы орныңыз ойсырап қалады. Өкшеңізді алып келе жатқан жастар сіздің орныңызды бассын. Одан кейін елге барып, жаңа шәкірттер тәрбиелейсіз», – дейді. Олардың кеңесі орынды сияқты.

Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ
Суретті түсірген
Данияр Қожабек

Опубликовано в Сұхбат
Пятница, 09 Декабрь 2016 06:44

Әкiмi ардақтысын iздеген ел бақытты

Расында, біз – бақытты елміз. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен «Туған жерді түлету – перзенттік парыз!» атты қамқорлық акциясының аясында оңтүстіктің төл перзенттері Шымкентке табан тіреді. Елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен әншілер, сондай-ақ кәсіпкерлер, бас-аяғы 150-ден астам ардақты жерлестеріміз туған жерде бас қосты. 

Одан кейінгі шара Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Көрме орталығында ұйымдастырылған отандық тауар өндірушілердің «Қазақстанда жасалған» көрмесіне ұласты. Мүйізі қарағайдай ақын-жазушылармен, атағынан ат үркетін атақты адамдармен қарапайым жұрт осы көрмеде жүзбе-жүз дидарласып, бір жасап қалды. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша қонақтарды егемендігіміздің 25 жылдық мерекесімен құттықтап, өңірдің ширек ғасырда жеткен жетістіктерін баян етті.

– 25 жыл ішінде жалпы өңірлік өнім 1,5 млрд теңгеден 2,5 млрд теңгеге дейін өссе, ондағы өнеркәсіптің үлесі 15 пайыздан 28 пайызға дейін артты. Осы қарқын ағымдағы жылы да сақталып, 10 айда өнеркәсіп орындарымен 643,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Көрмеде әлемдік стандарттарға сай келетін кілем өнімдері, шұлық және үйге арналған тоқыма бұйымдары, ерлер костюмдері, трансформаторлар, су сорғылары, дәрілік заттар мен медициналық құрылғылар, құрылыс заттары, жиһаз, азық-түлік сынды облыстың тауар өндірушілерінің өнімдері жұртшылық назарына ұсынылды. Келушілер қалаған өнімдеріне арзан бағада қол жеткізіп жатты. 

«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін!» Халқына пайдасы тиіп жүрген ел ағаларын, кәсіпкер-меценаттарды облыс әкімі «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және Алғыс хатымен марапаттады. «Түркістан» сарайының сахнасында қаз-қатар тізіліп тұрған атымтай жомарт ағалардың еңбегі елеусіз қалмады. 

Тәуелсіздік тойында қастерлі Оңтүстіктің төрінде меценаттармен бас қосып, ортақ істі бірлесе жоспарлауды мақсат тұтқан өңір басшысы әр қиырда аянбай еңбек етіп, абыройға бөленген, табанын жерге, арқасын елге тіреген азаматтарымызды облыс жұртшылығы мақтан ететінін жеткізді. 

Оңтүстіктің өзгелермен салыстырғанда даму мүмкіндігі мол. Климаты, топырағы, халқының еңбекқорлығы, табиғаты бәрі-бәрі бір-бірімен үйлесім тауып тұр. Осындай еңселі елдің елжанды іскер азаматтарын аймақтың дамуына күш салуға шақырған облыс әкімі туризм, ауыл шаруашылығы салаларында іске асырылатын бірқатар жобалармен бөлісті.

– Мәселен, көне Түркістан қалашығын жаңғырту бойынша эскиздік жоба әзірленді. Жобаға сәйкес, Қ.А.Яссауи кесенесінің аумағын абаттандыру, шығыс үлгісіндегі моншалар, сауда орындары, мейрамханалар, ойын-сауық орталықтары мен қонақ үйлер, туристерге арналған алаңшалар, саябақтар салу жоспарлануда. 

Келесі маңызды бағыттардың бірі – Шымкент қаласын дамыту. Бүгінде Шымкент қаласының солтүстік-батыс бөлігінде 427 гектар аумаққа «Шымсити» тұрғын үй алабының нақты-жоспарлау жобасы жасақталып, іске асырылуда. Жобада тұрғындар саны 70 мың адамды құрайтын заманауи 316 көпқабатты тұрғын үй, 7 мектеп, 21 балабақша, 2 емдеу орталығымен қоса спорт кешені, бизнес және сауда орталықтары, демалыс орындары мен саябақтардың құрылысы жоспарланған.

Бас жоспарға сәйкес Ескі қала аумағында қамалды (цитадельді) қалпына келтіріп, қалыптасқан тарихи жоспарлау құрылымын сақтау және тарихи саяжай аумағын құру көзделуде. Бұл жобаға Қошқар ата және Қарасу өзендерінің бойлары енгізілген. 

Сондай-ақ, Шымкент қаласы таулы аумақта орналасқандықтан табиғи шатқалдар аумағы 600 гектардан асады.

Осы шатқалдарды абаттандырудың, спорт ойын-сауық нысандарын, мейрамхана және өзге нысандардың құрылысын жүргізудің жобалары әзірленген. Мұндай тартымды жобалар кәсіпкерлерді қызықтырады деп ойлаймыз, – деді облыс әкімі өз сөзінде. 

Бұдан кейін келген қонақтарға лек-легімен сөз берілді. Әуелі сөз алған Қазақстанның Халық әртісі Сәбит Оразбаев: «Жаңадан әкім келген кезде «Неден бастапты?» деп сұрайтынымыз жасырын емес. Сөйткенімізде, «Түркістаннан бастапты» дегенді естідік. Естідік те, қуанып, ішіміз жылып сала берді. Қасиетті орынды қайта жандандыру бағытындағы істеріңіз оң болсын», – дей келе, – Қасқайған қазағымның маңдайына, кетпестей, кереметтей бақыт қонсын!» – деп дуалы батасын берді. 

Туған жердің түлектері туған топыраққа ат басын бұрмай тұрмайды. Бәрі де келіп-кетіп жүреді. Бірақ, бұл жолғы келіс – бұрынғылардан өзгерек. Елге танымал азаматтар халқының алдында да, әкімнің алдында да, өзінің алдында да есеп берді. «Мен туған жерге нендей еңбек сіңірдім?» Әрқайсының жүзінен, сөзінен осы сауалға жауап іздегені анық білініп тұрды. Тарихымыздан белгілі, Сайрамдағы Мәртөбеде, Ордабасы тауының етегінде әз Тәуке хан үш жүздің басын біріктіріп, ел дауын, жер дауын, келелі мәселелерді шешкен. Мұны айтып отырған себебіміз, бүгінгі жиналыс та сол бір бейбіт басқосуды ойға салатындай... Өңір басшысы туған өлкеміздің тарландарын жинап, түйткілді мәселелерді жайып салды. Оны шешу жолдарын бірігіп қарастыруға жұмылдырды. Мысалы, облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Балабиев жақын арада 2 балабақша, 500 орындық кәсіпорын ашуға сөз берді. Міне, осы тақылеттес сөз, уәде, туған ел үшін жанашырлық, қамқорлық, мұның бәрі айналып келгенде Оңтүстіктің төл перзенттерін бей-жай қалдырмайтынын көрсетті.

 

Суреттерді түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ

Опубликовано в Мәдениет
Страница 3 из 4