Үшінші мегаполисте заңсыз салынған нысандар соңғы уақытта жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап барады. Бүгінде құрылыс сапасына көз жеткізбей-ақ пайдалануға қабылданған нысандардың саны 1034-ке жеткен. Бұл небәрі 2018-2019 жылдар аралығындағы көрсеткіш. Қоғамдық кеңестің отырысында Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Берік Тастанбекұлы айтқан бұл дерек журналистік зерттеу жүргізуге себеп болды.

010

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, қала сәулетіне сын келтірген құрылыс нысандарының «заңсыздық кодына» айналған «1034»-ке жақынырақ үңілдік. Қала құрылысын бақылау басқармасы тарапынан бір, сәулет және қала құрылысы басқармасы жағынан екі, Шымкент қаласы әкімінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасары тұсынан тағы бір қарап көрдік. Қалай қарасақ та, заңсыздықтың аты да, заты да өзгермеді.

Мегаполис – біздің жекеменшік үйіміздің ауласы емес

Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Б.Дүйсенов «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңы қалай бұзылғанын түсіндіріп берді.
– Сәулеттік-жоспарлау тапсырмасы жоқ. Жобалық-сметалық құжаттамасы жоқ. Құрылыс-монтаждау жобасы сараптамадан өтіп, оң қорытынды алғаны туралы құжат жоқ. Құрылысты бастағаны туралы хабарламасы жоқ. Бірақ, меншік иелерінің пайдалану-қабылдау актісі сәулет және қала құрылысы басқармасында есепке алынған. Мәселе осында, – дейді ол.

Берік Тастанбекұлының айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңының 68 бабына сәйкес, аталған 4 құжатсыз құрылысты бастау мүмкін емес. Әсіресе, бұл заң мегаполисте қатаң сақталуы тиіс.

– Ал біздің әріптестер сәулеттік-жоспарлау тапсырмасы мен жобалық-сметалық құжаттамасы жоқ екенін біле тұра, осындай келеңсіздікке жол берген. Себебі, сәулеттік-жоспарлау тапсырмасын да, жобалық-сметалық құжаттамасын да сәулет және қала құрылысы басқармасы береді, – деді ол.

Шынында, нысан иесі құрылыстың сапалы салынғанын, оның шатыры құлап немесе қабырғасы сөгілмейтінін қалай дәлелдеген? Қала сәулетіне сын келтірмейтінін, «адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің» жоқтығын нақты құжаттармен дәлелдемей-ақ, нысанды пайдалану-қабылдау актісін қалай алған? Осылай қалаған жерге зәулім сарай көтере салсақ, мегаполиске Бас жоспардың керегі не?

Берік Дүйсеновше айтсақ, мегаполис бұл біздің жекеменшік үйіміздің ауласы емес. Өз үйіміздің ауласына тауыққа, төрт түлікке қораны қай тұстан, қалай салуды әркім өзі шешер. Алайда, мегаполис, кешіріңіз, бұл біздің қорамыз емес! Мұнда Шымкент қаласының Бас жоспары бекітілген. Сонда мегаполисті ең әуелі сәулетшілер мен шаһар дамуының негізгі тұтқалары – ірі кәсіпкерлер «өз қорасына» айналдырып отырғаны ма? Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы дәл осылай ашынды.

Заңсыздықтың ашылуына кім түрткі болды?

– Біздің басқарма Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала атанғаннан кейін құрылды. Қала құрылысын бақылау басқармасы құрылғалы әрбір жеке және заңды тұлға құрылыс-монтаж жұмыстары басталғаны туралы бізге хабарлама қалдыруы тиіс. Ол хабарламада құрылыс болатын нысанның мекенжайы, құрылыстың атауы, тапсырысшы яғни меншік иесі, мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушылар, нысан құрылысының басталуы мен аяқталу мерзімі нақты көрсетіледі.

