Абылай ханның Оңтүстіктегі ордасы

Понедельник, 30 Октябрь 2017 10:16

«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс»

Н. Назарбаевтың
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан


Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында археологиялық тарихи орындарды дамытуды айтқан болатын. Осыған орай, тасын түртсең тарихтан сыр шертетін Оңтүстік өлкеде түрлі зерттеу жұмыстары жүргізіліп, құнды дүниелеріміз қайта жаңғырып келеді. Жалпы, өңірде 1063 археологиялық, 218 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Қазірде бұл жерлерді тек қалпына келтіріп қана қоймай, туристік орындарға айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Әлі де сыры толық ашылмаған сондай жердің бірі – Ханқорған қалашығы.

khan qorgan-3

Ханқорған – қазақтың киелі мекені

Қаратаудың күнгейінде, Арыс өзенінің бойында (Қазіргі ОҚО, Сайрам ауданы) «Ханқорған» деген тарихи орын бар. Бұл сан ғасырлар бойы қазақ еліне қатысты маңызды оқиғалар өткен қалашық. Зерттеушілер Ханқорғанды Абылай ханның Оңтүстіктегі ордасы болғанын және өмірінің соңғы күндері осында өткенін айтады. 

Жаугершілік заманда Абылай ханның қазақ даласының әр жерінде резиденциялары болған. Оңтүстік өңірін аралау барысында осы Ханқорған Абылайдың жиі келетін жеріне айналған. Бір кездері Абылай хан Самарқанға барып, түс көріп, шұғыл түрде қайтуға шешім қабылдаған. Қайта келгенде Сайрам ауданының территориясында қалың әскеріне елдеріне қайтуға бұйрық берген. Ал өзінің айналасына 500-ге жуық сарбаз алып қалған екен. Осылайша, Абылай бабамыз өмірінің соңғы күндерін осы қасиетті мекенде өткізіп, 68 жасында, жұма күні дүниеден озған деседі. 

khan qorgan– Міне, осындай жағдайларға байланысты осы қорғанда бірнеше күн ешкіммен сөйлеспей, пәниден бақиға аттанып кетті. Қайтыс болғаннан соң оның денесін күннің ыстығында Түркістанға алып бару қиын болғандықтан, жылқыны сойып, соның терісімен қаптап Түркістанға алып барып жерлеген. Абылайханның соңғы демі үзілген Ханқорғанда қазақтың ханына мәңгілік ескерткіш орнатып, ашық мұражай ретінде пайдалануға берсе екен, – дейді Сайрам аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Амангелді Қабылбеков. 

Ханқорғанға Абылай ханнан бөлек Керей мен Жәнібектің, Кенесарының және тағы да басқа атақты хандар мен батырлардың табаны тиген. Мәселен, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев бұл жерде Сыздық Сұлтанның да болғанын айтады. 

khan qorgan-2Кезінде Кенесарының ұлы Сұлтан Сыздық орыс мемлекетіне бағынбай соғысып жүрді. Генерал-губернатор Калпаковский бірнеше уәкілдерін жіберіп «Біздің мемлекетпен соғысуды қойыңыз. Түркістан өлкесінде қандай жерді таңдасаңыз, сол жерге барып тұрыңыз» деп дипломатиялық келісім ұсынған. Бұл кезде Сыздық Сұлтан Ауғанстанда болатын. Сөйтіп, Калпаковскийдің айтқанына көніп, соғысуды доғарады. «Сіз қай жерге барып мекендейсіз?» деп сұрағанда, Сұлтан Сыздық «Мен өзімнің бабам Абылайдың соңғы күндері мекендеген Ханқорғанға барып тұрамын» деген екен.

Зерттеушілердің пікірінше Ханқорған X–XI ғасырларға тән. Археологиялық экспедициялардың нәтижесі соны айғақтайды. Бұдан бөлек, қараханид заманындағы мыс тиындар, тұрмыстық ыдыстар және монша мен мешіттің орны табылған.

 

Ханқорған Сақ,  Ғұн кезінде болған...

