Ханымдар тек іскер емес, қамқоршы да

Пятница, 21 Сентябрь 2018 04:31

Кіші және орта бизнесті дамыту мақсатында ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы әр қалада жұмыс істеуде. Бұл палата әсіресе іскер ханымдарға ерекше қолдау танытады. Себебі, нәзікжандар кәсіп еткен қызмет түрлері қоғамға өте қажет.

20180914 151410

Атап айтқанда, ханымдар көбіне балабақша, түрлі үйірмелер, білім беру, қосымша курстар мен кондитерлік өндіріс, тігін тігу, құрақ құрау, сұлулық және салауатты өмір салтын ұстану сынды қызмет түрлерін таңдайды. Осы бағытта Шымкент қаласындағы іскер әйелдермен жұмыс жасайтын кеңестің төрайымы Салтанат Төлегенованы сөзге тарттық.
– Ханым бола білген жақсы, ал іскерлігімен қоғамға, елдің дамуына үлес қосу, адамдарды жұмыспен қамтып, салық қорын молайту да үлкен азаматтық іс. Қазіргі таңда қыз-келіншектердің бизнесте жетістікке жетуіне қолдау көп-ақ. Мәселен, «Атамекен» кәсіпкерлер Палатасы жанынан мектеп ашылды. Онда өз кәсібін жаңа бағытта ашқысы келетін немесе мүлде жұмыссыз отырған қыз-келіншектер белгілі бір кәсіпке бейімделеді. «Қалай кәсіп ашамын?», «Кәсібімді қалай дамытамын?» деген мақсатты ізденісі бар ханымдармен жұмыс істеуге біз әрқашан дайынбыз, – дейді Салтанат ханым.
С.Төлегенова жекеменшік балабақшасын ашып, бүгінде 150 адамды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкер.
– Қолдан келсе, табыс тапқан жақсы. Әр адам өз қажеттіліктерін қамтамасын етуі тиіс. Одан артылса, туыстарына, өзге де азаматтарға көмектесіп, қайырлы іске жұмсағанын құп көремін. Басқа да іскер ханымдарды қайырымдылық жасауға шақырамын, – дейді ол.
Салтанат ханымның сөзін онымен бір мақсатта жұмыс істейтін Әл-Фараби ауданы бойынша іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Мұсаева толықтырды.
– Әл-Фараби ауданында шамамен 200 нәзікжанды жеке кәсібімен тіркеуге алынса, соның 50-ден астамы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан ашылған кәсіби мектепте қабілеттерін шыңдады. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады, – дейді отандық косметика өндірумен танылған Сәуле Ажыханқызы.
Кәсіпкер ханымдар Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасына қатысты. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан 10 балаға мектеп формасы мен оқуға қажетті құралдардың барлығын түгел алуға қол ұшын созды. «Балалар – біздің келешегіміз. Олардың алаңсыз сабақ оқып, білімді азамат болып өсуін тілейміз» дейді ханымдар.

Қала тарихында бірінші рет Шымкент шаһарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына депутат сайланады. Сенаторлыққа үміткер 8 шымкенттіктің екеуін жергілікті мәслихат ұсынса, тағы 6-ы өзін-өзі ұсынып отыр.

Сайлау – 5 қазан күні өтеді. Шымкент қаласы сайлау комиссиясының төрағасы Марс Елекеевтің мәлімдеуінше, үміткерлерді тіркеу 4 қыркүйек күні сағат 18:00-де аяқталған.
– Республикалық маңызға ие болған Шымкент қаласының мәслихаты Нұрлан Бекназаров пен Дархан Сатыбалдыны ұсынғаны белгілі. Ал өзін-өзі ұсынған үміткерлер қатарында Ғалымжан Майханов,
Владимир Доронин, Бижан Жылкелдиев, Асқарбек Үркімбаев, Серік Алданов, Ғани Қарабеков есімді азаматтар бар. Шымкент қаласы сайлау комиссиясы Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттардың ҚР Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңында қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтады, – деді ол.
Үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 15 қыркүйек – 4 қазан аралығында жалғасады. Ал сайлау қорытындысына сәйкес елімізде Парламент Сенатының депутаттары тағы екеуге артады және олардың өкілеттік мерзімі 2014 және 2017 жылдары республиканың басқа өңірлерінен сайланған депутаттардың өкілеттік мерзімімен бірдей болады.

Шымкенттің Т.Айбергенов көшесімен жүріп өтсеңіз, Амстердамның Де Валлен кварталынан өткендей әсер аласыз. Айырмашылығы сол қызыл шырағданымен танылған Де Валлен көшелері тек туристерге арналған. Ол кварталда бұзақылықтың кез келген түрін жасап, көңіл көтеруге болады және бұл Нидерланды бюджетін байытып отырған заңды табыс көзі. Ал Т.Айбергенов көшесінде бәрі басқаша...

DSC 4809

«Қайран менің өз үйім – кең сарайдай боз үйім»...