Ал біздің дереккөзде хабарламасы шықпаса, ол нысанның құрылыс жұмыстары заңсыз деп танылады, – деген Б.Дүйсенов біз зерттеген 1034 нысанның сол тізімде жоғын алға тартты.
Ол тізімде болмайтыны анық. Себебі, 1034 нысанның пайдалану-қабылдау актісінің өзі 2018-2019 жылдары тіркелген. Яғни, құрылысы одан да ерте басталған. Ал заңсыздықты анықтау үшін Берік Тастанбекұлының атына Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Архабаев қызметтік хат жолдаған.

(суретте 1-ші құжат)

6666666

Бір даудың шындығына жеткісі келген Қаз дауысты Қазыбек би ештеңе айта алмай қипақтаған жолаушыға қарап «Айтайын десе, бұған сор, айтпайын десе, елге сор» депті ғой. Сол айтқандай, Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары бола тұра Н.Архабаевтың сол басқармада белең алған мәселені қолға алу туралы өзі бастап қызметтік хат жолдағаны бізге де түрлі ой салды.

Әліптің артын бағайық

Қоғамдық кеңес отырысында Берік Тастанбекұлы «...Қала әкімі аппаратының басшысы мен біздің әріптесіміз қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының үстінен Ұлттық бюроға қызмет хат жолдады. Сондай-ақ, осы іс бойынша жауапкершілікке тарту туралы Мемлекеттік қызмет агенттігіне де тиісті құжаттарды жолдадық» деп еді. Осы екі құжатпен таныстық.

Қызмет хаттар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы А.Жұмағалиға және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ә.Көмекбаевқа Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысы Е.Әлімқұловтың атынан жолданыпты.

Заңсыздықтың орын алуына байланысты қызметтік хатта «Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ж.Байымбетов және орынбасары Н.Архабаевтың, сонымен қатар аталған басқарманың мемлекеттік әкімшілік қызметкері С.Байниязовтың және азаматтық қызметшісі М.Тыныстановтың іс-әрекеттеріне процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті құжаттарды жолдаймыз» делінген.

(суретте 2-ші құжат)

Untitled

Әйтсе де, шара көру мәселесі Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Архабаевтан түсініктеме алумен шектелген сыңайлы.

Шымкент қаласы қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Берік Дүйсеновтің атына «адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу және оны жою мақсатында тексеру жұмыстарын жүргізуді, қабылдау актісін заң бұзушылықпен қабылдаған жеке және заңды тұлғаларға шара көруді, әділет басқармасына тіркелген пайдалануға қабылдау актісін заңсыз» деп тану бойынша сотқа талап арыз беруді сұрап, қызмет хат жолдаған Н.Архабаевпен кездестік.

– Маған көрді ғой шараны. Бірақ, онымен тоқтауға болмайды. Қала құрылысын бақылау басқармасы өз құзіреті шегінде осы 1034 нысанның да жұмысын тоқтатуы керек. Оларға тиісті шара көріп, айыппұл салса, қазынаға 1 млрд теңгеден көп қаржы түседі. Ал құжаттарын ретке келтірсе, бұл кіріс тағы да еселенбек. Есесіне, біз – осы саланың жауапты адамы ретінде адам өміріне төнуі мүмкін қауіпті сейілтеміз, – деді Нұрлан Төлепбергенұлы.

Н.Архабаев осы мәселені көтергенде таяқтың екінші ұшы өзіне де тиетінін білді ме екен?

– Білдім. Амал жоқ енді, не істеймін? Шымкент миллионды қала болғанға дейін біздің мекеме – бөлім, мен – бөлім басшысы едім. Кейін басқарма болып қайта құрылып жатқанда бірқатар заңсыздықтарды байқадым. Қазір көзімді жұмып, білмегенсіп кетсем, біраз жылдан кейін сол сапасы тексерілмеген нысанның бірі құлап, «Шымкентте 600 адам тойхана үйіндісінің астында қалды» деген хабар тараса жақсы ма? «Архабаевтың басқарған кезінде болған» дейді ғой. Ол нысандар өз бетінше құрылыс жүргізген. Ал оларға пайдалану-қабылдау актілері 2018 жылдың қыркүйегінен бастап берілген. Бүгінге дейінгі дерек заңсыз салынған 1034 нысанды құрап отыр, – деді Н.Архабаев.