Ханқорғанда сан ғасырлар бойы елімізге қатысты үлкен тарихи оқиғалар болған. Бұның ең бастысы Арыс өзеніне қатысты. Арыс өзені жағасында осыдан 2 мың жыл бұрын Арыс дейтін тайпа өмір сүрген. Бір жағы Жамбыл облысындағы Терісаққан өзенімен, екінші жағы қазіргі Қызылорда, Шиелі ауданы Қараспан дейтін тауға дейінгі аралықты қамтыған. Арыс деп аталуының бір себебі, тұрғындарының бойлары 2 жарым метрге жуық болған. Жер жыртумен, мал шаруашылығымен, аңшылықпен айналысқан. Өздерінің жерін, табиғатын қорғауда жанкештілік танытқан. 

khan qorgan-4

Бұл мекеннен Алатаудың аралығы 60-ақ шақырым жер. Өмір сүруге өте қолайлы аймақ болған. Осы жерде адамдар сонау Сақ, Ғұн заманынан бастап тіршілік еткен. 4-6 ғасырдан бастап, Орхон Енисей жазбаларында айтып кеткендей Саян, Алтай тауларының маңында өмір сүрген біздің түркі тектес әсіресе бізге өте жақын тайпалар өмір сүріп, кейін батысқа қарай жүріп кеткен. Сол қозғалыс барысында осы аймақтарды да игеріп өздерінің мал жайылымына, тұрмыс-тіршілігіне пайдаланған. Сол қолданылған жерлерді сақтап қалу үшін әскери жасақтарын қалдырып және сыртқы күштерден қорғану үшін биік төбелерді көтеріп сол төбелерді сарбаздар қарауылдап, үлкен қорғаныс жасаған. Міне, сондай бекіністердің бірі осы – Ханқорған. 

Ханқорғанда 550 жыл бұрынғы біздің алғашқы хандарымыздың болғаны жазылған. «Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолын» еске алсақ, сол дәуірдегі заңдарда жерді сақтау, жерді кеңейту, қазақ халқын сақтау үлкен мәселе болған. Қазіргі еліміздің территориясы Қасым ханның кезінде қалыптасқан. Өйткені санаулы күннің өзінде 300 мың әскерін атқа қондыра алған. Ол кезде Ресей мемлекеті болмаған. Жеке-жеке княздік болған. Москва князі арнайы елшілік жіберген, оның ішінде башқұрттар мен татарлар да қазақ тілін біледі. Қасым ханға ел басқару, соғыс басқару техникасын үйрену үшін өтінішпен келген. Осы аймақта олар 7 ай бойы Қасым ханның қасында бірге жүріп соғыс, ел басқару тәсілдерін үйренген. 

Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бір топ археолог ғалымдармен осы Ханқорған қалашығында болды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған еліміздегі киелі жерлер мен тарихи орындарды насихаттау мақсатында өткен жиында Ханқорған қалашығын қалпына келтіру, ашық аспан астындағы музейге айналдыру, консервация жұмыстарын жүргізу жайлы сөз болды. Осыған орай, өңір басшысы сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Келелі кездесу

Пятница, 27 Октябрь 2017 06:23

«Бұқаралық ақпарат құралдары және патриоттық тәрбие». Әскери патриоттық оқу орталығында осындай тақырыпта ҚР құрметті журналисі, ОҚО журналистерінің төбе биі Байдулла Қонысбекпен сырласу сағаты өтті.

22770575 1750285601648111 7214046239823471531 o

Іс-шара Мемлекет басшысының «Болшаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жердің тұлғасы», Ерлік мұражайының «Ата-бабалар аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ» жобалары аясында ұйымдастырылды. Оған зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер, Б.Өтеп мектеп-интернатының оқушылары мен қызметкерлері, жас сарбаздар, Отырар кітапханасының қызметкерлері қатысты. 

– Қазір елімізде Президенттің рухани жаңғыруға қатысты мақаласы кеңінен насихатталып жатыр. Бұл адамның ішкі дүниесін жаңарту, мінезін қалыптастыруға, отанды сүюге, елін-жерін құрметтеуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үлкен мүмкіндік береді, – деді Байдулла Қонысбек.

Кездесу барысында Байдулла Қонысбек туралы естеліктер айтылып, Елбасының мақаласындағы міндеттер мен бағдарламаларды талқылады. Көріністер қойылып, ән шырқалды. Сондай-ақ, орталықтағы 120-ға жуық жәдігері қойылған көрмеге экскурсия жүргізілді.

ҰШҚЫР ҚИЯЛ, КЕТТІҢ АЛЫС...