Күндіз жүріп өткенде «КВАРТИРА» деп жазылған кардон қағазды байқамасаңыз, содан сәл әріректе кілтін сықырлата айналдырып отырған ханымдар сағатқа, тәулікке жалға берілетін пәтердің бар екенін айтып дыбыс береді. Егер ол дауысқа мойын бұрсаңыз, «бізде де бар» дегендей тағы 2 адам қосыла жамырайды. Ең сорақысы оларға жақындағанда басталады. Қазақы әдеп пен имандылықтан әлдеқашан адыра қалып, арын саудалағандар арам төсектің түрлі қызметін ұсынудан мүлде арланбайды. Оларға студент қызын жетектеп келіп, қаладан жалға пәтер іздеген әке жолыға ма әлде ұлымен немесе бауырымен келе жатқан әйел жолыға ма, бәрібір. Көзіне көрінгеннің бәрін нәпсінің құлы деп таниды. Одан бөлек пәтерді тәулікке, сағатқа жалға беруді патенттеп алғандардың көше бойын жағалай орналасқан кеңселері бар. «Пәтерді жалға беру» сынды бетперделі қызметтің арғы жағында тән саудасы жатқаны анық. Алайда, полиция қызметкерін шақырсаң, көшедегі кілтін айналдырғанның бірін де таппайсың. Тырағайлап сол маңдағы дүкен мен дәмханаға кіріп ғайып болады. Ал кеңседегілер мұның бірін де мойындамайды. Жеңілжүрістілердің жауапкершіліктен ылғи құтылып кететінінен жергілікті тұрғындар зәрезап болған.
– Айбергенов көшесі 5 үйде тұрамын. Пәтерді жалға беру біздің Конституциялық құқығымызды аяққа таптаумен тең. Себебі, олар ішкілікке сылқия тойып алған адамдарды, кәмелет жасына толмаған жігіттерді, тіпті жас қыздар мен үлкен жастағы ер азаматтарды сол пәтерге сағат сайын, тәулік сайын әкеліп отырады. Олар келіп кеткен соң дәлізде ине, басқа да лас заттардың қалдығы шашылып қалады. Күндіз-түні у-шу. Қабырға арқылы естілетін дыбыстарға адам төзіп болмайды. Теледидарды бар даусына қойып, кейде тіпті таңғы 5-ке дейін сенделіп далада жүреміз. Берекені қашырғаны соншалықты, үйге қонақ шақыру мүмкін емес. Оларға мұндай іспен айналысуға кім рұқсат берді? Неге жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілмейді? Неге көршілерінің келісімін алмайды? «Пәтерді жалға беру» патентін қандай негізге сүйеніп алғанын Салық басқармасынан білгіміз келеді, – дейді зейнет жасындағы Мариям апа.
Бір ғана Мариям апа емес, бірнеше пәтерді жалға беруді кәсіп еткендерге жергілікті тұрғындардың барлығы ызалы. Оның біразы бала баққанымен, перзентіне инабаттылық, имандылық, әдептілік туралы ақыл айтуға мысал таппай әбігер болған ата-ана. Ал біразы балаларына кесірі тимесе деп қорқатын жас отбасы мүшелері.
– Психотроптық заттарды қабылдаған адамда ес болмайды. Титтей баланың болашағына балта шауып, қиянат жасамасын деген қорқынышпен өмір сүремін, – деген Марияның сөзін Шырын апа жалғады.
– Қоғамымыз салт-дәстүр, қазақы менталитеттен әлдеқайда алыстап қалғандай сезінемін. Пәтерімді сатуға қойғаныма көп болды, сұрайтын адам жоқ. Кім тұрғысы келеді мұндай жерде? Ал мына жалға берушілер арзанға алып қалғысы бар. Оларға бермеймін, – дейді ол.

215 пәтерді жалға беріп келген

Т.Айбергенов, Ә.Жангелдин көшелері мен Республика даңғылының тұрғындарынан түскен арыз-шағымдарға байланысты аталған аумақта рейд жұмыстары басталды. Рейдке Әл-Фараби аудандық әкім аппаратының және Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысуда. Рейд барысында осы мекенжайда пәтерді жалға беретін 31 азаматша анықталды. Олар көпқабатты 17 тұрғын үйде орналасқан 215 пәтерді жалға берумен айналысып келген. Әл-Фараби ауданы бойынша кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Н.Қаңлыбаев жалға пәтер берушілердің барлығы дерлік машығын патенттеп алған жеке кәсіпкер екенін алға тартты.
–Әл-Фараби ауданына қарасты Т.Айбергенов, Ә.Жангелдин көшелерінің бойындағы рейдтік іс-шара 7 қыркүйекте басталды. Нәтижесінде «Айгүл» аялдамасының қос тараптағы дүңгіршегі жеңіл жолмен пайда тапқысы келетіндерден тазартылды. Жол бойында кілт ұстап, пәтерді жалға беретін ЖК делдалдары азайды. Бірқатарын полиция қызметкерлері жауапқа тартып, хаттама толтырды. Дегенмен, делдалдардың көзге көрінбей бой тасалап жүргені анық. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды қалалық ішкі істер департаментімен және Абай аудандық әкім аппаратымен бірлесіп, алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Нұрлан Кенжебекұлы.
Бөлім басшысының айтуынша, пәтерді жалға берушілер өз істерін заңды деп есептейді. «Үй меніңкі, салық төленген» деген сенімділігі басым азаматшалар одан артық жауапкершілікті сезінбейтін де сияқты. Жеке кәсіпкер ретінде бюджетке салық төлеп отырмын деп ойлайды. Мақұл делік. Рейдтік іс-шараға қатыспас бұрын жасалған журналистік зерттеуге жүгінсек, пәтердің ақысы сағатына 2 мың. 12 сағатқа 10 мың. Бұл орташаның төменгі құны. Элиталық пәтерлер бар, ол қымбаттау. Көрінісі сын көтермейтін арзан пәтерлер бар. Сондай-ақ, жалға берілетін пәтер құны оның бөлмелеріне байланысты да өзгере береді. Пәтерді жалға алғаннан кейін қосымша қызметтердің әрқайсысына бөлек ақы төленеді. Кәдімгі сауда, тән саудасы! 215 пәтерде!