Еске салсақ, «Шымкент келбеті» газетінің №11 (1653) санында (8 ақпан 2019 жыл) жарияланған сұхбатында Б.Дүйсенов «құрылысты заңсыз бастаған кәсіпкерлік нысанға ҚР ӘҚБтК-нің 316, 321, 318, 463-баптары бойынша көлемі 1 млн теңгеден асатын айыппұл салынатынын және құрылысты тоқтату туралы нұсқама берілетінін» айтқан. «Айыппұл төлеуден бөлек құрылысты одан әрі жалғастыру үшін заңдастыруға міндетті. Яғни, жоғарыда аталған құжаттар айыппұл төлегеннен кейін де талап етіледі. Бұл талаптарды орындамай жұмысты жалғастыруға тыйым салынады» деген болатын.

Ал біз мұнда той тойлап жүрміз...

Біз зерттеп отырған заңсыз салынған 1034 нысанның бірі – «Керуен сарайы» мейрамханасы. Мұнда тыйым салмақ түгілі, ел күнде дерлік той тойлап жүр. Тіпті, 2017 жылы БАҚ өкілдері кәсіби мерекесін дәл осы салтанат сарайында атап өткен. Ал қолда бар деректерге сүйенсек, С.К.Молдалиновтың атындағы бұл «сарайға» пайдалану-қабылдау актісі 2018 жылдың 21 желтоқсанында ғана берілген.
Құрылыстың сапалы, адам өміріне қауіпсіз екенін, арматура, бетон, басқа да құрылыс заттарының тиісті мөлшерде қолданылғанын дәлелдейтін жобалық-сметалық құжаттамасы жоқ. Құрылыс-монтаждау жобасы оң қорытынды алу тұрмақ, сараптамадан да өтпеген.

Міне, қызық! Меншік иесі заңды белден басқанның қандай болатынын көрсетіпті.

С.Молдалиновтың «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңының 68-бабы бойынша Құрылыс процесiне қойылатын негiзгi талаптарды сақтамағаны туралы Н.Архабаев Б.Дүйсеновке жазған қызметтік хатында баяндаған.

(суретте 3-ші құжат)

77777

Қызық... Екі басқарма да өз жұмысынан гөрі бір-бірінің жұмысын жақсы біліп отыр. Ал Шымкент қаласы əкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев жетекшілік ететін бұл салаға байланысты қала басшысы Ерлан Айтаханов «Бұл біздегі үрдіске айналып кеткен кемшілік!» деген пікірін ашып айтты. Бәлкім, заңсыз құрылыс жүргізгендердің мәселесін Ерлан Қуанышұлының өзі қаттырақ қолға алмаса, бір тығырыққа тірелері хақ. Қалай дегенде де қордаланған мәселе май шаммен қарайтын деңгейге жетіп тұр...

ЖОМАРТ ЖІГІТ БАЙМЕН ТЕҢ

Пятница, 15 Ноябрь 2019 04:01

«Көк аспаның ластанса төрдегі,
Жан ұшырып іздер дейсің ел нені?
Қандай жаман, қандай жаман, құдай-ай,
Балалардың қара аспанды көргені...» деп жырлаған жаны нәзік, жүрегі кең, ақын Сүндет Сейітов қайырымды қаланың белгілі де белсенді тұрғыны.

қайырым

Сүндет кеше ғана мүмкіндігі шектеулі балаға барынша қамқорлық танытып, жалғызбасты ананың алғысын алды.

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына жұмысқа орналасқанына көп болмаған С.Сейітовтің негізгі міндеті баспасөз хатшысы.

КТК телеарнасының тілшісі Жазира Бегалының facebook парақшасынан Шымкенттегі өзімен аттас жас ананың жағдайы туралы жазбасын оқиды.

– Ертесіне әлгі жас келіншекті шақырдым, шағымын тыңдадым. Мамандармен ақылдасып, оның Атаулы әлеуметтік көмек алудағы дұрыс емес құжаттарын ретке келтіруге барынша араласып, соңына дейін қасында жүрдім. Сонда сөз арасында баласының жағдайын, оған не болғанын, неліктен мүмкіндігі шектеулі екенін сұрадым – дейді Сүндет.