Понедельник, 23 Октябрь 2017 12:00

немесе болашақтағы
нанотехнологиялар туралы

ushqyr-qial-1

Сізге 2020 жылы адамдар бір зымыранмен бірнеше рет Марсқа ұшады, көліктер аспанда қалықтап жүреді, ал роботтар ауыр жұмыстарды істеп, балалардың ойыншығына айналады десе сенесіз бе? Әрине, сену қиын дерсіз. Дегенмен, айналаңызға бір сәт назар салыңызшы. Осыдан 5-10 жыл бұрын ғана электромобиль, смартфон телефон, 3D-принтер, 3D-фильм секілді дүниелер талай адамдардың ақылына сыймайтын. Көпшілік бұны уақыттан озғандардың кезекті бір сандырағы ғана деген болатын. Ал қазір бұл «Ғажайыптар» күнделікті өмірімізде пайдаланатын, қарапайым нәрсеге айналды.

 

Тарихта болжамы талай жылдан кейін ақиқатқа айналған аңыз адамдар бар.
Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Әйелің базаршы болады.
Еркегің қазаншы болады.
Әйел – ерге теңеледі.
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.
Ұят жағы кем болар.
Құны жоқ қағазды судай шашады... – деп, 1600-1700 жылдары өмір сүрген Мөңке биден артық болашақты дөп айтқан ешкім жоқ шығар. Бірақ біздің айтпағымыз басқа.
Біз Ы.Алтынсарин айтқан: «Тастан сарай салғызған», «Жылдам хабар алғызған», «Адамды құстай ұшырған», «Отынсыз тамақ пісірген» «Өнер-білім бар жұрттар» жайлы, қазіргі тілмен айтқанда болашақтағы нанотехнологияларды болжаған адамдар туралы айтпақпыз.

1899 жылы француз суретшілері ХХІ ғасыр туралы болжамдарын суретке түсіріп, Париждегі дүниежіүзілік көрмеге койған екен. Суреттерінде ұшатын құрылғылар, су астындағы адамдар, автоматтандырылған шаштараз бейнеленген. Бір кездері қиял ғана болып көрінген нәрселер, қазір ақиқатқа айналғанын өзіміз де көріп жүрміз. 

2018 жылы NASA компаниясы InSight ғарыш кемесін Марсқа ұшырады. Бортта ғылыми жұмыстан бөлек, адамдардың есімі жазылған микрочип болады. Осы чипқа өз есіміңізді mars.nasa.gov сайты арқылы жазып, Марсқа жібере аласыз.

Бұл бағытта атақты фантаст-жазушы Айзек Азимов та қызықты еңбектер жазғанын білеміз. Әсіресе, оның 1964 жылы «50 жылдан соң әлем қалай өзгереді?» атты еңбегі тек қазір ғана жоғары бағаға ие болуда. Өйткені, жазушының 2014 жылға жасаған болжамдарының басым бөлігі расымен де жүзеге асты. Мәселен, оның пульттік басқару, 3D құрылғылар, басқарушысы болмайтын көліктер, сматрфон арқылы кітап оқу, қоңырау шалу, құжаттар қарау сынды тұжырымдары бүгінде орындалды. Сондай-ақ, ол 1988 жылы интернетпен онлайн желісінде білім алуды да болжаған екен. 

Бұдан бөлек Герберт Уэллс 1914 жылы «Азат етілген Әлем» новелласында атом бомбасы туралы жазған. Ал танымал француз жазушысы Жюль Верн 1865 жылы «Жерден Айға тіке жолмен 97 сағат, 20 минутта» ғылыми-фантастикалық романында адамның айға қонуы туралы айтып өткен. 

Қазір де ғылым мен білім заманында ай сайын, күн сайын нанотехнология саласында талай «ғажайыптардың» куәсі болып жүрміз. Жақында ғана бір кездері аңыздай көрінген электромобиль мен автопилот басқаруындағы көліктердің кереметін көріп, еріксіз таңдай қақтық. Тіпті ондай ақылды көліктер Алматы мен Шымкент көшелерінде де кездеседі. Сондай-ақ, ғалымдар жыртылған теріні жабыстырып қоятын желім, сымсыз қуаттайтын телефондар, жүргізушісі жоқ жүк пойызын және тағы басқа да адам сенгісіз нәрселер ойлап тапты. 