Олар кәсіпкер екен...

Осындай лас жолмен табысқа кенелген жеке кәсіпкерлердің салықты қалай төлейтіні де қызықтырмай қоймады.
Бізді қызықтырған сұрақтардың жауабын Әл-Фараби ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ғани Шаймерденұлынан білдік.
– Бізде Ішкі істер басқармасы мен салық департаментінің арасында меморандум бар. Сол меморандум аясында шаһардағы учаскелік полицейлер әр айда бізге тәуліктік жалға берілетін пәтерлерді тіркеуге алу үшін олардың тізімін беріп отырады. Мысалы, Т.Айбергенов көшесіндегі 5 үйде 20 пәтер болса, соның 4-і жалға береді. Осы 4 пәтердің жалға берілетінін учаскелік полиция анықтаған соң біз пәтер иесіне баспанасын кәсіпкерлік нысанда пайдаланып отырғанын, ол үшін салық төлеуі тиіс екенін ескертіп хат жолдаймыз. Алайда, пәтер иелері электронды түрде патент рәсімдеп, Заң талаптарына сәйкес табыс көлемін өзі көрсетуге құқылы. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытуды мақсат еткендер ең аз мөлшердегі пайызбен салық төлей алады. Бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркелу ақылы еді, қазір ақысыз. Кәсіпкердің нақты қанша салық төлейтінін азаматтардың өзі берген жазбаша рұқсатынсыз жариялай алмаймыз. Оларды тексеруге де уәкілеттілігіміз жоқ. Салықшыларға аудиторлық тексеруді кірістер департаменті жүргізеді. Қазір облыс пен қала бөлінді. Енді Шымкенттің өз департаменті толық құрылып, іске кіріссе, бәлкім, сол кезде біраз мақсатты назарға алармыз. Дегенмен, бәрі де салық кодексіне сай жасалады, – дейді, Ғ. Төриев.
Пәтерді жалға берудің кәсіпке айналғаны қызық. Әрине, шырайлы шаһарға қонақ болып немесе іссапармен келіп, 2-3 күнге ғана пәтер жалдайтындарға жайлы баспана қажет-ақ. Әрі шығынын заңдастыру үшін квитанция бере алатын жеке кәсіпкер қызметіне жүгінуі де орынды. Бірақ, тұрғын үйдің де өз заңы бар емес пе? Айтпақшы, рейд кезінде Әл-Фараби аудандық ішкі істер басқармасы қандай әрекет жасағанын да тізе кетейік.

110 азамат қай заңды сақтамады?

DSC 4876

Басқарма бастығы, полиция подполковнигі Сейітжомарт Сейітханның айтуынша, рейд кезінде 110 азамат полиция бөлімшесіне жеткізілген.
– Олардың саусақ іздері алынып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 427, 440, 441, 449, 590, 593, 597, 601 баптарын бұзған 110 азаматқа әкімшілік хаттамалар толтырылды. 9 азамат уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығына, 4 азамат құжаттарының болмауына байланысты қабылдап-тарату орталығына орналастырылды. Біз бұл шара аясында бақылауды тоқтатпаймыз, – дейді С.Сейітхан.
Журналистік зерттеу болғандықтан ҚР Заңдарын да бір шолып шыққанды жөн көрдік. Сонымен, Т.Айбергенов, Ә.Жангелдин көшелері мен Республика даңғылына қарасты көпқабатты үйлерде орналасқан пәтерді жалға беру бойынша тұрғындардың шағымына байланысты құрылған жоспар қалай жүзеге асты? Кімдер, қай баппен, қандай жауапқа тартылды?
Полиция полковнигі атаған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 427 бабы – «Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу» жайлы екен. Ал 440 бап – «Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу», 441 бап – «Жекелеген қоғамдық орындарда темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салуды бұзу», 449 бап – «Қоғамдық орындарда тиісу», 590 бап – «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу», 593 бап – Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау, 597 бап – «Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу», 601 бап – «Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау» сынды әкімшілік құқық бұзушылықтар.