Сундет

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ж.Бегалиеваның мәселесі шешілді. Бірақ, Сүндеттің ойынан 3 жастағы баланың жағдайы кетпей қояды. Небәрі үш жасар баланың ауыр демінен тынысы тарылған Сүндет қарап отыра алмай мән-жайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігіндегі таныс ағасына жеткізеді.

– Шырылдаған жас анаға қарап, өзімнің анам есіме түсті. Оның баласына алматылық дәрігерлер қойған диагнозды Шымкентте «дұрыс емес» депті. Содан қай жақтың шатасқанын білмеймін. Министрліктегі ағамнан диагнозды анықтауға және баланы емдету үшін білікті дәрігер табуға көмектесуін өтіндім.

Сосын өзім қаражат жағын ұйымдастыруға тырысып, facebook әлеуметтік желісінде біраз адамды белгілеп, Ж.Бегалиеваның өкпе ақауынан аппаратпен тыныс алып жатқан баласына көмектесуге шақырдым, – дейді ол.

Сүндет бастаған қайырымдылық баршаны елең еткізді. Қоғамға қозғау салған мәселеге қайырымды жандар шама-шарқынша ақшалай жәрдем берсе, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев Жазираны қабылдауына шақырды.

– Көңілім көншімей, қабылдаудан шыққан соң тағы сөйлестім. Жазираның өзіне де, мүмкіндігі шектеулі баласына да денсаулық сақтау басқармасы толығымен көмектесетін болыпты. Емдеуге кететін шығынның бәрін басқарма өз жауапкершілігіне алғанын естіп, арқамнан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалдым, – дейді Сүндет.

Ал осы жағдайлардан кейін әу баста жағдайын ашына жазған Жазира Бегалиева әлеуметтік желі арқылы алғысын білдірген. Жас ана «Сүндет Сейітов мырзаға алғысым шексіз. Жас та болса, ақылдылығына, даналығына бас иемін. Өз ісін жауапкершілікпен атқарады. Сізге мың алғыс. Бұндай азаматтар мен азаматшалар көп болса екен» деп жазды.

Біздің мақсат науқас балаға деген жанашырлықты қаһармандыққа балап, қолдан батыр жасау емес. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін қазақы қоғамда Сүндет Сейітов секілді шамасы келгенін жасауға барын салатын қайырымды жандарды көрсету. Тағы да айтайық, Шымкент қаласы Сүндет секілді қайырымды жандарға өте бай.

 DSC3028

Мегаполистің басты ерекшелігі – қаланың орталығы мен шетінде орналасқан тұрғын алаптардың жағдайы, қызметтерді пайдалану мүмкіндіктері бірдей болатынында. Шымкенттің еліміздегі үшінші мегаполис атанғанына жылдан аса уақыт өтті. Ал 2020 жылы қаламыз ТМД елдерінің мәдени астанасына айналмақ.