Жуырда ғана Астанада өткен ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінде де талайдың таңдайын қақтырарлық дүниелер қойылды. Мәселен, күн сәулесі және электр қуатымен жүретін көлік, ұшақ, велосипедтер және тағы жүздеген стартаптар. Ал Қазақстан 28 жоба ұсынған. Оның ішінде жел мен күннен энергия алатын құрылғы, жарықдиотты шамдар, электромобиль мен телефонға қоятын аккумулятор бар. Елбасы Н.Назарбаев ЭКСПО кезінде қойылған жаңа технологиялар көрме біткеннен кейін де, қолданыста болсын деп тапсырма берген болатын. 

Ал келешекте не болатынын білгіңіз келе ме? Қызықтың көкесі келесі жылы-ақ болғалы тұр. Ғалымдар 2018 жылы Американың мейрамханаларында аспазшы, Ресейде ота жасайтынын роботтар пайда болатынын айтты. 

«PayPal», «SpaceX», «Tesla» компанияларының басшысы Илон Маск та жақын болашаққа болжам жасаған екен. Ол Марсқа баратынымызға сенімдімін дейді. Осы орайда, Голландиялық «Mars One» компаниясы 2023 жылы Марсқа ұшу туралы мәлімдеме жасағанын да айта кетейік. Қазіргі таңда, онда өз еркімен аттанатын 1058 үміткер анықталып қойған. Олардың ішінде 297 АҚШ, 52 Ресей елдерінің еріктілері бар. Сондай-ақ, компания қайтар жолға билет қарастырылмағанын да ескерткен болатын. 

Илон Масктың ендігі бір тұжырымы жақын 50 жылдың ішінде көлікпен жүру, жеделсаты секілді болады-мыс. Тек, қай жерге баратыныңзды таңдасаңыз болғаны. 

Уақыттан озған сәуегейлердің тағы бір болжамы, талай жылдардан бері жүзеге аспай келе жатқан иісті сезіп отырып тамашалайтын кинотеатр. Бұл идея бірнеше елдерде эксперимент ретінде жасалғанымен, әлі толыққанды жүзеге аспай келеді.

Ал футуролог Ян Пирсон 2064 жылы көліктер бір-бірімен соғыспайды, ер және еркектен бөлек жаңа жыныстар пайда болады, адамға ұқсайтын роботтар қызмет етеді дейді. 

Ендеше, көз көріп, құлақ естімеген дүниелерді уақыттың еншісіне қалдырдық. Сәуегейлік пе, сандырақ па? Оны да сең сөгілгенде, мал өрістен қайтқанда аман болсақ көрерміз...

 

Шымкентте жаңа әуежай салынады

Пятница, 20 Октябрь 2017 09:48

Бұл туралы ОҚО сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Еркін Жүсіпов облыс аймағында жүргізіліп жатқан құрылыс барысы жөніндегі брифингте мәлімдеді.

shymkala-83-3

Басқарма басшысы өңірімізде атқарылған және алдағы жұмыс жоспары туралы айтты. Ағымдағы жылдың 9 айында басқарма жұмысы 99 пайызға орындалған. Сонымен қатар, қала және аудан аймақтарынан 40-тан аса сәулеттік жобалар әзірленген.

Ал алдағы уақытта қолға алатын жобалардың ішінде қала ішінде парктер салу. Өңірімізде «Шатқал» бағдарламасы бойынша 17 шатқал Шымкент қаласын кесіп өтеді. Сол 17 жерден үлкен саябақтар бой көтермек. Әрқайсысының көлемі 4-5 шақырымды құрайды. Мәселен, жоба бойынша Бозарықтың айналма жолында үлкен Университеттік қалашық бой көтереді. Сол екі ортаға «Ұлы Дала елі» саябағы салынып, тарихи-мәдени ескерткіштер қойылмақшы. 

Сондай-ақ, брифингте қаладағы жаңа әуежай туралы сөз болды. Жоспарға сәйкес қазіргі әуежай кеңейтіліп, қала сыртынан жаңа әуежай салынатын болады. 

– Шындап келгенде қаладағы әуежай талапқа сай келмейді. Біріншіден, ол жерде әскери базаларымыз бар. Екіншіден, келіп-кететін ұшақтардың барлығы қала үстімен ұшады. Және қонақтарға қызмет ету үшін тарлық етеді. Қазірше кеңейту жұмыстарын жасайтын боламыз. Ескі әуежай өз орнында қалады. Бұлардан кейін бізде жергілікті ұшу және кіші авияция пайда болады, – дейді ОҚО сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Еркін Наурызбайұлы. 