ТҮЙІН

Әрине, рейд – профилактика сынды. Құқық қорғаушыларды көрген «жеке кәсіпкерлер» кәсібін тек заң аясында атқарып жатқан болуы керек. Әйтпесе, полиция қызметкерлері көршілерінің мазасын кетіріп, тәнін саудаға салғандардың үстінен әлдеқашан ҚР Қылмыстық Кодексінің 302 бап – «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтыну үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және осы мақсаттар үшiн үй-жайлар беру», 309 бап – «Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық», 310 бап – «Дәрiлiк немесе басқа да құралдарды пайдаланып есеңгiрету үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау» бойынша қылмыстық іс қозғаған болар еді.
Жауапты қызметкерлер қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдағы уақытта да осы аумақтағы тыныштықты назарда ұстауға уәде берді.

51 дүңгіршек алынды

Пятница, 14 Сентябрь 2018 04:32

Шымкент қаласының орталық көшелерінде заңсыз орнатылған 51 дүңгіршек алынды. Бұл бағыттағы сүру жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.

снос

Шаһар басшысының «Қала аумағындағы ретсіз сауданың алдын алдын-алу, жою жұмыстарының барысы» туралы қаулысымен бұл жұмыстар 2016 жылдан бері жүргізілуде. Алдымен қаланың сәулеттік келбетін сақтау мақсатында ретсіз саудамен айналысатын және заңсыз дүңгіршек орнатып алған азаматтармен түсіндіру шаралары жүргізілді. Соған қарамай жұмысын осы күнге дейін жалғастырып келген және әлі де ретсіз сауданы қолға ала бастағандар бар.
Жабайы сауда мен заңсыз орнатылған дүңгіршектерден қала көшелерін тазарту мақсатында Әл-Фараби ауданында кезекті рейд өтті. Аудан әкімдігінің қызметкерлері мен жергілікті учаскелік полиция өкілдері қатысқан іс-шара барысында ҚР-ның «Жер» Кодексінің 43-бабына және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 136-шы және 204-бабына сәйкес, Т.Рысқұлов және М.Х.Дулати көшелерінің қиылысында орналасқан «Жеміс-жидек», «Квас» дүңгіршектері алынды. Сонымен қатар Ә.Жангелдин көшесінде «R-LABASH» дүңгіршегі де заңсыз орын тепкені анықталып, ол да сүрілді.

«Halyk Bank» АҚ 95-жылдық мерейтойы аясында 95 игі іс атқаруды мақсат тұтса, сол игіліктің бірі «Отбасы» аллеясындағы балалар алаңшасымен толықты.

DSC 4508

Осы маңдағы көпқабатты үй төрайымдары алғысын жеткізіп, балақайлар мəз-мейрам болды. Ал Халық Банк қызметкерлері жыл соңына дейін түрлі бағыттағы игі іске демеушілік жалғаса беретінін жасырмады.
Аудан əкімі Ғабит Мәуленқұлов «Қарасу» шағынауданында атқарылатын жұмыстардың əлі де бар екенін атап өтті.
- Сенбіліктер барысында «Шымкент жасыл қала» жəне «ЛТД – тұрмыс» ЖШС мекемелерімен бірқатар жұмыстарды қолға алдық жəне оны алдағы уақытта жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Жергілікті тұрғындардың сұранысы бойынша көпқабатты үйлердің ауласына да бірқатар ойын элементтері қажет. Өскен ағаштарды қырқу, абаттандыру жұмыстарында белсенділік танытуға жергілікті тұрғындарды да шақырамыз, - дейді аудан əкімі.
«Отбасы» аллеясы Қошқар ата өзенін бойлай орналасқан. Өте сəнді əрі саялы аллеяда үй жануарларын серуендетуге арналған алаңқай да бар. Сондай-ақ, «Шымкент Келбеті» & «Панорама Шымкента» газеттерінің атындағы керемет гүлзар да дəл осы аллеяда орналасқан.

Бұйырғанын емес, таңдағанын алады

Среда, 12 Сентябрь 2018 04:50

Елбасы Жарлығымен республикалық маңызы бар дербес қала мәртебесін алған Шымкент шаһарында тұрғын үй алушыларға тағы бір мүмкіндік қарастырылды. Шымкенттіктер үшін несиеге берілетін пәтердің шектік құны өсті. Енді қала тұрғындары 7-20-25 бағдарламасы аясында құны тек 15 млн теңге тұратын пәтерді емес, 25 млн теңгеге дейінгі үйлерді де несиеге ала алады.