Шымкент қаласындағы 13 саябақ, 18 гүлзар, 17 ескерткіш және 11 субұрқақ Әл-Фараби ауданына қарайды. Əл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте бірінші кезекте қолға алынуы тиіс жұмыстар өз деңгейінде орындалып жатқанын айтты.
– Сайрам, Қазығұрт, Төлеби аудандарынан қала аумағына енген «276 орам», «195 орам», «Текесу» тұрғын алабының бүгінгі жағдайы жақсарып қалды. Өткен жылы ғана Әл-Фараби ауданына қарасты осы аймақтарда таза ауыз су және сапалы электр жарығы өзекті еді. Қазір 276 орамдағы 150 жеке тұрғын үйге демеушілер есебінен сапалы электр жарығы тартылды. Текесу тұрғын алабына да таза ауыз су жеткізуді демеушілер есебінен ұйымдастырдық. Ал Бадам елдімекеніне қарасты «195 орамға» сапалы электр жарығын тарту үшін бюджеттен 253 млн теңге бөлінді. Қазір жарықтандыру жүйелері мен электр бағандары орнатылуда, – дейді Əл-Фараби ауданының əкімі.
Ғ.Мəуленқұловтың айтуынша, Төле би көшесінің бойындағы аяқ жолды Қырғы базар аумағына дейін абаттандыру жұмыстарына байланысты қазір сол көшелердің бойы қоршалып, құрылыс жұмыстары жалғасуда. Абаттандыру жұмыстары Тəуелсіздік күні мерекесіне дейін аяқталмақ.
Шымкент қаласы республикалық маңызға ие үшінші мегаполис атанғанымен мұнда әлі де жерді өз бетінше иеленетін, ретсіз саудамен айналысатын және мүгедектердің құқығын ескермейтін тұрғындар табылады. Мәселен, ағымдағы жылдың 10 айында бір ғана Əл-Фараби ауданында өз бетінше иеленген 247 жер телімі анықталған. Зерделеу, түсіндіру жұмыстарының нəтижесінде, қазір оның 24-і заңдастырылып, тағы 6 үйдің құжаты жер комиссиясына ұсынылған. Ал рейдтік іс-шара өткізу барысында 50 жекеменшік нысанға мүгедектердің құқығын шектегені үшін 4,7 млн теңге айыппұл салған. Сондай-ақ, ретсіз сауда жасаған тағы 439 тұлға 338 919 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндетті.
Десек те, мәдени астағана келген қонақ ең әуелі қала көркіне көз тастайды. Күндіз-түні көшелерден көлігі, демалыс орындарынан адамы үзілмейтін орталық ауданда тазалық жұмыстары мен шаһар сәулеті де маңызды.
– Аудан аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстарымен 5 мердігер мекеме айналысады, – дейді
Ғ.Мәуленқұлов.
Мердігерлер тұрғындармен келісім шарт негізінде көпқабатты тұрғын үй аулаларын аптасына 3 рет, жеке сектор аумағын аптасына 2 рет тазалайды. Сонымен қатар, жыл басынан бері 32 рет сенбілік өтіп, оған 45 мыңнан аса азамат, белсенді қала тұрғындары қатысқан.
Шаһар сәулетін еске алсақ, әуелі ескі ғимараттар еске түседі. Ғабит Патшаханұлының айтуынша, Әл-Фараби ауданындағы көпқабатты 672 үйдің 40%-ы ескірген. Қазіргі таңда 1935-1940 жылдары аралығында салынған 11 тұрғын үй бар. Көпқабатты үйлердің 128-і 1941-1960 жылдар аралығында, 282-сі 1961-1980-ші, ал
251-і 1981-2000 жылдары салынған. Әзірге аудан аумағындағы ескірген 269 тұрғын үйдің 44-ін күрделі жөндеуден өткізу үшін жауапты басқармаға ұсыныс жолданған. Көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмыстары 2011 жылдан бері жалғасып келеді. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың 2011-2020 жылға дейінгі» бағдарламасына сәйкес, биыл аудандағы көпқабатты 5 үй күрделі жөндеуден өткен.

 

 

 DSC0939

Шымкент қаласы бойынша жалақыны арттыруға 778,3 млн теңге, ал, жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыруға 1, 111 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Шымкенттің 2019-2021 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізілгені туралы БАҚ өкілдеріне қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді.