Қазір жаңа әуежайдың орнына екі нұсқа ұсынылып отыр. Бірі қаладан 20-30 шақырым қашықтықтағы Түркістан бағытында Ордабасы аумағында. Екіншісі, Түлкібас ауданы бағыты бойында. 

Сонымен қатар, темір жол вокзалын да ауыстыру жоспарда бар. Нақтырақ айтсақ, жүк және жолаушылар вагонын екі жақтан қабылдау. Ал қазірше ескі вокзалды кеңейту, жаңбыр, қардан қорғайтын бастырмалар салу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. 

Қала ішіндегі «Шымтөбенің» орнында бұрын «Қарауылтөбе» болған. Бұл Шымкенттің ең биік жерінде және қақ ортасында орналасқан. Сол жерде үлкен аймақты барлайтын, шолып қарайтын ғимарат болады. Бұл бүкіл қаланы көретін мұнара ғана емес, мұражай, тамақтанып, сейіл құратын орталық болмақ. 

Бұлардан бөлек, «Ескі қалашықтағы» төбешіктің және Қошқар ата өзенінің бойында «Арбат» салынады деп күтілуде. 

Шымкент қаласында дәл қазір «Шымкент сити» қалашығының құрылысы жүріп жатыр. Сол жерде 10 мың орындық «Шымкент Арена» спорт сарайы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, өнер орталығы мен Оқушылар сарайының жобалары да әзірленген.

Шымкентте әлеуметтік желі қолданушылары арасындағы «Оңтүстік ғажайыптары» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

DSC 8305

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының тапсырысымен ұйымдастырылып отырған шараға облыстық ішкі саясат басқармасының қоғамдық ұйымдармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Қайрат Сүлейменов, Қазақстан Журналистер Одағының ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова, «Отырар» телеарнасының редакторы Зәуре Оралбаева және басқа журналистер мен блогерлер қатысты.

marapat-3

Қатысушылар ағымдағы жылдың наурыз-қыркүйек айлары аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдығы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тарихы мен шежіресін, ұлы тұлғалар мен олардың туындыларын насихаттау бойынша өз жұмыстарын жариялаған болатын.

marapat-6

Байқау қорытындысы бойынша І орын жүлдесі (300 мың теңге) 2 адамға бұйырды. Олар – Кеңес Исмаилов және Дастан Баширов. ІІ орынды (200 мың теңге) 3 қатысушы иеленді – Өмір Шыныбекұлы, Бейбіт Бертаев және Сәбит Сапарбеков. Ал ІІІ орын (150 мың теңге) Сұлухан Мыңбаева, Айгүл Амитова, Жібек Архабаева, Төлеген Ахметовке табысталды.

marapat-1

Сонымен қатар, ереже бойынша байқауға қатысқан 7 үміткерге ынталандыру сыйақысы (100 мың теңге) берілді. Олар – Дәурен Айманбетов, Тоған Жайлауов, Ақмарал Ғаниқызы, Ержан Сейдазимов, Ерлан Сыздық, Хамид Мүтәлиев, Мейірман Сауранбеков.

marapat-5

Шара барысында танымал журналист Кеңес Исмаилов бұл байқаудың жазбаларын өзге облыстағылар және шетелдіктердің де қызыға оқығанын айтты. Ал тарихшы, байқаудың белсенді қатысушысы Өмір Шыныбекұлы «Оңтүстіктің ерекше жерлерін әлі де болса көбірек насихаттау керек. Бұл өңіріміздің әлі ашылмаған жаңа қырларын танытуға мүмкіндік береді. Мәселен, байқауда кітапқа түспеген мәліметтер айтылды. Бұның өзі көп нәрсені аңғартса керек», – дейді.  

Айта кетейік, байқауға 30-дан аса үміткер қатысып, 16 жүлдегер марапатталды.

Күздің құбылмалы ауа райында қала ішіндегі жолдар, аяқжолдар, арықтар жауынды сумен толастайды. Соның салдарынан аулалардың, үйлердің алаңын, көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелерін су басып қалып жатады.

Осыған орай, Шымкент қаласының төтенше жағдайлар басқармасы барлық қала тұрғындарын өз аулаларының су ағып өтетін арықтары мен басқа да ағын сулардың жолын тазалауды ескертуде. 