bc5a46b6-4747-4d3e-846d-1d437ace176e

– Шекті құн дегеніміз – Бағдарлама аясында тек осы белгіленген бағадан аспайтын пәтер алуға берілетін мүмкіндік, – дейді «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ Сыртқы коммуникациялар қызметі жетекшісінің орынбасары Айбар Олжаев. – Қазіргі таңда, Шымкент қаласы бойынша банктер тарапынан 219 млн теңге көлемінде 20 азаматқа несие беру мақұлданған. 131 млн теңге көлемінде 12 несие берілген. Сонда, 7-20-25 бағдарламасы аясында сатып алынып жатқан үйлердің әзірге Шымкенттегі орташа бағасы 11-12 млн теңгені құрап отыр.
Бұған дейін Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында ғана құны 25 млн теңгеге дейінгі пәтерлерге несие берілетін. Ал басқа өңірлер үшін несиелендіру шегі 15 млн теңгеден аспайтын. Енді аталған 4 қала қатарына Шымкент шаһары қосылды. Бұл 5 қалада несиелендіру бағасы 25 млн теңге, басқа өңірлерде 15 млн теңгеден аспайтын жаңа, пайданалануға берілген үй таңдай аласыз.
– Шектік бағаның өскені дұрыс болды. Әне-міне жаңа үйдің кілтін алсақ деп отырмыз. Біз таңдаған пәтер 3 бөлмелі, құны 18 млн теңгеге бағаланды. Баспана сондай ұнағанымен несиелендіру бағасы 15 млн теңгемен шектеліп, ұнағанын емес, сол шамаға бұйырғанын қарастыра бастап едік. Енді банк 25 млн теңгеге дейін несие беретін болды. Біз сол ұнатқан пәтерімізді аламыз деп шештік, – дейді Тәңірберген Пернебекұлы.
«Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ құрылысты және тұрғын үй нарығын қадағаламайды. Тұрғын үй нысандарының арнайы тізімін де жасамайды. Тек, пәтер алушыға несие береді және осы бағытта несие беруге серіктес банктерді жинақтаумен айналысады. Ай сайынғы төлемді есептеу үшін пәтер бағасы мен несие мерзіміне сәйкес, Ұйым ұсынған мәліметтерге сүйенсек, ай сайынғы төлемдер кестесіне назар аударыңыз:
Үй бағасы 5 млн теңге болған жағдайда несие мерзімі 5 жылға алынса, ай сайынғы төлем – 79 205 теңге болады. Дәл осы пәтердің несиесін 10 жыл бөліп төлеу үшін айына 46 443 теңге төлеу қажет. Ал 15 жылға 35 953 тг, 20 жылға 31 012 тг болып бөлінеді. Ең ұзақ мерзім – 25 жылға дейін төлегіңіз келсе, ай сайын 28 271 теңге несиеге құясыз.

852

Сонымен, 7-20-25 бағдарламасы аясында несиеге үй алу үшін Сіз үйдің алғашқы қожайыны болуға тиіссіз. Яғни, баспананы тек пайдалануға берілген жаңа үйден таңдайсыз.
Несие алушының ең төменгі кіріс деңгейі Бағдарламада нақты белгіленбеген. Дегенмен, қарыз алушы ай сайынғы ипотекалық төлемді төлей алатын, сонымен қатар күнделікті қажеттілігін өтей алатындай табысты болуы шарт. Әйтсе де, қарыз алушының кірісі жеткіліксіз болған жағдайда, қосалқы қарыз алушыны тартуға рұқсат етіледі.
«7-20-25» бағдарламасы аясында «Баспана» Ипотекалық ұйымы АҚ серіктес-банктері азаматтардың төлемқабілеттілігін тексеру механизмдеріне ықпал ете алмайды. Себебі, әр банк дербес төлемқабілеттігін тексеру процессін өздерінің ішкі ережелеріне сай жүргізеді. Еске сала кетейік, «Баспана» Ипотекалық ұйымы АҚ – Центркредит, Халық банк, Еуразиялық Банк, Цесна Банк, АТФ Банк, РБК және Тұрғын үй құрылыс жинақ банктерімен «7-20-25» бағдарламасы аясында берілетін баспаналарға несие беру туралы келісім-шарт жасаған.

Бақытым – балаларым

Пятница, 07 Сентябрь 2018 04:40

Шымкент қаласы – халық өсімі жағынан алдыңғы қатарлы көрсеткішке ие өңірлердің бірі. Таяуда ғана қала тұрғындарының саны миллионға жетсе, қазір үшінші мегаполиске қайта көшіп келіп жатқандар бұл көрсеткішті жедел өзгертуде. Сонымен қатар, Шымкент – Батыр анаға бай қала.