Ербол Әбілқайырұлының айтуынша, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бөлінген соң үшінші мегаполисте құрылған жаңа басқармаларға бұған дейін облыстық деңгейде шешімін тапқан 44 функция жүктелді. Алайда, жұмыс жүктелгенімен, осы бағытқа жұмсалып келген 16,3 млрд теңге қаланың қаржы қорына түспеді.
Осы орайда, 44 функцияның орындалу барысына талдау жүргізіліп, Шымкент қаласының 2019 жылғы кірістер жоспарына ішінара өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, жұмыс істейтін жастар үшін тұрғын үй салуға 2 160 млн теңге, ал, тұрғын үй сатып алуға 4 320 млн теңге қаржы жұмсалмақ. Бұл – 904 пəтерге қаралған қаражат. Сонымен қатар, атаулы əлеуметтік көмекке, жалақыны көтеруге, жұмыспен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету бағытына бөлінетін қаржы қайта пысықталып, ҚР Үкіметінің №№490, 701 Қаулыларына сəйкес, республикалық бюджетке өзгерістер енгізілді.
– Денсаулық сақтау саласын мысалға алсақ, бұрын облыста ерекше ауру түрлерімен тіркелгендер саны 130-ға жеткен. Оларға берілетін дәрілер өте қымбат, бір науқасқа 20 млн теңгеден 200 млн теңгеге дейін жұмсалады. Сол 130-ға тарта ерекше ауру түрімен ауыратын науқасқа 1 млрд 398 млн теңге қаржы бөлініп келген. Ал екі өңірдің бөлінісінен кейін Шымкенттегі ерекше ауру түрімен ауыратын 61 азаматқа бөлінуі тиіс 700 млн теңгедей қаржы қала бюджетіне түспеген, – деді Ербол Әбілқайырұлы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте.
Е.Садырдың айтуынша, талдау нәтижесінде 44 функцияны орындау үшін 19 млрд теңге қаржы бөлуге ұсыныс жасалған. Ал жалпы Шымкент қаласының бюджет көлемі 215,7 млрд теңгеден 237,1 млрд теңгеге дейін артатын болады.
– Шымкент – республикалық маңызы бар қала. Еліміздегі үш мегаполиске республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты салыстырмалы түрде алсақ, Алматы қаласына – 586 млрд теңге, Нұрсұлтан қаласына – 437 млрд теңге. Шымкентке бөлінетін 237,1 млрд теңге одан әлдеқайда аз. Бізге жақын өңірлерден мысалы, Қызылорда облысына бөлінетін қаржы көлемі 293 млрд теңгені, ал Жамбыл облысының бюджеті – 329 млрд теңгені құрайды, – деді
Е.Садыр.
БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлім болғанындай, «Shymkent city» орталығындағы 504 пəтерлі 8 коммуналдық тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға 1 171,3 млн теңге қажет.
– Талдау барысында тиімсіз қаржыландырудың бәрін алып тастадық. Мәселен, бір нысанның жұмысын бастауға 30-50 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Ал оны аяқтауға тағы 1 млрд көлемінде қаржы жұмсау керек. Дегенмен, бастапқы жұмсалған 50 млн теңгенің нәтижесі көзге де көрінбейді. Қала аумағында ауыз су, көше құрылысы жəне табиғи газбен қамту мəселесі өзекті. Қазір 8 елдімекенде ауыз су тапшылығы бар. Міне, осы қордаланған мәселелерді шешуге байланысты қала әкімі Ерлан Қуанышұлы нақты тапсырмалар берген болатын. Сондықтан осы сұрақтарды шешуге басымдық берілді, – деді ол.
Шымкент қаласы əкімінің орынбасары брифинг барысында 2020 жылы Тұран шағынауданында көпқабатты 88 үйдің құрылысы басталатынын мəлімдеді. Сондай-ақ, Тұран шағынауданындағы құрылысы басталған 5 көшені қала əкімі 2019 жылдың соңына дейін аяқтауды міндеттегенін айтты.

27-НІҢ 10-Ы ЖОҚ

Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысына 27 мүшенің 10-ы келмеді. Отырыстағы бірінші қаралған мәселе де осы болды. Бұдан былай Қоғамдық кеңес отырысынан себепсіз 3 рет қалған азамат мүшеліктен босатылмақ.

208

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов және қала мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев Жастар мәслихатының алғашқы отырысына қатысты. Олар жас депутаттарға сәттілік тілеп, депутаттық белгілерін тапсырды.

207

Журналистер жетекшісі – ШЫМКЕНТТЕ

Пятница, 25 Октябрь 2019 04:58

Шымкент қаласына Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев келді. Одақ төрағасы Шымкент қаласы және Түркістан облысындағы филиал басшыларымен, Одақ мүшелерімен кездесті.

608

«Nur Otan» партиясының «Менің Туым – менің Отаным» атты республикалық патриоттық акциясын Шымкентте бірінші болып «Shymkent Plaza» сауда ойын-сауық орталығы қолдады. Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау және жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған акция жоғары деңгейде өтті.

557

Страница 2 из 39