IMG 0213– Мұндай жағдайлардың басым бөлігі су ағып кететін арықтардың, құбырлардың, жол бойындағы суағарлардың, науалардың қоқыстармен бітеліп қалуынан сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының жүргізілу себебінен болады. Сондықтан, су ағып өтетін өзен, арықтардың үстінен құрылыс жұмыстарын жүргізбей, тұрмыстық қоқыстарды тастамаған жөн, – дейді ТЖБ бас маманы Лаура Мұхамеджан.

Жаңарған жолдар – шаһар көркі

Среда, 18 Октябрь 2017 04:43

Шымкентте бірнеше көше жөндеуден өтті

DSC 7485

Шымкент қаласында жыл басынан бері күрделі және орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Басым бөлігі аяқталған. Атап айтар болсақ, «Жиделі», «Ақниет», «Жайлау» шағынаудандарының көшелері мен мектептердің кіреберістері және басқа да бас-аяғы 7,471 шақырым жол күрделі жөндеуден өткен.

«Тельман», «Қазығұрт», «Наурыз» секілді бірнеше шағынаудандарға, «С.Рахманин», «Қызылжұлдыз», «Б.Әлімбеков» және тағы басқа бірнеше көшелерге орта жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, №33 мектеп және балабақша маңындағы жолдарға, «Жаңаталап», «Шаңырақ», «Құрсай» тұрғынүй алаптарына және «Ізгілік», «Шымқорған», «8 наурыз» және тағы басқа көшелер мен шағынаудандарға аяқжолдар төселді.

DSC 8704

– 2017 жылдың басынан бері қаралған қаражаттан күрделі және орта жөндеуден өткен жолдардан бөлек, өтпелі нысандар да бар. Жаңа жобаларға келер болсақ, оларға қазір байқау жарияланған. Кейбіреулері бастап та кеткен. Дәл қазір жөндеу жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталады. Сонымен қатар, осыған дейін тас жол тіпті салынбаған көшелер бар. Қазір оларға шағал төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Ерлен Есіркепов. 

Жөндеу жұмыстары аяқталған көшелердің арасында А.Байтұрсынов көшесі де бар. Қала тұрғындары бойында «Онкология», «Кардиология», «Консультативтік диагностикалық медициналық орталығы» және басқа да маңызды нысандар орналасқан жолдың қайта ашылғанына дән риза. Онда тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі бірнеше ай бойы жылу құбырларына жөндеу жұмыстарын жүргізген болатын. 

DSC 7504

– А.Байтұрсынов көшесінің тұрғындары негізінен Д.Қонаев даңғылы арқылы қатынады. Қоғамдық көліктерге міну үшін бірталай жер жаяу жүру керек еді. Міне, енді жұмыстардың барлығы бітті. Автобустар мен көліктер де қайта жүре бастады. Әрине бұның барлығы қала игілігі үшін болғандықтан, тұрғындар түсіністікпен қарады. Осы жөндеу жұмыстарына атсалысқан азаматтарға алғысымызды айтамыз, – дейді қала тұрғындары Даниял мен Дамир.

 

Суретті түсірген
Береке СЕЙІТЖАППАР

БАҚ өкілдеріне арналған семинар

Среда, 18 Октябрь 2017 04:30

shymkala-82-2

«Рухани құндылықтарды жаңғыртуда ақпарат құралдарының рөлі». Осындай тақырыпта «Шымкент» қонақүйінің мәжіліс залында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен семинар-тренинг өтті.


Оған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков, Қазақстанның Журналистер одағы ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова, «Асыл Сөз Медиа» шығармашылық бірлестігінің төрағасы Асылбек Ноғаев және бірқатар журналистер мен әлеуметтік желі белсенділері қатысты. 

shymkala-82-1

Шара барысында жастарды ғаламтордағы теріс ақпараттардан қорғау, ақпарат ағынын сүзгіден өткізу және құндылықтарымызды насихаттаудағы БАҚ-тың рөлі жайлы әңгіме өрбіді. Сондай-ақ, қатысушылар тарапынан түрлі пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Жиын соңында сауалнама жүргізіліп, сертификаттар табысталды.

– Қазір телеарналар мен ғаламтор жастардың басты тәрбие құралына айналып барады. Сондықтан жақсы мен жаманды ажыратып, саралауда БАҚ-тың рөлі ерекше. Мұндай тақырыптағы семинарлар БАҚ өкілдері үшін өте маңызды деп есептеймін. Алдағы уақытта бұл іс-шаралар жалғасады, – деді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков.

Страница 7 из 16