DSC 5136

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қала орталығын қамтитын бір ғана Әл-Фараби ауданында 343 «Алтын алқалы», 932 «Күміс алқалы» және көп балалы 3 658 ана тіркелген. Көпбалалы болу бір мәртебе де, көп балаға жақсы тәлім-тәрбие беру үлкен еңбекті қажет етеді. Өйткені, алда төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері артып келеді. Елбасымыз Н. Назарбаев атап өткен саналы ұрпақ, дені сау ұлттың негізі отбасында қаланады. Осы Әл-Фараби ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Жанар Пазылбековамен сұхбатымыз бала тәрбиесі төңірегінде өрбіді.
– Жанар Төребекқызы, тым жас көрінеді екенсіз? Қай кезде тұрмысқа шығып, 3 қыз, 4 ұлды дүниеге әкеліп үлгердіңіз? Отбасыңыз жайлы айтып беріңізші?
– Жолдасым – Болат Досмұхаметовпен Түркістандағы Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде таныс болдық. Болат жоғары курста оқитын. Ол оқу бітіріп кеткен соң араға үш жыл салып Шымкент қаласына, тәжірибеден өтуге келсем, сол мекемеде алдымнан шыға келгені. Бір-бірімізді танып, жағдай сұрастық. Оқу бітіргеннен кейін Болат әскерге барып келіп, қызметке енді ғана кіріскен кезі екен. Сол таныстықтың соңы біздің шаңырақ көтеруімізге ұласты. Бүгінде төрт ұл, үш қыздың ата-анасы болып отырмын. Үлкенім Аружан – Алматы қаласындағы жоғары оқу орнында 3 курстың студенті. Әділет – 11 сынып, Рания – 10 сыныптың оқушысы. 6 сыныптағы Азаматым үшеуі №8 мектепте оқиды. Ал Айеркем №1 Пушкин атындағы мектептің 2-ші, ал Арнат 1 сыныпқа қадам басты. Аңсар ең кенжеміз, 38 жасымда бауырыма бастым.
– Жаңа бізге «тездетіп жұмысқа кетуім керек» деп қалдыңыз. Аңсар енді ғана жасынан асыпты, жұмыс істейсіз бе?
– Иә, нотариус кеңсем бар. Жалпы, ешқашан балалы болдым деп үйде отырып қалған емеспін. Бала бағуды соншалықты ауыр жұмыс деп санамаймын. Әу бастан-ақ, үй шаруасын тез ретке келтіріп, жұмысты да бірге алып жүруге үлгеретінмін. Ата-енеміз де қараусыз қалдырған жоқ. Мүмкіндігінше көмектесіп, қарасып тұрды. Жастау кезімде сіңлілерім келіп қолғабыс етті. Ең қиын кездерде көмекші алдым. Қазір балалардың алды өсіп қалды. Оның үстіне, үй мен жұмыстың арасында жүріп бәріне үлгеремін. Тынымсыз еңбектеніп, әбден соған үйреніп кеткеннен болар, қарап отыруды білмеймін (күлді).
– Балаларыңыздың қызығушылығына қаншалықты мән бересіз?
– Үш қызым да балет мектебіне барды. Осы салада жұлдызы жануы тиіс деген ниетпен емес, алдымен балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету мақсатында, сонан кейін қанша дегенмен қыз бала бойын тік ұстап жүруге бейімделсін деген оймен берген едім. Ұл балалар бос уақыттарында бірі тенниспен, бірі дзюдомен айналысады. Біз отбасында барлық уақытты бос өткізбей, бір шаруамен айналысуға әбден қалыптасып алдық. Жыл сайын жазда балалар суда жүзуді қызық көреді. Қыста Алматыға, Медеуге алып барамыз. Сол жақта шаңғы тебеді. Біз көпбалалы отбасы болғандықтан көпқабатты тұрғын үй тарлық ете бастады. Содан Болат жер үй салып, аулаға балалардың спортпен шұғылдануына барлық жағдайды жасап берді. Өткен жылы көшіп келдік.
– Балаларыңыздың арасында өнерге жақыны бар ма?
– Азамат гитара тартуды үйреніп жүр. Қыздар білімге қатысты олимпиада, байқаулардың бәріне қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Аружан ағылшын тілін жақсы меңгерген. Ал Рания 9 сыныпты бітіргенде-ақ косметиканың құпияларына құмар болды. Бір өзі бір әсемдік салоны сияқты. Үйге келгендер той-томалаққа барарда Ранияның бөлмесінен жасанып шығады. Тырнақ, кірпік жалғауды да жақсы үйреніп алды. Осы тұста айтайын, қазір кейбір ата-ана баласына ғаламторды пайдалануға тыйым салып жатады. Менің Рания қызым сол ғаламтор мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өзінің қызығушылығын дамытты. Әрине, оның не көріп, не қойып жүргенін аңғарып, байқап отырамын. Азаматым математикаға алғыр. Арнатым небәрі 6 жаста, бірақ көлік жүргізе алады. Тіпті, әкесінің жанында отырып, машинаны өзі айдап, қақпадан кіргізіп, шығарады. Кез келген көлікті танып, техниканы жанындай түсінеді. Болашақта осы салада бағы жанатынына сенеміз.
– Ана ретінде нені маңызды деп есептейсіз?
– Бала көп болған сайын бір-біріне мейірімді болады деп ойлаймын. Бала ата-анасына қарап өседі, соларға қарап бой түзейді. Сондықтан ата-ана баланың алдында өзін үлгі тұтатындай қасиеттерін көрсете білуі керек. Қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді ғой.
– Бала тәрбиесінде ата-ана нені ескеруі керек?

DSC 5141

– Баланың қызығушылығын ескеріп, бос уақытын арнап, сабағына көмектесіп, оларға көбірек көңіл бөлу керек. Ол үшін ана міндетті түрде үйде отыру шарт емес. Мен де, отағасы да жұмысбасты адамдармыз. Соған қарамай балалы болуға да, оларға дұрыс тәрбие, бағыт-бағдар беруге де үлгеріп жүрміз. Ұл-қызымыз заманға сай өз-өзін алға тартып, өз бетінше әрекет жасауға үйреніп келеді.
– Жеті баланы өмірге әкелсеңіз де сымбатыңызға адам қызығады. Сұлулығыңыз сыр бермеген. Жас ата-аналарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

DSC 5160

– Мақтау сөзіңіз үшін рахмет. Адамның сұлулығы мен сымбаты оның көңіл күйі мен өмірсүйгіштігінен, еңбекқорлығынан болса керек. Көпшілік аналар дене бітімін сақтаймын деп бала туудан ерте бас тартады. Меніңше, ол дұрыс емес. Дене бітімді сақтау бала санына қарамайды. Мен солай ойлаймын. Көпшілігі сіз айтқандай мақтау сөзден кейін сұлулықты сақтаудың бір құпиясын сұрап жатады. Ондайда мен «жеті перзентті өмірге әкеліп, соларға қара, сен де осындай боласың» деп қалжыңдап қоямын. Бірақ бұл рас, жұмыста жүріп әр балаңды ойлап отырасың. Бірін мектепке, бірін балабақшаға апарамын. Олардың керек-жарағы, азық-түлік... барлығына үлгеру үшін таңнан кешке дейін қозғалыста жүремін. Сіңлілеріме, жас аналарға да айтарым, қыз бала анасына қарап бой түзейді. Оларға сөзбен емес, іс-әрекетіңмен үлгі болу арқылы тәрбие беріңдер дегім келеді.
– Жұбайыңыз бала тәрбиесіне уақыт бөле ме?
– Әрине, ұл әкеге қарап бой түзейді. Ол Алматыда «Азиякредитбанк» АҚ басқармасының басқарушы директоры әрі мүшесі. Соған қарамай балаларға уақыт бөліп, демалыс кезінде түрлі қызықтарды ұйымдастырып жүреді. Жолдасымның бойында жақсы қасиеттері көп. Қай ортада өзін қалай ұстауды, кіммен қалай сөйлесуді біледі. Жасы үлкен кісілер де жолдасыммен ақылдасып отырады. Соның өзі де ұлдарымызға үлгі, өнеге.
– Арманыңыз?
– Арманым осы перзенттерім ғой. Осылар өсіп-өніп, үлкен отбасын құрып, жақсы тәрбие алғанын дәріптеп, жақсы жұмыс істей білсе. Жоқ дегенде бізден кем болмасын дейміз.
– Ашық-жарқын әңгімеңізге рахмет! Ұл-қыздарыңыз үмітті ақтар азамат болсын!

 

Сүйінші хабар Шымкент қаласының әкімдігі мен «Баспана» ипотекалық компаниясы АҚ арасында жасалған меморандумға байланысты тарады. Бұдан былай шымкенттіктер «7-20-25» бағдарламасы аясында берілетін баспана құнының бастапқы 20% жарнасын жинап отырмайды.

DSC 2643

Тек шымкенттіктер пәтер бағасының 10% жинаған соң-ақ баспаналы болу мүмкіндігіне ие болды! Қалғанына әкімдік қайтарымды негізде субсидия бермек.
Іскерлік басқосуға Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов, «Баспана» ипотекалық компаниясы АҚ төрағасы Қ.Алтынбеков, қаланың бас сәулетшісі, құрылыс саласының үздіктері, құрылыс компаниялары мен банк өкілдері қатысты.

Тек шымкенттіктер үшін

DSC 2350

Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қалған бағдарлама аясында берілетін пәтер бағасы жарнасының 10%-ын субсидиялау үшін қала бюджетінен 2 млрд теңге қаржы бөлінетінін мәлімдеді.
– Біздің мақсат – Елбасымыз бекіткен «7-20-25» бағдарламасын орындау және Шымкент қаласының тұрғындарына тиімділігін арттыру. Міне, «Баспана» ипотекалық компаниясының төрағасы Қайрат Төреқұлұлымен меморандумға қол қойдық. Бұрын азаматтар жарнаның 20%-ын жинауға қиналатын. Енді тек 10%-ын жинайды, қалғанын әкімдік қайтарымды негізде субсидиялайды. Осы мақсатта әкімдік тарапынан 2 миллиард теңге қаржы қаралды. Оның 500 миллионы 2018 жылы жұмсалады, – деді қала әкімі.
Субсидия III және IV класты, шаршы метрінің құны 140-180 мың теңге аралығындағы үйлерге ғана беріледі және кейін қайтарылады. Артықшылығы – қала тұрғындары дер кезінде баспанаға қол жеткізеді. Қайрат Төреқұлұлы үшінші мегаполистің дамуына «Баспана» ипотекалық компаниясы да мейлінше үлес қосуға ықыласты екенін алға тартты.
– Шымкент қаласының бюджетінен 2 млрд теңге бөлінсе, оның 500 млн теңгесі биыл жұмсалмақ. Демек, биылдың өзінде Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы арқылы 500 отбасы жаңа пәтерге кіреді. Ал келесі жылы – 1 500! Бұл жағдайда құрылысты да жандандыру керек. Осы тұрғыда Шымкент қаласындағы тұрғын үй құрылысына «Баспана» ипотекалық компаниясы тарапынан 20 млрд теңге бөлінеді, – дейді компания төрағасы.
Меморандум аясында «Жас Арман» және «Қамқор» тұрғын үймен қамту жобасы қолға алынды. Ондағы ерекшелік – «Жас арман» арқылы қала жастары және 21-36 жас аралығын қамтитын отбасылар баспанаға қол жеткізе алады. Ал «Қамқор» мемлекеттік және бюджеттік салада жұмыс істейтін қызметкерлерге арналады.

«Баспана»

«Баспана» ипотекалық компаниясы АҚ – Қазақстан Ұлттық банкі тарапынан «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын орындау мақсатында құрылған. Компания бүгінгі таңда бірнеше банкпен келісім-шарт жасаған. Сол келісім-шартқа сәйкес шымкенттіктер енді Центркредит, Халық банк, Еуразиялық Банк, Цесна Банк, АТФ Банк, РБК және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы «7-20-25» бағдарламасы аясында берілетін баспаналарға құжат тапсыра алады.

Қандай құжаттар?
Бағдарламаға қатысу үшін азаматтар банкке мынадай құжаттарды өткізуі тиіс:
- еңбек немесе кәсіпкерлік келісімшартында көрсетілген расталған табысын, тұрғын үй бағдарламасына қатысуы кезіндегі берешек қарыздарының толық өтелгені жөнінде анықтама;
- тұрғын үйге мұқтаждығы жөнінде анықтама;
- таңдалған тұрғын үйдің және оның бағалануы жөніндегі құжаттар.
Бағдарламаға қатысу шарттары
1. Қазақстан Республикасының азаматы болуы міндетті;

2. Ипотекалық заем алушыда үй сатып алуға, оның құрылысына немесе жөндегуе алған қарыздарының болмауы;
3. Қарыз алушыда кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін табысының болуы;
4. Қарыз алушыда Қазақстан Республикасының аумағында отбасының әр мүшесіне шаққанда 15 шаршы метрден аспайтын жатақхана бөлмелерінен, апатты жағдайдағы үйлерден басқа баспананың болмауы шарт.
Тұрғын үй құны Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында 25 миллионнан аспауы тиіс болса, басқа өңірлерде шектік баға 15 млн теңге болып бекітілген.

Шымшаһардағы тұрғын үй құрылысы

DSC 2422

«Баспана» ипотекалық компаниясы АҚ төрағасы Қ.Алтынбеков іс-сапар барысында Шымкенттегі тұрғын үй құрылысының жай-жапсарымен танысып, құрылыс компанияларының басшыларымен жүздесті.
Қазір қалада пәтер сатып алуға ниет білдірген тұрғындарға арнап 8 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның ішінде 136 пәтер дайын. Ал жыл соңына дейін барлығы 411 пәтерді пайдалануға беруге мүмкіндік бар.

DSC 2425

Бұл ретте:
1 бөлмелі – 87 пәтер (35 шаршы метрден 60 ш/м дейін);
2 бөлмелі – 146 пәтер (60 ш/м-ден 95 ш/м дейін);
3 бөлмелі – 169 пәтер (80 ш/м-ден 105 ш/м дейін);
3 бөлмеден артық – 9 пәтер (100 ш/м-ден артық).
Шымкентте Бағдарлама арқылы баспана сатып алуға 110 өтініш түсіп, оның 21-і мақұлданған. Оларға берілетін баспаналардың жалпы құны 220 млн теңгені құрап отыр.
Жергілікті атқарушы органдар арқылы үй алуға 220 мың адам тіркелген. Оның 36 922-сі арендалық пәтерлерге кезекте тұр. 63 мыңы – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы өтініш білдіргендер. Ал тағы 120 мың адам жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдерін алуға кезекке тіркелгендер.
Іскер топ құрылыс нысандарын аралау барысында Төлеметов-Өтегенов қиылысынан бой көтеріп жатқан көпқабатты 12 үйден тұратын «Көкжайлау» кешеніне бас сұқты. «Feb Group» құрылыс компаниясы бұл үйлердің 1 шаршы метрін 200 мың теңгеге бағалап отыр.
– Себебі, бұл үйлердің сырты мәрмәр таспен қапталса, ішіне де ең жақсы құрылыс заттарын қолдандық. Паркетпен қапталған еденге жылыту жүйесі төселген. Балконы қыста жабық, жазда ашық. Ас үй жиһазы түгел орнатылған. Жуынатын бөлмеден тыс жатын бөлмеде де душ құрылғысы орнатылған. Соңғы үлгідегі еуропалық стандартқа сай дизайнымен ерекшеленетін үйге құрылыс заттарының 40%-ын шетелден алып отырған жайымыз бар, – дейді құрылыс компаниясының атқарушы директоры Шавкат Убайдуллаев.
«Көкжайлау» тұрғын үй кешеніндегі 9 қабатты 12 үйде жалпы саны 472 пәтер орналасады. Әр қабатта 5 пәтер болады. 1 бөлмелі пәтердің көлемі – 49 ш/м. 2 бөлмелі – 64 ш/м, 3 бөлмелі – 82 ш/м.

Страница 1 из 28